Түркістан облысы: Сауран ауданында санитарлық тазалық және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен ауданның апталық мәжілісінде осы мәселелерге ерекше көңіл бөлінді. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары мен кеңесшілері, дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда «Сауран Су» МКК 2024 жылғы бірінші тоқсанда атқарған жұмыстары туралы «Сауран Су» МКК басшысы Мұхит Пірімбетов, ғимараттарда мемлекеттік рәміздердің қағидаға сәйкес орналасуына жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесі бойынша ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Қалеке, Жүйнек ауылдық округінің 2024 жылға атқарылатын жұмыстары туралы ауылдық округінің әкімі Төрабай Әбдікәрімов баяндама жасады.

Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Қалекенің мәлімдеуінше, Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады. Бөлім тарапынан аудан көлеміндегі мемлекеттік мекемелерге мемлекеттік рәміздерінің дұрыс орналасуы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде көптеген мемлекеттік орындарда аттары аталып, рәміздердің заң талаптарына сәйкес еместігін айтып, жедел түрде дұрыстауға ұсыныс берді.

Мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің, сондай-ақ, білім беру орындары басшыларының қызмет бөлмесінде ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы лауазымды тұлғаның жұмыс орнының арт жағындағы қабырғаға орналастырылады. Ал Мемлекеттік Ту (1х2 метр өлшеммен) лауазымды тұлғалардың кабинеттерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының сол жағына орналастырылады.

Тағы бір назар аударатын мәселе – ғимараттарға тұрақты орналастырылған Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаға тәуліктің қараңғы мерзімінде жарық түсіп тұруы тиіс.
Мекеме мен мектептерді аралау кезінде осы қағидаттар ескерілді. Мемлекеттік Ту сыртқы кіреберіске орнатылғанда ұлттық стандартқа сәйкес келуі, қараңғы уақытта жарықтандырылуы тиіс. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба, сондай-ақ, олардың бейнелері ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда, олар ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы №862 қаулысымен бекітілген «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын ауыстыру мен жою қағидаларында» мазмұндалған тәртіпте ауыстырылуы және жойылуы керек. Осы қағидатқа сәйкес, ескірген рәміздерді жою актілері де көрсетілді. Бұл ретте, орта білім беру мекемелерінде бұл жұмыс тиянақты жасалып қойған.
Жалпы білім беретін орта, бастауыш, кәсіптік орта және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында көрнекті орындарға Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады. Мемлекеттік рәміздер орналасуы: Ту, Елтаңба, Гимн ретімен бірдей көлемде болуы керек.
Мемлекеттік Елтаңба мемлекеттік органдардың, ұйымдардың веб-сайтында, мөрлері мен құжат бланкісінде, маңдайша атауында, қызметтік куәліктерде міндетті түрде орналастырылады.
Еліміздің Гимні мемлекеттік мерекелерде, сондай-ақ, өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылу кезінде,спорттық іс-шараларда, білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде орындалады.
Сондай-ақ, Мемлекеттік Туды салтанатты жағдайда көтергенде Мемлекеттік Гимн орындалады. Бұл ретте қатысушылар жүздерін Туға қарай бұрады.
Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар орнынан тұрып айтады (тыңдайды). Азаматтар оң қолын жүрек тұсына қояды.
ҚР Туын, Елтаңбасын және Гимнін қолдануды реттеу саласындағы қолданыстағы заңнаманы бұзу мен мемлекеттік рәміздерді лайықсыз пайдалану әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке алып келеді.
Ұлттық стандартқа сәйкес келмейтін Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаны ауыстыру мен жою жөніндегі комиссия құру ұсынылады. Комиссия құру туралы бұйрық әр күнтізбелік жылдың басында жаңартылады. Одан соң бұл іске жауапты адамды басшының ішкі бұйрығымен қоя алады. Туды қатты жел тұрғанда тұтастығының бұзылуына, кір болып кетуіне жол бермеу мақсатында күн сайынғы сырттай көзбен шолу жұмыстарын ұйымдастыру ұсынылады.
Мемлекеттік рәміздердің бейнелерін заңсыз пайдалануға, қажетті жою шараларын жүргізбей тұрып қатты қоқыс қалдықтарын жинайтын орындарға апарып тастауға жол берілмеуі керек.

Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Самат Рысбеков аудан көлеміндегі санитарлық тазалық жұмыстары бойынша және әрбір мекемеге бөлінген көшелердегі атқарылған жұмыстары туралы хабарлап өтті.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша ауылдық округ әкімдеріне және барлық бөлімдер мен мекеме басшыларына санитарлық тазалық жұмыстарын дер кезінде жоюға нақты тапсырма беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

Орайы келгенде айта өтейік, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округіне арнайы барып, ауылдың санитарлық-тазалық жұмыстарын да көріп шықты. Ауылдың таза, әдемі, жасыл желекке оранып тұруы, әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Көктем мезгілінде елді мекендердің шырайын келтіріп, көшелердің көркін реттеу мен тазалық жұмыстарын жүргізу аса маңызды.

Осы тұрғыда аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы Жүйнек ауылдық округінің әкімі Төребай Әбдікәрімовке елді мекендерде жол бойлары мен айналасын тазартып, ағаштардың түбін әктеу, қураған ағаштарды бұтау, арық-атыздарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту шараларын жедел түрде қолға алуды тапсырды.

Жүйнек ауылдық округі – Түркістан облысы Сауран ауданындағы әкімшілік бірлік. Құрамына Жүйнек, Шекербұлақ, Шыпан ауылдары кіреді. Орталығы – Жүйнек ауылы. Жүйнек (2007 жылға дейін Коммуна деп аталды) — Түркістан облысы Сауран ауданындағы ауыл, Жүйнек ауылдық округі орталығы. Аудан орталығы – Шорнақ ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 19 км-дей жерде. 1930 жылдан мақта өсіретін «Коммуна» ұжымшарының орталығы болып келді. Оның негізінде Коммунада мақта, құс шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары құрылған. Орта мектеп, клуб, фельдшер-акушерлік пункт, т.б. мекемелер бар. Ауылда «Дильшад» ән-би ансамблі құрылған.

Еске салайық, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда белсенді қызмет етіп жүрген жанашыр азаматтарымыздың қатарын арттыру мақсатында “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы басталды.

Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштік, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу. «Негізгі мақсат – халық ара­­сын­да қоғамдық және эко­­­ло­­гия­лық мәдениетті қалып­тас­тыру, отан­сүйгіштік, туған жерге және қоршаған ортаға деген жана­шырлық пен құрмет құн­ды­лық­тарын дәріптеу. Оның аясында қыстан кейін елді мекен­­дерді тазарту және абаттан­­дыру жұмыстарына азамат­тар­ды кеңінен тарту және осы іс-шара­ларға белсенді жас­тар­дың, еріктілердің әлеуетін жұ­мыл­дыру көзделіп отыр. Жалпы, елді мекендерді абаттандыру жұ­мыстары дәстүрлі түрде жүр­­гізіледі. Бірақ дәл осындай фор­матта акция алғашқы рет ұйым­дастырылып отыр. Іс-шаралар өңірлердің өзіндік жос­парына сәйкес апта барысында өткізіледі. Негізгі екпін – әрбір аптаның сенбісі. Яғни халықтың әртүрлі санатын кең қамтуымен өткізілетін негізгі тақырыптық іс-шаралар дәл осы күні өткізілуге тиіс. Сонымен бірге акция аясындағы аптаның әрбір күні жекелеген өңірдің бас­тамалары жүзеге асады. Мысалы, 8 сәуір – Алматы қаласы, 9 сәуір – Қызылорда облысы, 10 сәуір – Жамбыл облысы, 11 сәуір – Түркістан облысы, 12 сәуір – Шымкент қаласы және тағы сол сияқты», — дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.

Акцияның әрбір аптасы арнайы тақырыптарға арналады.

1-ші апта (6, 13 сәуір) – “Таза өлке” күні тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар өз аумақтарын, аулаларын тазалау жұмыстарын жүргізді.

2-ші апта (20 сәуір) – “Киелі мекен” күні тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру жұмыстарына арналды.

3-ші апта (27 сәуір) – “Жасыл аймақ” күні. Бұл күні ағаш көшеттерін отырғызу, айналаны әктеу жұмыстары жүргізілді.

4-ші апта (4 мамыр) – “Өнегелі ұрпақ” күні ардагерлердің ауласын тазалау, қарттар үйлерінде абаттандыру жұмыстарына үлес қосу негізгі мақсаттардың бірі болмақ.

5-ші апта (11 мамыр) – “Мөлдір бұлақ” күні өзен-көлдер маңын қоқыстан тазалау ұйымдастырылады.

Биыл сәуір айының 8-інде Мемлекет басшысы cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырған болатын. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болмақ.

Жалпы, өңірлердің басшылары қалаларды лайықты және тартымды жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin