Түркістан облысы: Сауран ауданында “Өнегелі ұрпақ” акция аясында сенбілік ұйымдастырылды

Сауран ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығы өз жалғасын табуда. Кеше аудан орталығындағы Ардагерлер аллеясының аумағын абаттандыру, тал егу, сырлау, әктеу және тазалық жұмыстары жүргізілді. Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратов бастап, мамандары, ауданның білім бөліміне қарасты ұстаздар сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды.

Сонымен қатар, аудан орталығындағы Сәкен Сейфуллин көшесінің тұрғыны, 77 жастағы жалғыз басты қария Айдар Бабажановтың шаңырағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Үй іші әктеліп, ауласында бей-берекет өскен шөптері шабылып, қарт кісіге қолғабыс етілді. Айдар атамызда қол-ұшын созып, көмектесіп жатқан азаматтарға өз атынан алғысын білдірді.

Аудан көлемінде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарын жүргізу ісі кеңінен қолға алынды. Осы күні барлық ауылдық округтер мен бөлімдер «Өнегелі ұрпақ» апталығында ардагерлерге, жалғызбасты қарттардың үйлеріне барып, ауласын тазалап, қоршауларын бояу жұмыстары жүргізілді.

Өз кезегінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров саурандықтарды: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаны баршаңызға белгілі. Бір ай көлемінде Сауран ауданының тұрғындары да таза қоғамның мәдениетін қалыптастыру бағытына барынша қолдау білдіріп, тазалық жұмыстарына белсенді қатысып келеді.

«Тазалық – денсаулық кепілі» деп халқымыз бекерге айтпаған. Әр саналы азамат өзі тұратын ауылдың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек.

Кез келген дамыған өңірдің басты айқындаушысы – аймақтың тазалығы мен қоғамдық тәртіптің тұрақты болуы. Осы тұста аудан байынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында Сауран ауданында 50 000 жуық ағаш бұталанып, әктелді. Қоқыстар шығарылып, басты көше бойында тозығы жеткен үйлердің қоршауларының қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.

«Киелі мекен» апталығында көне тарихтан сыр шертетін «Сауран қалашығы», «Укаша ата», «Жүсіп ата» кесенелерінің аумақтары көгалдандырылып, тазартылды. Аудан көлемінде «Жасыл аймақ» апталығында ауылдық округтер мен елді мекендерді көгалдандыру мақсатында жалпы 32 мың дана көшет және 11 мыңнан астам гүл егілді. Алдағы аптада өзендер мен көлдердің аумақтарын тазалу жұмыстары жүргізілетін болады.

Қоршаған ортаның тазалығын сақтап, Табиғат-Анаға қамқорлық таныту баршағамызға ортақ іс. «Тазалық жасаған жерде емес, сақтаған жерде» екенін ескеріп, әрбір азаматты қоршаған ортамызға жанашырлықпен қарап, туған жерінің қадірін ұғынып, баршаңызды тарихы тереңде жатқан ауданымыздың тазалығын сақтауға шақырамын» — деп, жұдырықтай жұмылуға үндеді.

«Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында аудан әкімдігіне қарасты Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандары жалғызбасты қариялардың ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жаңа Иқан ауылдық округі мен Шаға ауылдық округінде орналасқан қарттардың үйлеріне барып, тазалау, шөптерді ору, қоқыстарды шығару, ағаштар мен қасбеттерді әктеу жұмыстары атқарылды. Алдағы уақытта, аудан бойынша қарияларымызды ардақтап, олардың үйіне абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жасалынатын болады.

Сондай-ақ «Өнегелі ұрпақ» апталығында қоғамдық қызметкерлер Жүйнек ауылдық округі аумағында орналасқан ҰОС ардагерлерінің ескерткішін сырлап, әктеп, айналасын ретке келтіріп, ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар, ауылдық округке қарасты мекемелер (мектеп, балабақша, дәрігерлік емхана) өздеріне бекітілген аумақтарында көше бойында орналасқан тұрғын үйлердің қасбеттерін әктеу, сырлау және арық-атыздарды қоқыстан тазалау жұмыстарын атқарды. Қураған ағаштар мен арамшөптер орылып, қоқыс қалдықтары тазаланды.

Оған қоса Сауран ауданындағы спорт клубының қызметкерлері «Өнегелі ұрпақ» апталығында жалғызбасты қарт ана Оразкүл Бекішованың үйінде тазалық шараларын жүргізді. Атқарылған жұмыстар барысында қария ауласына қоршаулар орнатылып, ретке келтірілді. Сонымен қатар, әктеу және сырлау жұмыстары жүргізіліп, үй айналасы күл-қоқыстан тазартылды.

Сауран ауданында акция басталғалы бері зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметшілері, жастар, еріктілердің қатысуымен тазалық шаралары қарқынды өтіп жатыр. Ауданда апталық аясында көгалдандыру және тазалық шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Үш апта көлемінде түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды.

«Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Сауран ауданындағы зейнеткерлер мен жалғызбасты қариялардың үйінде тазалық шаралары өтуде. Осы ретте аудандағы Ынталы елді мекенінде тұратын зейнеткер ұстаз Хадиша Тажібаеваның үйінде сенбілік өтті. Одан бөлек, Қарашық ауылының тұрғыны жалғызбасты қарт Флюра Нигаманованың ауласын тазалау және ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Ауылдық әкімдік мамандары үй қасбетін әктеп, ауланы қоқыстан тазартты. Игі іске бастамашыл болып келгендерге қариялар ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша жүріп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясындағы жұмыстар алдағы күндері өз жалғасатын табатын болады.

«Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Майдантал ауылдық округіндегі Ынталы елді мекенінің тұрғыны 40 жыл ұстаздық етіп зейнетке шыққан, Хадиша Тажібаеваның үйінде тазалық жұмыстары жүргізілді.

Ауылдық әкімі аппаратының мамандары мен ақылы қоғам қызметкерлері, ауыл жастарымен бірлесе отырып, қарт ұстаздың үй-жайын тазалап, есік алдында өскен шөптерді арнайы техникамен орды. Талдарды әктеп-сырлап, үйдің қоршауын түзетті.

“Бір әріп үйреткен ұстазыңа, мың жыл сәлем бер” деген қағиданы ұстанып, тазалық жұмыстарына атсалысқан баршаға, зейнеткер ұстаз алғысын білдірді.

Сауран ауданында мәдениет қызметкерлері мен кітапхана ұжымы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығында Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша елді мекені тұрғыны, жалғызбасты қарт ана Жайнар Сапарованың үйінде тазалық шараларын жүргізді. Атқарылған жұмыстар барысында үй ауласында арам шөптер жұлынып, әктеп-сырлау жұмыстары жүргізілді. Қарт ананың үй айналасы күл-қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin