Түркістан облысы: Ордабасы ауданындағы жаңа тұқымбақтың жұмысы жанданып келеді

Түркістан облысында тұқымбақтардың көлемін ұлғайту һәм климаттық жағдайды жақсарту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда Ордабасы ауданындағы Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде заманауи тұқымбақ ашылды. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының журналистері және өңірдің баспасөз хатшылары тұқымбақ шаруашылығымен және өндіріліп жатқан көшет түрлерімен танысып қайтты.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының бастамасымен заманауи тұқымбақ құру мақсатында, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің мамандары Ресей мен Өзбекстан мемлекетіне және еліміздің басқа да облыстарына барып, тәжірибе алмасқан болатын. Бүгінде көшет түрлерінің санын арттыру бағытында екіжақты келісімшарт түзіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Ордабасы ауданында орналасқан замануи үлгідегі тұқымбақ 5 гектар аумақты алып жатыр. Онда өсіріліп жатқан ағаштардың басым бөлігін терек, сириялық гибискус, раушан, жиде, емен, каштан, шаған, үйеңкі, тұт, бозарша, легустра, айлант, катальпа, қарағаш, туя және өзге де ағаштар құрайды.

Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жер көлемі – 33559 гектар. Оның орман мен көмкерілгені – 13515 гектар. Орман қоры жері Бәйдібек, Ордабасы, Төлеби, Сайрам аудандары мен Шымкент қаласында орналасқан.

Қазіргі таңда көшеттердің сұранысы көбейгеніне байланысты тұқымбақ 3 жерде уақытша ұйымдастырылып отыр. Оның жалпы көлемі – 10,5 гектар. Орман тұқымбағында жалпы 25-ке жуық түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде. Көшеттерді егу және себу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Өткен жылы тұқымбақтан 70 мың түп көшет Сайрам, Ордабасы аудандарына босатылды. Биыл 100 мың түп көшет босату жоспарлануда. 2024 жылы мекемеде орман ағаштарының әртүрлі тұқымдарын жинау 2400 келі деп жоспарланған. Бүгінгі таңда 100 келі қарағаш тұқымы жиналды.

Түркістан облысында жыл сайын жасыл белдеуі мен орман қоры аумақтары ұлғайып келеді. Алдағы уақытта да облыстағы тұқымбақтардың аумағын кеңейту жоспарлануда.

Жалпы облыс көлемінде орман тұқымбақтарының көлемі 253 гектар. Оның 14-і типтік заманауи питомниктерде (оның ішінде 10 жылыжай) және мәдени орман алқабына егілетін көшеттер дайындауға аумағы 350 гектарды құрайтын 10 уақытша питомникте 35 миллионнан астам ағаш көшеттері өсірілуде. Көшеттер санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орман қорында 2 миллиард және елдімекендерде 15 миллион ағаш егу туралы тапсырманы 2020 жылғы Жолдауында берген болатын. Осыған орай облыстың орман қоры жерлеріне 2021-2025 жылдары 110 мың гектарға 170,0 миллион көшеттерін егу бойынша Экология министрлігімен Кешенді жоспары, елді мекендерге 1,5 миллион көшетті егу бойынша аймақтық жоспар келісіліп, бекітілген. Кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2023 жылдарда 51,6 мың гектар жерге, 78,0 миллион түп көшет егіліп, жоспар орындалды. 2024 жылы 27 500 гектар жерге – 43 149 түп, 2025 жылға 31 610 гектар жерге 52 079 мың түп ағаш отырғызу жоспары орман қоры жерлерінде (Шардара, Отырар, Созақ, Жасыл аймақ) атқарылады.

Бұдан бөлек өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстың елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыстағы 852 елді мекеннің 90%- ын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып, жұмыстар атқарылуда. Биыл көктем айында 522 935 көшет егу жоспарланған. Бүгінгі таңда 483 935 түп көшет отырғызылды. Күзгі науқанға 515 935 түп көшет егу көзделуде.

2024 жылдың көктем айларында аудан, қала әкімдіктеріне аумақтардың көркін кіргізу мақсатында 50 мың түп әртүрлі гүлді ағаш көшеттері егілді. 2024 жылы күзде 2025 жыл көктемде 200 мың түп роза гүлінің және сириялық роза көшеттері тегін үлестіріледі.

Айта кетерлігі, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» апталығы қорытындылатынды. Апталық аясында Түркістан облысының журналистері мен облыстық мәслихат депутаттары Ордабасы ауданындағы Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің төңірегін қоқыстан тазартты.

Тазалық жұмыстарында журналистер арнайы қапшықтарға қоқыс қалдықтарын жинады. Табиғат аясында журналистер ән шырқап, өлең оқыды. Сондай-ақ қазақтың күмбірлеген күйі тартылып, дартс ойыны ойнатылды.

Тазалық шарасына облыстық, қалалық және аудандық БАҚ-тан басқа, республикалық басылымдардың меншікті тілшілері де қатысып, еншісі бөлінбейтін өңір – Шымкент қаласының тілшілері де өз үлестерін қосты. Сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мен басқармалардың баспасөз хатшылары да белсенділік танытты.

Акция облыстағы журналистер бауырластығын арттыра түсті. Ең бастысы, бұған дейін де бірлігі бекемдігін білдіріп жүрген өңір журналистері бұл жолы өзара ауызбіршілігін, ынтымағы мығым екенін тағы бір танытты.

Жалпы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 50-ден астам БАҚ өкілі атсалысты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков санитарлық тазалық шарасын жүйелі жүргізу – облыс шырайын кіргізіп, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайтын маңызды шаралардың бірі екенін атап өтіп, қатысушыларды арнайы «Табиғат жанашары» сертификатымен марапаттап, сый-сияпат табыс етті.

Жиналғандардың айтуынша, сенбілік – тазалық кепілі. Әр адам сенбілікке кішкене болса да атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Бүгін, міне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында журналистер тазалық жұмыстарын жүргізді. Шара барысында орман шаруашылығының жанындағы Арыс өзенінің бойындағы күл қоқыс жиналып, ретке келтірілді. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық.

Айта кетейік, бүгінде өңірде абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарының сапалы жүргізілуі де қатаң бақылауға алынған. Сондықтан өңірімізді гүлдендіріп, көркейтеміз десек санитарлық тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin