Түркістандық жас қолөнершілер биіктен көрінді

Білім алушылардың көркем-шығармашылық қабілеттерін дамыту, тәрбие беру және тұлғаны әрі қарай үйлесімді дамыту бойынша жүйелі және мақсатты қызмет көрсету, рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарға араластыру, балаларды қосымша біліммен қамту мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының республикалық көрме-байқауының облыстық кезеңі түркістандық оқушылар үшін биыл да сәтті болды.

Жеті бағыт бойынша ұйымдастырылып жатқан байқаудың қалалық кезеңі бөлімге қарасты Ш.Ниязов атындағы жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылып, қатысқан жүзден астам оқушы өздері жасаған қолөнер бұйымдарын ұсынып, лайықты бағаларын алған болатын. Нәтижесінде еңбектері үздік деп бағаланған 7 оқушының жұмыстары облыстық кезеңге ұсынылды.

«Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұстаз халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Ағаштан, темірден, түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұратын өнер туындысы.

Айта өтейік, қолөнер, қолданбалы өнер – дәстүрлі тұтыну және сәндік бұйымдарын жасайтын ұсақ өндіріс. Қолөнершілер негізінен табиғи шикізаттарды пайдаланып, қарапайым еңбек құралдарының көмегімен көркем композицияның шешімімен тұрмысқа қажетті мүліктер, музыкалық аспаптар, қару-жарақ, құрал-саймандар жасайды.

Әрбір қолөнер туындысы өз заманының материалдық мәдениетінің үлгісі және халық талғамының, әлеуметтік қоғамдық жағдайының, діни сенімінің, салт-дәстүрінің нақтылы көрінісі.

Қазақстанда көшпелі шаруашылықтың қажетіне сай қолөнершілер мал шаруашылығына керекті желі, шылбыр, ноқта, бұршақ, жүген, құрық, бұғалық, тұсау, өре, шідер, кісен, қада, ер-тұрмандар жасаумен шұғылданды. Олар құмнан, тастан, саздан құмыра, көзе, ыдыс-аяқ; мүйізден, сүйектен, мал мен аң терісінен, ағаштан әшекейленген нақышты дүние-мүлік, домбыра, қобыз, сыбызғы, шаңқобыз сияқты музыка аспаптарын; темірден, мыстан қылыш, найза, қанжар, айбалта, күрзі секілді құрал, қару жасады. Қазақ халқының қолөнерінде киіз үй жабдықтарын, ағаш төсек жасау, түйін түю, ши орау, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу, сондай-ақ моншақ, білезік, сақина, сырға, алқа, шолпы сияқты зергерлік бұйымдар жасау кең дамыды.

Шаһардағы «Керуен Сарай» көпсалалы кешенінде өткен облыстық кезеңде де түркістандық оқушылар жоғары бағаларын алды. Атап айтсақ, «Қағаздан бұйымдар жасау» сайысында №28 мектеп-лицейінің оқушысы Әдемі Барысхан (жетекшісі — Ботакөз Файзиева) мен «Зергерлік бұйымдар жасауда» Мұстафа Шоқай атындағы №24 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Бердалы Орынбасар (жетекшісі — Әлімбек Тілеулиев) І орынмен қатар республикалық кезеңге қатысу үшін жолдаманы жеңіп алды. Сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы Тасболат Думан (жетекшісі — Асқар Есет) «Ғимараттардың макетін жасау» бойынша ІІ орынға, Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Мавлуда Усманова (жетекшісі — Шахноза Усманова) «Ұлттық киімдер» бойынша ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияның оқушысы Ерасыл Рысбек (жетекшісі — Дәулет Қарамырзаев) «Ағашты көркемдеп өңдеу» бағытында «Үздік бұйым» номинациясын жеңіп алса, осы мектеп-гимназияның тағы бір оқушысы Мадина Абдуллаеваның (жетекшісі — Назира Дәуренбекова) «Жүннен бұйым жасау» бағытындағы, Мәншүк Мәметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Әбіш Асхаттың (жетекшісі — Берік Толысбаев) «Мүсіндер» бағытындағы жұмыстары да өзіндік бағаларын алды.

Алдағы уақытта түркістандық қос қолөнерші өрен онлайн форматта өтетін республикалық кезеңге қатысатын болады. Сәттілік серіктерің болсын, жас қолөнершілер!

Шынын айту керек, халқымыздың қолөнері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас маңызды бөлігі саналады. Қолөнер түрлерінің өн бойында халықтың материалдық және рухани болмысы көрініс тапқан. Бұлай деуімізге басты себеп: халықтық қолөнер еліміздің тұрмыс жағдайынан, материалдық жай-күйінен ғана хабар бермей, эстетикалық талғамынан, тарихы мен таным-түсінігінен де мол мәліметке қанықтырады. Осындай ұлттық мәдениет үлгілерінің дәстүрлерін оқып-үйрену – кейінгі ұрпаққа мұра етіп сақтауға, сонымен қатар, бүгінгі тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік жағдайларға сай қолдана білуге үлкен мүмкіндіктер береді.

Материалдық өңдіріс пен рухани өмірдің бір-бірінен ажырамай, біртұтас берілуі қолөнердің синкретикалық өнер түріне жатуының себебі ретінде айтылады. Қазақ халқының ата-бабасынан мұраға қалған бұл қолөнер түрлеріне халықтың музыкалық аспаптарын жасау, ат әбзелдерін дайындау, киіз үй тігу, киіз басу, киіз үй ішін жабдықтау, қару-жарақ, саймандарды әзірлеу, кілем тоқу, зергерлік, ұсталық және тағы да өзге өнерді жатқызамыз.

Көшпенді халықтың киім тігуі де қолөнердің бір түрі болып саналады. Байырғы түркі-қыпшақ тайпасы киімдерінде ұлттық киім элементтерінің көрініс табуы – олардың шығу, даму тарихының тереңдігінен хабардар етеді. Өйткені халқымыздың ертеде мал, егін шаруашылығымен, аң аулаушылықпен, балық аулаумен айналысқаны белгілі. Осыған сәйкес ежелден дамыған қолданбалы-безендіру өнерінің материалдық негізі үй жан-жануарларының, төрт түлік малдың сүйектері мен терілерден, ағаш пен металдан жасалды.

Үй ішінде әзірленетін қолөнер жұмыстарын шаңырақтағы еңбекке жарамды, қолының ебі мен икемі бар кез келген адам өзі-ақ реттей білді. Қарапайым саналатын өндіріс пен қолөнер бұйымдарын күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ыңғайына қарай бейімдеп, белгілі бір қажеттіліктерге пайдаланды.

Көшпелі дала халқының дәстүрлі эстетикалық талғамы мен ұмтылысына сай әшекейлеу барысында қолданбалы-безендіру өнерінің түрлі жолдары мен әдістері пайда болды. Ол өзінің табиғи түрлік байлығымен, әсем де нақышты ою-өрнектерінің молдығымен ерекшеленді.

Халықтың тұрмыстық әрі көркемдік талаптарына толығымен жауап беретін қазақтардың үй ішілік кәсібі мен қолөнері жартылай көшпелі өмір жағдайында қалыптасты.

Егер күнделікті тұрмыстағы қолөнер мен ұсталықтың ара салмағын айтар болсақ, оның алғашқысы негізінен отбасыға қажетті тұрмыстық ұсақ заттар жасауға бағытталды да, екіншісі, ұсталық тек өз тұрмысы, жалпы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ғана емес, сонымен бірге әртүрлі тапсырыстар орындауға, базарға шығарып сататын бұйымдар жасауға да арналды.

Халықтық қолөнер мен кәсіпшілік ғасырлар бойында қалыптасып, жетіліп, ұлттық дәстүрлі мәдениеттің айрықша көрсеткіштерінің біріне айналды. Ерекше шеберлік пен ептілікті қажет ететін кәсіп түрлері атадан балаға қанмен беріліп, мирасқа қалатын киелі мұра болып саналды. Бұл тұрғыда «ата жолын ұстаған» сегіз қырлы, бір сырлы шеберлер ел ішінде зор құрметке бөленді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin