Түркістан қаласында Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні жоғары деңгейде аталып өтті

Түркістан шаһарында Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап шоу-2024» іс-шарасы өтті. Кешті Түркістан облысының құрметті азаматтары ашып берді. Жастарға кітап оқудың пайдасы туралы әңгімеледі.

Кітап мерекесіне Түркістан мен Кентау қалалық кітапханалары, Түркітілдес халықтар кітапханасы мен Сауран аудандық орталық кітапханасы да қатысып, келушілерге 9 сала бойынша арнайы жасақталған көрме-инсталляцияларын ұсынды.

Іс-шара барысында «Әдеби шаңырақ» айдарында ақын, дәстүрлі әнші, ХҚТУ-дің оқытушысы Жанғали Мұсаев пен ақын, ұстаз Әсел Бимырзаевамен сырлы сұхбат өтті. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында таңдалған Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары негізінде «Балалық шаққа саяхат» еңбегі бойынша Түркістан қаласы «АКА» «Арманда, кемелден, асқақта» шығармашылық орталығының өнерлі балалары көрініс көрсетті.

Иә, Бердібек Соқпақбаев – өзі өмір сүрген кезеңнің келбетін боямасыз суреттеген қаламгер. Ашаршылық пен жетімдіктің зардабын тартқан жазушы «Балалық шаққа саяхат» повесінде балғын балалығының қиындыққа толы болғанын жеткізген. Анасы ұзақ уақыт науқастанып, көз алдында өмірден өтеді. Бұл шығармада сегіз жастағы бұғанасы қатпаған бала Бердібектің бір үзім нан үшін ауыр жұмысқа жегілгені, емшектегі інісі Тұрдыбектің тоқтаусыз жылағаны, жетімдіктің зардабын шеккен қиын күндері бейнеленген.

«Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сарп ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын. Балалар, менің қымбатты жан достарым! «Жетім» деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал, бірақ әлгідей деп тілдеме. Аяңдар!»

Жазушы өз естелігінде балалық шағының ауыр күндерін былай жеткізген еді: «Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын».

«Балалық шаққа саяхат» повесіндегі кейіпкерлердің есімдері өзгертілмеген. Жүсіпбек Қорғасбектің «Өзгеше ойлы қаламгер» мақаласында көркем шығармада өзінің, аға-інілерінің, әке-шешесінің атын өзгертпей берген басқа ешкім жоқ екені жазылған.

1960 жылы кітап болып басылып шыққан «Балалық шаққа саяхат» туындысы бойынша 1965 жылы фильм түсірілді. Режиссері қазақ кино өнерінің классигі – Абдолла Қарсақбаев. Бердібек Соқпақбаевтың әрбір шығармасы боямасыз, шынайы суреттелген. Жазушының кейіпкерлерін ешқашан көтермелеп, әсірелеп жазбағанын Жүсіпбек Қорғасбек «Өзгеше ойлы қаламгер» жазбасында былай баяндайды: «Жазушы жанына ең жақын адамның бейнесін: «Әкем Ыдырыс кең өңеш, қомағай адам. Қасық оның қолына тиген кезде тостағандағы талқанның бір жамбасы үңірейіп қалады» деп келтіреді. Оның алды-артындағылар «әкем менің» деп жазғанда үстіне бір түйір тозаң қон­дырмайтын. Әдеби кейіпкер болған соң әжуалап жазғаны ма дейін десең, өмірбаянында да әкесінің есімі Ыдырыс екені тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр. Ол аздай келесі бір бетінде: «Әкемнің бойы ортадан төмен, иықты. Өзі құсап селбіретіп қияқ мұрт қояды. Уайымсыз адам, күйіп-піскенді білмейді, жайбарақат. Мезгілсіз тозып, шаршамайды. Аш болса да, тоқ болса да екі беті қып-қызыл. Тамақ таңдамайды, өңешінен өткеннің бәрін ішіп-жейді. Ауырмайды» — дейді. «Осы кісі өз әкесін жазып отыр ма?» деп, өмірбаянына ұрланып тағы қарайсың. Осыдан соң жаңа бір әзірде атүсті сыдыртып шыққан бір-екі эпизодты тауып алып, қайта шұқшиясың. Жазушы: «Шешем Әсбет – тілді де отты адам еді. Тек ауру иектеп алған да қор қылған. Әкемнің ынжықтығын бетіне басып, қай­рап айтып отыратын. Бірақ әкем ағаш пышақ тәрізді, қанша қайраса да өтпейді», — деп тағы бір түйіп қояды».

Кеш соңында «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова қорытынды сөз алып, қатысқан кітапхана басшыларына ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанованың алғыс хатын табыстады. Кітап күніне белсенді қатысқан өнерпаз балалар да кітапхана директорының алғыс хатымен марапатталды.

Иә, кітап – адам баласы ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал, білім мен тәрбие көзі. Ол – адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі.

Бұл күн 1995 жылы 15 қарашада ЮНЕСКО-ның 28-ші сессиясында жарияланды және 1996 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. 1995 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы кітаптар мен авторларға құрмет көрсету туралы шешім қабылдады, бұл жұртшылықты оқудан ләззат алуға және адамзаттың мәдени прогресіне ықпал еткендердің таптырмас үлестерін құрметтеуге шақырды. Нәтижесінде халықаралық кітаптар мен авторлық құқықтар күні бекітілді.

Еске салайық, 1616 жылы сәуірдің жиырма үшінші жұлдызында М.Сервантес, У.Шекспир және Инка Гарсиласо де ла Вега сынды тұлғалар қайтыс болған. Сондай-ақ, Морис Дрюон, Хальдоур Лакснесс, Дж.Пла және Мануэль Мехиа Вальехо атты авторлардың туған немесе дүние салған күндері саналады. 1995 жылы Париж қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында осы күнді кітап пен оның авторларына арнау туралы шешім қабылданды. Күннің басты мақсаты – адамдарды, әсіресе жастарды кітап оқуға шақыру, одан ләззат алуға баулу және адамзаттың мәдени және әлеуметтік өрлеуіне үлес қосқан авторларды құрметтеу, есімдерін ұлықтау.

Ә.Науаи айтқандай: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына». Біз кітап арқылы білімге ғана жол ашпаймыз, жаңа идеяларға кілт табамыз, рухани және материалдық құндылықтарға қол жеткіземіз, сұлулықты түсінеміз.

2014 жылғы «әлемдік кітап астанасы» ретінде Порт-Харкорт (Нигерия) қаласы танылды.

Бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі кітап көрмелері мен жәрмеңкелері, акциялар, конкурстар өтеді.

Арабтың «кітап» деген сөзі қазақша «жазу», «жазба» деген мағынаны білдіреді. Кітаптың шығу мен дамуы сол жазу өнерінің пайда болуымен тығыз байланысты. Ол қажетті материалдардың ойлап табысуына және техниканың дамуына сәйкес жетілдіріле берді.

Ежелгі заманда Мысыр мен Шығыс елдерінде, Греция мен Римде кітап қыш тақталарға жазылды. Кітап тас бетіне де қашалып жазылды.Түркі халықтарының көне жазба мұрасы болып табылатын «Орхон – Енисей жазба ескерткіштерін» (7-9 ғ.) ашық аспан астында тұрған тас кітаптар, деуге болады.

Көпшілікке арналған алғашқы баспа өнімдері, яғни, діни уағыздар, қолжазба кітаптар ағаш қабығына, теріге, кейіннен қағазға қолмен көшіріліп жазылған. Ірі қалаларда қолжазба кітапты мәнерлеу өнерімен шұғылданатын арнайы маман-көшірмешілер, түптеушілер, миниатюрші суретшілерді топтастырған орталықтар жұмыс істеген.

Біртекті мәтінді көп данамен тарататын Баспа тарихы Қытайда кітап көбейтудің жаңа әдісі – ксилографияның (ағаштан ойылған қалыппен басу) пайда болуынан басталады. Осы әдіспен ең алғаш будда дінінің «Жақұт сутра» (868) деген кітабы басылды.

1040-1048 жылдары Би Шен жылжымалы қаріптерді, құйма әріптермен теру процесін ойлап тапты. Ал, Еуропаға бұл жаңалық 4 ғасырдан кейін ғана келді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin