Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі 9 мамыр — Жеңіс күні мерекесімен түркістандық Ұлы Отан соғысы ардагерін үйіне барып құттықтады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Түркістан облысына іссапармен арнайы келіп, өңір жұртшылығымен кездесті.

Ең әуелі Сауран ауданындағы ересек мүгедектігі бар адамдарға арналған 200 орындық заманауи оңалту орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық жасы 18-ден асқан I, II топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін болады. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтар мен жағдайлар қарастырылады. Атап айтқанда, асхана, жатын бөлмелері, бассейн, спорт залы, емдік-сауықтыру бөлмелері, қысқы бақ сияқты арнайы орындарымен қамтылады. Ғимаратты қабылдау шаралары сәтті аяқталса, қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева Оранғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Назгүл Ерікқызы бастамалар халық үшін маңызды екенін айтып, оң пікірін білдірді.

Мұнан соң вице-министр Түркістан қаласында орналасқан «Белсенді ұзақ өмір» орталығында облыс тұрғындарымен жүздесіп, оларды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері, мүгедектік қоғамы бірлестіктерінің төрағалары, мүгедектігі бар адамдар, көп балалы аналар және атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатысты. Назгүл Сағындықова азаматтарға Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясаты, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі, арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік сақтандыру жүйесін жаңғырту, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер жайында кеңінен таныстырды. Жеке қабылдау өткізіп, талап-тілектерді тыңдады. Жиын барысында мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындардың өнімдерінен қойылған көрмені аралап көрді. Биыл Түркістан облысындағы 1793 жасқа бизнес бастау үшін қайтарымсыз грант бөлінетінін тілге тиек етті. Ол үшін бюджеттен 2,3 миллиард теңге қаралып отыр. Мемлекеттен қолдау тапқандар 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 миллион 400 мың теңгеге жуық қаржы алады. Биылдан бастап тұрғындар қайтарымсыз грантқа “Қазақстанның еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы” аясында ие болады. Бұл жобаға сәйкес, алдағы 6 жылда елде жұмыс орындарының санын 3,6 миллионға дейін ұлғайту жоспарланған.

Сондай-ақ, былтыр облыста 1 688 азамат қайтарымсыз грант алса, олардың көбісі — Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданының тұрғындары. Қайтарымсыз грант беру жобасы 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақыт аралығында 26 мыңға жуық өңір тұрғынына қолдау көрсетілген.

Қайтарымсыз грантты алып кәсіп бастаған Түркістан облысының тұрғындары бүгінде мол табысқа кенеліп отыр. 

Мәселен, Сайрам ауданына қарасты Әсіларық ауылының тұрғыны Нұржан Өтегенов «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған» бағдарлама арқылы гратқа қол жеткізді. Содан, мүгедектігі бар азамат қоян шаруашылығын дамытуды қолға алды. Қажетті құрылғыларды алып, бірден іске кірісті. 

«Қазір кәсіп бастаймын немесе кәсібімді ұлғайтамын дегендерге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалынып жатыр. Қайтарымсыз мемлекеттік грант соның бір дәлелі. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек. Мен қолымнан келетін кәсібімді мемлекеттің осынау көмегі арқылы бастағаныма өте қуаныштымын. Бұл берекенің бастауы болса керек» — дейді ол. 

Ал, Түлкібас ауданына қарасты Шақпақ ауылының тұрғыны Фарида Симбекова құлпынай өсіріп, көл көсір пайдаға кенеліп отыр. Осы бағытта қайтарымсыз қаржының иегері атанған кәсіпкердің қарамағында 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

«Ауылым «Батыс-Қытай – Батыс-Еуропа» күре жолының бойында орналасқандықтан, құлпынайларым өтпей қалады деген қорқыныш жоқ. Одан қалса, тосап шығаратын цехтарға сатамын. Алдағы уақытта жылыжай аумағын үлкейтіп, жемістердің бірнеше түрін өсіріп сатуды қолға алмақпын. Жалпы, қандай кәсіп болсын қажырлы еңбекті қажет етеді. Ал, бағбандық дегеніңіз тіпті маңдай термен атқарылатын ауыр жұмыс» — дейді Фарида Симбекова. 

Ал Бәйдібек ауданының тұрғыны Гүлгүл Тапенова болса мемлекеттік бағдарлама арқылы өз хоббиін кәсіпке айналдырды. 

Мүгедектігі бар азаматша грантпен бөлінген қаражатқа шеберханаға қажетті тігін машиналары мен оның қосалқы бөлшектерін сатып алған. Қазір құрақ көрпе мен қыз жасауын тігіп, сатуға шығарып отыр. Еңбек адамына арнайы тапсырыс берушілерде көп. 

 «Ауқымды тапсырыстар қабылдау үшін үлкен цех өндірісі деңгейге жету қажет. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмын. Кәсіп бастауға көмек берген мемлекетімізге айтар алғысым шексіз» — деп отыр ол. 

Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінің тұрғыны Юрий Диденко «Құс шаруашылығы» қызметімен айналысып келеді. Кәсіпкер 2023 жылдың наурыз айында өз бизнес жобасын ұсынып, комиссия шешімімен қайтарымсыз 1 млн 380 мың теңге алған. Содан, қажетті вакум, инкубатор секілді керекті құрал жабдықтарды сатып алды. 

Қазіргі таңда Юрий Диденко өз үйінде бұқтырылған құс еті, гриль, құс етінен шұжықтар жасап, аудан тұрғындарын табиғи қоспаларсыз ет өнімдерімен қамтамасыз етіп, кәсібін дөңгелетіп келеді.

Мұнан өзге Жура Жұмаев есімді Түлкібас ауданының тұрғыны мемлекеттен 1 миллион 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Ол бұл қаржыға көлік жөндеу орталығын ашып, қажетті құрал-жабдықтарын толық сатып алған.

Кәсіпкердің айтуынша, көлік жөндеу орталығы ашылғалы бері келушілер саны артып келеді екен. Қызметке жүгінушілердің көпшілігі сол ауданның тұрғындары. Алдағы уақытта тұрғын өз кәсібін ары қарай ұлғайтуды көздеп отыр.

Дәл осы ауданның тұрғыны Әмірхан Әйтеков былтыр «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі қлттық жобасы негізінде қайтарымсыз грант» иегері атанып, қазіргі таңда жылыжайдағы құлпынай бизнес жобасы бойынша кәсібін өрбітіп отыр. Ал Саят Жантұрсынов есімді тұрғын болса, мемлекет қолдауының арқасында пластик терезе кәсібін жүргізуде.

Өзбекстан астанасы Ташкентте дүниеге келіп, бүгінде Түлкібас ауданында тұрып жатқан Балнұр Абдурахимова өз кәсібін одан әрі дамыту мақсатында 2,5 пайыз жеңілдетілген несие алу үшін “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-на өз бизнес жобасын ұсынып, былтыр несиеге қол жеткізген. 1996 жылы дүниеге келген кәсіпкер қазіргі таңда «Balnur Farhatkyzy» сұлулық және той көйлектері салонын ашып, 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Түркістан облысы Шаян ауылының тұрғыны Нұргүл Досболаева өз бизнес жобасын ұсынып, комиссия шешімімен қайтарымсыз 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз жеңіп алған. Бүгінде жеке кәсіпкер балаларға және ересектерге арналған массаж түрлерін жасайды. Массаж орталығында сал ауруымен ауыратын балалар үшін арнайы тасымал қызметі бар. 

Еске салайық, Business.enbek.kz порталында 2024 жылғы 8 сәуірден бастап 1-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталды. Республика бойынша бірінші лекте 4 500 адамға грант беру жоспарлануда.

Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып табылады.

Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін қажет:

— Порталда тіркелу;

— грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

— бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

— өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грант алуға үміткер бола алады:

— тіркелген жұмыссыздар;

— жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

— мүгедектігі бар адамдар;

— қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;

— өңіраралық қоныс аударушылар

— аз қамтылған отбасы мүшелері;

— көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);

— мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

— асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.

Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Гранттар: тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.

Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

 БАҚ өкілдері және тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды түртіп алып, шешуге ықпал ету бойынша облыс әкімдігімен бірлесіп жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.

Вице-министр 9 мамыр — Жеңіс күні қарсаңында түркістандық Ұлы Отан соғысы ардагері, 102 жастағы Немат Абдрасиловтың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Майдангердің еңбегі, батырлығы үшін алғысын білдіріп, жастарға өнеге ретінде насихатталуы тиіс екенін жеткізді. Айта өтейік, биыл ҰОС ардагерлеріне 9 мамырға орай жергілікті бюджеттерден біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Қазақстанның барлық өңірі мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ардагерлерге төлем жасалғаны айтылды.

«Аталған мақсаттарға жергілікті бюджеттерден барлығы 187 миллион теңге бөлінді. Әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес 9 мамырға орай берілетін біржолғы төлемдер сомасы жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты әр облыста дербес белгіленеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша соңғы жылдары көптеген облыстарда ардагерлерге төлемдер бірыңғай мөлшерде төленеді», — дейді ведомство өкілдері.

Мәселен, биыл республика бойынша біржолғы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 1,5 миллион теңге болды.

«Бұл ретте көптеген өңірде орташа мөлшерден жоғары сома төленген: Ақмола облысында – 3 миллион теңге, Ақтөбе облысында – 2 миллион теңгеден астам. Абай, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана және Алматы қалаларында ҰОС қатысушылары 2 миллион теңгеден алған», — дейді жауаптылар.

Айта кетейік, Үкімет мәліметінше, бүгінде республикада Ұлы Отан соғысының 148 ардагері тұрады. ҰОС қатысушыларына әлеуметтік қолдаудың басқа да түрлеріне қарамастан ай сайын 16 АЕК (2024 жылы 59 072 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленетіні айтылды.

Назгүл Сағындықованың сапары Төлеби ауданында жалғасты. Әсия Құралқызы «№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сапар аясында мемлекеттік қолдауларға ие болып, өз ісін ашқан азаматтардың дайын өнімдері көрмесімен танысуы жоспарланған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin