15 мамыр – Халықаралық отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланады

Естеріңізде болса, 2022 жылы әділқазылардың шешімі бойынша Түркістан облысы көлемінде байқаудың бас жүлдесін 4 ұл, 3 қыз дүниеге әкеліп, 31 немере, 25 шөбере өсірген Түркістан қаласының Құлбайымбетовтер отбасы иеленді. Әулеттің тірегі 81 жастағы зейнеткер Жарқынбек Құлбайымбетов 40 жыл мұғалім қызметін атқарған.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.

Конкурс 15 мамырдан кешіктірілмей жарияланады. Конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарлама БАҚ-та, сондай-ақ МАМ-ның, ЖАО-лардың және басқа да әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда жарияланады.

Конкурс Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 181 қаулысымен бекітілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес өткізіледі (Қағидаларға ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 306 және 2022 жылғы 16 қарашадағы № 904 қаулысымен өзгерістер енгізілді).

Конкурсты өткізудің мақсаты:

1) Отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану;

2) Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру;

3) Отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқорлығын дәріптеу және кеңінен насихаттау;

4) Қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.

Конкурсты өткізу тәртібі:

2024 жылғы 10 мамырға дейінгі мерзімде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын дайындау және өткізу бойынша жұмысты үйлестіру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің құрамын бекіту.

2024 жылғы 10 мамырға дейінгі мерзімде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ұйымдастыру мен өткізуді ақпараттық сүйемелдеудің Медиа-жоспарын бекіту, сондай-ақ Конкурстың барлық кезеңдерін дайындау мен өткізуді үйлестіру.

2024 жылғы 15 мамырға дейін Ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысын өткізу.

2024 жылғы 15 мамырда Халықаралық Отбасы күні қарсаңында (International Day of Families) #Otbasym2024 хэштегімен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізудің басталуы туралы «Хабар», «Хабар24», «Қазақстан» республикалық телеарналарында, «Таңшолпан» ақпараттық-музыкалық бағдарламасында, МАМ-ның ресми сайтында, әлеуметтік желілерде жарияланады.

Конкурстың екі кезеңін өткізу. Бірінші кезең – аудандық (қалалық), екінші – облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана).

МАМ жеңімпаз отбасылар туралы бағдарламалар циклін (бейнероликтер) дайындайды, «Хабар», «Хабар24», «Қазақстан» телеарналарында, «Таңшолпан» ақпараттық-музыкалық бағдарламасында, МАМ ресми сайтында, әлеуметтік желілерде жариялайды.

2024 жылғы 8 қыркүйекке дейін Отбасы күні қарсаңында конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімін өткізу (диплом мен ерекшелік белгісін (мүсіншені) табыстай отырып).

Бірінші кезең – аудандық (қалалық) деңгейде:

2024 жылғы 10 мамырға дейінгі мерзімде мүдделі мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен өткен жылдардағы аудандық (қалалық) турлар конкурсының лауреаттары қатарынан конкурс жеңімпаздарын айқындау жөніндегі комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) құру және бекіту.

Комиссия туралы ереже тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің өкімімен бекітіледі.

2024 жылғы 10 мамырға дейінгі мерзімде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ұйымдастыру мен өткізуді ақпараттық сүйемелдеудің Медиа-жоспарын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ Конкурстың барлық кезеңдерін дайындау мен өткізуді үйлестіру.

2024 жылғы 10 мамырдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын жариялау бойынша «Қазақстан» РТРК-де және өңірлік телеарналарда, облыс, аудан (қала) әкімдігі аппаратының ресми сайттарында және интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде («Мерейлі отбасы — 2024» арнайы айдарын ашу) ақпараттық-имидждік компания өткізу.

2024 жылғы 15 мамырда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысуға өтінімдерді қабылдау туралы өңірлік телеарналарда, облыс, аудан (қала) әкімдігі аппаратының ресми сайттарында және интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде хабарландыру.

2024 жылғы 15 мамырдан бастап 2024 жылғы 15 маусымға дейін Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша конкурсқа қатысуға өтінімдерді аудандық (қалалық) комиссияға қағаз немесе электрондық нұсқада қабылдауды жүргізу. Қабылдаудың соңғы күні – 2024 жылғы 14 маусым.

2024 жылғы 1 шілдеге дейін (қатысу үшін құжаттарды қабылдау аяқталған сәттен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде) аудандық (қалалық) комиссия алынған ақпаратты жан-жақты тексеруді жүзеге асырып іріктеу жүргізеді және екі отбасын айқындайды.

Екі жұмыс күні ішінде өз шешімдерін конкурстық құжаттармен бірге облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, Астана) комиссияларға жолдайды.

«Қазақстан» РТРК» АҚ-та және өңірлік телеарналарда, облыс, аудан (қала) әкімдігі аппаратының ресми сайттарында және интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде, «Айқын», «kazinform.kz»-те жеңімпаз отбасылар туралы бағдарламалар циклін дайындау, ақпараттық ілгерілету.

Екінші кезең – облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана):

2024 жылғы 10 мамырға дейінгі мерзімде мүдделі мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен өткен жылдардағы облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) турлар конкурсының лауреаттары қатарынан облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) конкурс жеңімпаздарын айқындау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрамын құру және бекіту.

Комиссияның ережесін, іріктеу өлшемшарттарын және конкурсты өткізу форматын бекіту.

2024 жылғы 10 мамырдан кешіктірмей «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын дайындау және өткізу жөніндегі облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) комиссиялардың отырысын ұйымдастыру.

2024 жылғы 10 мамырға дейінгі мерзімде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ұйымдастыру мен өткізуді ақпараттық сүйемелдеудің Медиа-жоспарын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ Конкурстың барлық кезеңдерін дайындау мен өткізуді үйлестіру.

2024 жылғы 17 шілдеге дейін Комиссиялар аудандық (қалалық) комиссиялардан құжаттарды алған сәттен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде (қажет болған жағдайда) ұсынылған құжаттарды қосымша тексеруді жүзеге асырады, іріктеу жүргізеді және жеңімпаз бір отбасын айқындайды.

Комиссияның отырысын интернет-ресурста және жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желілеріндегі ресми аккаунттарда онлайн-трансляциялар режимінде өткізу.

Отырыстан кейін екі жұмыс күні ішінде комиссия өз шешімдерін конкурстық құжаттармен бірге ұйымдастыру комитетіне жолдайды.

«Қазақстан» РТРК» АҚ-та және өңірлік телеарналарда, облыс, аудан (қала) әкімдігі аппаратының ресми сайттарында және интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде, «Айқын», «kazinform.kz», облыстық газеттерде жеңімпаз отбасылар туралы бағдарламалар циклін дайындау, ақпараттық ілгерілету жоспарланған.

Халқымыздың рухани байлығының бірі – отбасы құндылықтары десек қателеспейміз. Мемлекет дегеніміздің өзі сол жекелерген отбасылардың қосындысынан құралады. Елдің келешегі әр отбасында тәрбиеленіп өскен азаматтарға байланысты. Ендеше отбасы құндылықтары әрқашан елдің де, биліктің де назарында болуы тиіс. Отбасы құндылықтары дегеніміз не? Оған қандай принциптерді, қасиеттерді жатқызуға болады. Топтап көрейік.

Отбасылық құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және мәдениет пен адамгершілікті қасиетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Құндылықтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптер, сенімдер мен нормалар жиынтығы деуге болады.

Отбасы құндылықтары бала тәрбиесінен бастап ересек отбасы мүшелерінің қолдауы мен құрметіне дейінгі барлық дүниеден көрінеді.

Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббаты. Отбасының негізін, шындығында, махаббат сезімі құрайды. Бұл дегеніміз отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қамқорлық жасауы, қолдау көрсетуі және отбасы мүшесін қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Махаббат бар жерде өзара үйлесімділік, эмоционалды күшті байланыс, әрі бақытты отбасы болуға деген ұмтылыс болады.

Екінші маңызды отбасылық құндылық – құрмет көрсету. Сыйластық – әр отбасы мүшесін жеке тұлға ретінде мойындау, олардың пікірлерін, тілектері мен қажеттіліктеріне құрметпен қарауды қамтиды. Сыйластық бағаланатын отбасында ашық диалог болады. Ондай отбасы өзара түсінісіп, адамның ерекшелігін, айырмашылығын қабылдай біледі. Әрбір отбасы мүшесінің жеке шекарасын, мәдени және діни дәстүрлерін құрметтеу – сенімді қарым-қатынас орнатуға және бірлікті нығайтуға ықпал етеді.

Сенім – бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын үшінші отбасылық құндылық болып саналады. Бұл – отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауы мен оны ешқашан жолда тасмайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде адамдар өз ойлары мен сезімдерін ашық білдіре алады деген сөз, яғни қауіпсіздік атмосферасын құрылады. Сенім, сонымен қатар, эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.

Бақытты отбасына байланысты тағы бір құндылықтың бірі – жауапкершілік. Жауапкершілік әр отбасы мүшесінің отбасы өміріне өзара қатысуы мен қосқан үлесінен тұрады. Бұл өз міндеттерін орындауды, басқа отбасы мүшелеріне көмектесуді және олардың шешімдері мен әрекеттері үшін жауапкершілікті қабылдауды қамтиды. Жауапкершілік отбасы ішіндегі сенімділік пен меншік сезімін дамытуға ықпал етеді.

Білім мен дамуды қатар алып жүру де маңызды отбасылық құндылықтар болып табылады. Білімді бағалайтын отбасы өз балаларын немеме басқа мүшелерін үнемі оқытуға және дамытуға баса назар аударады. Білімге ұмтылуын, мектептер мен университеттерге баруын және білім беру процестеріне белсенді қатысуын ынталандырады. Білім отбасының әр мүшесінің жеке дамуына ғана емес, сонымен бірге өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.

Жалпы, отбасылық құндылықтар отбасы ішіндегі салауатты және бақытты қарым-қатынастың негізін құрайды. Құндылықтар үйлесімділікті, сенім мен сыйластықты қалыптастыруға, сондай-ақ жеке тұлғалардың дамуына және отбасы мүшелері арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Шексіз сүйіспеншілік, құрмет, сенім, жауапкершілік және білімге деген ұмтылыс отбасына қиындықтарды жеңуге және бірге бақытты, тұрақты өмірге қол жеткізуге көмектесетін негізгі принциптер болып табылады.

Міне осындай принциптерге негізделген отбасы тату, кикілжіңді бірге отырып шешетін, психологиялық тұрғыда сау азаматтарды өсіріп шығарады. Бұл мемлекетіміз үшін аса маңызды дүние. Өз халқымыздың тарихы тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақта үлкенге құрмет, кішіге ізет о бастан дәріптеліп, отбасының бұзылуына көп күш салған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, отбасында әке мен шешенің жанжалын көріп өткен бала, азамат болғанда өзі көрген отбасын құратын болады. Мұны психолог мамандар да растайды. Ата-анасы тату, айрандай ұйыған отбасында тәрбие көрген баланың бойына отбасылық құндылықтар сіңіп, жанұя құру деген түсінікті маңызы зор, қасиетті ұғым деп қабылдамақ. Сондықтан қоғам тарапынан ғана емес, мемлекет тарапынан да ұлттық идеологияға назар аударылғаны дұрыс.

Осы ретте елімізде 1995 жылы Қазақстан Президенті жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселесі бойынша кеңес құрылды. Үш жылдан соң аталған ұйым Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссиясы деп өзгертілді.

Сәйкесінше, оның құзыреті өсті, алар орны мен шекарасы кеңейді. Қазір комиссияның еліміздегі барлық облыстарында және Астана, Алматы қалаларында өкілдіктері бар. Ұлттық комиссияның отбасылық саясатты дамыту, ұрпаққа үлгілі тәрбие беру жөніндегі алдағы жылдарға арналған жоспары бекітіліп, өңірлерге таратылған.

Осыны негізге ала отырып, облыстар өзінің өңірлік ерекшеліктеріне сай, іс-шаралар жоспарын жасап, тұрақты қызмет атқарып отыр.

Сондай-ақ, Қазақстанда Бала құқығы бойынша өкілетті институт құрылып, 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясатқа қатысты тұжырымдамасын бекітті.

Ұлттық комиссияның ұлттық отбасыны насихаттау жөніндегі үлкен іс-шарасының бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Конкурсқа қатысуға ниет білдіруші отбасылар саны жылдан жылға көбеймесе азайған емес. Осы байқау жас отбасылардың алдағы аға буын отбасылардан үлгі алып, өз-өздерін тәрбиелеуге үлес қосуда.

Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуды тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлтық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір азамат өзінің парызы ретінде санауы керек. Әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпағымыз еліміздің ертеңгі өмірінің қандай болатынының кепілі.

Иә, бүгінгі қоғамда отбасы құндығылығы ең өзекті мәселеге айналған. Несін жасырамыз ажырасу, толық емес отбасының көбеюі, азаматтық неке, тұрмыстық зорлық зомбылық сынды жайттар белең алуда.

Отан отбасынан басталады десек, жұртымыз ұл өсіріп ел мен жердің иесін, қыз өсіріп бүтін ұлтты тәрбиелейтінін жіті ұғынған. Содан да болар қазақ отбасындағы ұл-қыздың тәлім-тәрбиесі бірінші орынға қойылған. Алайда уақыт өткен сайын ескі ұғым, таным-түсінік өзгеріс алып, жаңа дәуірдегі жат дүниелер бойға сіңіп келеді.

Бүгінде қазақ отбасындағы құндылықтың құлды­рап бара жатқандығын жасыра алмаймыз. Әкенің беделі, ананың қадірі кетіп, оның орнына ажырасу, жалғызбас­ты ананың, жетімнің көбеюі, тұрмыстық зорлық-зомбылық артып келеді. Қоғам көзқарасының өзгеруі дәстүрлі қазақ тәрбиесінде сан түрлі мәселені туындатуда. Бұл – бүгінгі күннің көрінісі.

Қазақы тәрбие дегенде көз алдымызға бесік тербеткен ананың әлдиі, немересіне ертегі оқыған әже, еңбекке баулы­ған әке мен атаның бейнесі елестейді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адамгершілік қасиеттен айнымау, намысты болу, ұятты білу ұлтымыздың дәстүрлі тәрбиесіндегі бала кезден бойға сіңуі қажет қасиеттер. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген тәмсілді халқымыз текке айтпаса керек-ті. Талай дана, ғұламалар дүниеге келген қазақ даласында олардың мұндай дәрежеге жетуі отбасындағы тәрбие, ата-ана тәлімінің нәтижесі екенін алға тартамыз. Хәкім Абайды үлгі қылғанда оған әжесі Зеренің берген тәлім-тәрбиесі айтылады. Қайсыбір тұлғаны алсақ та, оның қалыптасуына аналарының ықпалы зор болған. Бұл ретте көпті көрген ана, көпбалалы Үміт Жаңабергеновадан ой бөлісуін сұраған едік.

– Халқымыз небір заманды бастан өткерді ғой. Отарлық­ты да, ашаршылықты да бастан кешті. Тарихымызды жоюда қаншама қастық саясат жүргізілді. Соның барлығында ұлттық болмысымызды жоғалтпадық. Осындай қиын-қыс­тау кезеңнен жұртымыздың бірлігі, Отанға, халқына деген адалдығы аман алып шықты деуге болады. Ал мұндай қасиеттер адамға бала жастан, отбасынан беріледі. Халқымыз «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Отбасынан алған тәлім-тәрбие бала болашағының кепілі деуге болады. Сондықтан бала тәрбиесінде бұған баса мән берген жөн. Біздің кезімізде әкені құрмет тұту, шешені сыйлау, бауырларыңа қамқор болу, ағайынға жанашырлық таныту, ардан аттамау, ұят тірлікке бармау басты ұстаным болды. Осындай тәртіппен өсіп, қалыптастық. Одан жаман болғанымыз жоқ. Алайда ол ұстанымдар қазірде өзектілігін жойған жоқ. Тек оны адамдар өз таным-түсінігімен қабылдайтын болған. Қазір тәуелсізбіз, еркіндік бар. Бұрынғыдай қиын заман артта қалды. Алайда материалдық құндылық алға озып, рухани кенжелеп қалғанымыз бар. Бұрынғының адамы терең ойланса, бүгінгілер жеңіл, тек бүгінгі жағдаймен ғана санасады. Отбасы құндылығы да өзгеріске ұшыраған. Ер мен әйелдің теңдігі отбасында да орын алып келеді. Қазір ер азаматтан гөрі әйелдер жауапкершілікті көп алады. Содан санасу пайда болуда. Қазіргі жастар еркіндікті жақсы көреді. Бір-бірінің сөзін көтермейді, бағынғысы келмейді. Өзімшілдік басым. Ал отбасы деген бүтін болуы керек. Бүтін болуы үшін оны құрған ерлі-зайыптылар бірге әрекет етіп, бір-бірінің сөзін сөйлеп, сыйластықта болуы қажет. Бір-бірінің кемшілігіне көз жұмуы, қалай бар солай қабылдау қажет. Мұндай қарым-қатынасты көріп өскен бала да жаман болмасы анық. Бала ата-анадан үлгі алады. Алдымен үлгіңмен, сосын ақылыңмен тәрбиелейсің. Қазақ отбасы осындай құндылықтарды ұстанған дейді, – көп балалы ана.

Қазір жаһандану дәуірі. Тех­никаның дамуы, ақпараттың ашық­­тығы танымның кеңеюіне мүмкіндік беруде. Жаманнан жи­реніп, жақсыдан үйренетін қабі­летті қажет ететін кезең. Дегенмен көпшілік дұрыс пен бұрысты ажы­ратпай әркім өзіне қолайлы дүниені қалайды. Соның салдарынан бұрын таңсық болған әрекеттер қалыпты әдетке айналып барады. Бұрын-соңды естімеген бір жынысты қарым-қатынас, жеке шекара, азаматтық неке сынды жаңа дүниелер енуде. Ажырасу мәселесі де бар. Бұған бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті қосыңыз. Мұның бәрі сананы тұрмыс билеген заманда жығылғанға жұды­рық болғандай. Жоғарыда кейіпкеріміз бүгінгі адамдарды өзімшіл деді. Мүмкін. Өзім білемдікке салынған қанша жанның өзегі өртенгенін кім білсін.

Иә, расымен бүгінде қай-қайсы­мыз да өз қамымызды ойлаймыз. ХХІ ғасырды желеу етіп еркін болғымыз келеді. Заманауи үрдісті бойға сіңіріп, жаңа заман қалыптастырып келеміз. Жанымызға жақынын алға оздырып, ұнамағанын мойын­дағымыз келмейді. Осылайша жаттың құнды­лығы жадымызға сіңіп бара жатқандығын бай­қамайтын сыңайлымыз. Сананы тұрмыс биле­ген заманға кінә арт­сақ та, адами құн­дылықты ада қыл­мау керек­тігін ұмыт­қан­даймыз…

Жыл сайын 15 мамырда Халықаралық Отбасы күні атап өтіледі. Бұл күн 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы отбасының маңызды рөлі туралы хабардар ету және оның қоғамға қосқан үлесін бағалауға мүмкіндік беру үшін белгілеген. Қазақстандықтардың өмірінде отбасы ерекше орын алады. Мықты және бақытты отбасы – бүкіл қоғамымыздың, бүкіл мемлекетіміздің табысты дамуы мен өркендеуінің негізі.

«Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады.   

Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады.

Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді.

Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықаралық Отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына өтінімдер қабылдауды бастады. Бұл конкурс адамгершілік қасиеттерді жандандыруға, отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға бағытталған.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағы Қазақстанның барлық өңірлерінен танылған 20 үздік отбасыға беріледі. Конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі қыркүйектің әр екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күні қарсаңында Астана қаласында өтеді», — дейді Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Осы жылдар ішінде конкурсқа Қазақстанның барлық өңірлерінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Биыл қатысуға ниет білдіргендер өз өтінімдерін өңірлік комиссияларға жібере алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin