Түркістан шаһарында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Балалық шаққа саяхат» балалар фестивалі өтті

Бүгін Түркістан қаласында қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалық шаққа саяхат» балалар фестивалі өтті. Байқауды облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып беріп, жас өрендерге сәттілік тіледі.

Екі бағытта өткен сайысқа өңірдің барлық аудан, қаласынан келген шығармашыл балалар мен жасөспірімдер бақ сынады. Біріншісі – балалар арасында көркем сөз оқу болса, екіншісі – театралды қойылымдар. Негізгі мақсаты – облыстың дарынды балалары мен жасөспірімдерін өнерге ынталандыру, олардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беру, ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіріп, таным көкжиегін байыту.

Қазылар алқасы үміткердің сахна мәдениетіне, дыбыс тазалығына, орындаушылық шеберлігі мен сахналық киіміне және тағы басқа да қырларына баса назар аударды. Байқауда көркем сөз оқу жанры бойынша Облыстық мәдениет және халық шығармашылық орталығының көркемдік жетекші Асылхан Темірхан, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Қанат Садықбеков, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің аға оқытушысы, «Сахна тілі» маманы Салтанат Қырқынбекова төрелік етті. Ал театралды қойылым жанры бойынша Мәдениет саласының үздігі, «Сахна тілі» маманы Ұлбосын Кулетова, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Нұржан Ізтаев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров төрелік етті.

Әділ қазылар шешімімен көркем сөз оқу жанры бойынша бас жүлдені Шардара ауданынан келген Ділдәбек Асылбек иеленді. Ал Арыс қаласынан келген Абдрахман Ерсін жүлделі I орын иегері атанса, жүлделі ІІ орындар түлкібастық Толғанай Сыпатай мен ордабасылық Нұрдәулет Демеуовке бұйырды. Созақтық Досхан Ахмет пен Бәйдібек ауданынан келген Балхадиша Үсен және түркістандық Шадияна Сымайылова жүлделі III орын иегері атанды.

Ал театралды қойылым жанры бойынша Ордабасы ауданынан «Жас толқын» балалар тобы «Сұлулық патшалығы» қойылымын сомдап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Жүлделі I орын «Таңдау» қойылымын сомдаған Сауран ауданының «Кемел» балалар театрына бұйырды. Жүлделі II орынды иеленген Ордабасы ауданы «Жас толқын» балалар театрының «Сәулелі сезім» қойылымы және Түркістан қаласы «АКА» шығармашылық орталығының жас таланттары сомдаған «Жамбо, Мико және қасқыр» қойылымы болды. Сарыағаш ауданындағы «Сөз» балалар үйірмесінің «Менің атым — Қожа» көрінісі, Түркістан қаласы «Келешек» балалар театрының «Жеті ойыншықтың жеңісі» қойылымы және Отырар ауданы «Көксарай» балалар театрының «Ертегілер елінде» қойылымы жүлделі III орынды иеленді.

Айта кетейік, байқауды облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған.

Еске салайық, «Жазып та көрдім мен де өлең,

Жазып та көрдім, қара сөз.

Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,

Өлмейді тек дана сөз», деп жазған Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда дүниеге келді. Туған өлкесі – Алматы облысының Нарынқол ауданының Қостөбе ауылы.

Әкесі қарапайым малшы болған, оқымаған жан болса да, ауыз әдебиеті үлгілерін көп білген дейді. Балаларының анасы көз алдында дүние салды. Ол кезде Бердібек небәрі сегіз жаста болған. Бұғанасы қата қоймаған ол бала күнінен ауыр еңбекке жегілді. Бердібек Соқпақбаевтың өмірі қазақ даласындағы ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келді. Жетімдіктің зардабын шекті.

Балалар әдебиетін алып бәйтерек десек, оған нәр беріп, құнарландырып тұратын күретамыр Бердікбек Соқпақбаев деуге негіз бар. «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» шығармалары – жазушының шоқтығы биік туындылары. Бұл шығармаларда жазушы өзі өмір сүрген заманның шынайы келбетін суреттеді. «Балалық шаққа саяхат» повесінде жазушы анасының ұзақ ауырып қайтыс болғанын, емшектегі інісі Тұрдыбек тоқтаусыз жылап қалғанын жазған. Жұпыны үй ішінде бір үзім нанға зәру күн кешкенін бейнелеген.

«Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын», — деп жазды қаламгер естелігінде.

«Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сарп ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын. Балалар, менің қымбатты жан достарым! «Жетім» деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал, бірақ әлгідей деп тілдеме. Аяңдар!», —  дейді Бердібек Соқпақбаев «Балалық шаққа саяхат» повесінде.

Қазақ әдебитетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушы Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін түсіп, оны 1949 жылы аяқтады. Содан кейін Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген.

Институт бітірген соң Бердібек Бәшен атты қызға үйленді. Аз уақыттан кейін ол шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. Еңбек жолын өзінің туған өлкесі Нарынқолда бастады. Біраз жыл ауыл мектебінде ұстаздық етті.

Балалармен бірге жұмыс істегені оның балалар әдебиетіне тың серпіліс әкелуіне ықпалын тигізді. Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастады. Олар «Лениншіл жас», «Қазақ пионері», «Пионер» журналдарында басылып тұрды. 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған.

«Күшігім менің саққұлақ,

Келеді әне шапқылап,

Сақтығыңды көрейін,

Қойшы атайға берейін», — деген мектеп оқулықтарындағы өлеңнің авторы да — Соқпақбаев.

Содан кейін Алматыға әдеби ортаға келеді. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында тартымды мақала, әңгіме жазды.

Бердібек Соқпақбаев өлеңнен прозаға ауысты, сол екі қасиет біріге келе, сценарий жазатын болған. Қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильмінің сценарийін жазды. 1963 жылы экранға шыққан бұл туынды қазақ кино өнерінің бойтұмарына айналды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында редактор болып жұмыс істеді.

Көргенін көркем суреттеп, көз алдыңа елестетіп жан бітіретін жазушылық қасиетінің арқасында балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» повестері балаларға арналса, «Бозтөбеде бір қыз бар» жасөспірімдерге, «Өлгендер қайтып келмейді» романы ересектерге арналып жазылған. Оның «Қайдасың, Гауһар» повесінде жазушының бірінші әйелі Бәшенмен тұрған кезі, басынан кешкен оқиғалары қаз қалпында бейнеленген.

Жазушының туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тіліне аударылып, сахнада, экранда көрсетілді.

Бердібек Соқпақбаевтың кей шығармасы бірнеше жыл бойы қолжазба күйінде жатып қалған. Күллі қазақ білетін «Менің атым Қожа» повесі де алғашында протестік шығарма деп танылды. Сондықтан алдамен орыс тіліне аударылып, кейін ғана қазақ тілінде басылды.

Соған қатысты жазушы Жүсіпбек Қорғасбек: «Қоғамдағы, идеологиядағы жалғандыққа іштей наразылығы қаламгер романдарының эпизодтарында ашық беріледі» — дейді.

1967 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды. Сол арқылы жер жүзінің киносүйер қауымы қазақ елінде кино өнері бар екеніне көз жеткізді, сол арқылы Қазақстанның табиғатын, болмысын білді. Фильмнің шыққанына жарты ғасырдан асса да, көрерменін әлі жалықтырған жоқ. Иә, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Соқпақбаев «Менің атым Қожа» атты повестің арқасында танымал болды. Бұл туынды «Детская литература» баспасында шығып, содан кейін орыс тілінен көптеген тілдерге аударылып, Франция, Польша, Чехословакия, Болгария секілді шетелдерде жарияланды. Тек содан кейін ғана бұл шығарма өз отанына оралып, байырғы қазақ тілді оқырмандардың жүрегінен ойып орын алды.

Тіпті бұл повесть бойынша «Қазақфильм» киностудиясында көркем фильм түсіріліп, 1967 жылы Канн қаласында өткен Балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Берді аға дәл осы ерекше әңгіменің арқасында танымал болды.

Повестің басты кейіпкері – Қожа арманшыл, сотқар бала. Тектектігімен үнемі түрлі жағдайларға тап болып жүретін Қожа ақыл-ойы мен біліктілігінің арқасында қиындықтардан шыға алды. Ол біреудің қайғы-қасіретіне көз жұма қарамайтын елгезек, жоғары әділеттілік сезіміне ие, досқа адал, қайырымды, зұлымдыққа жол бермейтін бала. Ал осы қасиеттердің барлығы оқырмандардың жүрегінен мейірімділік тудырып, Қожа батыр бала атанды.

Бердібек Соқпақбаев Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған, одақта 1952-1970 жылдары түрлі қызмет атқарды.

Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларының шет тілдерге аударылуына елеулі үлес қосып жүргендердің бірі – қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева. Тегіне тартып, елдің аударма ісіне еңбек сіңірді. Бердібек Соқпақбаевтың талай шығармасын орыс тіліне аударды.

«Менің атым Қожа» повесін әкемнің көзі тірісінде аударып, өзіне көрсеттім. Бұл — менің шығармашылық жұмысымның алдыңғы қатарында болған жұмыс. Әкем аударманы ұнатып, жазған еңбегімді қабылдады. «Балам, шығармашылық жолмен жүре бер, қолыңнан біраз нәрсе келеді» деген әкемнің лебізі бар», — дейді Соқпақбаева.

«Қай шығарманы алсаңыз да, үлкен шеберлікпен жазылған… Өте ақылды, жүрегі жомарт кісі болатын. Балаларды жақсы көретін. Біздің отбасыда бізбен бірген тұрғанда, мен де еркелеп өстім. Анам да әкемнің шығармашылығын сыйлап, бар жағдайын жасап жүрген әйел болатын», — дейді қызы.

«Бердібек марқұм көп ашуланатын. «Балалық шаққа саяхатта» өз мінезі туралы «ыза болсам, күйіп-жанып, дызақтап кетемін. Ойланбай істеп, ойланбай сөйлеп, өкінетін кездерім көп болады» дейтіні бар ғой. Сондай еді марқұм. Басын кесіп алса да, илікпейтін. Сол кішірейе білмегендігінен де барлық сыйлықтан құр қалған болар. Мақтау қағазын да алмай өтті ғой», — деген бірінші жары Бәшен Баймұратқызы.

Жазушының 1960 жылы жарық көрген «Балалық шаққа саяхат» атты тағы бір повесті қазақ балалар әдебиетінің асыл мұрасына айналды. 1930-шы жылдардағы кішкентай кейіпкердің тағдыры арқылы өтетін повесть сол уақыттағы оқиғаларды және қазақ халқының қиын өмірін еш боямасыз көрсетеді. Соқпақбаев бұл шығармасында балалық шағын қызықты етіп әңгімелейді. Соның арқасында оқырман сол дәуірдің шынайы тарихи шындықтарын көре алды.

Бердібек Соқпақбаев бірінші жарымен екіге айырылған соң бірнеше жылдан кейін Бибігүл есімді қызға үйленген. Одан Әлнұр және Мұхтар деген екі ұл сүйді.

1974 жылы «Өлгендер қайтып келмейді» романы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Бірақ жазушы лауреат атанбаған. Бердібек Соқпақбаев қайтыс болардан аз уақыт бұрын бір топ қаламгер «Халық жазушысы» деген атаққа ұсынылған. Алайда кейін сол атақ алғандар ішінде Соқпақбаевтың есімі болмай шыққан.

Шығармалары

  • «Бұлақ» (1950) өлеңдер жинағы
  • «Он алты жасар чемпион» (1951)
  • «Бақыт жолы» (1952)
  • «Алыстағы ауылда» (1953)
  • «Балалық шаққа саяхат» (1960). «Балалық шаққа саяхат» атты повестьі бойынша жазылған киносценарий де фильмге түсірілді (1965).
  • «Дала жұлдызы» (1960)
  • «Аяжан» (1963, орыс тілінде 1965)
  • «Гауһар» (1966) повестерін жазды.
  • «Менің атым Қожа» повесі (1957) балалардың сүйіп оқитын шығармасына айналып, орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне аударылды. 1963 жылы «Қазақфильм» студиясы сол кітап бойынша жазылған киносценарийді экранға шығарды. «Менің атым Қожа» фильмі француздың Канн қаласындағы жастар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде (1967) арнайы сыйлыққа ие болды.
  • «Бозтөбеде бір қыз бар» (1958)
  • «Әпенденің айласы» (1960)
  • «Менің атым Қожа» (1967) т. б. драмалық шығармалар жазды.
  • «Өзім туралы. Жекпе-жек»: повесть — Алматы: Қазақ. мемлекет. Көркем әдебиет баспасы, 1957.- 166 б.
  • «Өлгендер қайтып келмейді»: Роман және әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1979.- 464 б.

Б.Соқпақбаевтың қырқыншы жылдардағы жастар өмірінен жазған «Өлгендер қайтып келмейді» романы (1940-1974) орыс тіліне аударылып басылды (1969).

Туған ауылы Қостөбе мен Алматыдағы көшелер, Нарынқолдағы орта мектеп оның есімімен аталады. Нарынқолда жазушының қоладан жасалған ескерткіш-бюстін Алматы суретшілер одағының төрағасы Ескен Сергебаев орнатты.

Бердібек Соқпақбаевтың барлық туындыларында оның шығармашылығының қайнар көзі халық өмірінен бастау алғаны сезіледі. Жазушының бейнелеу қабілеті өте бай. Ол өз кейіпкерлерінің портетін шебер суреттеп, әрқайсысын өзіне тән тілде сөйлетеді. Кейіпкердің ішкі күйзелісі мен ой-пікірлері жазушының басты көркемдік әдісі болып табылады.

Бердібек Соқпақбаев тірі кезінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі деп аталып кетті. Оның кітаптары ешқашан кітапхана мен дүкен сөрелерінде шаң басып жатқан емес. Жазушының шығармаларын балалар мен ересектер де асыға күтетін. Соқпақбаевтың кітаптарын барлық жастағы оқырмандар мен ұрпақ жақсы көреді.

Қазақ прозасына жаңа леп, өзгеше өрнек әкелген жазушы 1991 жылы 24 шілдеде Алматының сыртындағы жеке саяжайында көз жұмды.

Енді бүгінгі күнге келейік. Ұлт руханиятының ірі тұлғасы, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл 100 жыл. Жазиралы қазақ даласының жұпар исін аңқытып, ауылдың ғажайып көрінісі мен тыныс-тіршілігін, топырағында аунап-қунап өскен бала Қожаның боямасыз өмірін тап басып суреттеген қабырғалы қаламгердің ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетіні мәлім. Осыған орай биыл қаңтар айының соңында Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде қазақ әдебиетінің классигі, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық тойына арналған салтанатты іс-шараның шымылдығы ашылды.

Жиын аясында ұлт әдебиетінің мәрте­бесін өсірген жазушы Бердібек Соқпақ­баевтың құнды кітаптары мен жеке заттары қойылған көшпелі көрменің таныс­­тырылымы өтті.

Мерекелік кешке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен жазушының қызы Самал Соқпақбаева, Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ақын-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Нұрлан Ораза­лин, баспасөз ардагерлері Марат Тоқашбаев, Жақыпжан Нұрғожаев, Пре­зи­ден­т кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ақын Парламент Мәжілісінің депу­таты Жанар­бек Әшімжан, Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Сегізбаев қатысып, құттық­тау­ла­рын арнады.

Әдебиеттің қайталанбас тұлғасы Бердібек Соқпақбаев ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгерлеріміздің бірі және бірегейі, жазушының қаламынан туған «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды өміршең шығармалары бірнеше буын ұрпақты тәрбиелегенін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы төл әдебиеті­міз­дің дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы орайда біртуар тұлға Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойын туған өлкесінде жоғары деңгейде атап өтіп, жазушының шығармаларын және өнегелі өмірін ел арасында дәріптеп, есімін ұлықтау – біздің абыройлы міндетіміз», – деген өңір басшысы жазушының 100 жыл­­дық мерейтойы аясында өзі туып-өскен таулы ауданда бірқатар іс-шара атқарылатындығын тарқатып өтті.

Ең алдымен, Райымбек ауданының орталығы – Нарынқол ауылындағы орталық саябаққа Бердібек Соқпақ­баев­тың аты беріліп, жазушының еңселі ескерткіші бой көтеретін болады. Сондай-ақ осы ауылдағы Бердібек Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназияға ағымдағы жөндеу жұмыс­тарын жүргізу, ондағы жазушының музейін заманауи үлгіде жабдықтау және мек­теп алдында орналасқан қаламгердің бюс­тін қайта жасау сынды бірқатар жұ­мыс­ жоспарланғандығын атап айтты.

Мерейтой шеңберінде қаламгердің туған ауылы Қостөбе де көз тартарлықтай абаттандырылып, инфрақұрылымын жөндеу жоспарланған.

«Біртуар жазушыға құрмет көрсету туған ауданымен ғана шектеліп қал­май­ды. Мәселен, қалың бұқара қолдап жатса, облыстық кітапханаға Бердібек Соқ­пақ­баев есімін беруді ұсынамын. Бұған қоса биыл Іле ауданындағы Көкқайнар ауылында 1500 балаға арнап салынған жаңа мектепке жазушының атын беру жөніндегі ұсынысты қолдап отырмыз.

Сонымен қатар Кеген ауданы мен Қонаев қаласындағы саябақтарға қа­лам­­­гердің есімі берілмек. Ол саябақ­тар балалар жазушысының атымен атала­тын­дықтан, соған лайық жасақ­та­лып, ойын алаңдары бар рухани орта­лыққа айналады.

Облыс аумағындағы аудан орталық­тарында, Қонаев және Алатау қала­ларында көшелерді жазушы есімімен атау бойынша бастамалар да бар. Оларға жергілікті қоғамдастық мүше­лері қолдау көрсетеріне сенімім мол. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойының аясында рухани мұрасын дәріптеу жұмысын халықаралық деңгейде көрсетуіміз қажет. Бұл орайда ағамыздың «Өлгендер қайтып келмейді» романы түрік тіліне аударылып, тұсаукесері «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия мемлекетінің астанасы Анкара қаласында өткізу жоспарланып отыр», – деді өңір басшысы Марат Елеусізұлы.

Сонымен қатар облыс аумағында орта білім беру мекемелерінің 5-11-ші сынып­ оқу­шылары арасында «Менің атым – Қожа» тақырыбында республикалық шығармалар байқауы және балалар жазушыларына арналған «Балалық шаққа сая­хат» атты республикалық проза байқауы жарияланатындығы да жас буынның жазушы шығармаларын жете танып, насихатталуына септігін тигізетін игі іс саналады.

Жазушының өмірі мен шығарма­шы­лығын жан-жақты насихаттау мақсатында Астана қаласында «Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебиетінің классигі» атты кітап көрмесі өткізіліп, деректі фильм түсірі­ле­тіндігі де — жан жадыратарлық жаңалық.

Бердібек Соқпақбаевтың ұлт мәде­ниеті мен әдебиетіне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін бағалау бұл бастамалармен ғана шектелмей, жазушының шығар­машылығын насихаттау болашақта да жалғаса беретіндігін айрықша атаған облыс басшысы салтанатты шараға жиылған зиялы қауым өкілдері мен өңір жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.

Жазушының қызы Самал Соқпақбаева бұл әкесінің ғана емес, көркемсөзді құрметтеген қазақ халқының тойы екенін айрықша атады. Қаламгердің 100 жылдығы шеңберінде ел ішінде атқарылатын жұмыстар көп екендігіне, бұл орайда жазушы еңбегін бағалап, қолдау білдірген Мемлекет басшысына, ақын-жазушылар мен әкім-қараларға ризашылығын білдірді. Сөз зергерінің ұрпағына алқызыл гүл шоғы табысталып, құрмет көрсетілді.

Аспантау аясындағы Нарынқол ауда­ны Қостөбе ауылында 1924 жылы 15 қазанда дүниеге келген Бердібек Соқпақбаев небәрі сегіз жасында анадан көз жазып, жетімдіктің ащы дәмін татады. Өмірден қағажу көрген жас баланың жүрегі жетімдіктің әр сәтін сана сүзгісінен өткізіп қана қоймай, қалам ұшымен өрнектеп ақ қағазға қалдырады.

«Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сарп ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын. Балалар, менің қымбатты жан достарым! «Жетім» деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал бірақ әлгіндей деп тілдеме. Аяңдар!» — дейді өзінің «Балалық шаққа саяхат» повесінде.

Заңғар жазушының мәні терең бұл ойын бала түгілі ересектер қаперге алған ба? Алса жетімін жылатқаны былай тұрсын, туған топырағынан жырақтатып, көзін жәудіретіп, жат жұртқа жібермес еді-ау деген ой қылаң береді. Тарыдай шашыраған қаншама қазақ баласы осы күні туған ана мен туған Отанына жетуді аңсап күнелтуде.

Бала жанының нәзіктігі мен таңғы шықтай тазалығын қаз-қалпында ақ қағазға түсірген Бердібек Соқпақбаев алғашқы шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастаған.

Ал проза жанрына жаңа леппен келген «Менің атым – Қожа», «Балалық шақ­қа саяхат» шығармалары оқырман жүре­­гінде жаттаулы десек, әсірелегендік емес. Балалар тақырыбын арқау еткен көр­кем туындылардың кестеленуіне туған ауылы­ Нарынқолда ұстаздық етуі жазушы өміріне соны серпін беріп, шығар­ма­шы­лыққа баурай түседі.

1963 жылы экранға шыққан «Менің атым – Қожа» фильмі қазақ кино өнерінің шоқтығы биік жұлдызына айналып, алтын­ қорға енді.

«Менің атым – Қожа» фильмі – қазақ кино өнерінің шыңы. Өйткені ол кезде халықаралық үлкен марапаттарды беретін ортаға әлі саясат араласпаған кезең еді әрі өнер әділ бағаланатын. Бәлкім, бұл киноны «Оскарға» ұсынғанда да алып кетер ме еді? Режиссер Абдолла Қарсақбаевтың күш-қайратының, ұлтқа деген махаббатының кемелденген кезі болатын. Кейінгі туындылары да бұдан кем соқпады деп ойлаймын. Оның жемісі – «Бандыны қуған Хамит».

Бердібек ағамыз шығармасына арқау болған ауыл тақырыбын өскелең ұрпақ арқылы суреттеуі ғажап. Оны Қожа сияқты ұрпақтарсыз елестету әсте мүмкін емес, ол ұрпақ бүгін ержетті. Егер сол ұрпақтың қанында ауылға деген махаббаты мен табанының таңбасы жатпаса, бүгінгі ортаға қазақ болып сіңіп кете ме, жоқ па, кім біледі? Міне, осындай дүниелер бүгінде күн тәртібінде тұр. Ұлттың рухани құндылығын ұрпақ бойына Соқпақбаевтай сіңірсек, сонда ғана жан-жағына адал, ба­уырмал, шыншыл азаматтар тәрбиеленеді», – дейді Қазақстанның халық әртісі Досқан Жолжақсынов.

1967 жылы балалар мен жасөспі­рім­дерге арналған Канн қаласында өткен халықаралық фестивальда «Менің атым – Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды. Осы фильм арқылы төрткүл дүние қазақ киноиндустриясының жетісітігін көріп, қазақ ауылының ғажайып көрі­ніс­тері мен кеңпейіл, ақжарқын болмысын Қожа арқылы танып, білді.

«Мен Қожаның рөлінде ойнағанда он екі жаста едім, одан бері 60 жыл уақыт өтті. Бірақ бала Қожа арамызда әлі бар және ол халқымен бірге жасай береді. Себебі Соқпақбаевтың шығармасының желісімен түсірілген фильм өзінің өміршеңдігімен құнды», — дейді «Менің атым – Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Нұрлан Сегізбаев.

Соқпағы бөлек Соқпақбаевтың көркем туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тіліне аударылып, үлкен сахна, экрандарда көрсетілді.

«ХХ ғасыр қазаққа ұлыларды, арыс­тарды молынан берді. Әсіресе әдебиет пен өнерде, ғылымда біздің жеткен биігіміз де, алған асуларымыз да өте мол. Ал енді, көркем әдебиетке келер болсақ, кешегі ғасыр басындағы қайғы мен қасіретті арқалаған, өмірдің күнгейі мен көлеңкесін де жеріне жеткізіп жазды. Солардың бірі, алыптардың жалғасы, жақсының көзіндей болған кешегі қазақ әдебиетінің, өзі де көзі тірісінде классик атанған балалар әдебиетінің жұлдызы Бердібек Соқпақбаев сол санаттағы, сол сипаттағы тұғыры биік тұлғаларымыздың бірі болатын. Оның шығармалары — ол өте терең мағынасымен, шыншылдығымен, көркемдік қуатымен қазақ әдебиетіне келіп қосқан арналы, ауқымды қайталанбайтын көркем кеңістік. Бердібек Соқпақбаев – қайталанбас өзіне ғана тән болмыс-бітімі бөлек қалам иесі. Сондықтан болар, көзі тірісінде шығармалары 70-ке­ тарта әлем тілдеріне аударылған, «Менің атым – Қожа» фильмі арқылы қазақтың киносын, қазақтың прозасын жарты әлемге танытқан ұлы суреткер. Халықтың махаббатына бөленген қаламгер. Оның қаламынан туған «Менің атым – Қожа», «Жекпе жегі», «Қайдасы, Гауһары?», «Өлгендер қайтып келмейді» атты мықты романы сол дәуірдің кесек кеңістігін қаламынан қанын ағызып жазған батыл, батыр шығармалары болатын. Жазу­шы шығармаларының көптеген тілге аударылуы Бердібек Соқпақбаев шығармаларына деген сұраныстың салмағын байқатса керек», — дейді қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.

«Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» атты шығармасын қазақ қабылдамады. Қабылдамағандықтан, ол шығарма Мәскеуде «Балалар әдебиеті» баспасынан басылып шыққан. Одан кейін Луи Арагон көріп, француз тілінде шығарған. Содан кейін ғана қазақ халқымен қауышқан. Өйткені ол кеңестік дәуірге қарсы болды. Сондықтан балаларға арнап жазды, балаларға арналған шығармада өтірік болмайды. Онда тек қана сезім мен махаббат болады. Бердібек Соқпақбаевтың ұлылығы — осында. Біз бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамыз. Себебі көзінің тірісінде мұндай құрметті, ықыласты көрмеген жазушы енді, міне, туғанына 100 жыл толайын деп тұрғанда бүкіл қазақ алақанына салайын деп отыр. Бүкіл қазақ Бердібек Соқпақбаев арқылы «мен қазақпын» деп әлемге жар салайын деп тұр», – деді Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

Келесі кезекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықыласын жеткізген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев: «Өздеріңізге мәлім, былтыр 7 мау­сымда ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле арнайы астанаға келіп, Президентіміз қабылдаған болатын. Араға үш ай салып, мәлім болғандай, 9 қыркүйекте ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 42-сессиясында Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығын атап өту, атаулы күндер қатарына енгізу туралы шешім қабылдады. Мұның барлығы да Мемлекет басшысының ықыласы және қолдауы деп білеміз. Біз Бердібек Соқпақбаевтың шығармасымен өстік. Жазушы шығармалары адамгершілік, имандылық, әдептілік сынды адами құндылықтарды сіңіреді. «Балалық шаққа саяхат» туындысында «ақылдылық тек үлкен істен ғана байқалмайды, ұсақ-түйектен де анық көрінеді» деген сөзінің мәні зор. Осындай дара ойларымен қазақтың бірнеше буыны тәрбиеленіп, бүгінде елдің тәуелсіздігін нығайту жолында қызмет етіп келеді. Қазақ әдебиетінің мәртебесі өсе берсін», — деген ізгі тілегін білдірді.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан ұлы жазушының бол­мысы баяндалатын Рымғали Нұр­ға­лиевтің «Таудан түскен адам» атты эссе­сінде Дінмұхамед Қонаевтың шаңы­ра­ғындағы алғашқы кездесулері туралы жүрекке жылы естелігімен бөлісті. Қонаев қаласында Соқпақбаев тойының басталуының да рәміздік мәні барын айта келе, көзі тірісінде Мемлекеттік сыйлықтан, Халық жазушысы атағынан, басқа да марапаттардың бәрінен қағылған қаламгерге құрмет пен ықылас енді ауып жатқанын қуана жеткізді.

Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебие­ті­нің ғана емес, ұлт әдебиетінің классигі. Сондықтан Алатаудың баурайынан бас­тал­ған жазушының ғасырлық мерейтойы Алаш жұртына, одан әрі өркениет бесігі Ана­долыға, түбі Парижге де жетер күн жақын.

«Бердібек әлеміне саяхат» атты әдеби-сазды кеш барысында ұлт мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Б.Соқ­пақ­баевтың шығармаларынан үзінділер сах­на­ланып, көрермен жүрегін елжіретті. Сөйтіп, бір сәт түтіні түзу өрілген алтын бесік ауыл мен бейкүнә балалық шаққа сапарлап қайтқандай күйге бөленді.

Ал сәуір айының соңында Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшылығының ғимаратында өткен шарада қазақтың белгілі балалар әдебиеті жазушысы, ақын Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай фотосуреттері мен жеке заттары қойылған шағын көрме мен оның шығармашылығына арналған конференция өтті.

Шараның салтанатты ашылуында ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Анкарадағы елшісі Еркебұлан Сәпиев және Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым сөз сөйледі.

Бағдарламаның конференция бөлімінде Соқпақбаевтың тұлғалық бейнесі мен өмірі туралы Мереке Құлкенов (Қазақстан Жазушылар одағының президенті) Якуп Өмероғлу (Еуразия Жазушылар одағының президенті), Джемиле Кынажы Баран (Анкара Хажы Байрам Вели университетінің заманауи түрік диалектілері мен әдебиеттері кафедрасының оқытушысы) және Хусейн Варол (ғылыми сарапшысы) қатысты.

Бас хатшы Сұлтан Раев өз сөзінде Соқпақбаевтың балалар әбелиетіндегі өзіндік орны бар екенін және оның «Менің атым Кожа» шығармасы  әлем әдебиетіндегі ең маңызды туындысы екенін атап өтіп, ТҮРКСОЙ ретінде әрқашан қолдау көрсететінің жеткізді.

«Көргенін көркем суреттеп, көз алдыңа елестетіп жан бітіретін жазушылық қасиетінің арқасында балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» повестері балаларға арналса, «Бозтөбеде бір қыз бар» жасөспірімдерге, «Өлгендер қайтып келмейді» романы ересектерге арналып жазылған», — деді Раев.

Алқалы жиында сөз алған Қазақстанның Анкарадағы елшісі Еркебұлан Сәпиев: «ТҮРКСОЙ – біздің үйіміз. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын осы шаңырақ астында тойлау жазғанына қуаныштымын. Еске алу шараларындағы ТҮРКСОЙ-дың рөлі өте жоғары», — деді Сапиев.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым болса Соқпақбаев өнерінің қазақ әдебиетіндегі маңызына тоқталып, «Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуын ТҮРКСОЙ ұйымының шаңырағында еске алу — үлкен абырой, мақтаныш. Оның шығармалары 68 тілге аударылды. ТҮРКСОЙ ұйымына және Бас хатшы Сұлтан Раевқа рахмет», — деп сөзін жалғады.

Соқпақбаевқа арналған алқалы жиында спикерлер қазақ жазушысының «Менің атым Қожа» шығармасы желісіне түсірілген фильмнің халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орын алғанын, жазушының туындылары әлемнің 68 тіліне аударылғанын, сондай-ақ алдағы уақытта да оның жазбаларын зерттеу әлі де жалғаса беретінін жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin