«Түркістан – Түркі елдерінің 2024 жылғы туризм астанасы» атануына орай ұйымдастырылған баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері облыс орталығының даму қарқынымен танысты

Бүгін Туризм және меймандостық университеті мен Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «ТүркістанТүркі елдерінің 2024 жылғы туризм астанасы» атануына орай БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Тур аясында журналистер облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

Қазіргі таңда шаһарда мемлекеттік бюджет және инвесторлар тарапынан 56 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. БАҚ өкілдері алдымен “Отырар” мөлтек ауданындағы 5 қабатты 20 үйдің және Мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Жалпы 800 пәтерлі 5 қабатты 20 тұрғын үй биыл пайдалануға берілмек. Пәтерлерді нарық бағасынан төмен, яғни шаршы метрі 220 мың теңгеден несиеге ұсыну жоспарланып отыр. Биыл қалада жалпы мемлекеттік бюджет есебінен 32 көппәтерлі үй, ал жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй, жалпы саны 2024 жылы 1800-ден астам пәтер пайдалануға беру жоспарланған.

Ал 500 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2023 жылы басталған. Нысанда сахна, саябақ, автотұрақ және балалар ойын алаңшасын салу көзделген. Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары алдағы жылы аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері облыс орталығында іргетасы қаланған «Жастар орталығының» құрылыс жұмыстарымен танысты. Жастар орталығында арнайы демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, амфитеатр, электронды кітапхана бөлмесі, үйірмелерге арналған бөлмелер, шағын спортзал және көпфункционалды залдар бар.

Бүдан бөлек, журналистер «Бекзат» мөлтек ауданындағы жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын кәріз жүйесінің құрылысымен де танысты. Жыл соңына дейін қаланы кәрізбен қамту көрсеткішті 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Соңғы 6 жылда Түркістан облыс орталығы ретінде жаңа серпінмен дамып, өркендеудің алғашқы кезеңін өткерді.

Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 2024 жылдың 4 айында  230,2 мыңға адамға жетті (2023 жылы — 228,0 мың адам).

«Ашық әкімдік» жобасы бойынша тоқталсақ. Қазіргі таңда қала әкімдігі жанында «Халықтық кеңсе» мен «1310» Бірыңғай байланыс орталығы тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеуде. Сонымен қатар, қала аумағында 6 сектор құрылып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста өзекті мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуда.

Халықтық кеңсе арқылы жыл басынан жалпы қызмет алған адамдар саны – 23 942.

«1310» Бірыңғай байланыс орталығына 2024 жыл 4 айда 3803 қоңырау түсіп, оның 100% шешімі табылды.

2024 жылдың 4 айында Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 326,3 мың адамға жетті, 2023 жылдың ұқсас кезеңімен (203,4 мың адам) салыстырғанда 37,6%-ға өсті.

Сонымен қатар, шетелдік туристер саны 4,3 мың адамға жетті, яғни өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 58,1%-ға өсті (2023 жылы  осы кезеңде — 1,8 мың адам).

Тұрғын үй саласында да ілгерілеу байқалады.

2024 жылға пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы алаңы 394,5 мың шаршы метр (3967 пәтер) болып жоспарланса (көп қабатты тұрғын үй — 303,7 мың шаршы метр, жеке тұрғын үй — 90,8 мың шаршы метр), 4 айда нақты 60,6 мың шаршы метр пайдалануға берілді (көпқабатты тұрғын үйлер – 24,0 мың шаршы метр, жеке тұрғын үйлер – 36,6 мың шаршы метр).

Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 14,5 миллиард теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 645 азамат тіркеліп тұр.

Сонымен қатар, 2024 жылы кезектегі азаматтарға тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 1314 пәтерді сатып алуға қаржы қарастырылып, сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

 «Отбасы банк» арқылы 66 тұрғын үйдің 3317 пәтерін сату жоспарланып, бүгінгі таңға 2351 пәтері сатылды.

Қала аумағында 76 мектеп (52668 оқушы) бар болса, оның 34-і — мемлекеттік (42115 оқушы), 42-сі — жекеменшік (10553 оқушы).

Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 8 мектептің құрылысы 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланса, оның 3-і (ӘІО – 2 (әрқайсысы – 2 000 орындықтан), Яссы тұрғын алабы – 1 (1200 орындық) 2023 жылы құрылысы басталды.

2023 жылы 10 жекеменшік мектеп іске қосылып (2 686 бала жаңа ғимаратпен қамтылды), 2024 жылы 6 жекеменшік мектеп іске қосылды (250 бала жаңа ғимаратпен қамтылды).

Қаладағы 4 мектептің (№7 Саттар Ерубаев, №9 Некрасов, №31 Абай мектебі, №17 Ататүрік) ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына, 6 мектептің және 7 балабақшаның ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді.

Әлеуметтік салаға ойыссақ. Қала аумағында аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде атқарылуда. Атап айтсақ, 2023 жылдың қорытындысына сәйкес 4 150 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленсе, 2024 жылдың 4 айында 1745 отбасыға тағайындалды.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 5 973 баласына азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары берілді, 2024 жылдың 4 айында 2981 бала кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілді.

Ағымдағы жылдың 4 айында  Ұлы отан соғыстың 1 ардагеріне, 413 соғыс ардагеріне теңестірілгендерге, 302 тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек көрсетілді.

Өткен жылы 5 839-дан астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа жүйелі түрде әлеуметтік көмек көрсетілсе, 2024 жылдың 4 айында 2862 азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен деңсаулығына оң жағдай жасау мақсатында ашылған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» өткен жылы 2 983 адамға қызмет көрсетсе, 2024 жылдың 4 айында 1320 адамға қызмет көрсетті.      

Ағымдағы жылдың сәуір айында «Бекзат» тұрғын алабынан орталықтың филиалы ашылып, «Белсенді ұзақ өмір» бөлімшесі іске қосылып, 90 адамға қызмет көрсетілді.

Жұмыспен қамту бойынша не атқарылды? Түркістан қаласының еңбек индикаторындағы негізгі міндет жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша біраз жұмыстар атқарылып, нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысына орай жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады.

2024 жылы «Еңбек» бағыты бойынша 8 513 азамат жоспарланса, 4 айдың қорытындысына сәйкес 3661 азамат белсенді шараларға тартылды.

Мәдениет және спорт салалары да жеміссіз емес. Қала аумағында 2024 жылы 68 мәдени іс-шара өткізіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде бүгінгі таңда «Жас толқын -2024» аймақтық эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауы, «Nauryz Big Fest» Халықаралық фестивалі, «Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет» атты іс-шарас «Қонаев – ғасыр адамы» атты танымдық-мәдени іс-шара, «Әлемді жүрегімен әлдилеген» атты салтанатты іс-шара, «Қош келдің Әз-Наурыз» мерекелік іс-шара, концерттік бағдарлама өткізілді.

Түркістан қаласында 500 орындық Мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр, ағымдағы жылы пайдалануға тапсырылады.

Қоғамдық қауіпсіздік туралы да тілге тиек етейік. 2024 жылдың 4 айында қала аумағында құқықбұзушылық саны 252 құрап, өткен жылдың осы кезеңімен 6,0%-ға төмендеген, қылмыстар – 217 (5,7%), теріс қылық – 35 (7,9%-ға артқан), ауыр санаттағы қылмыстар – 86 (8,5%) төмендеген.

Одан бөлек, сектор қызметкерлерімен бірлесе ортақ пайдаланатын орындарды ластағаны үшін жыл басынан 3324 азаматқа, абаттандыру қағидаларын бұзған үшін 628 азаматқа, жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа жол құрылыстарын бұзғаны үшін 434 азаматқа айыппұл салынды.

Ауыз сумен қамтамасыз ету хақында. Түркістан қаласында 44 548 абонент ішінде ауыз сумен 44 102 абонент, яғни 98,9%-ы қамтамасыз етілген.

Анықтама үшін нақтылай өтейік. Су алу көздері: Біресек (1590 текше метр/сағ) және Мырғалымсай (3200 текше метр/сағ). Су жинау резервуарларына 72 000 текше метр су жиналып, халыққа берілуде (Шобанақ — 4 дана (40 000 текше метр), Б.Майлин — 5 дана (16 000 текше метр),  ӘІО — 2 дана (16 000 текше метр), «Түркістан Су» МКК — 21 ұңғыма, «Арыс теміржолы» ЖШС — 14 ұңғыма).

2024 жылы 2 нысанның құрылысы (№1, 2 мөлтекаудандар және Ремзауыт аумағындағы ауыз су құбырларын қайта жаңғырту; Түркістан қаласы Сұлтанов (н/з) көшесіндегі «Сельмаг» су жинау ғимаратын қайта құру» (2600 текше метр, 2 дана) жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін пайдалануға тапсыру жоспарланып, нәтижесінде жыл қорытындысына орай таза ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 99,5% болады.   

Кәрізбен қамтамасыз ету бойынша облыс орталығында қызу шаруа атқарылып жатыр. Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесімен 36,5%-ы немесе 16 336 абонент қамтылған. Жыл қорытындысына орай 55,8%-ға жеткізу жоспарлануда.

Жалпы бүгінгі таңға 17 жобаны іске асыру жоспарланып, 2 нысан 2023 жылы пайдалануға тапсырылды, қазіргі таңда 11 нысанның құрылысы жүргізілуде, 4 нысан құрылысы республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды (Шавгар ықшамауданы Ортақ тұрғын алабының кәріздік желісін салу (3-кезек); Баянауыл шағынауданындағы кәріз жүйелерінің құрылысы; №14 пен №15 КНС аралығындағы сарқынды су жүйесінің құрылысы»; Иассы шағынауданы, Бірлік тұрғын үй массивін кәріз жүйелерінің құрылысы (2-кезек).

Аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағы 95% сарқынды су желісімен қамтамасыз етілетін болады.

Электр қуатымен қамтамасыз ету туралы айтсақ. Түркістан қаласында 44 548 электр абонентінің 44 102-сі сапалы электр қуатымен қамтылған.

Ағымдағы жылы 1 нысанның құрылысын (Тәуке хан даңғылы, Қазыбек би, М. Абенов, Төле би, Н. Төреқұлов, Н. Тынышқұлов көшелері бойында 10-0,4 кВ кабель желілерін салу құрылысы (түзету)) аяқтау жоспарланып, нәтижесінде қосымша 4520-дан астам абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

3 нысан құрылысын қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсынылды, абонент саны 2 704  (Айбергенов көшесі бойындағы 35-0,4 Кв кабель желілерін салу, Бірлік 2 және жобадан тыс қалған 7 нысанды электрмен қамту, Түркістан қаласындағы электр қондырғылары мен электр желілерін қайта жаңғырту құрылыс жұмыстары).

Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін 99,0%-дан 99,5% жеткізеді.

Еске салар жайт, инвестициялық бағдарлама аясында 17,18,19 мамыр күндері сағат 05-00 – 09-00 аралығында 110/35/10кВ «Түркістан» қосалқы станциясында 10кВ электр қондырғыларында жаңғырту жұмыстары жүргізілуіне байланысты төменде көрсетілген аумақтарда жарықтың уақытша сөндіріледі.

17.05.2024 жылы І, ІІ мөлтекаудандар, Тыныштықұлов, Ерубаев, Сатпаев, Төрекулов, Қарадауов, Тәуке хан даңғылы, тұтынушылар саны: жеке тұлға – 4649, заңды тұлға – 390.

18.05.2024 жылы Абылай хан, Төлеби, Ыбыраев, Кенесары, Оңдасынов, Ерубаев, Айманов, Тәуке хан, «Қуаныш» базары аумағы, тұтынушылар саны: жеке тұлға – 7443, заңды тұлға – 532.

19.05.2024 жылы Яссы секторы, Ботаникалық бақ аумағы, Телемұнара аумағы, Қазыбек би көшесінен Арыс-Түркістан каналына дейін, тұтынушылар саны: жеке тұлға – 2806, заңды тұлға – 130.

Табиғи газбен қамтамасыз ету жөнінде. Бүгінгі күні «көгілдір отынды» 39 667 абонент немесе қала тұрғындардың  98,0%-ы дербес шот ашып пайдалануда.

Өткен жылы басталған Отырар мөлтекауданындағы 5 қабатты 36 тұрғын үйді 2 136 пәтерді газбен қамтамсыз ету құрылысы аяқталып, дербес шот ашу жұмыстары жүргізілуде.

Жол саласында да оң өзгерістер бар. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 59,1%-ға жеткізіп, қаладағы асфальт жолдарды 499,5 шақырымға жеткізу жоспарланып отыр.

Аталған межеге жеткізу мақсатында қала аумағында 4 нысанда құрылыс жұмыстары атқарылуда, 2 көпір салынуда және сарқынды су жүйесі жүргізілген. Сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 115,6 шақырымды құрайтын 129 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Анықтама үшін тарқата айтайық.

  1. Ә.Жангелдин көшесі – 3,8 шақырым.
  2. І.Қожабаев көшесі – 5,6 шақырым.
  3. Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жол – 2,5 шақырым.
  4. Б.Қалаби көшесін реконструкциялау (О.Жандосов – Ж.Майкөтов аралығы) – 7 шақырым. Нысан іске асқан жағдайда, индустриалды аймақтан шығатын ауыр жүк көліктерінің және Балтакөл бағытынан келетін жүргізушілердің Шымкент тас жолына тікелей шығуына, қаланың ішкі көшелеріндегі көлік кептелісінің азаюына ықпалы тиеді.
  5. Бекзат мөлтекауданы, Теміржол вокзалы аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі (ПК5+45, 3106 шақырым).
  6. Бекзат мөлтекауданы, Түрік ауылының аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі (ПК2+50, 3103 шақырым).

Қала аумағында жалпы 458 аялдама қажеттілік бар болса, бүгінгі таңға 276 аялдама жаңартылып орнатылған, қосымша қажетті 182 аялдама кезең-кезеңімен жаңартылатын болады.

Қоғамдық көлік жайына тоқталсақ. Түркістан қаласында қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар («Жолаушы» ЖШС-і — 16 қалаішілік бағытты, «ТехПрофАвто» ЖШС-і 6 бағытты қамтиды). Оларға 2 тасымалдаушы мекеме сыйымдылығы жоғары 210 автобусымен қызмет көрсетеді.

Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы қалаға жаңа 210 автобус (оның ішінде, 2021 жылы — 46; 2022 жылы – 40; 2023 жылы – 78. «Жолаушы» ЖШС — 106 автобус, ТехПрофАвто» ЖШС — 58 автобус; 2024 жылы «Жолаушы» ЖШС — 46) алынған. Жақсы жағдайдағы автобустардың үлесі 100%-ға жеткізілді. Одан бөлек, тұрғындардың өтініштеріне сәйкес жыл соңына дейін қала аумағында қосымша жаңа бағыттар ашылатын болады. Қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесі енгізілген.

Түнгі жарықтандыруға келсек. Өткен жылы 84 көшеге жарықтандыру жүргізіліп, нәтижесінде 757 көшесі (895,8 шақырымды құрайтын) түнгі жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етіліп, қаланың жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесі 86,5%-ды құрады.

2024 жылы 230 көшеге жарықтандыру жүргізіп, жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелердің үлесі 95%-ға жеткізу көзделуде.       

Абаттандыру саласы

2024 жылы жалпы 49 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, 23 нысан — ойын алаңшалары, 4 саябақ пен сквер (Керей хан көше бойындағы сквер; Бекзат мөлтекауданындағы саябақ; Бекзат аллеясы; Төреқұлов көшесіндегі саябақ; Шипа су аумағындағы саябақ; Ботаникалық бақ аумағындағы сквер; Шаяхметов көшесіндегі сквер; Жандосов көшесіндегі аллея)  және 22 нысан негізгі көшелерді (Қазыбек би, Қожанов, Тауке хан, Байбұрт, Алматы, Ерубаев және т.б.) көгалдандыру жүйелері ағымдағы жөндеуден өтуде. 

Көгалдандыру демекші, күтіп-баптау жұмыстары жалпы 258 нысанда аумағы 626 гектарды құрайды (оның ішінде, 32 саябақ (318 гектар), 49 сквер, аллеялар (89 гектар), 56 көше (92 гектар), 16 жасыл алқап (127 гектар)).

Күту жұмыстары қаңтар айы мен желтоқсан айы аралығанда жыл бойы жүргізіледі. Жалпы қала аумағындағы нысандарды күтіп ұстау жұмыстарын «Жасыл Түркістан» КММ-нің 250 көгалдандыру жұмысшысымен бірге мердігер мекемелер тарапынан 2200 жұмысшы жұмыс атқарады. Тазалау, суғару, қоқыс шығару, жасыл желектерді күтуге арналған, саябақтар мен аллеялардағы аяқ жолдарды тазалауға және ағаштарды бұтауға, сыпыру мен жолақтарды жууға арналған т.б жұмыстар жүргізетін 211 үлкен-кіші  техника жұмыс атқарады.

Осы орайда айта өтер мәселе, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жұмыс жоспарына сәйкес мәжіліс өткізіп, атқарылған жұмыстарды саралады. Отырар мөлтекауданындағы көпқабатты 36 үйді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу және сол үйлердің аулалары мен сыртқы жарықшамдарын ретке келтіру бойынша берілген тапсырманың орындалуын әкімнің салаға жетекшілік ететін орынбасары Байдулла Оразбеков баяндады.

Жобада көзделгендей, қазіргі таңда 2136 пәтерде газбен жабдықтау, құрылыс, монтаж жұмыстары толықтай аяқталған. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ арқылы дербес шот ашып, тұрғындар табиғи газ тұтынуды бастады. Ал, газбен жабдықтау құрылысын жүргізу барысында аулаларда зақымдалған көгалдар мердігер мекеме тарапынан ретке келтірілуде. Сонымен қатар, аула жарықшамдарының зақымданған желілері қалпына келтірілуде.

Қаладағы сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат тілін реттеу және жүйелеу мәселелерімен әкімдік жанынан құрылған жұмысшы топ айналысуда. Бүгінгі таңда 50 нысан араланып, нәтижесінде сыртқы және ішкі жарнамалардың заң талаптарына сәйкес келмейтін 22 жағдайы анықталған. Жұмысшы топ кәсіпкерлерге заңдылығын түсіндіріп, ескерту берді.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, көшелерді түгендеу жұмыстары атқарылып, нәтижесінде Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында атауы жоқ 12 көше анықталған: 3 көшесіне ұсыныс берілген, қалған көшелері құжаттандыру сатысында тұр.

Қалалық Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Мұратов өткен аптада белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған 185 құқықбұзушы анықталып, ҚР Әкімшілік кодексінің 434-2 бабымен жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

​ Абаттандыру қағидаларын бұзған 64 тұлғаға Әкімшілік кодекстің 505-бабымен хаттама толтырылып, ескерту берілген.

Күн тәртібіндегі мәселелерді саралай келе Нұрбол Әбдісаттарұлы Б.Саттарханов даңғылы және 9-11-ші көшелердегі нысандардың қасбеті мен орналасқан жарнамаларды реттеуді тапсырды. Тұрғындардың сұранысын ескере отырып қоғамдық көлік бағытттарын көбейту қажеттігін де атап өтті. Сондай-ақ, 2025-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке ұсыныс әзірлеуді, жобалар мен құжаттарын кешіктірмей рәсімдеуді тапсырды. Тапсырмалардың орындалуын бақылау ұйымдастыру-инспекторлық бөлімге жүктелді.

Айтпақшы, Түркістан қаласының «Шавгар», «Яссы», «Бекзат» тұрғын алаптары және Б.Саттарханов даңғылы бойындағы аумақ үшін әзірленген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда.

Қала құрылыстық құжаттамаларына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қоғамдық талқылау 2024 жылдың 7 маусым күні сағат 11:00-де, Түркістан қаласы, Әмір Темір көшесі №28 мекенжайда ұйымдастырылады.

Осыған байланысты жергілікті әкімдік тұрғындарға құлаққағыс жасап отыр. «Қоғамдық тыңдау басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей қоғамдық тыңдауға ұсынылған жобаларға өз ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңыз болған жағдайда, жазбаша нысанда saulet_tur_city@mail.ru электронды поштасына жолдауыңызды сұраймыз» — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Түркістан қалалық әкімдігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары бойынша мәжіліс өтті. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбековтің төрағалығымен өткен жиынға қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, дербес бөлім басшылары қатысты.

Жиында қалалық Заң бөлімінің басшысы Сабыржан Садуақас жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелерін баяндады. Жиынды қорытындылаған мәжіліс төрағасы Байдулла Оразбеков мемлекеттiк қызметшiлердi лауазымдық мiндеттерiн үлгілі, мінсіз атқаруға шақырып, мемлекеттік қызметте тиімді, нәтижелі жұмыс жүргізіп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Тағы бір атап өтер жайт, Түркістан қаласында үй жануарларын чиптеу жұмыстары жүйелі жалғасуда. Бұл жайында қалалық Ветеринария қызмет филиалы басшысының міндетін уақытша атқарушы Бақтияр Иманов мәлімдеді.

Бақтияр Берікбайұлының мәлімдеуінше, шаһарда жыл басынан бері 1200 үй жануары чиптелген. Мекеме қызметкерлері 1310 жедел байланыс орталығына түскен өтініштер бойынша жедел әрекет етіп, иесіз жүрген, агрессивті мінез танытқан 627 ит-мысықты жойды.

Одан бөлек, үй жануарларын қараусыз қалдырған 32 тұрғынға айыппұл салуға қалалық Полиция басқармасына жолданды.

Сондай-ақ, облыс орталығында энзоотикалық аурулардың алдын алу жұмыстары жасалуда. Бүгінде қалалық Ветеринария қызметі мамандары шаһардағы 139 440 шаршы метр қоражайға, 22 170 шаршы метрге созылған сыртқы қоражайға дезинсекция жүргізген. Одан бөлек, 30 400 шаршы метр суат жер дезинсекциялаудан өткізілсе, 4489 ірі қара мал энзоотикалық ауруларға қарсы дәріленіп үлгерген.

Ескерте кететін мәселе, механикалық тазалаудан өтпеген қоражайлар ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРЫЛМАЙДЫ. Сонымен қатар ІҚМ-ды бүрку, ұсақ малдарды тоғыту, қора жайларды залалсыздандыру (энзоотиялық аурулардың алдын алу) жұмыстары мемлекет тарапынан ТЕГІН жүргізіледі. Қалалық Ветеринария қызметіне жүгіну үшін 1310 байланыс сымтетігіне хабарласа аласыздар!

Туристік қала атанған шаһарда денсаулық сақтау саласының да көші ілгерілеп келеді. Мәселен, Түркістан қалалық орталық ауруханасы жаңа деңгейге көтерілуде. Денсаулық сақтау саласы мемлекетіміздің саясатында стратегиялық басымдықтарға ие екені белгілі. Облыс орталығында орналасқан Түркістан қалалық орталық ауруханасы — бүгінде облыс бойынша медициналық қызметтер нарығында жоғары деңгейдегі ірі емдеу мекемелерінің бірі. Қазіргі уақытта ауруханада 26-дан астам құрылымдық бөлімше бар. Оның ішінде, 15 – клиникалық және 9 – параклиникалық. Орталықта халыққа хирургия, ангиохирургия, гинекология, урология, офтальмология, травматология, нейрохирургия, интервенциялық кардиология, оториноларингология, жақ-бет хирургиясы, терапия, нефрология, эндокринология, пульмонология, кардиология, неврология, ревматология бейіндері бойынша мамандандырылған шұғыл-жоспарлы стационарлық және консультациялық-диагностикалық медициналық көмек көрсетіледі.

Ауруханада білімі мен біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол кәсіби ұжым жұмыс істеп, өңіріміздегі медицина саласының үздіксіз дамуына, заманауи жоғары технологиялық деңгейге шығуына үлес қосып келеді. Оның бір дәлелі – еліміздің жетекші жақ-бет хирургі Қанағат Қожамжаров осы мекемеде қызмет атқарады. Ол туа біткен ерін, таңдай жырығы және альвеолярлық өскіні (альвеолярный отросток) бар, сондай-ақ жол-көлік оқиғасының нәтижесінде көз, мұрын және жоғарғы жақ сүйектерінің ауыр жарақаттарымен түскен пациенттерге күрделі қалпына келтіру және пластикалық бірегей ота түрлерін орындауда. Атап айтқанда, хейлопластика, реконструктивті хейлоринопластика, уранопластика, палатопластика, анкилопластика, альвеопластика, френулопластика, остеосинтез.

Қазіргі уақытта жоғарғы ерін мен таңдайдың туа біткен жырықтары бар балалардың туу жиілігі артып келе жатқандығы өзекті мәселелердің біріне айналғаны жасырын емес. Себебі, бұл – барлық туа біткен ақауларының шамамен 13%-ын құрайды және соңғы жылдары мұндай пациенттердің саны 2 есе өскен. Мәселен, 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының және Шымкент қаласының бүлдіршіндеріне 700-ден аса жоспарлы және 50-ден аса шұғыл ота түрлері сәтті өткізілді.

Ауруханада тәжірибелі және талантты жас мамандар қатары толтыруда. Мұнда инновациялық жоғары технологиялық оталар қолданысқа сәтті енгізілген. Түркістан қалалық орталық ауруханасының басшысы Б.Берденов қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмайтынын тілге тиек етіп, халыққа жоғары сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша маңызды жұмыстар жоспарланғанын және аурухана дамуына бағытталған жаңа нәтижелер мен жетістіктерге қол жеткізу бағытында күш салынып жатқанын айтты.

Қорыта қайырғанда, Түркістан қалсының Түркі елдерінің туризм астанасына лайық болуы жолында барлық сала бойынша кешенді, тиянақты жұмыстар атқарылып жатқаны қуантады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin