Түркістан қаласында 15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы — бақыт мекені» тақырыбында семинар-тренинг өтті

15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығының психологы А.Нарымбетова және Түркістан қалалық емханасының психологы М.Анапия жастар арасында отбасы құндылықтарын арттыру, отбасы мүшелерінің арасында қарым-қатынасты нығайту, отбасы ұғымын құрметтеп, қастерлеуді насихаттау мақсатында “Отбасы — бақыт мекені” тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырды.

Бұдан бөлек «Фараб» кітапханасында 15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай «Оқырман отбасы» отбасылық бенефис өтті.

Жыл сайын 15 мамырда Халықаралық отбасы күні атап өтіледі. Бұл күн 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы отбасының маңызды рөлі туралы хабардар ету және оның қоғамға қосқан үлесін бағалауға мүмкіндік беру үшін белгілеген.

«Қазақстандықтардың өмірінде отбасы ерекше орын алады. Мықты және бақытты отбасы – бүкіл қоғамымыздың, бүкіл мемлекетіміздің табысты дамуы мен өркендеуінің негізі. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Халықаралық отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына өтінімдер қабылдауды бастады. Бұл конкурс адамгершілік қасиеттерді жандандыруға, отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға бағытталған. Бүгін барша әлем Халықаралық отбасы күнін атап өтуде. БҰҰ Бас ассамблеясы осыдан 31 жыл бұрын отбасының қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыру үшін бұл мерекені белгілеген болатын. Әрине, адам өмірі отбасыдан басталады. Онда оның балалық шағы, тұлға болып қалыптасу жолы өтеді. Сондықтан отбасы – махаббат пен құрметтің, ынтымақтың ұясы болып қала берері анық. Ал адам онсыз өмір сүре алмайды. Қазақстан халқы үшін отбасының орны ерекше. Отбасы – өмірдің негізгі құндылықтарының, мәдениетінің, ұрпақ сабақтастығының сақтаушысы. Ең бастысы – бәріміз үшін отбасы тұрақтылық пен дамудың негізі, — деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Иә, ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Тәрбиенің кілті – отбасының өмір тіршілігіне байланысты. Әсіресе, ата-ананың адамгершілік бейнесі – балаларды тәрбиелеудің негізгі көзі.

Отбасы, адалдық және махаббат – әр адамның өміріндегі ең маңызды құндылықтар. Адамның өмір жолы отбасынан басталады: туылу, тәрбиелеу, құндылық бағдарлары мен көзқарастарын қалыптастыру, дәстүрге баулу, рухани-адамгершілік даму. Сол себепті отан ең бірінші отбасынан басталады. Оны ата-бабаларымыз жете түсіндіріп, үнемі естен шығармаған.

Әр халықтың отбасы тәрбиесінің өзіндік мәдени құндылықтары бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы қалыптасады. Қазақтың отбасы тәрбиесінің ерекшелігі оның халықтық педагогикалық мұрасының мазмұны мен түрлерінен көрінеді. Қазақ отбасының маңызды ерекшеліктерінің бірі – бала тәрбиесіне қатысты «ұл мен қыз тәрбиесі» деп қарау. Қазақ болмысында отбасы иелері ең алдымен ұл-қыздарының алдында білімді, өнегелі, әдепті, үлгілі болуға тырысқан. Мұның басты себебі – «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде».

Ата-бабаларымыздың «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалының да үлкен мәні бар. Баланың алғашқы идеалы – ата-ана. Жарық дүниеге келіп, көзін ашқаннан көрген, аялы алақанына салып, ақ сүтін берген әке мен ана – баланың басты үлгісі. Өзінің өмірлік тұлғасының моделін де сол шаңырақтың тірегі мен отбасының ұйытқысына қарап қалыптастырады.

Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз – ата-ана. Бала үшін ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. «Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып жерге қаратпасын десең, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер» деп ата-бабамыз мұра етіп қалдырғандай, бала тәрбиесіне дер кезінде көңіл бөлу ата-анаға міндет.

Әрбір халықтың тәрбиелік мұрасы – ұлттық мәдениеттің маңызды белгісі. Ұлттық тәрбиенің эмоционалдық әсері зор. Сондықтан да халықта «Баланы атаның баласы етіп емес, адамның баласы етіп тәрбиеле» деген сөз бар. Бұл қазаққа тән ізгі қасиеттер мен ұлттық болмыстың қалыптасып, халқымыздың дүниетанымының тәжірибесін жалғастыру деген сөз.

Отбасы тәрбиесінің артықшылығы дәл осы қарым-қатынастарда жатыр, оларды тәрбиенің ешбір түрі алмастыра алмайды.

Әр отбасының өзіндік ерекшелігі, өз заңы, тәртібі бар. Сол заңдылықтар ұлттық құндылықтарға сай құрылса құба-құп. Жалпы, отбасы институты – үнемі зерттеуді қажет ететін, бір жаңалығы екіншісімен тығыз байланыс­ты өрбитін сала. «Ата – бәйтерек, бала – жапырақ» деген ұғымның мәніне үңілер болсақ, атаның, әкенің отбасындағы рөлі өз-өзінен айқындалып шыға келеді. «Бәйтерек» сөзі «зәулім ағаш» деген мағынаны білдіреді. Оның атаға, яғни ер кісіге қатысты теңеу ретінде айтылуы әкенің отбасындағы рөлін айқындап, ер азаматтың «үлкен адам», басты тірек екендігін дәлелдей түседі. Ал әке ба­уырында жайқалып өскен жапырақтың болашақта үлкен діңгекке, діңі берік ағашқа айналуы атасынан алған тәрбиеге, сусындаған нәріне байланыс­ты.

Халқымыздың рухани байлығының бірі – отбасы құндылықтары десек қателеспейміз. Мемлекет дегеніміздің өзі сол жекелерген отбасылардың қосындысынан құралады. Елдің келешегі әр отбасында тәрбиеленіп өскен азаматтарға байланысты. Ендеше отбасы құндылықтары әрқашан елдің де, биліктің де назарында болуы тиіс. Отбасы құндылықтары дегеніміз не? Оған қандай принциптерді, қасиеттерді жатқызуға болады?

Отбасылық құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және мәдениет пен адамгершілікті қасиетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Құндылықтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптер, сенімдер мен нормалар жиынтығы деуге болады.

Отбасы құндылықтары бала тәрбиесінен бастап ересек отбасы мүшелерінің қолдауы мен құрметіне дейінгі барлық дүниеден көрінеді.

Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббаты. Отбасының негізін, шындығында, махаббат сезімі құрайды. Бұл дегеніміз отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қамқорлық жасауы, қолдау көрсетуі және отбасы мүшесін қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Махаббат бар жерде өзара үйлесімділік, эмоционалды күшті байланыс, әрі бақытты отбасы болуға деген ұмтылыс болады.

Екінші маңызды отбасылық құндылық – құрмет көрсету. Сыйластық – әр отбасы мүшесін жеке тұлға ретінде мойындау, олардың пікірлерін, тілектері мен қажеттіліктеріне құрметпен қарауды қамтиды. Сыйластық бағаланатын отбасында ашық диалог болады. Ондай отбасы өзара түсінісіп, адамның ерекшелігін, айырмашылығын қабылдай біледі. Әрбір отбасы мүшесінің жеке шекарасын, мәдени және діни дәстүрлерін құрметтеу – сенімді қарым-қатынас орнатуға және бірлікті нығайтуға ықпал етеді.

Сенім – бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын үшінші отбасылық құндылық болып саналады. Бұл – отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауы мен оны ешқашан жолда тасмайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде адамдар өз ойлары мен сезімдерін ашық білдіре алады деген сөз, яғни қауіпсіздік атмосферасын құрылады. Сенім, сонымен қатар, эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.

Бақытты отбасына байланысты тағы бір құндылықтың бірі – жауапкершілік. Жауапкершілік әр отбасы мүшесінің отбасы өміріне өзара қатысуы мен қосқан үлесінен тұрады. Бұл өз міндеттерін орындауды, басқа отбасы мүшелеріне көмектесуді және олардың шешімдері мен әрекеттері үшін жауапкершілікті қабылдауды қамтиды. Жауапкершілік отбасы ішіндегі сенімділік пен меншік сезімін дамытуға ықпал етеді.

Білім мен дамуды қатар алып жүру де маңызды отбасылық құндылықтар болып табылады. Білімді бағалайтын отбасы өз балаларын немеме басқа мүшелерін үнемі оқытуға және дамытуға баса назар аударады. Білімге ұмтылуын, мектептер мен университеттерге баруын және білім беру процестеріне белсенді қатысуын ынталандырады. Білім отбасының әр мүшесінің жеке дамуына ғана емес, сонымен бірге өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.

Жалпы, отбасылық құндылықтар отбасы ішіндегі салауатты және бақытты қарым-қатынастың негізін құрайды. Құндылықтар үйлесімділікті, сенім мен сыйластықты қалыптастыруға, сондай-ақ жеке тұлғалардың дамуына және отбасы мүшелері арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Шексіз сүйіспеншілік, құрмет, сенім, жауапкершілік және білімге деген ұмтылыс отбасына қиындықтарды жеңуге және бірге бақытты, тұрақты өмірге қол жеткізуге көмектесетін негізгі принциптер болып табылады.

Міне, осындай принциптерге негізделген отбасы тату, кикілжіңді бірге отырып шешетін, психологиялық тұрғыда сау азаматтарды өсіріп шығарады. Бұл — мемлекетіміз үшін аса маңызды дүние. Өз халқымыздың тарихы тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақта үлкенге құрмет, кішіге ізет о бастан дәріптеліп, отбасының бұзылуына көп күш салған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, отбасында әке мен шешенің жанжалын көріп өткен бала, азамат болғанда өзі көрген отбасын құратын болады. Мұны психолог мамандар да растайды. Ата-анасы тату, айрандай ұйыған отбасында тәрбие көрген баланың бойына отбасылық құндылықтар сіңіп, жанұя құру деген түсінікті маңызы зор, қасиетті ұғым деп қабылдамақ. Сондықтан қоғам тарапынан ғана емес, мемлекет тарапынан да ұлттық идеологияға назар аударылғаны дұрыс.

Осы ретте елімізде 1995 жылы Қазақстан Президенті жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселесі бойынша кеңес құрылды. Үш жылдан соң аталған ұйым Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссиясы деп өзгертілді.

Сәйкесінше, оның құзыреті өсті, алар орны мен шекарасы кеңейді. Қазір комиссияның еліміздегі барлық облыстарында және Астана, Алматы қалаларында өкілдіктері бар. Ұлттық комиссияның отбасылық саясатты дамыту, ұрпаққа үлгілі тәрбие беру жөніндегі алдағы жылдарға арналған жоспары бекітіліп, өңірлерге таратылған.

Осыны негізге ала отырып, облыстар өзінің өңірлік ерекшеліктеріне сай, іс-шаралар жоспарын жасап, тұрақты қызмет атқарып отыр.

Сондай-ақ, Қазақстанда Бала құқығы бойынша өкілетті институт құрылып, 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясатқа қатысты тұжырымдамасын бекітті.

Ұлттық комиссияның ұлттық отбасыны насихаттау жөніндегі үлкен іс-шарасының бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Конкурсқа қатысуға ниет білдіруші отбасылар саны жылдан жылға көбеймесе азайған емес. Осы байқау жас отбасылардың алдағы аға буын отбасылардан үлгі алып, өз-өздерін тәрбиелеуге үлес қосуда.

Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуды тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлтық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір азамат өзінің парызы ретінде санауы керек. Әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпағымыз еліміздің ертеңгі өмірінің қандай болатынының кепілі.

Отбасы – мемлекеттің негізін қалаушы, жас ұрпақтың құндылықтарын қалыптастырудың басты көзі. Сондықтан бұл негізгі әлеуметтік институттың тұрақты болуы аса маңызды. Дегенмен, соңғы жылдары ресми статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың некеге тұру мүмкіндігі азайған. Сонымен қатар, қазақ қоғамына жат азаматтық неке көбейе түскен. Ажырасулардың да біршама азайғаны аңғарылады. Соңғы жылдары қазақстандықтардың отбасылық қарым-қатынасында қандай үрдістер байқалады және оларға қандай факторлар әсер етеді?

«Қазақ отбасылары» деп аталатын ұлттық баяндамада соңғы жылдары елімізде тіркелген некелер санының біршама азайғаны деректермен көрсетілген. Адамдардың ресми түрде некеге тұруға ниеті кеміп барады. Мәселен, 2017 жылы 141 791 жұп ресми некеге тұрса, 2022 жылдың 9 айында тіркелген некелер саны 98 254-ке дейін азайған, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш коронавирустық пандемиялық шектеулерге байланысты 128 839-ға дейін айтарлықтай төмендеген. 2021 жылы да үйлену тойларына тыйым салу мен шектеулерге қарамай неке саны 140 256-ға өскен.

Соңғы 6 жылдағы тіркелген неке санының жалпы динамикасы бірте-бірте, қалыпты болғанымен, тұрақты төмендеуді көрсетеді. Елімізде жалпы некеге тұру көрсеткіші (1000 тұрғынға шаққанда неке саны) 2017 жылғы 9,33-тен 2022 жылғы 7,34-ке дейін кеміді.

Бұл ретте республиканың барлық аймақтарында төмендеу байқалады. Сонымен қатар, қала мен ауыл арасында тұрақты некеге тұру деңгейінің алшақтығын көреміз.

Өңірлер арасында да алшақтық бар. Неке саны бойынша төрт облыс 2021 жылғы орташа республикалық көрсеткіштен ең жоғары санға жетті. Көшбасшы болып миллионнан астам тұрғыны бар қалалар тұр: Астана және Алматы – сәйкесінше некеге тұру көрсеткіші 10,1 және 9,4, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстары – 7,86 және 7,72.

Бұл әлемдік үрдіс екенін айту керек. АҚШ-та, мысалы, Ұлттық денсаулық статистикасы орталығының мәліметінше, 2020 жылы некеге тұру көрсеткіші 1000 адамға 5,1-ді құрады. 329 484 123 адам тұратын Америка Құрама Штаттарында барлығы 1 676 911 неке болды. Тағы бір мысал, Еуропалық Одақ, онда 2020 жылы ЕО-ның неке деңгейі 1000 тұрғынға 3,2 некені құрады.

Қазақстандық Қоғамдық даму институтының (ҚИОР) социологиялық зерттеуіне сәйкес, соңғы жылдары тіркелмеген немесе «азаматтық» деп аталатын некелердің таралуы артып келеді. Бұл қарым-қатынастағы ерлі-зайыптылар өздерінің немесе отбасы мүшелерінің арасында жауапкершілікті ресми түрде бөліспейді.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, респонденттердің «азаматтық» некеге деген көзқарасын айта отырып, үш бірдей дерлік топқа бөлінген, олардың 28,3 пайызы «азаматтық» некелерді құптайды, 32,8 пайызы мұндай қарым-қатынасты қабылдамайды және 33,1 пайызы бейтарап немесе қарсы. Сонымен қатар, зерттеуге сәйкес, жасы ұлғайған сайын адамдар бұл құбылысқа оң көзқарас танытады, 61 жастан асқан ересек буынды қоспағанда, әрине.

Сондай-ақ, қазақ қоғамында заң деңгейінде рұқсат етілмеген ерте некеге тұру жағдайлары (1 пайызға дейін) аз емес. Ал ерте некеге тұру өте қиын мәселе. Мамандардың пікірінше, ерте некеге тұрудың қозғаушы мотиві мен себебі білім алудың маңыздылығын және қыздардың әлеуметтік рөлінің тереңдігін түсінбеу болып саналады, олар тек үй жұмысымен және бала тәрбиесімен шектеліп қалмауы керек. «Әлеуметтік оқшаулау, «дәстүр», кедейлік пен басқа да факторлармен, соның ішінде географиялық оқшаулаумен, кәмелетке толмаған қыздарды ерте күйеуге беру гендерлік кемсітушілік пен әйелдерді маргинализациялаудың қатал циклін көрсетеді және жалғастырады», — деп түсіндіреді зерттеу нәтижелері.
Біздің еліміз үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өзекті. Отбасылық қарым-қатынастағы жағымсыз тенденцияның бірегейі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. 2022 жылы отбасылық-тұрмыстық салада 520 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Десе де бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға аз. Оның 70-і адам өлтіру, 214-і денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 167-сі денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірумен аяқталған.
Мемлекет соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтіп-ақ жатыр, тіркелген осындай деректердің азайғанына қарамастан, мәселе әлі де өзекті күйінде. Көптеген зорлық-зомбылық жағдайлары тергелмей, тексерілмей жатып жабылады. Бұл жағдайда ең осалы және зардап шегетіні — әйелдер мен балалар.
Дегенмен, 2017-2022 жылдар аралығында отбасылардың ажырасуында аздаған оң динамика байқалады. Соңғы 5 жылда ажырасу көрсеткіші төмендеген. Мәселен, 2017 жылы 1000 адамға 3,03 болса, 2021 жылы 1000 адамға 2,54-ке дейін кеміді. 2021 жылғы мәліметтер бойынша ажырасудың ең жоғары көрсеткіші Астана, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді.
Сарапшылар ажырасу санының азаюындағы оң үрдісті жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің өсуімен байланыстырады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ неғұрлым жоғары болса, соғұрлым аз отбасылар ажырасады. Алайда, ажырасу статистикасында тағы бір тенденция көзге көрініп тұр. 2000 жылдың басынан бері екі жаққа кеткен ерлі-зайыптылардың ішінде ажырасуды жиі шешкен 5 жылдан 9 жылға дейін өмір сүрген жұптар болды. Осылайша, бұл кезең некедегі адамдар үшін ең қиыны саналады. 2021 жылдан бастап тенденция өзгерді және ерлі-зайыптылар некенің бірінші жылынан кейін (1 жылдан 4 жылға дейін) ажыраса бастады.
«Ажырасуға не себеп болады?» деген сұраққа зерттеу респонденттері маскүнемдік, нашақорлық және құмар ойындар, тұрмыстық зорлық-зомбылық және опасыздық сияқты жаман тәуелділіктерді атап өткен. Ал статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде орта есеппен жылына 140 мың жұп шаңырақ көтереді, оның 50 мыңы құлап тынады. Тіркелген некелердің жалпы санынан ажырасу үлесі кемінде үштен бірін құрайды, яғни 34,4 пайыз.
Тағы да сарапшылардың пікіріне жүгініп көрсек, қазақстандықтардың көпшілігі отбасы құндылығын мойындайды. Қазақ отбасылары балаларының бойына сіңіруге тырысатын басты қасиеттердің қатарында еңбексүйгіштік – 33,8 пайыз, өзін-өзі құрметтеу – 31,8 пайыз, адалдық – 31,7 пайыз, сыйластық – 31,7 пайыз бар. Бір қызығы, өте қарапайым отбасылар үшін кейбір құндылықтардың маңыздылығы төмендей бастаған, еңбекқорлық 2020 жылы 64,1 пайыздан 2022 жылы 33,8 пайызға, үлкендерге құрмет 2020 жылы 54,9 пайыздан 2022 жылы 25,3 пайызға кеміген.

Жалпы сандар қазақ шаңырақтарында үйді асырап, бағу – ер адамға, ал үй шаруасы – әйелдерге жүктелетін дәстүрлі отбасылық құрылымды ұстанатынын, ерлер де, әйелдер де солай ойлайтынын көрсетеді. Әйелдер балалармен көбірек уақыт өткізеді, ер адамдар көбінесе отбасын материалдық қамтамасыз етуге жауапты. Әйелдердің жұмысы негізінен отбасы бюджетіне айтарлықтай үлес болып саналмайды. Дегенмен, отбасы институты бүгінде біртіндеп өзгере бастаған. Әлеуметтанушы, «Қазақ отбасылары» ұлттық баяндамасының авторларының бірі Ольга Николаеваның айтуынша, елімізде отбасылық құндылықтардың өзгеруі бірқатар факторлардың әсерімен жүріп жатыр. Олардың ішінде тек ішкі ғана емес, сыртқы жаһандану жағдайын да қоса қарастыру қажет. «Қазіргі ұрпақтың бұрынғыға қарағанда өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндіктері көбірек, жастар тұрмысқа шықпас бұрын алдымен білім алып, жұмыс тауып, экономикалық тәуелсіз болғысы келеді», — деп атап өтті Ольга Николаева.
Оның айтуынша, көптеген ерлі-зайыптылар үйлену тойына және бірге баспанаға ақша жинау үшін «азаматтық» некеде тұрады. Сондықтан оны тіркеуге асығар емес. Қазіргі жастар мұндай көзқарастарды ерекше ұстанады.
Қазіргі қоғамдағы отбасы құндылықтарының тағы бір тенденциясы ерлі-зайыптылар арасындағы келісім негізінде отбасын құру болып табылады. «Отбасының бұл түрі үйде де, кәсіпте де өзін-өзі жүзеге асыруға бағытталған серіктестерді біріктіреді», — деп түсіндіреді әлеуметтанушы.
Ата-анасы мен балалары бар отбасылар қоғамда басым, ал жас отбасылар, әрине, жағдай мен мүмкіндік берсе, ата-анасынан бөлек тұруды қалайтынын айта кеткен жөн.
Әрине, әлеуметтік-экономикалық факторлар адамдардың үйлену күнін кейінге қалдыруға мәжбүрлеуі мүмкін. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорқу, ата-ана болуға дайын еместік сезімі сияқты психологиялық себептері де жоқ емес.
Айта кетерлігі, бұл елдегі неке қатынастары саласындағы тенденциялар мен факторлардың толық емес тізбесі, алайда бұл қысқаша шолу Қазақстандағы неке-отбасы қатынастарының тұрақты емес және үнемі өзгеріп отыратынын түсіну үшін жеткілікті. Олардың даму процесіне әлеуметтік-экономикалық және саяси-демографиялық факторлар әсер етуі де ғажап емес.
Ал мемлекет отбасы институтына қалай қолдау көрсетеді? Отбасы – негізгі әлеуметтік институт, оның қызметі мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан мемлекеттік отбасы саясатындағы басымдықтар бірінші кезекте отбасын нығайту мен қорғауға, отбасының физикалық, зияткерлік, рухани және адамгершілік дамуына қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған шараларға берілген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің бірінде отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі, сондықтан мемлекет отбасы институтына қолдау көрсетіп, оны жан-жақты жүргізетінін атап өткен. Жалпы, Қазақстанда отбасылық саясат саласында мемлекет алдында тұрған бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасының өзектілігі, саналы ата-ана мен салмақты әке болуды қалыптастыру машақаты, ата-аналық құқық бұзушылықтың азаюы, соңғы жылдардағы неке деңгейі, неке, жүктілікті индукциялық тоқтату жағдайлары, соңғы жылдары ана өлімінің, нәресте шетінеуінің артуы, репродуктивті денсаулық саласындағы мамандардың тапшылығы. Нақты санға жүгінсек, 2021 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі 7,79-мен салыстырғанда 7 пайызға өсіп, 1000 тірі туғанға шаққанда 8,35-ті құрады. Сонымен қатар, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл үрдіс жалғасын тапты, бұл алаңдатарлық ахуал.
Айтпақшы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нәресте өлімін «белгілі бір аймақтағы өмір сапасының ажырамас көрсеткіші» ретінде таниды. Бұл көрсеткіш облыстардың және тұтастай алғанда ел халқының жалпы денсаулығы мен өмір сүру деңгейін сипаттайды.
Мемлекет отбасы институтын қолдау мақсатында бірқатар шараларды қолға алуда. 2022 жылы Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылды. Барлық өңірлерде отбасын қолдау орталықтары ашылып, консультациялық, құқықтық және психологиялық көмек көрсету жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Жауапты ведомствоның мәліметінше, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еліміздің өңірлерінде барлығы 61 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істеді, оның 36-сы көп балалы аналарға көмек көрсету үшін құрылған. Отбасылардың бос уақытын ұйымдастыру үшін елімізде аула клубтары мен отбасылық коммуникация клубтары қызмет көрсетеді. Ал 3 жасқа дейінгі баласы бар ата-аналарға толық емес жұмыс күнімен жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы отбасындағы бала санына қарай сараланған мөлшерде енгізілді. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасы балалары оқу құралдарымен қамтамасыз етуді, оқу орнында тегін тамақтандыруды және қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді қамтитын кепілдендірілген әлеуметтік пакетке құқығы бар. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы отбасылар мен аналар коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуда басым құқыққа ие. Елімізде жалғызбасты аналарға ресми статус берілмесе де, мемлекеттік деңгейде жалғызбасты ата-аналардың, әсіресе әйелдердің мәселесіне түсіністікпен қарайды.
Заңға сәйкес жалғызбасты аналар мен толық емес отбасыларға арнаулы жәрдемақылар қарастырылмаған. Алайда, олар жәрдемақы мен басқа да төлемдерді басқалармен бірдей негізде алады: бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған қорғаншыға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтіміне байланысты төлемдердің мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұлғайтылды. Ал бұл президенттің бастамасы еді. Сондай-ақ, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда баланы әкесіз тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар халықтың әлеуметтік осал тобы ретінде тұрғын үй кезегіне тұра алатыны көрсетілген.
Қазақстандықтар Президенттің «Балаларға арналған Ұлттық қор» бастамасын балалардың болашағы мен отбасы әл-ауқатына қосылған маңызды үлес деп санайды. Оның мәні қордың инвестициялық кірісінің жартысы балалар үшін арнайы ашылған жинақ шоттарына бағытталатын болады. Онда қаражат туғаннан 18 жасқа дейін жинақталады. Жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға болады. «Балаларға арналған Ұлттық қор» 2024 жылы жұмыс істей бастады.

БҰҰ Бас Ассамблеясының қарауымен 1993 жылы 15 мамырда атап өтілетін Халықаралық Отбасы күні жарияланды. Мерекенің негізгі миссиясы – қоғамның назарын отбасы проблемаларына, отбасы құндылықтарын тәрбиелеу және нығайту мәселелеріне аудару.

Отбасы – адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғырта түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық!

Жыл сайын 15 мамырда бүкіл әлем жұртшылығы БҰҰ бекіткен халықаралық отбасылар күнін атап өтеді. Осыған орай, «Азаматтарға арналған үкімет» арнайы статистика дайындады.

Мемлекеттік корпорация 10 айда 103 мыңнан астам неке тіркеген, ал 2024 жылдың басынан бері 40 мың жаңа отбасы құрылды. Неке саны бойынша көш бастап тұрған — Алматы, Астана және Шымкент қалалары. Сондай-ақ, 2023 жылдың шілдесінен бастап еліміздің 328 мың азаматының тууы тіркелді.

Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» Астанада, Қарағандыда, Алматыда және Қостанайда некені салтанатты түрде тіркейді және бұл қызметті басқа қалаларда енгізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, баланың тууын салтанатты тіркеуді енгізу жоспарлануда. Қазірдің өзінде туу туралы куәліктерді жеткізу және оларды ата-аналарына тікелей перзентханаларда табыстау бойынша Астананың медициналық мекемелерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Елордадағы пилоттық жоба сұранысқа ие болған жағдайда, жоба ауқымы кеңейетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеде «Азаматтарға арналған үкіметке» азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары берілген болатын.

Осы тұста еске салар ақпарат, Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.

Байқау адамгершілік қасиеттерді жандандыруға, отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға бағытталған. Еңбек пен спортта, шығармашылық және зияткерлік салаларда, ғылым мен өнерде жетістіктері бар отбасылар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке белсенді араласатын отбасылар қатыса алады.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер 15 мамырдан 15 маусымға дейін өңірлік комиссияларда қабылданады.

Байқау екі кезеңде өтеді: 1. Аудандық (қалалық) кезең (15 маусымнан 1 шілдеге дейін). 2. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен астана) кезең (3 шілдеден 17 шілдеге дейін).

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағы Қазақстанның барлық өңірінен танылған 20 үздік отбасыға беріледі. Конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі Астана қаласында өтеді. Осы жылдар ішінде конкурсқа Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты.

Биыл қатысуға ниет білдіргендер өз өтінімін өңірлік комиссияларға жібере алады.

Айта кетейік, жыл сайын 15 мамырда Халықаралық Отбасы күні атап өтіледі. Бұл күн 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы отбасының маңызды рөлі туралы хабардар ету және оның қоғамға қосқан үлесін бағалауға мүмкіндік беру үшін белгілеген.

Халықаралық Отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына өтінімдер қабылдауды бастады. Бұл конкурс адамгершілік қасиеттерді жандандыруға, отбасы мәртебесі мен құндылықтарын арттыруға бағытталған.

  «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin