Түркістан облысында «Мамандығым – болашағым» атты жоба іске қосылды

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан облысы бойынша «Мамандығым – болашағым» өңірлік жобалық кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. «Мамандығым – болашағым» жобасы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылу үстінде. Оның негізгі мақсаты аймақтың еңбек нарығындағы өзгерістерін болжау және оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру болып табылады.

Кеңсенің тұсаукесеріне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Қожа Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова бастаған басшылық құрам мен «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкенов, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы жобалық кеңсесінің өкілдері және оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Ә дегенде жиында сөз бастаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру жүйесін кадрлық қажеттіліктерге неғұрлым нақты бағдарлау мақсатында форсайт-зерттеулер жүргізудің, кадрларға өңірлік қажеттілік карталарын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, кадрларды даярлаудың өңірлік жүйесін жергілікті сұраныспен байланыстыру, университетте ғылымды дамыту, жастарды ғылымға тарту, жоғары білім беруді интернационалдандыру және цифрлық экожүйені қалыптастыру қажеттілігіне тоқталды. Жобаның бүгінге дейінгі негізгі көрсеткіштерін жіктеп атады.

«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында «Мамандығым – Болашағым» жобасы ең алғаш пилотты түрде Павлодар облысында жүзеге асырылған болатын. Жоба аясында өңірде кешенді жұмыстар жүргізіліп, аймақта сұранысқа ие 40 жаңа мамандық анықталды. Ол бойынша колледждерге арналған 25 жаңа оқу бағдарламасы әзірленіп, бүгінде 15 колледждің студенттері оқытылып жатыр. 2021 жылдан бастап жаңа оқу бағдарламалары бойынша 805 студент білім ала бастады. 102 түлек биыл оқуын тәмамдап, 100 % тұрақты жұмысқа орналасты», – дейді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, ендігі уақытта жоғары білім деңгейіндегі жаңа оқу бағдарламаларда біріншіден, кәсіптік стандарт ескерілуі тиіс. Екіншіден, еңбек нарығының талабын ескеру қажет.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жобаның берері мен маңызы туралы кеңінен баяндады. «Облыста елдің болашағы үшін маңызды жиынды өткізіп жатқандарыңыз үшін қуаныштымыз! Осы себепті облыс әкімдігі мен университет атынан сіздерге шынайы алғысымызды жеткізгіміз келеді. Бұл мәселе біздің өңіріміз үшін өте өзекті. «Мамандығым-болашағым» жобасы бойынша арнайы жол картасы әзірленіп, облыс әкімдігінің бекітуімен 2022 жылдан бері іске асырылуда» — деген облыс әкімінің орынбасары өңірдегі кадр тапшылығы басым салалар туралы айтты. Сонымен қатар, қоғамның кез келген экономикалық саласынан бастап, әлеуметтік, рухани-мәдени салаларына үлкен серпін беретін жастарды дұрыс мамандықтарға, іске бағыттаудың маңызы жайлы тілге тиек етті.

Университет ректоры Жанар Темірбекова жобаның маңыздылығына тоқталып, оның Түркістан облысын кадрлармен қамтамасыз етудегі құндылығын атап өтті және қатысушыларға жаңа қажетті дағдыларды меңгеруде сәттілік тіледі. «Аталған жобаға қатысты университеттегі әріптестеріміз былтырдан бері белсенді жұмыс істеді. Астана мен Алматы қалаларында түрлі оқыту семинарларына кеңінен қатысты. Ендігі кезекте, екінші кезеңге – өңірлік жобалық кеңсені құруға, өз командамызды қалыптастыру кезеңіне жеттік. Бұл барлығымыз үшін аса маңызды. Себебі, Түркістан облысындағы негізгі кадрларын даярлайтын өңірлік орталық – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті» — деді. Ал «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкенов өз кезегінде аталмыш жобаның мақсаты мен маңызын саралады. Көптің көкейіндегі жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

Аталған жоба шеңберінде университет қызметкерлері 5 күн бойы интенсивті режимде форсайттық зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттау курсынан өтеді. Тренинг нәтижелері бойынша курс түлектері өңірлік жобалық кеңсе командасын құрып, Түркістан облысының кадрлар қажеттілігінің өңірлік картасын жасауға бағытталған аймақтағы негізгі сала мамандарының қатысуымен форсайттық зерттеулер жүргізеді.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Мамандығым – болашағым» жобасы еліміздің 17 өңірінде жүзеге асырылыып келеді. Соның ішінде Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды облыстары және Алматы мен Астана қалалары өңірлік кадрларға қажеттілік картасын әзірлеуді аяқтап, осы өңірлердің басым секторларының қатарынан келешегі бар кәсіптерді анықтады. Сондай-ақ оқушылардың кәсіби диагностикасы жүргізілді, оның нәтижелері бойынша оқушылар өздерінің бейіні мен кәсіби қызметте жүзеге асыру мүмкіндіктерін анықтады.

Кез келген адамның табысының негізі – біліктілігі, заманға, жұмыс берушінің талабына сай мамандық пен дағдыларға ие болуы. «Мамандығым — болашағым» — халықтың табысын арттыру бойынша бағдарламаның ішіндегі стратегиялық маңызы бар жоба. 

«Бірінші мақсат, еңбек нарығы мен  білім беру саласын сәйкестендіру, ұштастыру. Келесі мақсат – ЖОО-ларда, колледждерде бідім бағдарламаларын заман талабына сай сәйкестендіру. Ол үшін ұстаздарды оқытып, көтеруіміз керек, кәсіпорындар дуальді форматқа толыққанды көшуі керек. Колледждерді, ЖОО өздеріне байлап, қамқоршы ретінде шығуы керек, мақсатты түрде тапсырыс беруі керек. Үшінші, адамның болмысында, дамуында кез келген сатыда — орта мектепте, ЖОО-да, колледжде болсын, жас маман, орта буынды маман, жұмыссыз адам – әр сатыда кәсіптік бағдар беру кешенді құралдармен қамтамасыз етуілуі керек. Яғни еңбек нарығында жаңа мамандықтар, еңбек нарығының талаптары бойынша толыққанды ақпарат ұсынылып, біліктілікті арттыру мүмкіндіктерімен қамтамасыз етуіміз қажет», — дейді министр.

Министрдің айтуынша, халық табысын арттыруға арналған «Мамандығым-болашағым» жобасы аясында мынадай жұмыс қолға алынады:

1) Алдағы 5 жылға өңір немесе сала инновациялары мен кадр қажеттілігіне форсайт-зерттеулер және болжам жүргізіледі;

2) Әр өңір мамандықтар бойынша кәсіптер атласын әзірлеп, мамандар даярлайды:

3) Кәсіптер атласына сәйкес жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу және өзекті ету;

4) Жаңарған білім беру бағдарламалары үшін профессорлық-оқытушылық құрам даярлау.

«Тұтастай алғанда, жоғары оқу орындары сол өңірдегі инновациялық, ғылыми-технологиялық, кадрлық және өндірістік белсенділікті жинақтайтын орынға айналдыру керек. Өзара іс-қимыл үшін стратегиялық тұғырнама болуы тиіс. Осы тұрғыда, бізде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен олардың аймақтық хабтарын өңірлік университеттерді дамыту бағдарламасымен ұштастыру жөнінде алдын ала уағдаластық бар екенін атап өткім келеді», — дейді Саясат Нұрбек.

Орайы келгенде атап өтерлігі, 2024 жылы Қазақстанда ең қажетті мамандық иелері тағы да мұғалімдер мен орта медициналық қызметкерлері болады.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» ақпаратына сүйенсек, Enbek.kz электрондық еңбек биржасында шамамен 1,3 миллион бос жұмыс орны жария болады деп күтілуде. 

Ең көп сұраныс білім беру (364 мың бос жұмыс орны), денсаулық сақтау (105 мың бос жұмыс орны), басқа да жеке қызметтер көрсету (91 мың бос жұмыс орны), өңдеу өнеркәсібі (89 мың бос жұмыс орны), сауда және ауыл шаруашылығы (86 мың бос жұмыс орны) салаларында қалыптасады. 

2024 жылы сұранысқа ие мамандық иелері:

әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері (31 мың бос жұмыс орны);

мектепке дейінгі білім беретін тәрбиешілер (27 мың);

күтім көрсететін орта медициналық персонал (23 мың);

бастауыш сынып мұғалімдері (20 мың);

үйде емделушілерге күтім жасайтын қызметкерлер (19 мың);

жаратылыстану ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері (17 мың);

математика ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері (16 мың);

бухгалтерлер (15 мың);

аспаздар (13 мың);

арнайы білім беру саласындағы өзге оқытушылар (12 мың).

Сондай-ақ, базалық сценарий шеңберінде биыл бос жұмыс орындарының ең көп саны Алматы қаласы (125 мың), Қостанай облысы (117 мың), Астана қаласы (97 мың), Қарағанды (88 мың) және Түркістан (87 мың) өңірлерінде болмақ.

ЕРДО ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы жұмыспен қамту орталығына 173,3 мың адам келіп, оның ішінде 142,3 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 50,3 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 92 мың адам орналастырылған. 

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 17,1 мың жұмыссыз қамтылып, оның ішінде 15,1 мыңы оқуды аяқтады. Жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 9 мың грант және жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық, сомасы 5 миллион теңгеге дейінгі 5 796 жеңілдетілген микрокредит беру көзделген.

Еске сала кетейік, еліміздегі күрделі су тасқыны жағдайына байланысты үміткерлерден гранттар алуға өтінімдерді қабылдаудың бірінші легінің мерзімін уақытша ауыстыру туралы шешім қабылданған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin