Түркістан облысы: Шардара қаласында үйірме жұмыстарына байланысты аудандық оқыту семинары өтті

Шардара қаласында орналасқан Қ.Аманжолов атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында «Қосымша білім беруде үйірме жұмыстарының негізгі бағыттары» тақырыбында аудандық оқыту семинары өтті.

Семинар Түркістан облысы білім басқармасының білім беруді дамыту орталығының жылдық жоспарына сәйкес, қосымша білім беру әдіскері Бахыткул Бейсеханқызы Каймолдаеваның жетекшілігімен жүргізілді. Аталған іс-шарада аудандық білім бөліміне қарасты қосымша білім беру педагогтары мен үйірме жетекшілеріне әдістемелік көмегін көрсетіп, оқыту семинарында қосымша білім беру жұмыстары мен үйірме жұмыстарын тиімді ұйымдастыру жолдары қарастырылды, ой бөлісті.

Осы ретте Шардара ауданының білім саласына қатысты ақпараттарды ұсына кетсек. «Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні бәріңізге белгілі. Жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы айтылатын пайдалы жиындарды өткізу, құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы олардың есірткіге тәуелді болмау жолдарының алдын алуға болады. Осы мақсатта “Есірткі-ғасыр дерті” тақырыбында Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беру мектебінде орталық аурухананың нарколог дәрігері Г. Тойтанованың және аудандық білім бөлімінің әдіскері Н. Абилдаевтің қатысуымен кездесу өткізілді.

Кездесудің мақсаты есірткіге қатысты проблемалар және есірткіні қолданудың алдын алу. Жастар арасында есірткіге қатысты проблемалар жайлы ақпараттандыру деңгейін жоғарылату, психоактивтік заттарды қолдануға қарсы дағдыларды дамыту болып табылады.

Сондай-ақ «Ұзын ата жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бейіндік және кәсіптік бағдарлау іс жоспарына сәйкес «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында 9-сынып оқушылары Шардара ауданы орналасқан Армспорт клубының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Армспорт клубының қызметкерлері оқушыларға жылы шырай танытып, кез келген мамандықтың қиындығы мен жеңілдігі бірге жүретіндігін айтып өтті.

Мақсаты:оқушыларға болашақ мамандық таңдауға көмектесу, мамандық әлемі және оның ерекшеліктері туралы дүниетанымын кеңейту.

Бұдан бөлек ауданда дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Шардара қаласында орналасқан №16 колледж студенттерімен «Діни экстремизм терроризмнің алдын алу» тақырыбында кездесуге Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров, Шардара қаласы әкімі аппаратының бас маманы Ж.Мүталиев, колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Дүйсебаева қатысты.

Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров: «Діни экстремизм, іс жүзінде саяси экстремизм, яғни дінді агрессияны ақтап шығару үшін пайдаланады. Бұған жол бермеу үшін тең дәрежеде діни сауаттылық, саяси мәдениет пен саяси сананы қалыптастыру, жалпы алғанда, мәдениет пен білімдік деңгейін көтеру қажет. Діни экстремизм дегеніміз — саяси күштердің өз мақсаттарына жету үшін дін атынан мемлекетке қарсы жасалған немесе бағытталған күресі. Экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушыларының әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған топтар болып табылады. Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Жастардың рухани және діни сауатты болуы — кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туатыны даусыз. Сөйтіп, олар өз билігін орнатуға немесе айтқанын орындатуға ұмтылады. Дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, ділімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт — дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, дұшпандық, жеккөрушілік, тасбауырлық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келгені, түрлі ағымдардың өте белсенді түрде жұмыс жасап жатқандығы — осының дәлелі» — деп, сөзін қорытындылады.

Сондай-ақ Шардара ауданы «Шардара» мектеп-лицейінде жасөспірім балалардың бойында аутоагрессиивті, аутодеструктивті мінез-құлықтың, негативті ойлардың алдын алу арқылы өмірге деген құлшыныстарын, өздеріне деген сенімділіктерін арттыру, өз мүмкіндіктерін анықтап, қоғаммен және өзара қарым-қатынасындағы жарасымды мінез ерекшеліктері мен сенімді мінез-құлықтарын қалыптастыру мақсатында «Жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу» атты аудандық білім бөлімінің психолог әдіскері Маметова Динара Зеинабдинқызы 10-11-сынып оқушыларымен тренингтер өтті.

Іс-шараға аудандық «Жастар ресурстық орталығы КММ психологы Айгерім Бердалиева, аудандық білім бөлімінің психолог әдіскері Динара Маметова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Ахатова және педагог-психолог Феруза Жумабаева, Роза Кеңес қатысты. Тренин барысында «Бәтеңкедегі тас», «Бес қадам», «Мінез-құлықты тежей білу», «Сенім таяғы» атты жаңа форматтағы әдістермен қызықты ойындар арқылы оқушының ойын, мақсатын айқындады.

Мұнан өзге Шардара ауданы Т.Тажибаев атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында “Орыс тілі мен әдебиет пәнінің сабақтарында оқу сауаттылығын дамыту әдістері” тақырыбында аудандық тәжірибелік семинар өткізілді. Семинар мақсаты: оқушылардың оқу сауаттылығын арттырудағы тиімді де қолжетімді әдіс-тәсілдерді қолдану тәжірибесімен бөлісу. Семинар барысында ашық сабақтар мен шебер сыныптар көрсеткен мұғалімдер заманауи әдіс тәсілдерді, ақпараттық-техникалық құралдарды тиімді пайдалана білді. Тағы бір ерекшелігі — семинарға тіркелу, семинардың жоспары мен материалдары, кері байланыс беру QR код электрондық форматта жүктеу арқылы жүргізілді. Семинар соңында қатысқан мұғалімдер сабақтардың сапасын жоғары бағалап, алғыстарын білдірді.

Оған қоса С .Ерубаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Үздіктер шеруі-2024» тақырыбында мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі талантты, заманауи білімді игерген дарынды оқушыларды марапаттау мақсатында іс-шара болып өтті. Іс-шараны мектеп директоры Қарсақбай Бибімариям Сансызбайқызы ашып, білім алушылардың алдағы әрбір күндеріне сәттілік тіледі. Мектепішілік бұйрыққа сәйкес мектепте үздік нәтиже көрсеткен 89 оқушы марапатталды. Және де аудандық білім бөлімінің түрлі дәрежелі дипломдарымен, аудандық түрлі спорттық жарыстардан орын алған оқушыларымызда марапатталды. Ұстаздық ұлы ұғымға құрылған мамандық десек, осы кәсіпті жан қалауымен қалап, мектебі үшін бар күшін сарқа жұмсап, онысын нәтижелі ісімен дәлелдеп келе жатқан, бала жүрегіне жол тапқан білікті мамандар жеткілікті. «Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз» деген екен ғалым Қаныш Сәтбаев. Міне, осындай жетістікке жету жолында өз ісіне берілген, жас ұрпақтың болашағы үшін өз уақытын аямай, білікті, тәжірибелі, жаңалыққа жаны құмар басшы Қарсақбай Бибімариям Сансызбайқызының да еңбегі зор.

Жағымды жаңалық. Астанада 7-8-сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша республикалық олимпиада аяқталды. Оған Түркістан облысынан 13 оқушы қатысты. Нәтижесінде:

Исахан Жамшид — информатика пәнінен 1-орын, «Білім-инновация» лицей-интернатының 7-сынып оқушысы;

Шахнұр Адилов — биология пәнінен 1-орын, «Білім-инновация лицей-интернатының 7-сынып оқушысы;

Сардорбек Тайрханов — биология пәнінен 2-орын, «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы;

Гүлнұр Сейтжаппар — химия пәнінен 2-орын, Н.Оңдасынов мамандандырылған мектеп интернатының 8-сынып оқушысы;

Ерасыл Жоянов — информатика пәнінен 2-орын, «Білім-инновация»лицей-интернатының 7-сынып оқушысы;

Сарыбек Омар — математика пәнінен 2-орын, «Білім-инновация» лицей-интернатының 7-сынып оқушысы;

Мырзахмет Айбар география пәнінен 2-орын, Ж.Ташенев ЖББМ, 7-сынып оқушысы;

Тұрғара Ерасыл — география пәнінен 3-орын, М.Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп интернатының 8-сынып оқушысы;

Абдраш Абдинұр — мақтау қағазы химия пәнінен, «Жетісай ауданының мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы;

Абдулазиз Ахмаджанов — мақтау қағазы информатика пәнінен, «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.

Олимпиада қорытындысы бойынша үздік олимпиадалық командалар марапатталды:

III орын – «РФММ» КеАҚ, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары;

II орын – Алматы қаласы мен Павлодар облысы;

I орын – Астана қаласы, Ақтөбе мен Түркістан облыстары.

Бас жүлдені Назарбаев Зияткерлік мектептері командасы жеңіп алды.

Айта кетсек, 7-8-сынып олимпиаданың бастапқы кезеңіне 95 282 оқушы қатысса, облыстық кезеңге 9 599 қатысты. Бұл көрсеткіштер жарыстың жоғары деңгейін және маңыздылығын көрсетеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin