Түркістан шаһарында Түркияның Ұлттық Мәжілісінің төрағасы оқытушылармен және студент жастармен кездесті

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркия Республикасы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор, доктор Нуман Куртулмуштың қатысуымен «ХХІ ғасырдағы түркі әлемінің орны» тақырыбында кездесу өтті.

Жиынға Түркия Республикасы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы бастаған Түркияның мемлекет қайраткерлері, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек пен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова бастаған басшылық құрам, оқытушы-профессорлар мен қызметкерлері және түркі елдерінен жиылған студенттер қатысты.

Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы келген қонақтар, ең алдымен, «Атамекен» ұлт-аспаптар ансамблінің өнерін тамашалап, «Түркі дүниесі» тарихи-панорамалық мұражайын аралады және университеттің лебіздер кітабына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Бұдан әрі негізгі жиын басталып, алғашқы сөз тізгінін алған университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек:

«Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атын иеленген білім шаңырағына арнайы келген Түркия Республикасы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш мырза бастаған қонақтарымызға, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мырзаға және өзге де бауырларымызға университет ұжымы мен студенттері атынан ризашылығымызды білдіремін! 1991 жылы Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Дәл осы Ұлы Ұлттық Мәжіліс парламентінде Түркия Республикасы бауырлас мемлекеттің тәуелсіздігін алғаш болып мойындады. Бұл өте керемет көрініс еді! Осы оқиғадан кейін, біршама ай өткен соң, қос елдің бауырластығы мен ынтымақтастығы нәтижесінде халықаралық университетіміз құрылды. Қазіргі таңда 90 мыңнан астам түлегіміз дүниенің әр бөлігіне тарап, түркі әлемінде өте маңызды лауазымдарда қызмет етіп жүр» — деген ол халықаралық оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы қысқаша ақпарат берді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан мен Түркия арасында берік қатынас орнап, ортақ құндылықтарымыз тереңдеп, рухани-мәдени байланысымыз беки түскенін атап өтті.

«Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіңізді арнайы қабылдап, екі елдің стратегиялық серіктестігін арттыру бағытындағы жоспарлар пысықталды. Әсіресе, Түркістан шаһарын көне келбетін сақтай отырып, жаңа бағытта дамытуда Түркияның қосқан үлесі зор. Түркістан қаласы тек Қазақстан үшін емес, күллі Түркі әлемі үшін тарихи және географиялық тұрғыдан үлкен маңызға ие» — деген облыс әкімі Қазақстан, оның ішінде Түркістан облысы мен Түркияның жүзеге асқан ортақ жобалары туралы кеңінен баяндады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушты қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Түркияның кеңейтілген стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы парламенттік дипломатияның әлеуетін жоғары бағалайтынын атап өтіп, Түркия Ұлттық Мәжілісі төрағасының Қазақстанға сапарының мәні зор екеніне назар аударды.

– Бүгінгі кездесу Достық және ынтымақтастық туралы келісімнің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Мұның символдық мәні бар. Жақында ғана әріптесім Режеп беймен телефон арқылы сөйлестім. Біз үнемі хабарласып отырамыз. Сондықтан екі ел арасындағы диалог өте жақсы дамып келе жатыр. Жалпы, Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Сонымен қатар басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қарым-қатынасымыздың әлеуеті өте зор. Сондықтан келешекте өзара сауда айналымы 10 миллиард долларға жететініне ешқандай күмәніміз жоқ, – деді Президент.

Өз кезегінде Нуман Куртулмуш атажұртта түрік делегациясына көрсетілген сый-құрмет үшін ризашылығын білдірді.

– Қазақстан – біздің атажұртымыз әрі түркі халқына ортақ рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің отаны. Біз Түркістан қаласына жол жүріп, қасиетті орындарға зиярат етеміз және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінде конференция өткіземіз. Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Еліңізде табысты саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар жүріп жатыр. Мұның бәрі Қазақстанның өркендеуіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенімдімін. Екі елдің сауда, технология, өнеркәсіп, логистика, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуеті зор, – деді Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нуман Куртулмуш екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын күшейту және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бауырлас елдердің өзара ынтымағын нығайту жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Түркия елінің басшылығымен алдағы кезеңге жоспарланған жоғары деңгейдегі кездесулер пысықталды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы түрік спортшылары мен делегациясы биыл қыркүйек айында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді  қатысатынына сенім білдірді.

Түркия — бүгінде Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктестерінің бірі. Әрі басты 10 инвестордың қатарына кіреді.

Ал, қадірменді қонақ, Түркияның Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор, доктор Нуман Куртулмуш өз тілегін жеткізіп, екі ел арасындағы бауырластық жайлы баяндады.

«Құрметті оқытушылар мен студент жастар, қадірлі достар, Түркі әлемінен жиналған бауырларымыз, сіздерді көргеніме қуаныштымын! Біз дәстүрге сай Арыстан бабтан бастап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат еттік. Енді, міне, 90 мыңнан астам шәкірт тәрбиелеген қазақ-түрік университетінде бір ортаға тоғыстық. Осы жиынды ұйымдастыруға еңбек сіңірген Өкілетті Кеңес төрағасына, ректор Жанар Темірбековаға, өзге де достарымызға алғыс білдіремін. Бүгінгі таңда түркі дүниесі қайта жаңғырып, даму үстінде. Осы тұста, Қазақстан мен Түркия бауырлас ел ретінде, ынтымағымыз арта түссін деп тілейміз. Бұл – үлкен күш. Себебі, 300 миллионға жуық түркі тілдес жұртшылық өзара достық қарым-қатынастың озық үлгісін көрсетіп, әлемде бейбітшілік орнатуға, әрі мемлекеттеріміздің білім-ғылымы мен экономикасының одан әрі қарыштап дамуына үлес қосады деп сенім білдіреміз!», — деді Түркияның мәжіліс төрағасы. Ол сонымен қатар «XXI ғасырдағы түркі әлемінің орны» тақырыбында маңызды баяндама оқыды.

Алқалы жиын соңында Нуман Куртулмушқа Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбекова университет атынан сый-сияпаттар табыстап, иығына шапан жауып, қонақжайлылықтың үлгісін көрсетті. Сондай-ақ дәстүр бойынша құрметті қонақтар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жасыл алаңына көшет отырғызды.

Сөз соңында Нуман Куртулмуш хақында толығырақ ақпарат бере кетейік. Ол — тәуелсіздік соғысының ардагері, Түркияның әйгілі ғалымдарының бірі және республикалық дәуірде латын әріптерімен жазылған катехизм туралы алғашқы кітаптардың бірі «Аменту шерхи» кітабының авторы, марқұм майор Нуман Куртулмуштың немересі. Көптеген қорлар мен қайырымдылық ұйымдарының негізін қалаушылардың бірі, марқұм доктор Исмаил Ниязи Куртулмуштың ұлы.

Ыстамбұл Имам Хатип орта мектебін бітіріп, Ыстамбұл университетінде Іскерлік әкімшілік факультетінде жоғары білім алды.

1992 жылы Экономика ғылымдарының докторы, ал 1994 жылы Ыстамбұл университетінің Экономика факультетінің доценті атағын алды. АҚШ-тағы Корнелл университетінде академиялық зерттеулер жүргізді. 2004 жылы профессор болды. Ыстамбұл университетінің Экономика факультетінде көптеген жылдар бойы әлеуметтік саясат және адам ресурстарын басқару бойынша дәрістер оқыды.

1998 жылы ол белсенді саяси қызметпен айналысты және Ыстамбұл провинциясындағы ізгілік партиясының Төрағасы және Бас Әкімшілік Кеңестің мүшесі болды. 2008 жылы «Бақыт» партиясының Төрағасы болып сайланды. 2010 жылдың 1 қарашасында «Халық дауысы» партиясын (HAS Parti) құрды. 2012 жылы HAS Parti интеграциялануға шешім қабылдап, Әділет және даму партиясымен (AK Parti) біріктірілді. Ол экономикалық мәселелерге жауап беретін Әділет және даму партиясы Төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2014 жылғы 29 тамызда Алпыс екінші Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары қызметіне кірісті. Алпыс үшінші, Алпыс төртінші және Алпыс бесінші үкіметтерде Премьер-Министрдің орынбасары және Үкіметтің Баспасөз хатшысы қызметін атқарды, ал Алпыс бесінші Үкіметте өзгерістермен байланысты Мәдениет және туризм министрі болып тағайындалды.

2018 жылғы 18 маусымда шешім қабылдау және басқару жөніндегі Орталық кеңестің мүшесі болып сайланды және AK Parti Төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Жиырма сегізінші шақырылған Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты болып Ыстамбұлдан сайланды. 2023 жылдың 7 маусымында жиырма сегізінші шақырылымның сол кезеңінде Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының Спикері болып сайланды және Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының 30-шы Төрағасы болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin