Түркістан облысы: Отырар ауданында «Музей түні» акциясы аясында тарихи-танымдық кеш өтті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мәдениет комитетінің «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ның ұйымдастыруымен «Халықаралық музейлер күні» кәсіби мерекесіне орай, «МУЗЕЙ ТҮНІ – 2024» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА «ОТЫРАР – ТАРИХ КЕНІШІ» тақырыбында тарихи-танымдық кеш өтті.

Мақсаты – көпшіліктің қызығушылығын, музей құндылықтарына деген халықтың ыстық ықыласын арттырып, қатысушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру, адам өмірінде және қоғамда музейдің алар орнының маңыздылығын түсіндіру.

Шараның шымылдығын «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ы директоры Айбек Жандосов ашып беріп, этнограф, ардагер Абдулла Жұмашев, өлкетанушы Бекжан Бейсенбай сынды құрметті қонақтар ұйымдастырушылар тарапына алғысын айтып, ыстық ықыласын жеткізді.

Тарихи-танымдық кеште музей экспозиция залында алқашқы қауым, яғни, тас ғасыры тұсындағы адамзат тіршілігі, қазақ халқының XIX-XХ ғасырдағы тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ағаш шеберлері мен темір ұсталарының көрінісі, қолөнер шеберлерінің жүн өңдеу, жіп иіру, тоқыма тоқу өнерлері, құмырашылардың құмыра жасау, оны күйдіру тәсілдері бойынша шеберлік сабақтары өтті. Ұлттық нақышта киінген музей қызметкерлері келі түю, диірмен тарту, күбі пісу, қамыр жаю сияқты асханалық тіршіліктен көріністер ұсынды.

Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне арналған «Дара тұлға – Әбу Насыр әл-Фараби» мультфильмі көрсетіліп, мүмкіндігі шектеулі ерекше жандарға «Отырар – ғажайыптар ордасы» атты инклюзивті тақырыптық экскурсия, монғол әсерінің шапқыншылығы, Әбу Насыр әл-Фараби бейнесі сомдалған қойылымдар қойылып, викториналық ойындар ойнатылды.

Ұлттық спорт түрлері: ләңгі тебу, қошқар көтеру, қол күрес, гір тасын көтеру, сонымен қатар, ұршық иіру, қымызмұрындық сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар табысталды.

Бүгінгі күні Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорында 25 мың жәдігер бар. Оның ішінде көне кітаптар мен алтын әшекей бұйымдар, тиындар, құмыралар мен темір сауыттар және қару-жарақ түрлері ең құнды дүниелердің қатарына кіреді. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындардың өткізген бұйымдары да бар. Қазір музей жұмысы біртіндеп сандық жүйеге көшіріліп жатыр.

«Музейдің қорын электронды жүйеге өткізсек, 1 ай бұрын бізде электронды сайт ашылды. Сол сайтқа музейдегі 25 мың жәдігер туралы ақпарат пен фотоларын қойсақ, жариялап жүрсек. Адамдар тек қана келіп емес, шетелдегі, басқа қалалардағы адамдар сайттан көрер еді. Кез келген адамның сұрағына жауап беруге дайынбыз» — дейді «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің» директоры Айбек Жандосов.

«Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізгі міндеті — осы өңірден табылған тарихи жәдігерлерді жинап, қалпына келтіру. Мұндағы Арыстан баб, Сапар орталығы, Отырар қалашығы сияқты тарихи орындар да музейдің құрамына кіреді. Өткен жылы осы 4 нысанға 400 мыңға жуық турист келіпті.

Турист дегенде ойға оралып тұр, айта өтейік. Түркістан облысында өңірдің туристерге қолжетімділігін және жайлылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Былтыр туристік жолдарды жақсарту үшін 10,6 миллиард теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл туристік жолдар бойынша 17,6 миллиард теңгеге 19 жобаның іске қосылуы күтілуде.

Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 25 нысан қолданысқа беріліп, 366 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде тұрақты – 167, уақытша – 199. Биыл 20 миллиард теңгеден асатын 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Осы арқылы 473 жаңа жұмыс орны ашылады.

Туристерге қосымша өнімдерді ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Соның бірі Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы іске асырылуда. Жоба құны: 5,5 миллиард теңге. Ал аумағы — 2,5 гектар. 25 архитектуралық нысаннан тұратын кешенде қонақүйлер, сауда нүктелері, қолөнер шеберханалары мен дүкендері қамтылған.

Ірі жобалар қатарында Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығын бюджет есебінен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Түркістан қаласында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жоспарлануда. Жоба құны – 190 миллион АҚШ доллары. Бұл бағытта инвесторлармен келіссөздер жалғасады.

Ұлттық спорт түрлеріне шетелдік туристердің қызығушылығы артып келеді. Сондықтан Түркістанда ұлттық ойындарды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа «Ипподром» нысаны салынады деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде де «Музей түні» іс-шарасы өтті. Кесенеге келушілер қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Сондай-ақ «Абылайханның Қ.Ясауи кесенесіне зиярат жасауы» атты тарихи қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Кесенедегі үлкен Ақсарай, кіші Ақсарай, мешіт бөлмелеріне экскурсиялық шолу жасалды. 

Салтанатты шарада көпшілікті мерекемен құттықтаған «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының директоры Мәулен Садықбеков жас хикметшілерге «Алғыс хат» табыс етті. Сондай-ақ, шарада 300 адамға «хәлім ботқа» асы таратылды.

«Бұрын мұнда ет пен бидайды 24 сағат бойы қайнатып пісіретін «Хәлім ботқа» тамағы дайындалатын болған. Аптасына екі рет әзірленетін ботқаны ағаш астауларға салып, қариларға, дәруіштерге, жарлы-жақыбайларға, мүгедектерге, жиналған көпшілікке, жолаушыларға үлестірген. Күн сайын асханада пісірілген күлше нанды алыс жолдан келген зияратшыларға да таратқан. Бүгін біз бұл дәстүрді қайта жаңғыртып отырмыз», — дейді «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының ғылыми қызметкері Динара Арынова.

Музейдегі экспонаттардың бәріне жан біткен түндегі қызық оқиғаларға толы «Музей түні» фильмі бәрінің есінде бар шығар. Кішкентай күнімізде соның бәрі рас па екен деп музейлердегі тас мүсіндердің қалай тірілетін көргіміз келетін. Ал қазір музейдің расымен де, өткен тарихтың жаны екенін түсіндік.

Жалпы, «Музей түні» акциясының пайда болуына 1993 жылы жарық көрген осы фильмнің әсері бар. Өйткені көптеген көрермен дәл осы кинокартинадан кейін музейді түнде көруге ықылас танытқан.

Ал акция алғаш рет 1997 жылы Германияда өткен. Берлин қаласындағы 18 музей қала тұрғындарын түнде қарсы алған болатын. Шараға 30 мыңнан астам адам келген. Екінші рет өткізілген кезде келушілердің саны 50 мыңға дейін жетіп рекорд орнатылған. Бұл акция әлем елдеріне таралып, танымал бола түсті. Содан кейін 2005 жылы француздар бұл акцияны жыл сайын өткізіп тұруға ұсыныс білдірген. Еуропа кеңесі ұсынысты қабылдағаннан соң «Музей түні» әлемнің 38 еліндегі 2 мыңнан астам музейде өткізілген. Ол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Акция бірінші рет ҚР орталық музейінде ұйымдастырылған.

Бұл акция Қазақстан музейлерінде осы жылы да ұйымдастырылды.

Еске салайық, 1978 жылдан бастап бүкіл әлемдегі музей қызметкерлері 18 мамырда өздерінің кәсіби мерекелері Халықаралық музейлер күнін атап өтеді. Ол 1977 жылы мамырда Мәскеуде өткен Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) XI бас конференциясында бекітілді. 1992 жылы ICOM кеңесі іс-шараны белгілі бір тақырыпта өткізуді ұсынды. Содан бері жыл сайын Халықаралық музейлер күнінің өз тақырыбы бар және Халықаралық музейлер кеңесі әрқашан тақырыпқа байланысты іс-шараларға шолу жасап, оларды барлығына қолжетімді етеді.

2020 жылдан бастап жыл сайын Халықаралық музейлер күні БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының бірқатар идеясын қолдайды. 2023 жылғы Халықаралық музейлер күнінің тақырыбы – «Музейлер, тұрақтылық және әл-ауқат». Халықаралық музей қоғамдастығының мүшесі ретінде Қазақстан музейлері де білім беру бағдарламалары, зерттеулер, көрмелер, жұртшылықпен жұмыс жасау арқылы тұрақты болашақты қалыптастыруға өз үлестерін қосуда.

«Музей мерекесі саналатын “Музейлер түні” акциясы заманауи халықаралық музей тәжірибесінде кеңінен таралған. Акция ICOM қамқорлығымен өткізіледі. Бұл күні көптеген музей күн батқаннан кейін және таңертеңге дейін келушілер үшін ашық. Акцияның негізгі мақсаты – заманауи музейлердің мүмкіндіктері мен әлеуетін көрсету, жастарды музейге тарту», — дейді сала мамандары.

1997 жылы Германия музейлері алғашқы болып түнде келушілерге есігін ашты. Халықаралық акцияға 2006 жылы Қазақстан да қосылды. ҚР Ұлттық музейі «Музейлер түнін» 2015 жылдан бері өткізіп келеді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin