Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйледі. Саналы ғұмырын медицина саласының дамуына арнаған сала ардагерлері мен ақ халатты абзал жандарды марапаттап, құрмет көрсетті.
— Медицина саласының мамандары дәрігерлік антқа адалдық танытып, асқан шеберлікпен адам өміріне араша түсіп жүрген бүгінгі күннің батырлары. Адам өмірін сақтау жолында табандылық танытып, әрбіріміздің саулығымызға жауапкершілікпен қарап, халық жанының сақшысы, мейірім мен ізгіліктің жаршысы атануда. Денсаулықтың қорғаны бола білген өздеріңіздей абзал жандандардың еңбегін әрқашан ерекше бағалаймыз. Ерен еңбектеріңіз бен мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Әрқашанда еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, барлық бастамаларыңыз оңынан болсын,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сала бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын баяндады.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жылы лебізін арнап, дәрігерлерді алғыс хатпен марапаттады. Созақ аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бейбіт Төреханов ізгі тілегін білдіріп, медицина саласының үздік қызметкерлері Республикалық «Ел Құрметі» қоғамдық қорының «Ерен еңбек иесі», «Ардақты ардагер» және «Үздік медицина маманы», «Ерен еңбегі үшін», «Мейірімді мейірбике» төсбелгілері табысталып, Республикалық «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы мен Созақ аудандық филиалы төрағасының, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының, Созақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері мен Созақ аудандық орталық аурухана кәсіподағының алғыс хаттары тапсырылды. Салтанатты шара, аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Осы тұста айта кетер болсақ, елімізде медицина саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін айтқан болатын. «Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл – өте маңызды. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі», деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұған дейін Жолдауында алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау, шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қайта қалпына келтіру шараларын жүзеге асыру, үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы екі міндетті қамтитынын айта кетелік. Біріншісі – бүкіл ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екіншісі – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған негізгі 5 орталықты қосымша орналастыра отырып, заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Бұл ауыл тұрғындарына дер кезінде шұғыл және мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді жоғарылатады. Осы орайда Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 73 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттердің кешенді жоспарын әзірлеу қолға алынған.
Бұл орайда облыс әкімдігі инвесторлардың ықпалы арқылы мәселені жылдам шешу жолын қарастырып отыр. Жуырда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында өткен жиында кәсіпкерлерге медициналық нысандар құрылысына инвестиция салу жөнінде ұсыныс беріліп, мемлекеттік қолдаулар жайы түсіндірілді. Алдағы уақытта ғимараттар бой көтеретін елді мекендер қатары нақтыланып, инфрақұрылымы тереңірек зерделенбек. Медициналық пункт, ФАП, дәрігерлік амбулаторияның жобалық сметалық құжаттары бірыңғай үлгіде дайындалып, ұсынылады. Аталған іс-шара аясында денсаулық басқармасы мен палата өкілдерінен құралатын жұмыс тобы бірлесе жұмыс атқарады. Жалпы, жоспар іске асқан жағдайда инвесторлардың күшімен бірқатар елді-мекенде медициналық жаңа нысандар ел игілігіне беріліп, халықтың ем-дом алуына қолайлы жағдай жасалады.
Алдыңғы жылы өңірде 31 нысанның құрылысы жүргізіліп, 16-сы пайдалануға берілген. 2023 жылы қосымша 14 нысан тапсырылды. Оның 4-еуі –дәрігерлік амбулатория, 10-ы – ФАП. Облыс бойынша құны 185 млрд теңге болатын ірі 6 медициналық нысанның құрылысы жоспарлануда. «Өңірдегі медициналық ұйымдарда 5,5 мыңнан астам дәрігер және 19 мыңнан астам орта буынды қызметкер халыққа қызмет көрсетеді. Медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84 пайыздан асып, жоспар толығымен орындалды. Нәтижесінде, негізгі ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. Облыс бойынша 749 медициналық мекеме елге қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда бейінді мамандарға тапшылық байқалуда. Осы мәселені шешу үшін биыл облыс есебінен бейінді мамандарды оқытуға, резидентураға 60 грантқа қаржы бөлінді. Сонымен қатар ауылға келген жас мамандарға әлеуметтік көмек ретінде 1,5 млн теңге төленуде. Бүгінгі таңда ауылды жерге барған 21 жас маманға әлеуметтік көмек берілген», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл барлық деңгейдегі бюджеттерден жалпы 11,1 млрд теңге бөлініп, 50 807 техникалық оңалту құралдары мен қызметтері ұсынылған, қажеттіліктің 85,2 пайызы қамтылды. Өңірде 97 075 мүгедектігі бар, оның ішінде 82 174 ересек, 14 901 бала есепте тұр. Сауран ауданы, Оранғай ауылындағы 50 төсектік орынға арналған психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балалар үшін арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде. Нысан биылғы жылдың 3-тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.
Айта кетелік, облыстың 1 630 137 (80%) тұрғыны медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу құқығына ие. Жалпы, медициналық ұйымдарға облыс бойынша 2 041 087 тұрғын тіркелген. Дегенмен жүйеде әлі күнге дейін сақтандырылмаған 400 мыңнан аса адам ақысыз қызметтерден тыс қалып отыр.
«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат