Түркістан облысы: Созақ ауданында тазалық пен көркейту-көгалдандыруға қатысты атқарылатын жұмыстар пысықталды

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен лездемелік жиын өтті. Жиынға сала орынбасарлары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Жиынның күн тәртібіндегі мәселе ауылдың барлық көшелерінің тазалығы мен көркейту-көгалдандыруға қатысты атқарылуы керек жұмыстар пысықталды. Аудан орталығында бөлінген секторлар бойынша бекітілген мекемелерге көшелерді тазалау, күл-қоқыстарды шығару, аялдамаларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, көшелердің бойындағы жол белгілері мен электр бағаналарын сырлау сынды бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Айта кетейік, Шолаққорған ауылының аумағы 5 секторға, яғни ондағы 144 көше 39 мекемеге бөлінді. Бөлінген секторлар Шолаққорған ауылының аумағын толықтай қамтиды. Барлық жекелеген секторларға жауапты ретінде бекітілген әр мекемеге көшелерінің тазалығы мен көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.

«Таза Қазақстан» Республикалық акциясы аясында Шолаққорған ауылында орналасқан «Абай», «Тәуелсіздік» және «Данқ» саябақтарына 200 түп роза мен 1300 түп шырайгүл көшеттері егілді. Аса күтім талғамайтын және ұзақ гүлдеп тұратын шырайгүл саябақтар ішінің сәнін кіргізуде.

Сонымен қатар, саябақ іштері қалыпқа келтіріліп, тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сондай-ақ жаңадан отырғызылған 2000-нан астам тал көшеті суарылып, арам шөптер оталды. Алдағы күні өзге де ауылдық округтерде егілетін тал мен гүл көшеттерінің саны арта түспек.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Созақ ауданы бойынша барлық ауылдар мен елді-мекендерде жалпыхалықтық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары жұмыла кірісуде.

Көркейту-көгалдандыру жұмыстарын өз бақылауына алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында бөлінген секторлар мен көше бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарды аралап, қосыша атқарылу керек жұмыстарды пысықтады.

Шолаққорған ауылының аумағында бөлінген 5 сектордың, яғни ондағы 144 көшеге жауапты етіп бекітілген мекеме басшылары мен сала орынбасарларына жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ ендігі кезекте тазалыққа қатысты жүктелген тапсырмаларға салғырттық танытқан басшылардың мәселесі қаралатынын қатаң ескертті.

Сонымен қатар, акцияға көпшілікпен бірге атсалысуға арнайы келген облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев тазалық жұмыстарының барысымен танысып, шараға қолдау білдірді.

Айта кетейік, әр сенбі сайын ұйымдастырылатын сенбілікте мекеме қызметкерлері мен тұрғындар аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау сынды жұмыстарды жүргізеді. Сондай-ақ тұрғын үйлердің ауласындағы қоршауларды ретке келтіріп, қасбеттері мен көше бойындағы электр бағаналарын сырлап, су өткелдері мен арық бойларын тазалайды.

Бұған қоса, Түркістан бағытына шығар жолдың бойындағы “Жасыл белдеу” аумағын арнайы шарбақтармен қоршап, тал көшеттері суарылды. Бүгінгі таңда аумағы артқан “Жасыл белдеудің” көлемі 5 шақырымды құрап, қоршауына 7500 метрден астам шарбақ тартылды. Қоршау жұмыстары әлі де жалғасуда.

Жалпы сенбілікке 1450 адам мен 18 арнайы техника жұмылдырылды. 35 шақырым көше бойлары мен 22 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 32 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында 85 тонна қоқыс тасымалданды. Жоғарыда аталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады.

Тағы бір атап өтерлігі, Созақ ауылдық округінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы шараға «Ақбастау» біріккен кәсіпорны» АҚ қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен белсенді жастар жұмыла кірісіп, Қарабура әулие мен Созақ қаласының орнында орналасқан кесенелердің аумағына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Акцияға жиналған 80-ге тарта қызметкер мен ауыл тұрғындары кесенелердің ауласындағы қоршаулар мен ондағы аяқ жолдарды қалыпқа келтірді. Сонымен қатар, тұрмыстық қалдықтардан тазартып, ондағы арам шөптер оталды. Ағаш түптері әктеліп, гүл көшеттері отырғызылды.

Осы тұста айта өтейік, аудан орталығын кешенді дамытуға бағытталған жұмыстар пысықталды. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылының ішкі көшелерін аралап, атқарылу керек мәселелер мен орталықты кешенді дамытуға бағытталған жұмыстарды пысықтады.

Әлеуметтік нысандар мен білім беру ұйымдарының сыртқы қоршауларын сырлап, аулаларын абаттандыру мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ жаңадан салынатын құрылыстарға қажетті жер телімдерін көріп, аудан орталығындағы «Достар» стадионында болды. Онда стадионды күрделі жөндеуден өткізу мәселесі қарастырылып, жауапты мамандарға тиісті сметалық құжаттарын әзірлеуді тапсырды.

Бұдан соң Шолаққорған-Түркістан бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағына барды. Онда отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйімен танысып, мамандарға жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын бақылауына алды. Қазіргі уақытта аумағы артқан “Жасыл белдеу” толықтай қоршалды. 10 мың метрге жуық шарбақ тартылып, егілген тал көшеттерін суару жүйесі орнатылуда.

Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясында аудан аумағында санитарлық тазалық пен көркейту-көгалдандыру жұмыстарының қарқыны артуда.

Акция аясында барлық ауылдар мен елді мекендерде гүл мен тал көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау, тұрғын үйлердің ауласындағы қоршауларды ретке келтіріп, талдардың түптері әктеліп, жол белгілері мен көше бойында орнатылған электр бағаналарын сырлау сынды жұмыстар жүргізілуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin