Түркістан облысы: Аудан әкімі Төреғали Тәшеновке “Созақ ауданының құрметті азаматы” атағы табыстады

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ұзақ жыл журналистика саласында із қалдырып жүрген Төреғали Тәшеновті қабылдады. Аудандық мәслихаттың өткен жылғы шешімімен берілген «Созақ ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстап, құрмет көрсетті.

— Ең алдымен қазыналы өлкеміздің жеткен жетістіктеріне қолдау білдіріп, ауданымыздың бүгінгі келбеті мен Тәуелсіз еліміздің дамуы жолында қосқан айрықша үлесіңіз үшін алғысымды білдіремін. Көргені көп, түйгені мол ел ағасы ретінде жастардың бағыт-бағдарына кеңес беріп келесіз. Ұшқыр қаламыңызбен талай дүниелерді қамтып, «Ақпарат саласының үздігі» атандыңыз. Қай уақытта болмасын, шығармашылық жолында мол табыстарға кенелуіңізге тілектеспін, -деді аудан басшысы.

Төреғали Әліпұлы 1962 жылы Шолаққорған ауыл округі, Қарабұлақ елді мекенінде дүниеге келген. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР «Мәдениет қайраткері» атағының иегері. Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетін бітірген. Үш жеке жыр жинағының авторы. Косово Республикасында өткен Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының поэзия фестивалінің лауреаты. Топтама өлеңдері республикалық баспасөзде ең алғаш «Жалын» журналында 1987 жылы жарияланған. 1985 жылы Алматыда өткен республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты. Бірқатар республикалық мүшәйраларда үшінші, екінші жүлделі орындарды иеленген. 2011 жылы Косово Республикасында өткен Бүкіл түркі ақындары фестивалінің жеңімпазы. Жарияланған поэзиялық кітаптары: «Аққудың қауырсыны» (1997 жыл), «Жауратқан – жапырақтың көлеңкесі» (2008 жыл, «Өнер» баспасы) және «Сарғалдақ»   (2009 жылы «Ауыл кітапханасы сериясымен «Қайнар» баспасынан жарық көрген).  Сондай-ақ  2011 жылы «Сана мен саясат» және 2012 жылы  «Тәуелсіздік талайы» атты публицистикалық жинақтары жарық көрген. Ақынның жекелеген өлеңдері түрік, румын, қарашай тілдеріне аударылған. Бірқатар өлеңдеріне ән жазылған. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin