Түркістан облысы: Созақ ауданының басшысы Батыс Қазақстан облысына көмекке барған азаматтарды қабылдап, ризашылығын білдірді

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Батыс Қазақстан облысына ерікті түрде көмекке барған жерлестері Қазыбек Қуанышбекұлы мен Мейірбек Жуанышбекұлын қабылдап, ризашылығын білдірді.

— Еліміздің тоғыз облысында бұрын-соңды болмаған су тасқыны орын алды. Орын алған жағдайды еңсеруге аудан халқы да аянбай атсалысқанын білеміз. Игі іске қарияларымыз да өз үлестерін қосып, жанашырлық секілді асыл қасиеттерді көрсете білді. Сіздер де су тасқыны салдарын жоюға өз үлестеріңізді қосып, азаматтық таныта білдіңіздер. Алдағы уақытта да үнемі халықтың алғысына бөленіп жүрулеріңізге тілектеспін. Себебі, халықтың алғысына ешқандай мәртебені теңестіруге келмейді, — деген аудан басшысы игі істі арқалаған азаматтарға арнайы алғыс хат пен сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ізгі тілегін білдіріп, аудан ардагерлері атынан алғыс хат табыстады.

Батыс Қазақстан облысына өздерінің ауыр жүк көлігі техникаларын қоса ала барған азаматтар онда бас-аяғы 20 күн еңбек етіп келгендерін айтып өтті.

— Біз жолға аса дайындықпен шықтық. Онда апаратын техникаларымызды да тыңғылықты тексерістен өткіздік. Онда бас-аяғы 20 күн болдық. Су бөгеттерін нығайту, бүлінген жолдарды қалыпқа келтіру сынды жұмыстарды атқарып, халыққа көмек көрсеттік, — дейді Қазыбек Қуанышбекұлы.

Еске салайық, Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан келтірілген шығындарды өтеу бойынша комиссиялар өз жұмыстарын жалғастыруда. 

Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың мәлім еткеніндей, осындай комиссиялар Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бәйтерек, Бөрлі және Теректі аудандарында жұмыс істеп жатыр.

Тілепберген Ерсайұлының сөзіне қарағанда, мүмкін болатын жерлерде техникалық тексерулер жүргізілуде.

«Облыс бойынша төтенше жағдай салдарынан 1 497 тұрғын үйге зиян келтірілді, соның ішінде 456-сы әрі қарай тұруға жарамсыз деп танылды (Қаратөбе – 90, Сырым – 114, Теректі – 116, Бәйтерек – 9, Бөрлі – 127). Күні бүгін аталған аудандарда жарамсыз деп танылған тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Атап айтқанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, ескі орындары бұзылып, жер жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде жергілікті компаниялар құрылыс жұмыстарын бастады», — деді Т.Каюпов.

Оның айтуынша, 456 үйдің ішінде 70 баспана тұрғындардың өтініші бойынша сатып алынатын болады.

Зардап шеккендерге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек (369,2 мың теңге) көрсетілуде. Осы орайда 6 679 отбасының 2,4 млрд теңге әлеуметтік көмек алғанын еске салған облыс әкімінің орынбасары бұл бағытта саяжай тұрғындарына да жәрдем берілетінін жеткізді.

«Саяжай аумақтарынан судың кетпеуіне байланысты қиындық туындап отырғаны белгілі. Осыған орай «Ғарыш сапары» және басқа құзырлы мекемелердің техникалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тұрғындардың мекенжайындағы мүлкіне қаншалықты шығын келгенін анықтаудамыз. Соған байланысты біржолғы әлеуметтік көмек берілетін болады. Сонымен қатар 8 500-дей саяжай тұрғындарынан өтініш түсіп, соның ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 2 500-дей арыз берушінің өзге баспанасы жоқ екендігі анықталды. Әйтсе де келесі кезеңде олардың отбасы мүшелерінің иелігінде үйі бар ма, жоқ па, ол да тексеріледі. Тек содан кейін ғана басқа баспанасы болмаған жағдайда пәтер сатып алып беру немесе жаңадан салу мәселесі қарастырылатын болады. Мұның бәрін біз барынша тездетіп шешуге күш салып жатырмыз», — дейді Т.Каюпов.

 Жалпы, Батыс Қазақстан облысында биылғы су тасқыны салдарынан барлығы 5 927 үйге залал келтірілді.

БҚО әкімдігінен мәлім еткеніндей, соның ішінде 1 358-і – тұрғын үй. Оған қоса 4 569-ы – тұрғындардың жалғыз баспанасы болып саналатын саяжай үйі. 

Күні бүгінге дейін 4 929 тұрғын үй бойынша техникалық тексеріс қорытындылары шықты. Соған сәйкес 3 023 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды. 1 906 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Жылжымайтын мүлікке келтірілген залалды өтеу үшін 775 жаңа тұрғын үй салу жөнінде шешім қабылданды. Соның ішінде 374-і Орал қаласында, 401-і аудандарда бой көтермек. Сонымен қатар дайын тұрған 2 248 үйді сатып алу, 1 906 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу меже ретінде белгіленген болатын. Қазірдің өзінде 864 үй (аудандарда – 98, қаладағы саяжай тұрғындарына – 766) сатып алынды. 906 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары атқарылды.

«Су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысын тамыз айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Оның сапасын жергілікті атқарушы және қадағалаушы органдармен қатар тұрғындардың өздері де бақылай алады. Тағы бір айта кетер жайт, бірқатар аудандарда үй иелері өздерінің баспанасын салып жатқан компанияларда жұмыс істеп, табыс тауып отыр. Тұрғын үй құрылысы еліміздің ірі кәсіпкерлері мен банктерден, компаниялардан «Ақжайық» қоры арқылы келіп түскен қаржы есебінен жүргізіліп жатыр», — дейді БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.

Жалпы, биыл Қазақстанның су басқан 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат.

Азаматтық қорғаныс мемлекеттік жүйесінің қызметтері су тасқыны салдарын жою, су тасқынына қарсы іс-шараларды, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin