Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ауданды дамыту, инфрақұрылмын жақсарту, атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар талқыланды. Өңір басшысы билік пен халық бірлесе жұмыс атқарса ғана аймақ дамитынын айтты. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, ауылдарды абаттандыру, тазалық жағдайын жақсарту мәселесі маңызды екенін жеткізді.
– Нәтижеге қол жеткізу үшін әкімдіктер мен халық бірлесе жұмыс істеуі керек. Мысалы, елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Өкінішке қарай, әзірге негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері ғана белсенді атсалысуда. Күл-қоқысты көріп өскен бала оны қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстап, тұтас ел болып үлгі көрсетуіміз керек. Таза елге береке келеді, тұрақты елге инвестиция тартылады. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Түлкібас ауданының мүмкіндігі жоғары. Өндірісті, туризмді дамытуға қолайлы. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Түлкібас ауданында 2023 жылы 9 елді мекенде 20 жобаны іске асыруға қаржы бөлініп, тиісті жұмыс жүрді. Атап айтқанда, Майтөбе және Азаттық елді мекендеріндегі 49 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Ынтымақ елді мекеніндегі мектеп күрделі жөндеуден өтуде, биыл пайдалануға тапсырылады. Таусағыз елді мекенінде 150 орынға арналған мектептің қосымша корпусы аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Ақбиік, Келтемашат, Рысқұл, Шұқырбұлақ елді мекендерінде фельдщерлік-акушерлік пункттердің құрылысы жүргізілді. Кершетас елді мекенінде мәдениет клубы салынып, пайдалануға берілді. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1,6 миллиард теңгеге 243 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 59 маманға 20 миллион теңге көтерме жәрдемақы, 10 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 52 миллион теңге көлемінде бюджеттік несиелер берілді. Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Түлкібас ауданында 31 мектепте толық іске қосылды, – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы, Түлкібас ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 21 пайызға өсіп, 2023 жылы 99,5 миллиард теңгеге жетті. Биыл 5 айда бұл көрсеткіш 30,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 33 пайызға өсіп, 9 мыңнан асты. Олардың өндірген өнім көлемі 58 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 14 миллиард теңгеге немесе 31 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 млрд.теңгеден асып жоспар 1 млрд.теңгеге артығымен орындалған. Құрылыс жұмыстарының көлемі соңғы 2 жылда 30 пайызға өсіп, 2023 жылы 6,4 миллиард теңгеден асқан.
Жиында аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтің есебі тыңдалған соң, тұрғындардың сұрақтары мен өтініштеріне кезек берілді. Тұрғындар тарапынан ауданды дамытуға қатысты түрлі сұрақ қойылды. Мәселелер назарға алынды.
Облыс әкімі инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейту керектігін тапсырды.
Кездесуден кейін Дархан Сатыбалды аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Оған басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты. Әрбір өтініш хаттамаға енгізілді, олар бойынша тиісті жұмыс жүреді.
Жалпы, табиғаты әсем Түлкібас ауданы экономикасының дамуының маңызды бағыттарының бірі – туризм саласы. Ауданда туризмді дамытуға ден қойылған.
Қазіргі таңда Түлкібаста 36 туристік нысан жұмыс істейді. Атап айтқанда, 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік сауықтыру орталығы, 21 туристік аймақ пен туристік базалар, 4 киелі аймақ және 3 қонақ үй келушілерге қызмет көрсетеді.
Туризм бағыты бойынша алдағы 3 жылда 13,4 миллиард теңгеге 5 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізілмек. Оның ішінде, «Ақcу Жабағылы» оңалту сауықтыру кешенін қайта құрылымдау және «Түлкібас саясы» ЖШС-нің қолданыстағы емдік сауықтыру орталығын кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар «Ақcу Жабағылы» ОСК» ЖШС арқылы 400 орындық оңалту сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынады. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен «Патсаев. К» және «Боташов Б» демалыс орындары ашылмақ.
Жобалар толық іске қосылғанда, 323 жаңа жұмыс орны ашылады. Одан бөлек, төсек-орын саны қосымша 640 бірлікке артып, салық түсімдері ұлғаяды деп күтілуде.
Ал Түлкібастың құнарлы топырағында өсетін алмасы алыс-жақын шетелдерге танымал брендке айналды. Қырғызстан, Өзбекстан пен Ресей нарығында үлкен сұраныста. Ауданда алма бауды дамыту қарқын алып келеді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына іссапарында Шақпақ ауылдық округіндегі «Кен-Тау» ЖШС-не арнайы барды. Кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. 12 жылдан бері қарқынды алма бау өсірумен айналысып келетін серіктестікте 240 гектарға қарқынды бау отырығызылған. Израильден алынған су үнемдеу технологиясын пайдаланып, 30 гектар жерге қарқынды алма бау отырғызуда. Жыл сайын 4-6 мың тонна көлемінде өнім жинайды.
«Кентау» ЖШС-нің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың жыл санап артуына байланысты, алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап, қыс мезгілінде 4400 тоннаға дейін экологиялық таза Түлкібас алмасын сауда қатарларына жеткізуді көздеп отыр.
Жалпы Түлкібас ауданында алма бау көлемі 3 мың гектарды құраса, соның ішінде 7 жүз гектардан астамын қарқынды бау алқабы алып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын барынша пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру тапсырмасына сәйкес, биыл Түлкібас ауданында 55 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген қарқынды алма бау отырғызылды.
Орайы келгенде атап өтер тағы бір мәселе, Түлкібас ауданында бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Ауданға іссапармен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Нұршуақ мөлтекауданындағы әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысын бақылады. Бұл жерде 2 қабатты, 20 пәтерлік 2 тұрғын үйдін құрылыстары ағымдағы жылдың мамыр айында бастау алған. Нысандар осы жылдың қыркүйек айында толық аяқталып, үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. Сондай-ақ жаңа шағынауданда 56 пәтерлі үш тұрғын үй салынып жатыр. Аталған баспаналарды банк арқылы қолжетімді бағамен ұсыну бағыттары қарастырылуда. Айта кетерлік, бүгінгі таңда Түлкібас ауданында 3100 азамат үй кезегінде тұр.
Өңір басшысы сондай-ақ жұмысын жандандырған жергілікті кәсіпкермен кездесті. «Стас и К» өндірістік кооперативі 2004 жылдан бері газ және су тасымалдауға арналған полиэтилен құбырларларын өндірумен айналысады. Кооператив басшысы жұмысын кеңейтіп, заманауи құрал жабдықтармен жаңа жүйені іске қосқан. Бүгінгі таңда өндіріс ошағында 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Облыс әкімі жауаптыларға ауданды дамыту жұмыстарын жалғастыру, құрылыс сапасын қадағалау, кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр. Кезекте тұрғандарға 2024 жылы 2469 пәтер сатып алуға 36,5 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде: «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 504 пәтер сатып алуға 6,6 миллиард теңге қаралған. Ал «Самұрық-Қазынаның» кредиттік қаржысы есебінен 1989 пәтер сатып алуға 29,9 миллиард теңге қаралып отыр. Бүгінде аудан, қалаларда аталған үйлерді салатын жер белгіленіп, кейбір аудандарда құрылыс басталып кеткен.
Аудан, қала әкімдіктеріне, құрылыс жүргізуге 1, 2 және 3 қабатты тұрғын үйлердің типтік жобалары ұсынылған. Аталған қаржы аясында облыс бойынша жалпы 113 000 шаршы метр құрайтын 114 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл үйлердің басым бөлігі сатып алу құқығымен жалға немесе ипотекаға беріледі деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек Түлкібас ауданында мемлекеттік қолдаумен өндіріс саласы дамуда. Жергілікті кәсіпкерлер субсидия, жеңілдетілген несие алып, бизнесін кеңейтіп жатыр. Пандемия кезінде тұралап қалған кәсіпорындар жұмыстарын жандандырды. Әкімдіктің қолдауымен түрік инвесторлары қаржы құйған «Azia Food Company» ЖШС биыл қайта іске қосылған. Ұн диірмен кешені жылына 36 мың тоннаға дейін бидай өңдеуге қауқарлы. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына іссапарында зауыт жұмысымен танысты. Биыл әкімдік қолдауымен «GRAND FLOUR INDUSTRY» ЖШС — мен серіктестік шикізатын өндіру бойынша келісімшартқа тұрған кәсіпорын қарқынды жұмыс істеуде.
– Біздің басым бағытымыз – өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту. Кәсіпкерлік арқылы мемлекет дамиды. Сондықтан осы салаға қолдау көрсетіп, жұмысты жандандырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ бұл аумақта ұн комбинаты, 2 консерві зауыты, әк зауыты жұмыс істеп тұр. Өз өнімдерін таныстырған кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алып, бизнестерін кеңейте бастаған. Жергілікті кәсіпкер 7 гектардан жиналған патиссон (табақша тәрізді асқабақ) жемісіне деген сұраныстың жоғары екенін жеткізді. Таулы аймақта ғана өсетін дәруменге бай өсімдік Түлкібас ауданында өсіріле бастаған.
Түлкібас ауданында 32 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Биыл ауданда шағын орта бизнес саласындағы кәсіпорындар саны 10 мыңға жетіп, жаңадан 12 720 жұмыс орны ашылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.