5 маусым – Бүкіләлемдік экологтар және қоршаған ортаны қорғау күні: Түркістан қаласында 900-ге жуық көшенің тазалығы күнделікті жүргізіледі

5 маусым – Бүкіләлемдік экологтар және қоршаған ортаны қорғау күні. Түркістан қаласында қоршаған ортаны қорғау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан қаласында 79 сенбілік өтті. Бос жатқан 17 гектар аймаққа 30 мың ағаш отырғызылып, «Тұран» тыным бағына айналды. Сонымен қатар тұрғындардың өтінішімен 8,5 гектар бос жер тазаланып, «Руханият» саябағы салынды. Мұнда 8 мың тал егіліп, 6 га аумаққа көгал төселіп, 2 ойын алаңшасы жасақталды. Қоқыстан тазартылған тағы 3,4 гектар алаңға 3000 тал егілді. 3 гектар көгал төселіп, арнайы балалар ойын алаңшасы жасақталып, «Төлеби» саябағы ел игілігіне берілген.

Түркістан қаласында санитарлық тазалықпен қамтамасыз етілген 875 көше бар. Күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Оның ішінде 136 көше механикалық жолмен тазаланады. Қала аумағы 6 секторға бөлінген. Бүгінде шаhарда 32 саябақ, 32 демалыс аллеялары бар. Облыс орталығындағы көгалды аймақ бүгінде 262 гектарға жетті. 1 миллионға жуық ағаш отырғызылып, 8 гектар жерге гүл егілді. Сонымен қатар аэроғарыштық түсірілім нәтижесінде анықталған 9 стихиялық қоқыс алаңдарына демеушілер есебінен арнайы техникалар жұмылдырылып, тазаланды.

Түркістан қаласындағы қоқыс полигонының жалпы ауданы – 17,85 гектар. Полигонға келіп түскен қоқыстардың ішінде қайта өңдеуге жататын қалдықтар (пластик, шыны, темір, қағаз-картон) сұрыптаудан өтіп, қайта өңдеуге жолданады. Қала аумағындағы орталық маңызы бар көшелердегі кәсіпкерлік нысандар мен қасбеттерін реттеу бойынша Түркістан қаласының әкімдігінің 14 мекемесіне 32 көше бекітіліп, мердігер мекемелерді ұйымдастыру арқылы тиісті жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 3839 нысан сараланып, жөндеуді қажет ететін 1562 нысан анықталды. Оның 1483-і ретке келтірілді.

Көпқабатты үйлердің қасбеттері мен аулалары және суару жүйелері қайта жаңартылды. Көпқабатты үйлер алдына жаңадан 297 дана қоқыс салғыштар орнатылды. Орталық көшелер бойына жаңадан орындықтар мен қоқыс салғыштар (110 дана) орнатылды. Саябақтар мен скверлерге толық тазарту жұмыстары жүргізілді. Қаладағы тазалық жұмыстарын «Түркістан Жарық Тазалық» мамандары жүргізеді. Мекемеде 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Жалпы, теңгерімінде 36 техника бар.

«Таза Қазақстан» акциясы кезінде әр апта сайын 10 мыңға жуық тұрғын аулаларға тазалық жұмыстарын жүргізді. Акция аясында тұрғындардың қатысуымен 6 сектордағы ішкі көшелерді ретке келтіру бойынша 72 сенбілік, мемлекеттік мекемелер мен ведомстволардың жұмылуымен қаланың 45 аумағында 7 сенбілік, жалпы 79 сенбілік өтті.

Сонымен қатар Тазалық мәдениетін қалыптастыру, халықты тазалыққа үйрету мақсатында учаскелік полиция инспекторы, сектор маманы және қоғам белсенділерін тарта отырып, 10 мобильді топ құрылып, қоқысты кез келген жерге тастағандарға айыппұл салынды.

Осы ретте тілге тиек етер мәселе, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып, тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелене түседі. Бүгін осы мәселеге байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Маңызды жиынға Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков, Полиция, Экология департаменттерінің басшылығы, аудан, қала әкімдері мен экобелсенділер қатысты. Өңір басшысы «Таза Қазақстан» акциясы бойынша атқарылған жұмыстар әкімдердің қызметін бағалауда назарға алынатынын жеткізді.

– Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жалғастырамыз және апта сайын пысықтап отырамыз. Бұл – Президенттің бастамасымен қолға алынған іс. Сондықтан оның маңызын әрбір әкім, әрбір мемлекеттік қызметкер терең сезініп, оны тұрғындарға жеткізе білулері керек. Әріптестер, «Таза Қазақстан» акциясы бойынша құлшыныспен жұмыс істеу қажет. Бұл – біреудің күштеуімен емес, өзіміздің ынтамызбен кірісетін жұмыс. Облыс аумағы таза болса, қоғам да, қоғамның ойы да тазарады. Сондықтан әрбіріңізден осы жұмысты жалғастыруды талап етеміз. Дұрыс нәтиже болмаса, ауыл округі әкімдері, аудан әкімдерінің жауапты орынбасарларына, тіпті, аудан, қала әкімдлеріне қызметтік шара көріледі. Барлық сала басшылары мен өкілдері атсалысуы тиіс. Білім, спорт, мәдениет, медицина мекемелерінің өкілдері өз аумақтарын тазартып, көгалдандырсын. Қоғам болып кіріскенде ғана аймақ тазарып, ажары ашылады, – деді Дархан Сатыбалды.

Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы бұл бастаманың әрбір өңірде сапалы өтуі Президент әкімшілігінің тұрақты бақылауында екенін айтты.

– Түркістан облысында акция аясында көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы тұрақты негізде жалғастыруды тапсырды. Осыған байланысты әкімдіктер халықтың экологиялық мәдениетін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған өңірлік жоспарларын әзірлеуі қажет. Қазіргі қолданыстағы абаттандыру қағидасы тиісті деңгейде әзірленбеген, сондықтан орындалуы ақсап тұр. Бұдан бөлек, қағидада аумақтарды күтіп ұстауға және тазалауға байланысты көптеген мәселелер ескерілмеген. Бұл орайда, Президент әкімшілігі тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне абаттандыру ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде нақты тапсырма берілді. Жаңа қағидада меншік иелерінің жеке және іргелес аумақтарды күтіп-ұстауы, елді мекендердің және ғимараттардың сыртқы архитектуралық келбетін жақсарту мәселелері қарастырылуда. Сондай-ақ қыс мезгілінде аумақтарды жинау, қарды, мұзды және қоқысты жинаудың нақты мерзімдері мен әдістері көрсетіледі. Бұл жұмыстарды атқаруда тұрғындар мен бизнес өкілдерінің қатысуына басымдық беріледі, – деді Ерлан Исабеков.

Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшының міндетін атқарушы Нұржас Нұрболат және Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтпаевтың баяндамалары тыңдалды.

Түркістан облысында жалпы науқан аясында 1 408 ауқымды іс-шара өткізілген. Оған 2 156 мемлекеттік орган, 3 204 бизнес өкілі, 74 мыңға жуық тұрғын атсалысқан. Бұл жұмыстар жалғасады.

Түркістан облысы Полиция департаменті құрылымдарымен, облыс аумағын абаттандыру қағидалары мен ортақ пайдалану орындарын ластау фактілерінің анықтау бағытында кешенді шаралар атқаруда. Қызметкерлер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тәртіпсіздікке «Нөлдік төзімділік» қағидатын жүзеге асыруға, азаматтардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға тікелей әсер ететін баптары бойынша 17 270 деректі анықтап, әкімшілік шаралар қабылданды. Атап айтқанда, жыл басынан бері Әкімшілік кодексінің 505 бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша 3 736 тұлға анықталып, 3 597 ескерту жасалып, 139 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды Әкімшілік кодексінің 434-2 бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша 10 614 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 146 млн теңге айыппұл салынған. Әкімшілік кодексінің 630 бабы (Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа жол құрлыстарын бүлдіру) бойынша 2 920 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 13 млн теңгеден астам айыппұл салынып отыр. Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысы бойынша экология департаменті тарапынан Қазақстан Республикасы Экология Кодексі талаптарының сақталуына қатысты 115 тексеру жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша 478 экологиялық заң бұзушылықтар анықталып, бұзушылықтардың орындалуына 145 нұсқама берілген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы Кодексінің талаптарына сәйкес, 462 жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынған.

Өңірде тазалық, абаттандыру жұмыстары жалғасады. Осы салаларға қатысты заңды бұзғандарға қатысты тәртіптік шаралар да тоқтамайды. Тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына басымдық беріледі.

Иә, 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1972 жылы бекітілген. Жыл сайын 5 маусымда атап өтілетін бұл күні Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі халықтың назарын қоршаған орта проблемаларына аудартады. Біріккен Ұлттар Ұйымының тарапынан үлкен қолдау көрсетілетін мерекенің мақсаты — қоршаған ортаның айтулы проблемаларына әлемдік қауымдастықтың назарын аудару және адамзат баласының қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін ояту болып табылады. Аталған күн аясында адамдардың таза және қауіпсіз ортада өмір сүруі қамтамасыз етілуі тиіс.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылдың маусымында қоршаған орта проблемалары жөніндегі Стокгольм конференциясының қарарына сәйкес бекітілді. Біріккен Ұлттар Ұйымы өз жүйесіндегі барлық мемлекеттер мен ұйымдарды жыл сайын осы күні олардың қоршаған ортаны қорғауға және оны жақсартуға деген ұмтылыстарын көрсететін түрлі іс-шараларды өткізуге шақырады.

Сондай-ақ Бас Ассамблеяның 27-ші сессиясында БҰҰ жүйесі аумағында жаңа ұйым құрылған болатын. Ұйымның атауы — БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП). Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні жыл сайын ЮНЕП-тің тікелей мұрындық болуымен атап өтіледі.  

Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні көшедегі шеру, велосипедистер парады, «жасыл» концерттер, мектептерде шығармалар мен плакаттар байқауы, ағаш отырғызу, сондай-ақ қалдықты қайта өңдеу науқаны және айналаны тазарту сияқты қызықты шаралар жасалады.

Қазақстан Республикасында бұл шара атап өтіледі және еліміздің әр аймағында түрлі шаралар ұйымдастырылады.

Қазақстан Республикасында “Қоршаған ортаны қорғау туралы” Заң 1997 жылы 5 тамызда қабылданған. Осы Заңның негізінде қазіргі күнге шейін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мысалы, 2007 жылы халықаралық актілерге, жаңа стандарттарға сай біздің экологиялық заңнаманы үйлестіріп, мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған Экологиялық кодекс қабылданды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin