Түркістанда ақын, жазушы Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толуына орай «Қазақ поэзиясының құлагері» атты поэтикалық марафон өтті.
Шара облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен қолға алынған. Жиынды филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркі әлемінің үздік педагогы Сейдулла Садықов ашып, қаламгердің шығармашылығы бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі Баян Адырбек және ардагер ұстаз, Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі Сиякүл Мұстапаева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің түлектер қауымдастығының төрағасы Мәриям Асанова мен басқа да жоғары оқу орындары мен мектеп ұстаздары және жас ақындар іс-шараға қатысты.
Шара барысында Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығынан бейнеролик көрсетіліп, Ілияс пен оның сүйікті жары Фатиманың хаттарынан үзінді қойылым көрсетілді. Сондай-ақ, Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер орталығының көркем сөз үйірмесінің оқушылары ақынның дастандарынан әдеби композиция оқыды. Одан бөлек, арнайы жасақталған кітап көрмесі таныстырылды. Шараға белсенді қатысқан оқушылар алғыс хатпен марапатталды.
Атап өтейік, Ілияс Жансүгіров (5 мамыр 1894 жыл, Ақсу ауданы, Алматы облысы – 26 ақпан 1938 жыл, Алматы) — қазақ ақыны, драматург, прозаик, фельетоншы, сатирик, журналист, аудармашы және қоғам қайраткері. Қазақстан жазушылар одағының тұңғыш төрағасы. Алғашында өз әкесінен, ауыл молдаларынан сауат ашқан. Қарағаш ауылында жәдитше бастауыш мектепті бітіреді. 1919 жылы Ташкентте екі жылдық мұғалімдік курсқа түседі.
- Оқуын бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады.
- 1922 жылы Алматыда Қазақ ағарту институтының меңгерушісі болып тағайындалады.
- 1925 жылы Мәскеуге Журналистика институтына оқуға түседі.
- 1928 жылы институт бітірген соң, «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке жіберіледі. Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан.
- Бұрынғы ҚазАПП (1926) таратылған соң 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланады.
- 1934 жылы өткен 1-съезде Қазақстан жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланды.
- 1934–1937 жылдары Қазақ саяси баспасының редакторы болып қызмет етеді.
- 1933–1936 жылдары Қазақ АКСР ОАК-нің мүшесі.
- 1937 жылы НКВД тұтқындады.
- 1938 жылы ату жазасына кесілген.
- 1958 жылы ҚазақКСР Жоғарғы сот шешімімен қылмыстық құрамның болмауына байланысты ақталды.
Жансүгіров өлең жазуды 1912 жылы бастаған. Оның «Балдырған», «Қызыл жалау» атты өлең дәптерлері кейін 1957 жылы Ұлттық кітапханадан табылды. «Сарыарқаға», «Тілек» атты өлеңдері Жансүгіровтың жарық көрген алғаш туындылары еді. Олар 1917 жылы Семейдегі «Сарыарқа» газетінде жарияланған. 1923 жылы «Сана» журналында «Мерген Бөкен» әңгімесі басылып шықты. Содан кейін Жансүгіров өлеңдері «Тілші», «Ақжол», «Кедей еркі» газеттерінде жиі жарияланып жүрді. Кейіннен Жансүгіров халқының алдында қаламы ұшталған, ойы терең, талантты ақын ретінде белгілі болды.
Жансүгіров шығармаларының бастау алар арнасы – қазақ халқының бай ауыз әдебиеті, Абай поэзиясы, орыс және дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілері. Оның шығармалары сан салалы, көп қырлы.
Жансүгіров халықтың бай фольклорын жинасуға, оның озық үлгілерін халық игілігіне айналдыруға, басылып кітап болып шығуына үлкен үлес қосқан. Олардың озық үлгілерін өзі жазған мектеп оқулықтары мен хрестоматияларына енгізіп, мектеп оқушыларының халықтық тарихынан, өткен өмірінен хабардар болуына зер салған. Жансүгіров әдебиет сынына да араласып, әдеби көркем сын жанрының дамуына ат салысты.
Ол А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Н.А Некрасовтың, Максим Горькийдің, Генрих Гейне мен Виктор Гюгоның, Ғ.Тоқайдың, К.Лахутидің шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен байланысын кеңейтті. 1936 жылы А.С.Пушкиннің 100-жылдығына Ілияс Жансүгіров «Евгений Онегин» романын аударып өзінің кітабына еңгізген. Бірақ соғыс жылдары ол роман басқа кісінің атымен шығыпты. Ілияс Жансүгіров ақталғаннан кейін оның туыстары соттасып сол романды Ілияс Жансүгіров аударғанын дәлелдеді.
Жетісу облысы Ақсу ауданында Ілияс Жансүгіров дүниеге келген ауылы өз атымен аталған (Жансүгіров ауылы). Бірнеше қалада мектептер мен көше атаулары Ілияс Жансүгіровтыі құрметіне аталған. Талдықорған қаласындағы Жетісу Мемлекеттік университеті Жансүгіров есімін арқалап жүр. Сонымен қатар, Талдықорғанда ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істейді.
Ол 4 рет үйленді.
- Бірінші әйелі (1912-1914) — Жамила, нағашысының жесірі (жергілікті байдың қызы).
- Екінші әйелі (1922-1925) — Аманша Берентаева, аяғы ауыр және денсаулығы нашар болып, қайтыс болды. Босанардағы сырқаттарға төтеп бере алмады. Сол кезде Жансүгіров Мәскеудегі коммунистік журналистика институтында оқуға кетті.
- Үшінші әйелі (1929-1931) — Фатима (Бәтима) Төребаева. Бәтима Төребаевадан ұлы Саят және қызы Сайра туады. Бәтима Мәскеуге оқуға кеткенде Ілияс Жансүгіров жақын досы, әйгілі мұғалім Біләл Сүлеевтің әйелі Фатима Ғабитовамен қарым-қатынас орната бастайды. 1931 жылы Жансүгіров Фатима Төребаевамен ажырасып, 1943 жылы Фатима туберкулезден қайтыс болды.
- Төртінші әйелі (1932-1938) — Ғабитова Фатима Зайнуллиновна (1903-1961). Фатима Қапалдағы татар көпесінің қызы еді. Біләл Сүлеев тұтқындалған соң, Фатима Ілияспен отау құрады. Ілиясқа Үміт, Ильфа, Болат есімді үш бала сыйлады. 1938 жылы Ілияс қайтыс болғаннан кейін, Жансүгіровтың жақын досы Мұхтар Әуезов жесір қалған Фатиманы өз қамқорлығына алады.
Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе ол өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.
Ілияс әдебиетке халық фольклоры дәстүрінен, аз оқуымен және біршама кештеу — 20-жылдардың басында келді. Бірақ ол сол кездің өзінде халық өмірін жетік білетін, қазақ тілінің байлығын тамаша меңгерген бозбала еді. Өте қабілеттілігі мен ізденгіштігінің, жігершілігінің және жаңадан құрылып жатқан қоғамның қоңыр төбел ортадан шыққан талапты жастың оқып, білім алуына жылы қабақ танытуының арқасында, ол біршама қысқа уақыттың ішінде тез жетіліп, аршындап алға озды. Алматы, Ташкент, Мәскеу оқу орындарында жақсы мағынасындағы қомағайлықпен білім алды, өз бетімен де көп оқыды, орыс және әлем классикалық әдебиетін зерттей оқып, үздік туындыларын орыс тілінен қазақшаға аударды. Осы аралықта жазуға да төселіп, қоғамдық жұмыстарға, әдебиет ісіне белсене қатысты. Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, «Күй», «Күйші», «Құлагер» сияқты классикалық шығармалар тудырды. Ілияс поэзиясы — ойға — қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия.
Қазақтың Абайдан кейінгі замандағы аса дарынды да арынды ақыны Ілияс Жансүгіровті, әдетте, өзі шалқар шабыт, керемет құштарлықпен көсіле жырлаған Ақан серінің Құлагеріне ұқсастырады. Айтты-айтпады, екеуінің дүлдүлдігінде ғана емес, тағдыр-талайында, қайғылы өлімдерінде де ұқсастық бар. Бәйгенің алдын бермейтін қас жүйріктерге ғана тән намыскерлікпен жанын сала зымырап бара жатқан Көктұйғынды омыраулап, кең тыныспен жүйткіп келе жатқан Құла пырақ межелі жер -Жыландысайға еңкейісте, үстіндегі баланың тізгінін босатып, тақымын сәл қымтып қалуы мұң екен, жұлдыздай аға жөнеледі. Сол сәтте қалтарыстан тап берген қарақшы кер құланы маңдайдан айбалтамен періп өтеді де, қайран тұлпар қара жер қақ айырылғандай гүрс етіп құлап қала береді. Кемеліне келіп, ақындық бәйгесінде арындап алға шыққан шағында Ілияс та тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, мұрттай ұшты. Әйтсе де әмбебап дарын айналасы 10 жылда проза мен драматургияда, әсіресе поэзияда әдебиетіміздің алтын қорына жататын айтулы туындылар беріп, артына аса мол көркем мұра қалдырды.
І.Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. І.Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі — «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.
Елімізде бірнеше мектепке, көшеге, ауданға, елді мекенге, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне І.Жансүгіровтың есімі берілді.
1994 жылы университеттің қарсы алдындағы алаңға ақынның қоладан құйылған ескерткіші орнатылды. Талдықорғанда ақынның өмірі мен шығармаларына арналған әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.