1 шілде – Ұлттық Домбыра күні: Түркістанда «Тұран даласының күйлері» күйшілер байқауы өтті

Бүгін 1 шілде – Ұлттық Домбыра күні. Осыған орай Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тұран даласының күйлері» күйшілер байқауы өтті. Шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы арнайы қатысты. Сондай-ақ, Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған Ұлжалғас Мұстафева, Сауранбек Елеуов, Несіпкүл Утебаева, Рыс Ташиметова, Гүлжанат Дюсенбаева тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Байқаудың мақсаты – дарынды жастарды насихаттау, музы­калық шеберлікті шыңдау, елдегі ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосу, төл өнерді насихаттау болды. Байқаудың ашылу салтанатына қатысқан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Қырықбаев Мекенхан Қозыханұлы мен Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов құттықтау сөз алды.

«Бүгінгі мереке – Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Бұл күн – ұлттық құндылықтарымызды ардақтап, терең тамырымызға ой жүгіртетін дата. Өйткені қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, қазақтың жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы мен мұңын, қуаныш пен шаттығын жеткізген сенімді серігі, бабалардың үні, Ұлы даланың сазы. Қара домбыраның қоңыр үні санамызда сақталған, тамырымызда таңбаланған. Сондықтан халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін!» — деді ел ағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.

Мекенхан Қозыханұлы өз сөзінде: «Қазақтың қасиетті домбыра күнінің аталып өтуі — ұлтымыздың үні мен дәстүрінің жаңғыруына жол ашады. Әсіресе бұл болашақ жас ұрпақтың бойына ұлағаты мол із қалдырады деген ойдамын. Қара домбыраның қоңыр даусын күмбірлеткен жастар арасындағы бұл байқау — қазақ халқының ұлттық мұрасы қасиетті домбыраны ұлықтау, үміткерлердің бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, олардың шығармашылығын халыққа насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Барлығыңызға сәттілік тілеймін. Ұлттық домбыра күні құтты болсын!» – деп атап өтті.

Талантты жастар арқылы елдің рухын оятатын, жігерлендіретін, отаншылдықты насихаттайтын күйлерді ел арасына кеңінен на­сихаттайтын байқаудың қазылар алқасының құрамында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Спорт және өнер факультеті, «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Әлімбай Түгелбайұлы Ботақарев, Түркістан балалар саз мектебінің ұстазы, оқушылар оркестрінің дирижері, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Ерлан Асқарұлы Жақыпбеков, Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаты, Мәдениет министрі медалінің және Райымбек Сейтметов атындағы жүлденің иегері, Райымбек Сейтметов атындағы театр актеры Қанат Малдыбекұлы Садықбеков болды.

Қадыр Мырза Әлі ақынның: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» — деп, ұлттық құндылығымыз домбыраны әр қазаққа аманат екенін айтып кеткен. Осы ретте қолға алынған байқауға кіші топ бойынша яғни 10 мен 16 жас аралығындағы үміткерлерден 22 адам қатысса, үлкен топ бойынша яғни 17 мен 24 жас аралығында 7 үміткер өзара бақ сынады. Шертпе және төкпе күйлерді домбыра, жетіген, қобыз аспаптарының көмегімен байқау шартына сәйкес орындап шықты.

Жыл сайын өтетін үрдіске айналған байқауда жүзден жүйрік таланттардың есімін қазылар алқасы сараптап, қорытындысын шығарды. Сонымен байқау қорытындысы бойынша үлкен топ арасында Бас жүлдені Абылайхан Тәліпбайұлы Нұрқұл иеленді. Жүлделі І орынға Нұржауған Нұржанқызы Рысқұлбекова лайық деп танылса, үш бірдей ІІ орынға Зарина Сейдуллақызы, Азамат Ергешбекұлы Құдайберген, Олжас Серғазыұлы Есемхан ие болды. Қос ІІІ орынды Арман Нақыпұлы Әкетай мен Дәурен Нұртайұлы Елубай иеленді.

Сонымен қатар кіші топ бойынша байқау жүлдегерлері төмендегідей анықталды. Бас жүлдені Дәурен Қайратұлы Маханбет еншіледі. І орынға Жомарт Абдусаламұлы Әбдірахман тұрақтаса, үш бірдей ІІ орынға Ұлбала Қайратқызы Қуат, Мұхамедәлі Мұратұлы Құрманғали, Балнұр Маратқызы Қалыбай ие болды. Үш ІІІ орын Айнара Ерланқызы Марат, Садир Тахирұлы Сабиров, Алмаз Талғатұлы Момишқа бұйырды.

Мұнымен қатар, Дина Нұрпейісова атындағы номинациямен Амангелді Аружан Нұрланқызы марапатталса, Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы номинация Дархан Ерланұлы Жетібайға ұсынылды. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы номинацияға Заңғар Нұрланұлы Мұхтар лайық деп танылса, Нұрғиса Тілендиев атындағы номинация Бақдәулет Ержанұлы Егенбердіге бұйырды. Ал, Төлеген Момбеков атындағы номинациямен Айзере Нысанәліқызы Байбосын марапатталды. Барлық жүлдегерлерге қаржылай сияпаттар мен дипломдар табысталды. Қазылар алқасының еңбегі де ескеріліп, арнайы марапатқа ие болды.

Кең-байтақ қа­зақ да­ласында күй мектептері көне заманнан бері қалыптасқан. Атақты күйшілердің бүгінгі ізба­сар­ларымен мақтанамыз. Бағзы заманда күйдің тілімен елдің тағдыры шешілген, халықтың мұң-мұқтажын қос ішектің кө­мегімен жеткізген. Осындай бай мұрамызды дәріптеген байқау атаулы күнде осылайша өз мәресіне жетті.

Жалпы, зерттеушілер арасында домбыра атауының шығу төркініне байланысты тартысты пікір көп. Домбыра біздің дәуірімізге дейінгі 5 мың жыл бұрын пайда болған деседі. Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан екен. Бұған біздің заманның 2 ғасырын қоссаңыз, тұп-тура 6 мың жыл шығады.

Сондай-ақ, Жұмагелді Нәжімеденовтің «Қоңыр үнді домбыра» кітабындағы деректерді мысалған келтірсек, домбыраның тарихы тереңде екенін көреміз. Сақтардың кезінде (б.д.д.VII-IV ғасырлар) қобыз, сыбызғы мен домбыра кең тараған. «Шыңырау» мен «Аққу» күйі – сол замандардан жеткен. Қазіргі қазақтың бесік жырлары, олардың әуені сол кезеңдерден бастау алады. Біздің уақытымызға дейін жеткен ғұндардың күйлері (б.д.д. III-II ғғ): «Кеңес», «Сары өзен», «Шұбар ат». Б.д.д II-I ғасырдан бері аты ұмытылмай келе жатқан күйші, сыбызғышы Саймақ өмір сүрген. Қимақтардан (б.д. VI-IX ғасырлар) «Ертіс толқындары», «Мұңлы қыз», «Тепең көк», «Ақсақ қаз», «Бозінген», «Желмая», «Құланның тарпуы», «Көкейкесті» күйлері жеткен.

Алтайдан Анадолыға дейінгі түркі халықтары арасында домбыра аспабы кең таралған. Түркітілдес халықтар домбыра тектес шертпелі аспаптарды әр түрлі атайды: қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра; тәжік – домбурак; бурят – домбро; монғол – домбор; түрік – томбра; телеуіт – комыс; шор – қобус; қырғыз – қомуз; қырым татарлары – қобуз; хақас – хомус; алтай – топшур; тува – топшулур; түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар. «Нағыз қазақ – домбыра»: қос ішекті аспап жайлы қызықты деректер» мақаласындағы деректерге сүйенсек, «домбыра» сөзі көне шумерден аударғанда «кішкене садақ» деген мағынаны білдіреді.

Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, «домбыра» сөзі «қозы құйрық» сөзімен байланысты «дунбаһ» және «бурра» деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек.        

Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі «дөп бұра», «дәл бұра», «дем бұра» деген сөздердің тізбегінен жасалған. Тағы бір деректерде «домбыра» атауы «дом және бұра» деген сөздерден шыққан делінеді. «Дом» сөзі қазір «домығып, ісініп кету» мағынасында қолданылып жүр. Ал «бұра»  «күйге келтір» дегенге саяды.

Марко Поло (XIII-XIV ғасырлар) өз шығармаларында домбырада ойнауды көрсеткен.

Қазақтың қасиетті домбырасы туралы Ілияс Жансүгіров былай жырлаған: Домбыра сенде мін бар ма? Мінсіз болсаң тіл бар ма? Тіл жоқ деуге бола ма, Тілден анық үн барда. Домбыраның күші мол, Көмейінде күй барда.

Домбыраның қалай пайда болғаны жайлы аңыздардың бірнеше нұсқасы бар. Солардың ішінде көп тарағаны домбыраны жасаған аңшы жігіт жайындағы аңыз. Бұл туралы әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының кіші ғылыми қызметкері Жұмакүл Бегілдаеваның «Ана тілі» басылымында жарияланған «Домбыра, сенде мін бар ма?…» мақаласында мына аңыз-әңгіме мысалға келтірілген: Ертеде бір аңшы жігіт аң атып алып, сол сойылған аңның ішегін ағаш басына лақтыра салады. Шұбатылған ішек бір бұтақтан екінші бұтаққа ілініп, керіліп қалады. Күндердің бір күнінде Қамбархан сол жерден өтіп бара жатса, құлағына ерекше бір жағымды әуен, құйқылжыған үн естіледі. Жан-жағына қараса, бір бұтақтан бір бұтаққа керіліп қалған қос ішек жел соқса, ызыңдап қоя береді екен. Аңшы жігіт әлгі ағашты кесіп алып, шауып, жонып, домбыра жасаған екен.

Белгілі музыкант-этнограф Александр Затаевич ондаған күйшінің шығармаларын нотаға түсіріп, 1931 жылы «Қазақтың 500 күйі мен әні» жинағын шығарды. Қазақтың күйшілері Қазақтың күй өнері – ешбір халықта жоқ, өзіндік орындау мәнерімен, орындаушылық дәстүрімен, тақырыптарының әр түрлі болуымен ерекшеленетін музыкалық жанр. Күй өнері қай кезден бастап қалыптасты? Күй өнері XIV ғасырдан бастап қалыптасқан. Күйдің әуендік құрылысы, ырғақтық- орындаушылық әдістері сан алуан. Мысалы Құрманғазының күйлері екпінді, жігерлі болып келсе, Дәулеткерейдің күйлері терең толғауға, романтикалық лирикаға негізделген. Ал Тәттімбеттің күйлерінің әуені әсем, тәтті мұң мен қоңыр сазға толы. Қазанғаптың күйлері құбылмалы, ойнақы, төкпе жыр іспетті болып келеді. Күйлер орындаушылық дәстүр мен қағыс түріне қарай төкпе және шертпе күй болып екі стильдік мектепке бөлінеді.

Домбыра күні – ұлттың үні Шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. 2018 жылдың 13 маусымында «Домбыра күні» мерекесін белгілеу туралы ресми шешім қабылданды. Сол жылы 1 шілдеде осы мереке аталып өтті. Домбыра күнін атап өтудің негізгі мақсаты – қазақтың музыкалық мәдениетін насихаттап, ұлттық аспап – домбыраның қадір-қасиетін бағалау. Ахмет Жұбанов: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі». Қазақтың мұңы мен қуанышын домбырадан артық ешбір аспап жеткізе алмайды десе болады. Домбыра ол – ән мен күй, ұлттық өнердің негізі осы аспаптан бастау алады» — дейді.

Қалай десек те, домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. Алайда 2010 жылы отандық БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған еді.

1500 жыл бұрын қолданыста болған көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңгірден табылған. Әуелі малшының қолына түскен аспап археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды.

Бірнеше айларға созылған келіссөздерден кейін ғана Моңғолия тарапы домбыраның көшірмесін алуға рұқсат беріп, кейін сол көшірме негізінде жасалған көне домбыраның нұсқасы музейге қойылды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin