Түркістан облысы: «Өнерлі өлке» өнер фестивалі аясында Шардара ауданының Түркістандағы мәдени күндері ұйымдастырылды

Түркістанда Шардара ауданының мәдени күндері өз мәресіне жетті. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған іс-шара қатарынан екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Керуен сарай» туристік кешенінде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концертке аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев арнайы қатысып, келген көрерменге алғысын білдірді.

Мерекелік концерт Шардара тарихын суреттейтін қойылыммен басталып, ән-күймен жалғасты. Кештің арнайы қонағы шардаралық Сырымбет Бибосынов өнер көрсетіп, кеш белсенділеріне сыйлықтар ұсынды.

Шараның алғашқы күні Этноауыл аумағында салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері көрсетілді. Ұлттық тағам түрлері таныстырылды. Шардара ауданының жетістіктері туралы кітап және фото көрмелері, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі жасақталып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар, жастардың танымдық қабілетін арттыруға, интеллектуалды, еркін ойлай алатын жеке тұлға етіп тәрбиелеу мақсатында «Ой мен ойын» интеллектуалды сайысы өтті.

Келесі күні ұлттық спорттық ойын түрлерінен, атап айтсақ, қошқар көтеру, алыптар сайысы, асық ату, ләңгі тебу, садақ ату, қазақ күресі сынды түрлі т.б ойындардан жарыстар өткізілді. Ойын жеңімпаздарына сыйлықтар берілді.

Айта кетейік, фестиваль мақсаты – ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту болып саналады.

Иә, биыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осыған орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өз жалғасын тауып отыр. Сәуір айының басында этноауылда ашылу салтанаты өтіп, көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Аудан-қалалардың өнер ұжымдары алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, кезекпен келіп, өнерлерін көрсетеді. Алғаш болып маусым айының басында фестиваль шымылдығын күндері Сайрам ауданының көркемөнерпаздары ашты. Этноауылда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің және аудан, қаланың жетістіктері туралы көрмелер ұйымдастырылған. Екі күнге жоспарланған шара барысында қылқалам, қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстарын көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүр, ән-жыр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер де сахналанады. Ал аптаның сенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында әрбір аудан, қала мерекелік Гала-концерт дайындап, көрермендерге ұсынады. Гала-концертте халық шығармашылығының жанрлары: ән, би, күй, айтыс, көркемсөз оқу, жыр-терме, цирк, сатира, хор, оркестр, вокалды-аспаптар мен отбасылық ансамбльдер, фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер, театрландырылған қойылымдар болады. Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтетін фестивальдің басты мақсаты – мәдениет пен өнерімізді дамыту және жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеп, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталып отыр. Айта кетейік, фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған көркемөнерпаз ұжымдары және әншілердің қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады. Маусым-қыркүйек айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтеді. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin