Түркістан облысы: Жетісай ауданының әкімі жергілікті шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысты

Түркістан облысындағы Жетісай ауданының еңбекқор шаруалары биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,8 мың гектарына мақта шитін сепсе, 20,1 мың гектар жерге – бақша, 7,2 мың гектар жерге – дәндік жүгері, 3,3 мың гектар жерге — көкөніс пен 6,3 мың гектар алқапқа жоңышқа дақылын екті.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов жергілікті шаруалармен кездесіп, жұмыстарының жай-күйімен танысты. Еркін форматта әңгімелесіп, өзекті мәселелерді ортаға салды. Шаруалардың айтуынша, ақпанда отырғызылған көшеттер ауа-райының қолайсыздығы салдарынан мерзімінен кештеу піскенімен, сұранысқа ие. Қазіргі уақытта өнімдер Ресей Федерациясына экспортталып жатыр.

«Биыл қауынымыз жылдағыдан кештеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Бүгінде өнімдерімізді ешқандай делдалсыз егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, Ресейге жіберіп жатырмыз» – дейді шаруалар.

Айта кетейік, ағымдағы жылы аудандағы суармалы жердің 20 мың гектарына егілген бақша дақылдарының 16 мың гектары қауын болса, 4 мың гектары қарбыз дақылы. Ал, өткен жылы 18 780 гектар алқапқа егілген бақшаның 14 мың гектары қауын, 4,6 мың гектары қарбыз болған. Былтыр жалпы алынған өнім көлемі 514,3 мың тоннаны құраған.

Естеріңізде болса, биыл маусым айының басында жетісайлық диқандар алғашқы 30 тонна қауынды Ресейге жөнелткен болатын. Көп ұзамай тағы 90 тонна қауынды Мәскеу қаласының сауда орталықтарына жеткізді. Биылғы қолайсыз ауа-райына қарамастан диқандар бақша өнімін, қар мен жаңбырдан сақтап қалды.

Жетісай ауданы Абай ауылдық округіндегі бақша алқаптарында қазір жұмыс қауырт. Шаруалар ерте піскен қауынды жинап жатыр. Бұл жұмыстарға ауылдың қыз-жігіттері түгел тартылған. «Осы қауынды егеміз, пәлегін қайтарамыз. Осы дәрежеге жеткеннен кейін өзіміз үзіп, өзіміз сортировка етеміз. Бала-шағамызбен күніне 7500 теңге табамыз» — дейді егіс басындағы жұмысшылар.

Абай ауылында шаруалар негізінен қауын-қарбыз өсіреді. Жергілікті диқандардың бірі 45 гектар жерге қауынның әртүрлі сортын еккен. Алғашқы өнімді маусым айының бас жағында жинай бастады. Қалғандары қара күзге дейін өнім беретінін айтады. «Биыл енді жауын-шашын көп болғаннан кейін қауындар біраз сәл ауырды. Оған дәрілерді, химикаттарды шашып, бері қаратып алдық» — дейді диқандар. Айтуларынша, Ресейде қауын 10-11 мың теңгенің арасында сатылыпты. Яғни, ерте піскен бақша дақылдарынан түсетін пайда көп. Шаруалар егіс алқаптарынан жиналған өнімнің әр келісін 600 теңгеден саудалап, Ресейдің нарығына жөнелтіп жатыр. «Еліміздің өзге өңірлерінен де сұраныс бар», — дейді.

Бұған дейін мақта егуді ғана кәсіп еткен диқандар бақша дақылдарына ден қоя бастаған. Бұл ретте Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков: «Мақта дақылдарынан гектарына 3-5 тонна өнім алса, бақша дақылдарынан кемінде 25-30 тонна өнім алады. Мемлекет тарапынан бау-бақшаға жылдың басынан бастап минералды тыңайтқыштар берілді. Сондықтан шаруалар соңғы жылдары пайдасы көп дақылдарды егіп жатыр» — деп пікір білдірді.

Жалпы, бүгінде қауын жүк көліктеріне тиеліп, көрші елге тасымалдануда. Диқандар Ресейдің сауда орындарына делдалсыз жеткізеді. Диқандар қара күзге дейін 500 мың тоннадан астам өнім аламыз деп жоспарлап отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin