Түркістан шаһарында қоғамдық-саяси ахуал және этносаралық қатынастар мәселелерін талқылау мақсатында штаб отырысы өтті. Басқосуда жастар, этносаралық қатынас, жер дауы мәселелері тарқатылды. Мәжіліске құқық қорғау органдарының өкілдері, жауапты басқарма басшылары, аудан һәм қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда тұруы керектігін, басқарма, аудан әкімдігінің қызметкерлері өзіне жүктелген міндетті сапалы орындауы тиіс екенін айтты.
– Облыстағы қоғамдық ахуал тұрақты бақылауда болуы тиіс. Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштеріне жедел үн қату керек. Халық көп шоғырланған ауылдарға талдау жасалып, жастар арасында жұмыссыздықты жою, мемлекеттік бағдарламаларға тарту шаралары күшейтілсін. Елімізге танымал бизнес, өнер, спорт саласының майталмандарын шақырып, жаңаша форматтағы кездесулерді аудандар мен ауыл округтерінде ұйымдастырылғаны жөн. Бұдан бөлек жастарға ерекше назар аударып, қолдау көрсету маңызды. Биыл колледжге 15 мыңнан мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр. Грант жеткілікті. Жастарды білімге тарту бағытындағы жұмысты да жандандырыңыздар, – деген облыс әкімінің орынбасары нақты жұмыс жоспарын ұсынуды тапсырып, аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
Тарқата айтайық, Түркістан облысында жаңа оқу жылына 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. Мемлекеттік тапсырыстың басым бағыттары техникалық, құрылыс және ауылшаруашылық салалары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім салаларына бағытталған.
Бүгінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлау сапасын арттыру, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, жұмыс берушілердің талабына жауап бере алатын, заманауи құрал-жабдықтарды меңгерген, кәсіби шеберлігі шыңдалған мамандар даярлау басты назарда тұр.
Облыс әкімдігінің өкімімен Техникалық және кәсіптік, орта білімен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссияның құрамы бекітілген. 22 мамыр күні конкурсқа құжаттар қабылдау жөнінде хабарлама облыстық білім басқармасының сайтында жарияланды. Комиссия шешімімен 2024-2025 оқу жылына 71 мамандық бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілді.
Конкурсқа өтініштерді қабылдау «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» арқылы басқарманың электронды құжат айналымына 46 колледжден 83 мамандық 125 біліктілік бойынша 17 385 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша өтініштер келіп түсті. Оның — 28-і мемлекеттік, 18-і — жеке меншік.
Облыс әкімінің техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде заман талабына сәйкес, сұранысқа ие жаңадан 10 мамандық ашылмақ. Олардың қатарында ақпараттық қауіпсіздік жүйелері, жылжымайтын мүлікті басқару, қала қатынас жолдарын салу, лифт пен эскалаторларды, газбен қамтамасыз ететін жабдықтарды жасау, ландшафтық дизайн мен ет, сүт өндіру сынды мамандықтар бар. Бұдан бөлек, тоңазытқыш-компрессорлық машиналар мен қондырғыларды пайдалану, монтаждау, темір жолдың электротехникалық жүйелерін электрмен жабдықтау, пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету мен жиһаз өндірісін үйрететін мамандықтар жаңадан қосылады деп жоспарлануда.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жағдай жасалуда. Өткен жылы алғаш рет инклюзивті білім беру іске қосылған еді. Бұл бастама өз нәтижесін беріп, биыл да инклюзиялық білім бағыты бойынша 8 орынға берілді. Төлеби ауданында орналасқан №8 колледждің базасында «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша «Құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері» біліктілігімен арнайы инклюзивті топ ашылған.
Мәжілісте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов пен қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев маңызды мәселелер бойынша баяндады.
Жиын барысында Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Cәдібаев пен Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев аудандағы ахуал туралы айтып өтті.
Жалпы облыс көлемінде халықтың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары екені ескеріліп, тиісті жұмыстар жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.