Түркістан облысы: Қазығұрт және Төлеби аудандарында «Таза Қазақстан» экоакциясы өткізілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Бұл бастаманы Түркістан облысының белсенді жастары қуанышпен қабылдап, тұрақты түрде тазалық жұмыстарын жүргізуде. Кезекті акция тау баурайындағы Қазығұрт ауданында өтті.

Акцияға Қазығұрт ауданының әкімі Исмаилов Азизхан мен Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Айбек Молдасапаров, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысты.

Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.

«Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады. Сондықтан, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, қаламызды таза ұстауымыз керек. Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу жұмыстарын тоқтатпаймыз», — деді Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Айбек Молдасапаров.

Аталған акцияға облыстың белсенді ерікті жастары, депутаттар, қоғам белсенділері, жастар орталығы қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлері мен аудан тұрғындарынан құралған жалпы, 150-ге жуық жас қатысты.

Сонымен қатар Төлеби ауданында да «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Бүгін тұрғындардың, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпкерлік нысан иелері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен тазалық шарасы өтті.

Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаның тазалығына сақтауға бағытталған іс-шара ауданның 55 елді мекеніндегі 500-ден астам көшесінде ұйымдастырылды. Жалпы, аудандық тазалық шарасына 1000-ға жуық тұрғын қатысты.

Өз ауласынан бастап, тұрғын үй аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартқан аудан халқы көше бойын, жол жиегін, арық-атыздарды ретсіз шашылған қоқыстардан арылтты. Қураған ағаш бұтақтарын кесіп, жол жиегіндегі шөптерді орды.

Сенбілік жұмысына тұрғындармен бірге аудандық мәслихат депутаттары да атсалысып, халықпен тілдесіп, қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық акцияны қолдауға шақырды.

Сондай-ақ аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып, «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 434-2-бабы «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау», және 505-ші бап «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» фактілеріне сәйкес хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың тапсырмасына сәйкес, аптаның әр жұма күні тазалық шарасына арналды. Сенбілік нәтижесінде, арнайы техника көмегімен 20 тоннадан астам қоқыс арнайы орынға жеткізілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin