Түркістан облысы: Жетісай ауданындағы ауыз су жүйесі бақылауда тұр

Жетісай ауданында жеке қабылдауда және әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан ауыз суға қатысты шағымдар мен ұсыныстар айтылып жатады. Осыған байланысты аудан әкімі Серік Мамытов ауданның ауыз су мәселесін оңтайлы шешу, тұрғындарды жүргізілген жаңа ауыз су жүйелеріне қосу жұмыстарын ұйымдастыруды жылдамдату мақсатында Жетісай қаласындағы ауыз мекемесінде болды.

Бұрынғы Кеңес одағы кезеңінде салынып, тозығы жеткен Жетісай қаласы ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарын жүргізу мақсатында 2020 жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаржылар есебінен қаланы сумен жабдықтау жүйесін қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жалпы сметалық құны 3,1 миллиард теңгені құрайтын жобаның құрылысына 2021 жылы республикалық бюджеттен 690,8 миллион теңге қаржы қаралып, «СтройЖолСервис Kz» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді.

Ал 2022 жылға республика қазынасынан тағы 1,4 миллиард теңге, өткен жылға 506,8 миллион теңге қаржылар қаралып, жобаға сәйкес қала ішіндегі тозығы жеткен 180 шақырым шойын су құбырлары полиэтилен құбырларға ауыстырылған. Ауыз су қораптары орнатылып, санитарлық қорғау аймағынан сыйымдылығы 2600 текше метр болатын жаңадан 2 дана таза су резервуары, насос станциясының құрылысы және жаңадан 1 дана ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілген. Құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылдың желтоқсанында толығымен аяқталып, қолданысқа берілген. Бүгінде жергілікті тұрғындарды жаңа су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.

Атап өтерлігі, Түркістан облысында ауыз су саласына 2023 жылы 70 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 миллиард теңге бөлініп, 36 нысан құрылысы аяқталды. Қалған 34 нысан 2024 жылға өтпелі болды. Нәтижесінде 20 елді мекен ауыз сумен қамтылды, 9 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды. Сонымен қатар 3 елді мекенде (Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт) су тазалау имараты мен су жинау қоймасы, 15 мөлтекауданда су құбырлары салынды. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, 800-ден астам елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауылдық елді мекен) немесе 89,1% ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды сәуір айының соңындағы аппараттың апталық мәжілісінде ауыз су мәселесін арнайы күн тәртібіне шығарып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеген-ді.

– Мемлекет басшысы 2025 жылы өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту міндетін жүктеді. Ауыз су – ең маңызды және бірінші мәселе. Жауапкершілікпен қараңыздар. Жерасты су көздерін геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Екіншіден, нысанды салу тапсырысын жеңіп алған мердігерлер мен кәсіпкерлердің жұмысын қадағалаңыздар. Әрбір су нысаны сапалы әрі уақтылы тапсырлуы тиіс. Аузы сумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, ізденістер, зерттеулер қажет. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдері осы міндеттерді орындасын. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – басты міндет, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, 70 елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2024 жылы 61 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 14,1 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде, биыл 35 нысан аяқталады, қалған 26 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде 12 елді мекен (Сарыағаш – 2, Отырар – 1, Төлеби –1, Келес – 4, Созақ –4) ауыз сумен қамтылады, 12 елді мекеннің (Бәйдібек –1, Арыс –1, Сарыағаш – 1, Төлеби – 3, Жетісай – 2, Мақтаарал – 2, Түлкібас –1, Шардара –1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.

2024 жылдың қорытындысымен, 829 елді мекеннің 768-ін (7 қала, 761 ауылдық елді мекен) немесе 92,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Яғни, 29 елді мекенде ауыз су мәселесі шешіледі. Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.

Ол құжатта 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 21 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, биыл 13 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі, қалған 8 елді мекен 2025 жылға өтпелі. 29 елді мекенде кешенді блок-модуль (КБМ) орнату жоспарлануда. Атап айтқанда, 3 елді мекенге (Келес – 2, Сарыағаш – 1) кешенді блок-модуль қондырғысы орнатылған, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 11 елді мекенге КБМ орнатуға 2024 жылға облыстық бюджет есебінен 336,8 миллион теңге бөлінді.

Өңірде аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе талдау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен «Облыс аумағындағы кестемен берілетін елді мекендерге тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 32 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 2025-2027 жылдары аралығында 133 елді мекенді тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жаңа су көздерін барлау жұмыстары да қолға алынбақ.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin