Түркістан облысында алғаш рет белтемірге тартылудан «TURKISTAN WORKOUT FEST» сайысы ұйымдастырылды

Түркістан облысында алғаш рет Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен «Jalyn» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту, бос уақытты тиімді пайдалану, аула спортына деген қызығушылығын арттыру мақсатында облыстық «Turkistan Workout Fest» белтемірге тартылу сайысы өтті.

Сайыстың финалдық кезеңіне Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев, «Jalyn» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Керімбеков пен белтемірші, танымал спортшы Азамат Сапар қатысты.

«Осы сайысты өткізер алдында «Жастарымыздың қызығушылығы қалай болар екен, қатысушылар табылмай қала ма екен?» деген де ойлар болды. Аудан, қалаларды аралай келе, жастардың аула спортына деген қызығушылығы артқанын түсіндім. Бүгінгі барша жеңімпаздарды құттықтаймын» — деді Ернар Бектаев.

Спорттық сайыстың іріктеу кезеңі 31 мамыр мен 23 маусым айы аралығында облыстың 17 аудан, қаласында өтті. Іріктеу кезеңіне 2 000-нан астам жас қатысып, 150-ден аса қатысушы гранд-финалға жолдама алып, бақ сынады. Қатысушылар жасы 3 жас ерекшелігі (14-18 жас, 19-27 жас, 28-34 жас) бойынша сынға түсті.

Жарыс нәтижесіне төмендегі спортшылар жеңіске жетті.

14-18 жас ерекшелігі бойынша:

I орын: Нұрдәулет Баймұрат

(Арыс қаласы) 280 рет тартылды

II орын: Алимардан Рустамбеков

(Сайрам ауданы) 234 рет

III орын: Анаржан Ернар

(Сайрам ауданы) 210 рет

19-27 жас ерекшелігі бойынша:

I орын: Бекжан Тұрсұнқұлов

(Қазығұрт ауданы) 238 рет

II орын: Айдос Нұрсұлтан

(Шардара ауданы) 190 рет

III орын: Аббос Эрниязов

(Сайрам ауданы) 188 рет

28-34 жас ерекшелігі бойынша:

I орын: Орынтай Нұрболат

(Түркістан қаласы) 222 рет

II орын: Бектас Заңғар

(Арыс қаласы) 188 рет

III орын: Бақдәулет Утебеков

(Келес ауданы) 166 рет

Сонымен бірге бірнеше спортшыға арнайы жүлделер тапсырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Ұйымдастырушылар бұл жоба жалғасын табатынын және талантты жастарды әлемдік турнирге дайындау үшін арнайы жоспар әзірленіп жатқанын жеткізді.

Дені саудың – жаны сау. Салауатты өмір салтын ұстану – әрбіріміздің міндетіміз. Спорттың қай түрі болсын деніңіздің саулығы үшін һәм тұлғаңыздың әдемі болуы үшін маңызды рөл атқарады. Соның ішінде белтемір спортының артықшылықтары бар. Бұл спорт түрі ерлер үшін аса қажет. Белтемірге тартылу дене бітіміңізді сымбатты ете түседі. Одан қолыңыз бен көкірегіңіздің бұлшықеттері қатаяды. «Шынықсаң шымыр боласың» – деп тегіннен тегін айтылмаса керек-ті. Шынығып шымыр болып, ширыға түссеңіз нұр үстіне нұр. Әр күні әдетке айналдырсаңыз тіптен жақсы. Ендеше, белтемірге тартылудың оңай әдістерін меңгеріп, күтпеген нәтижелерге қол жеткізгіңіз келсе, мына кеңестерді ұсынамыз: 

1-күн 
Соңына дейін 5 рет тартылу. 90 секунд үзіліс жасау. Әр бөлім сайын бар күш-қуатыңызды жұмсауыңыз қажет. Қайталау саны жағынан қам жемеңіз. Соңғы 2 қайырымда тартылу санын көбейткеніңізді байқайсыз. 

2-күн 
«Пирамида». Бір рет қайталау арқылы келесі қайталау барысында қажетті мөлшерді жасай алмай қалғанша қайталай беріңіз. Барыңызды салып, әр тартылыс сайын 10 секунд демалып, 1 қайырымды толығымен орындаңыз. 

3-күн 
Арасына 60 секунд салып, қолыңыздың арақашықтығын жартылай ұстап, 3 қайырым бойына қайталаңыз. 

Келесі 3 қайырымды арасына 60 секунд салып, қолыңызды жақын қашықтықта ұстап тартылыңыз. 

4-күн 
Барынша көп қайырым жасауға тырысыңыз. Әр қайырым арасында 60 секундтан демалып отырыңыз. Қолыңыздан келмей қалғанша қайталауды тоқтатпаңыз. 

5-күн 
Сіз үшін осы 4 күн аралығында ең қиын болған күннің жаттығуларын қайталаңыз. Бұл күн әр аптада әр түрлі болатынына көзіңіз жетеді. 

Бұл бағдарламаны АҚШ-тың теңіз құрлық әскерінің майоры Чарльз Льюис Армстронг белтемірге тартылудан әлем рекордын орнату үшін қолданған. Бағдарламада физикалық жетілудің барлық жағы қарастырылған: жан-жақтылық, күш салу және үнемі қайталау. Бұл әдістерді қолданған адамдар 6-8 аптаның ішінде керемет нәтижелерге қол жеткізген. Көбісі, осы бағдарламадан кейін ең кемінде 1 қайырымда 20 рет тартылатындай деңгейге жеткен. 

Бағдарлама нақты белтемірге тартылу көрсеткішін жақсарту үшін ойлап табылған. Сондай-ақ, қолдың әр түрлі арақашықтығын қолданып тартылу үшін де пайдаланады. Жаттығудың нәтижесі қанша рет қайталағаныңызға емес, қалай жасағаныңызға байланысты. Әр қайталау сайын өз-өзіңізді жетілдіріп отыруыңыз керек. Өзіңізді алдамаңыз. 

Белтемірге (турникке) тартылу – физикалық жаттығудың қарапайым және айрықша түрі. Бұл адам қолын, көкірек және арқа бұлшықеттерін шынықтырады. Яғни, адам денесінің жоғарғы бөлігін физикалық шынықтыру үшін бұл таптырмас жаттығу. Ал осы белтемірге тартылу алдында нені білу керек? Егер сіз белтемірге (турникке) тартылу жаттығуын алғаш жасап бастамақ болсаңыз төмендегі ережелерді есте сақтағаныңыз жөн.

  1. Ең бірінші– тартылу алдында денеңіз бен қолыңызды жаттығуға дайындау керек. Қашан қолыңыз өз қуатын жоғалтқанша, күнделікті белтемірге асылып тұру керек. Тартылуға дайын екеніңізді сезінгенде барып, жаттығуды бастауға болады. Дұрыс жаттығу – белтемірдегі қол ара қашықтығын дұрыс ұстаудан басталады.
  2. Қол ара қашықтығын екі иықтың ара-қашықтығымен тең ұстау керек.Алғашқы жаттығуды аяқты айқастыра, тізені сәл бүгіп тартылудан бастау керек. Иық бос, арқа түзу болуы тиіс. Иегің белтемір белдеуіне жеткенде өз денеңді төмен бірқалыпты түсіру керек.

Ең бірінші осы ережелерді есте тұтып белтемірге тартылсаңыз, одан әрі тәжірибеңіздің шыңдалуына жол ашады. Қол бұлшықеттеріңіз шынығып, шымыр қалпына ене түскеннен кейін өзге жаттығуларға ден қоя бастауға болады. Мәселен, қолдың ара қашықтығын өзгертіп тартылған дұрыс.

Алғашқы жаттығуларды қол мен арқа бұлшықеттерінің қозғалысына арнаған жөн. Аяқты алға соза бірқалыпты жоғары тартылып, кейде басты белтемірден асыра, кейде желкені белтемірге тигізе тартыну керек. Қол арақашықтығының қаншалықты кең сақталуы арқа бұлшықеттерінің қызметіне пайдалы.

Белтемірге тартылу кезінде тағы бір жағдайды естен шығаруға болмайды. Ол – тартылған сәтте дем алу ережесі. Сонымен қатар, аптасына немесе күніне неше реттен тартылу керек екенін ойда сақтаған абзал.

Жаттығу кезінде белтемірге дұрыс тартылудың алғышарты демді дұрыс алудан басталады. Жоғары тартылып бар күшіңізді сала көтерілгенде тыныс алмай, қайта төмен түскенде жай терең тыныс алу қажет.

Белтемірде күн ара өткізіп жаттығу жасаған дұрыс. Әр тартылғанда 10-15 реттен 3 айналым жасау пайдалы. Ең бірінші көбірек тартылып, соңынан аздап төмендеп отырған жөн. Өзіңіздің қауқарыңызды бағамдай келе, белтемірге тартылу санын арттырып отырғаныңыз дұрыс.

Белтемірге тартылу сымбатыңыздың нағыз сыншысы бола алады.

Орайы келгенде спорт тақырыбы бойынша айта кететін тағы бір маңызды ақпарат, Түркістан облысының велошабандоздары Астана қаласында өтіп жатқан велоспорттан Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысуда.

Велоспорт спортын дәріптеу, жарыстардың бұқаралығын одан әрі дамыту және спортшылардың шеберлігін одан әрі жетілдіру мақсатында өтіп жатқан жарыс 7-14 шілде аралығына дейін жалғасады.

Веложарысқа еліміздің 17 облысынан, 293 спортшы бақ сынап жатыр.

Түркістан өңірінен 13-14 және 15-16 жастағы қыздар мен ұлдар 10 және 60 шақырым қашықтық бойынша жарысуда. Олар жеке, жұптық, критериум, топтық жарыстарда бой көрсетеді.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының велоспорт федерациясы Талдықорған қаласында өткен тасжолдағы велоспорт спортынан Түркістан облысы қыздар арасында командалық есепте 3-орынды иеленгенін хабардар еткен болатын. Бүгінде Түркістан және Кентау қалаларында арнайы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істеуде. Жалпы есептегенде, 150-ге жуық бала велоспорт спортына қатысып жатыр. Спорт мектептері жасөспірімдерді аталған спорт бағытына қабылдауға дайын. Қатысушы балалар нәтижесінде түрлі жарыстарға қатысып, Түркістан өңірінің топ жаруына үлес қоса алады.

Жалпы, велоспорт 1896 жылы Афинада өткен алғашқы Олимпиада ойындарынан бастап бүгінге дейін Олимпиада бағдарламасынан шыққан емес.

Әйелдер арасындағы тас жолдағы жарыстар 1984 жылы Лос-Анджелес ойындарында енгізілсе, тректегі велоспорт додасы 1988 жылғы Сеул Олимпиадасынан бері жүлде үлестіріп келеді.

Қазақстандағы велоспорттың туған күнін 1914 жылы 6 шілдеде Ақтөбеде тас жолдағы велосипедпен алғашқы жарыстар өткен күн деп санауға болады.

Халықаралық аренадағы жарыстарға қатысу кезеңінен бастап, қазақстандық спортшылар жастар мен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 14 алтын, 12 күміс және 6 қола жүлдені жеңіп алды. 180-нен астам рет қазақстандық спортшылар Әлем кубогының, КСРО чемпионаттарының және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып, жер шарының барлық континенттерінде ел намысын лайықты қорғады. 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында Александр Винокуров топтық жарыста күміс медаль жеңіп алып, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ол топтық жарыста алтын жүлде иегері атанды. Азия ойындарында спортшыларымыз 12 алтын, 8 күміс және 6 қола медаль жеңді. 2006 жылдан бері қазақстандық спортшылар Азия чемпионаттарында 59 алтын, 64 күміс және 59 қола медаль жеңіп алды.

Олимпиадалық велоспорт жарыстары былайша жіктеледі:

  • топтық жарыс
  • жеке уақыт бойынша жарыс

Олимпиадалық тректегі велоспорт жарыстары төмендегіше бөлінеді:

  • командалық спринт
  • омниум
  • кейрин
  • жеке спринт
  • мэдисон
  • топтықсайыс

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin