Түркістан облысында балық шаруашылығына жұмсалатын ағын су тарифын реттеу және негізсіз тексерулер мәселелері талқыланды

Түркістан облысында балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 224-ке жетіп отыр. Оның ішінде 147-сі тоғанды балық өсіру шаруашылығы болса, 97-сі -жаңадан ашылған тоғандар. Өңірде аталған кәсіпке қызығушылар саны күн санап артып келеді.

Тиісінше олардың талап-тілектері де назардан тыс қалмауы тиіс. Осы орайда Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіптік кешені және тамақ өнеркәсібі комитетінің кезекті отырысында балық өсіруші шаруалар тарапынан түскен өтінім-талаптар тыңдалды. Күн тәртібінде балық шаруашылығына жұмсалатын ағын су тарифын реттеу және негізсіз тексерулер мәселелері талқыланды.

Балық өсіруші шаруалардың айтуынша, балық шаруашылығындағы кәсіпкерлерге суды егінге қолданылатын су тарифымен төлеу тиімсіз. Себебі, егіншілік пен балық шаруашылығының су тұтынуында үлкен айырмашылық бар.

«Егінге алынатын су жүз пайыз жерге сіңіп, егін қажеттілігіне жұмсалса, балық шаруашылығына алынатын судың басым бөлігі тоғандардан өтіп, қайтадан су арнасына қосылады. Тоғанды салуға арналған жобаларға «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының» талабы бойынша су шығыны 5% дан аспауы керек», — деді Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрбол Рысбеков.

Кәсіпкерлер су арнасына қайта қосылатын 95% суды ескере отырып балық шаруашылығы субъектілеріне қолайлы етіп ағын су тарифын жасақтау керектігін алға тартып отыр. Бұл мәселе орталық аппаратқа жолданып, оңды шешу жолдары қарастырылатын болады.

Қалай десек те, Түркістан облысында жасанды жолмен балық өсіру саласының потенциалы өте жоғары. Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне сәйкес, 2021 жылы – 5706,9 тонна, 2022 – 6120 тонна, 2023 жылы 6660 тонна тауарлы балық өндірілді. Мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Мәселен, 2023 жылы облыстық бюджеттен акваөсірудің өнім сапасын арттыру мақсатында 31 кәсіпкерге — 500,0 миллион теңге, республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезіндегі балық шаруашылығы субъектілерінің шығыстарын өтеу бойынша 7 кәсіпкерге 123,8 миллион теңге субсидия берілді. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ-на 14 кәсіпкермен 5,4 миллиард теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынылып, 5 кәсіпкерге 3,7 миллиард теңге несие беру мақұлданды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, облыс әкімдігімен «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілді. Яғни, 2030 жылға дейін, 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20,0 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін – 2 есеге, 7,0 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін – 100% дейін жеткізу көзделген.

Бағдарлама аясында кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін бекітіліп берілген 2 балық шаруашылығы су айдындары балық өсіруді (акваөсіруді) жүргізуге арналған балық шаруашылығы су айдындарына ауыстырылды.

Сондай-ақ бағдарлама бойынша биыл 24 тоғандық балық өсіру шаруашылығы тіркеліп, 68 жұмыс орны ашылды.

Конкурстық негізде резервтегі көлде-тауарлы балық өсіру мақсатындағы 2 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны бекітіліп берілді.

2023-2024 жылдарға облыс аумағындағы орналасқан кәсіпшілік балық шаруашылығы су айдындарына 3070 тонна квота бөлініп, балық аулау жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 35 кәсіпкерге 249,5 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Жасанды балық өсіру шаруашылықтарын құру бойынша қызығушылық танытқан бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға шаруашылық құру алгоритімін түсіндіру жұмыстары жергілікті атқарушы орган және балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, тұрақты жүргізілуде.

Тіпті Түркістан облысында мал шаруашылығын ата кәсіп еткен Созақ пен Түлкібас аудандарының тұрғындары да балық шаруашылығын дамытып келеді. Шаруалар ауыл маңынан шағын тоған қазып, шабақ өсіруді қолға алған. Қазір бірнеше елдімекеннің халқы осы кәсіппен айналыса бастады. Олар сазан, амур, дөңмаңдай балығын көбейтіп, кәсіпке айналдыруды көздеп отыр.

Мәселен, Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, тоған жасатты. Су маржандарын Тараз қаласынан алдырып, 1,5 тонна шабақ жіберген. Бүгінде тоғандағы балықтың алды үш келіге дейін ет жинағанын айтады. Алғашқыларын сатып жатыр.

«Созақтың халқы кәсіп ретінде малға үйренгенбіз ғой, балық шаруашылығы болмаған бізде. Бірінші рет жүргізіп жатырмыз осыны. Әдепкіде «Қалай болады екен?» деп қорқасоқтап, ел істеп жатқан нәресені көрейік дедік, қолға алдық, бастадық. Үш гектар жер берген әкімшілік. Карпы бар, сазаны бар. Араластырып алдық шабағын» — дейді кәсіпкер.

Ал түлкібастықтар жерастынан шығатын бұлақ көздерін пайдаланып, балық өсіруде. Елдімекендерде мемлекеттен қаражат алып, табысты кәсіп бастаған шаруалар саны артты. Ерте қамданғандары балықтарын базарға шығарып, пайдасын көруде.

«Жер астынан шығатын бұлақ бар. Бұл жерде екі бассейініміз бар. Біріншісін форельден бастадық. Екіншісіне карповый семейства, сазан, толстолоб, амур сияқты балықтарды тастайтын ойымыз бар» — дейді жергілікті кәсіпкер.

Ал Түлкібас аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қуатбек Сағымбекұлы: “Ағымдағы жылы 60-тан аса азамат пен кәсіпкерлер қызығушылық танытты. Оның 27-сі биыл 1,5 миллион шабақ алып келіп, өздерінің жасап қойған тоғандарына жіберіп жатыр. Жылдың аяғына дейін 1000-1200 тонна балық өндіру ниетіміз бар» — деп отыр.

Айта кетейік, қазіргі таңда балық шаруашылығына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Балықтың азығына кеткен шығынның 30 пайызына субсидия төленсе, сатып алатын шабағына да қаражат қарастырылған.

Шыны керек, Қазақстанда балық шаруашылығында өндірістік көрсеткіштердің белсенді өсуі байқалады. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2018–2022 жылдар аралығында Қазақстандағы аквашаруашылық қоры үш еседен астам: 5,7 мыңнан 19,2 мың тоннаға дейін көбейді. Бұл жөнінде energyprom.kz. ақпараттық порталы хабарлады.

Кәсіпкерлер бұл салаға қызығушылық танытып отыр, өйткені бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле бастады. Мысалы, балық өсіретін шаруашылықтар үшін салықтар 70% төмендеді, кәсіпкерлер инвестицияның 25%-ын өтеуге, сондай-ақ жемшөп құнының 30%-ы және шабақ, дәрі немесе бағалы балық түрлерінің аналығы құнының 50%-ы мөлшерінде субсидия алуға арқа сүйей алады. Бұл — ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі (ЭТРМ) Балық шаруашылығы комитетінің мәліметі.

Бұл бизнес жеңілдіктерінің барлығы 2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы бекітілгеннен кейін қабылданды. Мемлекет осы кезеңде салаға 268,8 миллиард теңге бөлуді көздеп отыр, ал бюджеттен тыс жеке инвестиция ретінде тағы 340,5 миллиард теңге күтілуде.

Бизнес қауымдастыққа тауарлы балық өсірудің қызықты екенін аквашаруашылықтағы қаржылық инвестициялардың динамикасы растайды. 2023 жылғы қаңтар–қарашада балық және аквашаруашылық саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе өсті. Осы аралықта бұл саланы дамытуға 20,2 миллиард теңге инвестиция тартылса, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш әлдеқайда аз — 8,6 миллиард теңге болатын. Ұзақ мерзімді динамика бұл салаға инвестициялық қызығушылықтың 2021 жылдан бастап байқалатынын дәлелдейді. Содан кейін толық жылдың қорытындысы бойынша күрделі салымдар көлемі бірден 6,8 есе, ал 2022 жылы тағы 1,6 есе өсті.

Салаға қолма-қол ақшаның айтарлықтай салынуы өндіріс көлемі мен қаржылық көрсеткіштерге бірден әсер етті. Егер 2021 жылға дейін балық шаруашылығын дамыту түрлі табыстармен жалғасатын болса, мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан кейін өсірілетін балық көлемі физикалық көрсеткіште және тиісінше жалпы құны өсті. 2021 жылы балық шаруашылығының барлық өнімінің жалпы көлемі 5,7 миллиард теңгеге бағаланса, 2022 жылы қазірдің өзінде 11,1 миллиард теңгеге бағаланды.

Еліміздің негізгі балық өсіретін өңірлері — Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары. Бұл екі облыстың балық өсірушілері 2022 жылы 7,4 миллиард теңгенің өнімін өсірген. Еліміздегі балық өсірумен айналысатын 380 шаруашылықтың 154-і Түркістан облысында тіркелген. Мұнда 2020-2021 жылдары бірнеше ірі шаруа қожалықтары ашылып, экспортқа балық өсірумен айналысады. 2023 жылы облыс шаруалары мемлекеттен субсидия және басқа да қолдау шаралары түрінде 500 миллион теңге алды.

Статистика көрсеткендей, тауарлы балық өсіруде ең жоғары өнімділік көрсеткіші Түркістан облысында байқалады. Фермерлер балықтың ең көп көлемін өсіре алады, дегенмен облыстағы аквашаруашылық үшін су қоймаларының ауданы үлкен емес: бар болғаны — 3,7 мың гектар. 2022 жылы Түркістан облысының су қоймаларында 3,9 миллиард теңгенің балығы өсірілді. Салыстыру үшін: Ақмола облысында жасанды балық өсіруге арналған аумақ 55,1 мың гектарды құраса, небәрі 246,5 миллион теңгеге балық өсірілді. Солтүстік Қазақстан облысында 38,7 мың гектар су алқаптарын игеруге жақсы резерв бар, бірақ нәтижелерді онша емес. 2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысында өсірілген балықтың жалпы құны 379,5 миллион теңгені құрады.

Бір қызығы, әр өңір балықтың белгілі бір түріне маманданған. Мысалы, Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облысында балық өсірушілер негізінен форель өсіреді. Пелядь — Қостанай облысында, ал қарыш пен бекіре Атырау облысында өсіріледі. Тек Түркістан облысында балықтың алуан түрлері бар: көксерке, сазан, белуге, ақ амур, күміс тұқы.

Аквашаруашылықпен айналысатын кәсіпкерлер түрлі су қоймаларын пайдаланады. 2022 жылы 380 балық өсіру шаруашылығының көпшілігі (74,2%) көлдегі тауарлық балық шаруашылығы, 18,4% тоған шаруашылығы, 2,9% торлы шаруашылықтар болды. Дегенмен, статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, ең көп балық өсірілетін тоғандар мен торлы шаруашылықтар: 7,3 миллиард теңге (Қазақстан Республикасы бойынша жалпы көрсеткіш — 11,1 миллиард теңге).

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Алмас Асылбековтің айтуынша, елімізде балық ресурстарын қолдан көбейту және акваөсіруді дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жеткілікті. Айталық, жыл сайын ғылыми зерттеулер негізінде балық аулау лимиті белгіленеді. Өткен кезеңде бекітілген лимит 63,8 мың тонна болса, 49,2 мың тоннасы ауланды.

Балықты өңдеумен 72 кәсіпорын айналысады. 18 кәсіпорын өнімді ЕО елдеріне экспорттайды. 2023 жылы шамамен 25,3 мың тонна балық өнімдері экспортталды, ал ағымдағы жылдың алғашқы бес айында барлығы 8,5 мың тонна сыртқа жөнелтілген.

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 2024 жылға мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары тарапынан балықтың бағалы түрлерінің 54,8 миллион дана шабақтарын өсіру және табиғи су айдындарына шығару жоспарланған.

Жеке балық өсіретін шаруашылықтар резервтік су айдындарында 3,9 миллион тұқы балық түрлерін шығаруды көздеп отыр.

«Саланы қолдауға Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданғанына қарамастан, саланың даму серпіні төмен болып қалуда. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларына қол жеткізілмейді. Жұмысты күшейту керек. Талдау жасаңыз, проблемаларды, соның ішінде акваөсіруді дамыту мәселелерін жедел шешу қажет. Сала қарқынды дамуға тиіс, оның үстіне бұл үшін барлық жағдайлар бар», — дейді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Түйіндей айтсақ. Балық шаруашылығы — терең тарихы бар және ертеден келе жатқан кәсіптің бірі. Ата кәсіппен айналысқан қазақ халқы үшін, балық аса қажетті тағам түрі болып табылады.

​ Балық аулау тек экономиканың маңызды саласы ғана емес, сонымен қатар әуесқой (спорттық) балық аулау саласы ретінде жыл сайын дамып келеді. Жалпы, балық шаруашылығына қызығушылар саны жыл сайын артуда.

​ Қазақстанда 2800-ден астам су айдыны 1416 субъектіге бекітілген және онда 12 мыңнан астам адам балық аулаумен айналысады. Елімізде жыл сайын шамамен 45-50 мың тонна балық ауланады.

Балық ресурстарын сақтау және олардың әрбір азамат үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету – бүгінгі таңдағы мемлекетіміздің басты мақсаты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin