Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Сарыағаш ауданына арнайы іссапармен барды. Сапар барысында аудандық орталық мешіттің тыныс-тіршілігімен танысып, мешіт жамағатымен жүздесті. Онда шекаралық аймақтағы халқы тығыз орналасқан Сарыағаш ауданының стратегиялық маңызы зор екеніне тоқталды. Ел бірлігін сақтауда руханият саласының өкілдеріне де артылар жүк көп екендігі туралы айтып, халықты ауызбіршілікке, ынтымаққа жетелеуде белсенді болуға шақырды.
Содан кейін күрделі жөндеуден өтіп, 2023 жылы пайдалануға берілген 400 орындық аудандық мәдениет үйінің жағдайымен танысты. Ертай Кенжебекұлы мәдениет үйі жанынан үйірмелерді көбейту керектігін, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану қажеттігін ескертті.
Одан аудандағы 46 мың кітап қоры бар орталық кітапхананы аралаған облыс әкімінің орынбасары кітапханашыларға заманауи тың идеяларды тауып, оқырмандарды қызықтыру жолдарын қарастыру қажеттігі туралы ойларымен бөлісті. Кітапханадағы интернет жүйесі мен білім орталығын қарап шығып, оқырмандар үшін жасалған жағдайды дұрыс бағалады. Алдағы уақытта кітапхана қорын сұранысқа ие кітаптармен көбейту бағытында жұмыстарды жандандыруға назар аударатындығын атап айтты.
Іссапар соңында аудандық «Жастар ресурстық орталығына» барған облыс әкімінің орынбасары жастармен жүздесті. Жас өскінді кез келген жағдайға бейімделе алатын азаматтар болуы үшін түрлі шараларға тарта отырып, NEET санатындағы жастармен көбірек жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ мектеп бітіруші түлектерге «Серпін» бағдарламасын кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізе отырып, жастарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан түрлі бағдарламаларға тартуға басымдық беру қажеттігін жеткізді.
Бұдан бөлек осы сапар барысында Сарыағаш ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясы жоспары аясында «Қазақстан бірлік пен татулықтың мекені» атты кездесу ұйымдастырылды. Оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, ҰҚКД бастығының орынбасары Ж.Орынбаев, аудан әкімі Арман Абдуллаев, сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы А.Оспанов, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы Е.Есжанов және әзірбайжан, өзбек этностарының өкілдері мен Жібек жолы ауылының жастары қатысты.
Игі шарада облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылыққа ыстық ықыласын білдіріп, азат елдің егемендік жылдары жарқын жетістіктерді бағындырғанын, барлық игілік пен жетістік бірлік, этносаралық татулық ұғымдарымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарының бастамасымен «бірлікте, ынтымақта болайық» деген мақсатпен «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбы аясында «Жілік ұстату» рәсімі өтті. Бұл рәсім түркі тілдес халықтар арасында бауыр, дос болайық арамызды ешқандай ала жіп үзбесін деген мағынада жасалынады.
Шара барысында Жібек жолы ауылындағы қазақ, әзірбайжан, өзбек өкілдері жілік ұстасып, дос-бауыр болып, ауыл жастарын татулыққа, ынтымаққа шақырды.
Жалпы 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері береке-бірлікте өмір сүруде. Алдағы уақытта да жер-жерде, көршілес ауылдарда достық пен татулықты дәріптейтін іс-шаралар жиі өткізілетін болады.
Еске салайық, асықты жілік ұстату — ұл бала асырап алған кезде атқарылатын ғұрып. Балалы бола алмаған ата-ана немесе жалғыз ұлы немесе жалғыз қызы ғана болса, туған туыстарынан бала асырап алады. Бала асырап алуға келгенде көптің көзінше ер балаға — асықты жілік, ал қыз балаға тоқпан жілік ұстатып, ант етеді. Кейде баланың өз әке-шешесі басқаның қолына кеткен балаға таласқан жағдайда, асыраушы әке мен шеше «оң қолына асықты жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Яғни бала асырап алуға байланысты уағдаластықтың кепілі болып табылатын асықты жілікті алға тартады. Бұл — таласқан жаққа антты бұзбауға шақырғаны. Қазақтың келіндері асықты жіліктің асығы бар басындағы сіңірді мүжімейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.