Түркістан облысында идеология саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен облыстағы идеология саласындағы мәселелер бойынша мәжіліс өтті.

Бүгінгі жиынға салалық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдіктердің жауапты тұлғаларымен қатар, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма бастығының орынбасары Мақсат Маханов, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Құрманбек Сахов және облыстық прокуратураның аға прокуроры Ербол Тұрсынбаев қатысты.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары идеология саласындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтып, әрбір басқарма басшысына өздеріне жүктелген міндетті сапалы орындауды тапсырды

– Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Үкіметі «Идеологиялық салада қойылған міндеттерді іске асырудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын» әзірледі Аталған кешенді жоспар жаңа қоғамдық әдеп, азаматтар мен билік арасындағы жалпыға бірдей игілік пен әділ қоғамға қол жеткізуге бағытталған. Облысымызда 18 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Жалпы, облыстағы қоғамдық кеңестердегі азаматтық сектордың үлесі 81,4%-ды, жастардың үлесі 6,2%-ды құрайды. Түркістан облысында жастар саны 663 мыңнан асады. Республика бойынша алдыңғы орында. Осы ретте Мемлекет басшысы биыл қоғамдық кеңестегі жастардың үлесін 10%-ға жеткізу міндетін қойған. Қазіргі таңда жастар саясаты саласында кешенді шаралар жүзеге асырылуда, – деді Ертай Алтаев.

Мәжілісте жауапты басшылардың есебі тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды.

Мемлекет басшысы идеологиялық мәселелер үнемі басты назарда болу керектігін айтып келеді. Облыс әкімінің орынбасары осы жиынға қатысушыларға осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, облыстың өсіп-өркендеуіне, оның ішінде идеология салаларының дамуына бірігіп атсалысуға шақырды. Жауапты басшыларға өзекті мәселелер бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, нақты ұсыныстар енгізуді жүктеді.

Идеология дегеннен шығады, Түркістан қаласында салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Ене мен келін» сайысы өтті. Қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ұйымдастыруымен өткен шараға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ ауданынан 6 отбасы қатысты.

Сайыстың мақсаты – еліміздегі әрбір шаңырақтың тату-тәтті, үлгілі болуын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосу. Жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасын көпке үлгі ету. Ұлттық салт-дәстүрімізге сай ене мен келін шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі екендігін ұғындыру.

Анасы мен қызындай сыйласқан қатысушылар ұмыт болып бара жатқан «Құрсақ шашу» тойы, «Қазанжарыс», «Тымаққа салу», «Қырқынан шығару», «Тұмар» сияқты салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіп, сөз шеберліктерін танытып, мақал-мәтел айтудан жарысқа түсті. Сондай-ақ шебер қолдарымен кесте тігіп, қолөнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Ұлттық нақыштағы киім үлгісімен отбасылық өнер көрсетіп, сыйластығымен ерекшеленген қатысушылар арасынан жоғары ұпаймен жүлдеге ие болғандар марапатталып, сыйлықтар табысталды.

Жиында сөз алған облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлмайымбетов бүгінгі сайыстың маңызы жоғары екенін атап, отбасының бірлігі – Отанның беріктігі екеніне тоқталды. Қазыналы қариялар мазмұнды әңгімелерінде ел боламыз десек бесігімізді түзеп, жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру қажеттігін айтып, әрбір шаңыраққа бақытты, берекелі ғұмыр тіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin