Созақ ауданында «Таза Қазақстан» экоакциясы аясындағы жұмыстардың қарқыны күн санап артуда. Соңғы күндерде экоакцияға мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері мен белсенді жастардан бөлек, елді мекен тұрғындары да жұмыла кірісуде.
Бүгін Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Жеткіншек елді мекенінің тұрғындары «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, акцияға көмек қолын созуға әрдайым ниетті екендерін білдіруде.
Ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов және округ әкімі Әділ Елібаев қатысып, шараға қолдау білдірді. Елді мекеннен жергілікті қауымдастықтың мүшесі ретінде сайланған Мадияров Бақытжан барша тұрғындарды көше бойы мен өз аулаларын таза ұстауға шақырды.
Бүгінгі өткен тазалық жұмыстары кезінде елді мекендегі аяқ жолдар мен көше бойлары ретке келтіріліп, арам шөптер оталды. 2 арнайы техника жұмылдырылды. Елді мекеннің 5,9 шақырымды құрайтын ішкі 6 көшесі тазартылып, 3,5 тоннаға жақын қоқыс қалдықтары шығарылды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар, оның 50 % -дан астамы орманмен көмкерілген. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 11 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында Республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр.
Дәл осы тұста әр талды егіп, баптаудың оңай соқпайтынын атап өткен жөн. Түркістан облысының климатына байланысты көшеттердің жерсінуі 50 % -дан аспайды. Өзге өңірлерде 70% төңірегінде. Су тапшылығы кезең-кезеңмен шешілуде. Әр тал жеке-жеке суарылады. Алда облыс орталығының айналысындағы 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады.
Облыс көлемінде 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша Кешенді жоспар бекітіліп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі 21 питомникте бүгінде 8,6 млн. аса әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Олардың санын 30 млн-нан асыру жоспарланған.
Еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағындағы сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған болатын. Осыған байланысты, сексеуілді заңсыз кесу оқиғаларын тоқтату мен сауда орындарында сатылуының алдын алу барысында орман шаруашылығы мекемелері, аумақтық инспекция, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полиция қызметкерлерімен халық арасында түсіндірме жұмыстары мен қатар рейдтік шаралар ұйымдастырып, тұрақты түрде жұмыстар атқарылғанын айта кетейік.
Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысыда тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Президент «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге, облыс басшысы көшесін, ауылын таза ұстаған тұрғындарды ынталандыру мәселесін көтеріп келеді. Мысалы, әлеуметтік нысандар мен жолды бірінші кезекте тазалық талаптарын сақтаған елді мекендерге салып беру және де ынталандыру шараларын әзірлеуді жүктеді.
– Тазалық пен абаттандыру – жыл он екі ай тоқтаусыз жүретін жұмыстар. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Өңірдегі барлық мемлекеттік, бюджеттік, жеке меншік, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет, жалпы мекемелердің бәрінің басшылығына тиісті ұсыныс берілсін. Әр мекеме ұжымы өздері тұратын нысанды сәндеп, жан-жағын көгалдандырып, тазалық жұмыстарын атқарсын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімдері өздері басқаратын аумақтағы мекемелер қызметкерлерін, тұрғындарды тазалық акциясына шақырсын. Жұмысты үйлестірсін. Бұл – бір. Екіншіден, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын науқанмен шектемей, проблемаларын анықтап, жүйелі түрде шешуіміз керек. Коммуналдық мекемелер құру, оларды қаржыландыру жұмысы жандансын, – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 млрд және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған. Осыған байланысты 5 жыл ішінде Түркістан облысында орман қорына тиесілі 110 210 га алқапқа 170 млн көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітілген. Былтыр Түркістан облысындағы орман алқабының 20 300 гектар жеріне 32 миллионнан аса көшет егілген.
Облыстың орман тұқымбақтарының көлемі екі есеге ұлғайып, онда әр жылы 35-40 млн әртүрлі ағаш көшеттері өсіріледі. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған «Сексеуілді сақтайық» республикалық ақпараттық науқанның аясында бұдан біраз бұрын Түркістанда арт-инсталляция ашылғанын да болатын. Құмды шөлдің қорғаны, «шөл даланың падишасы» атанған сексеуілді қорғау, сақтау, оны пайдалануға тыйым салу төңірегіндегі мәселелелер осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Ұлан Тәжібаев пен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш қатысқан басқосуда да көтерілген-ді.
Шөлейтті дала құм көшкінін «кісендеп» ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтап, дауылдардан қорғайтын сексеуілдің басым бөлігі Отырар, Созақ, Шардара аудандарында өседі. Сексеуіл алқаптарын ұлғайту мақсатында әр жылы 11 400 га, оның ішінде 900 га сексеуілді көшеттерімен егу және 10500 га тұқымынан себу арқылы мәдени екпе алқаптарын құру жұмыстары жоспарланып, мерзімінде атқарылуда.
«ANYQ.KZ» — ақпарат