Созақ ауданы: «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды

«Таза Қазақстан» Республикалық акциясы аясында аудан бойынша жалпыхалықтық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен ауыл тұрғындары жұмыла кірісіп, аялдамаларды, ішкі көшелерді, саябақтар мен арық-атыздарды тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, Түркістан бағытына шығар жол бойындағы “Жасыл белдеу” аумағындағы тал көшеттері суарылып, арам шөптер оталды. Жалпы сенбілікке 2250-ге тарта мекеме қызметкерлері, тұрғындар мен белсенді жастар және 16 арнайы техника жұмылдырылды. 31 шақырым көше бойлары мен 12 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 8 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында 74 тонна қоқыс тасымалданды.

Мұымен қоса, Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Балдысу елді мекенінің тұрғындары «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Тұрғын үй аулалары мен көше бойларын ретке келтіріп, акцияға белсене атсалысты. Жол бойындағы арам шөптер мен қураған ағаштар оталды. Арық-атыздардың арансын ашып, тұрмыстық қалдықтарды тазартты.

Тазалық жұмыстарына 60-қа жуық жергілікті тұрғындар мен ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері атсалысты. 2 арнайы техника жұмылдырылып, елді мекеннің 5,7 шақырымды құрайтын ішкі көшелері тазаланды. 2,3 тоннаға жақын қоқыс қалдықтары шығарылды.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар, оның 50 % -дан астамы орманмен көмкерілген. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 11 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында Республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр.

Дәл осы тұста әр талды егіп, баптаудың оңай соқпайтынын атап өткен жөн. Түркістан облысының климатына байланысты көшеттердің жерсінуі 50 % -дан аспайды. Өзге өңірлерде 70% төңірегінде. Су тапшылығы кезең-кезеңмен шешілуде. Әр тал жеке-жеке суарылады. Алда облыс орталығының айналысындағы 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады.

Облыс көлемінде 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша Кешенді жоспар бекітіліп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі 21 питомникте бүгінде 8,6 млн. аса әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Олардың санын 30 млн-нан асыру жоспарланған.

Еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағындағы сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған болатын. Осыған байланысты, сексеуілді заңсыз кесу оқиғаларын тоқтату мен сауда орындарында сатылуының алдын алу барысында орман шаруашылығы мекемелері, аумақтық инспекция, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полиция қызметкерлерімен халық арасында түсіндірме жұмыстары мен қатар рейдтік шаралар ұйымдастырып, тұрақты түрде жұмыстар атқарылғанын айта кетейік.

Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысыда тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Президент «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге, облыс басшысы көшесін, ауылын таза ұстаған тұрғындарды ынталандыру мәселесін көтеріп келеді. Мысалы, әлеуметтік нысандар мен жолды бірінші кезекте тазалық талаптарын сақтаған елді мекендерге салып беру және де ынталандыру шараларын әзірлеуді жүктеді.

– Тазалық пен абаттандыру – жыл он екі ай тоқтаусыз жүретін жұмыстар. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Өңірдегі барлық мемлекеттік, бюджеттік, жеке меншік, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет, жалпы мекемелердің бәрінің басшылығына тиісті ұсыныс берілсін. Әр мекеме ұжымы өздері тұратын нысанды сәндеп, жан-жағын көгалдандырып, тазалық жұмыстарын атқарсын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімдері өздері басқаратын аумақтағы мекемелер қызметкерлерін, тұрғындарды тазалық акциясына шақырсын. Жұмысты үйлестірсін. Бұл – бір. Екіншіден, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын науқанмен шектемей, проблемаларын анықтап, жүйелі түрде шешуіміз керек. Коммуналдық мекемелер құру, оларды қаржыландыру жұмысы жандансын, – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 млрд және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған. Осыған байланысты 5 жыл ішінде Түркістан облысында орман қорына тиесілі 110 210 га алқапқа 170 млн көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітілген. Былтыр Түркістан облысындағы орман алқабының 20 300 гектар жеріне 32 миллионнан аса көшет егілген.

Облыстың орман тұқымбақтарының көлемі екі есеге ұлғайып, онда әр жылы 35-40 млн әртүрлі ағаш көшеттері өсіріледі. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған «Сексеуілді сақтайық» республикалық ақпараттық науқанның аясында бұдан біраз бұрын Түркістанда арт-инсталляция ашылғанын да болатын. Құмды шөлдің қорғаны, «шөл даланың падишасы» атанған сексеуілді қорғау, сақтау, оны пайдалануға тыйым салу төңірегіндегі мәселелелер осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Ұлан Тәжібаев пен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш қатысқан басқосуда да көтерілген-ді.

Шөлейтті дала құм көшкінін «кісендеп» ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтап, дауылдардан қорғайтын сексеуілдің басым бөлігі Отырар, Созақ, Шардара аудандарында өседі. Сексеуіл алқаптарын ұлғайту мақсатында әр жылы 11 400 га, оның ішінде 900 га сексеуілді көшеттерімен егу және 10500 га тұқымынан себу арқылы мәдени екпе алқаптарын құру жұмыстары жоспарланып, мерзімінде атқарылуда.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, Мемлекет басшысының осы салаға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында 2024-2026 жылы қалаларды көгалдандыру және абаттандыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасын және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған.

2024 жылы наурыз айынан бастап сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Аталған сенбіліктерге жергілікті әкімдіктер, барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік ұйымдар, белсенділер мен еріктілер қатысып, бекітілген аумақтарда тазалық және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аудан қала әкімдіктері тарапынан 201 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, 317 030 ағаш әктелді. Сенбіліктерге жалпы 19 мыңнан астам азамат қатысып, 279 дана техника тартылды, 2 710 тонна қоқыс шығарылды. 1152 көшенің бойы, 265 шақырым аяқжолдары тазаланды. 275 саябақтар және скверлер, 192 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 95 шақырым көпірлер, өзендер, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды, 897 көпқабатты тұрғын үй маңындағы аумақтар мен аулалар, жертөлелер, кіреберістері жиналды. Елді мекендерде абаттандыру нысандарын және санитария жағдайын қалыпты деңгейде ұстау мақсатында мобильді топтар құрылып, топ құрамында аудан, қала және ауыл округтерінің қызметкерлері, белсенді азаматтар, қоғамдық жұмысшылар тартылған. Мобильді топтың аралау кестесі бекітіліп, қажетті құрал-сайманмен қамтылған. Тазалықты сақтау жөнінде ақпараттық және насихат жұмыстары жүріп жатыр.

Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым нысандарын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдірудің алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сәйкес шаралар қолданылған. Атап айтқанда, биыл облыс аумағында жоғарыда аталған мәселелерге байланысты заң бұзып, тазалыққа, инфрақұрылымға нұқсан келтірген жүздеген тұрғынға жалпы 81,1 млн теңге айыппұл салынған.

Жер тоңы ұйқыға қалқыған шақта шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді.

Кез келген елді мекеннің әрбір тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, өңір тазалығына қосқан үлесі болып табылады. Өз ауылының тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қоршаған ортаны сақтау және қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруда тазалық акцияларының маңызы зор.

Жалпы тазалық жұмыстары, сенбілік жұмыстары тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауына, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізері анық.  Сенбілік — тазалық кепілі. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Олар сенбілікке шығу арқылы тазалыққа деген жауапкершілікті нығайтады. Себебі,өзің тазалаған жерді сен ешқашан шашпайсың, керісінше, ауыл-ды бүлдіріп жүргендерге көз жұмып қарай алмай оларға ақылыңды айтасың. Сенбілік осыған үйретеді.

Тазалық — жанның саулығы, ішкі мәдениеттің бастауы. Ауыл тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталады емес пе? Кейбір тұрғындар аудан орталығында тұратынын көбіне ұмытып кететін болуы керек. Жан-жағыңызға қарасаңыз үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндігінің куәгері боласыз. Тіпті көршілес тұратындар бір-бірімен санаспайды, ұялмай көршісінің тазалаған аумағына қоқыстарын лақтырумен болады. Міне, осындай тәртіпсіздікке аудан, ауыл басшылары қатаң шара қолдануы керек сияқты.

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Табиғат, Жер-ана, Атамекен, Туған жер, ауылым, деген бір-бірімен тамырлас әрі тағдырлас. Туған жердің барлық табиғи қадір қасиеті тұла бойға тарайды. Қорыта келгенде «Бір тал кессең – он тал ек» демекші барлықтарыңызды көшеттерді отырғызуға атсалысуға шақырамыз.

«ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin