Созақтағы ірі кәсіпорындар ел экономикасының дамуына үлес қосып келеді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» өнім шығаратын зауытында болды. Кәсіпорын табиғи уран өндірумен, уранның шала тотығы және табиғи уранның химиялық концентратына дейінгі өңдеуді жүзеге асырады. 2006 жылы құрылған кәсіпорында 1 мыңнан астам адам қызмет етеді. Олардың 95%-ы – Созақ ауданының жергілікті тұрғындары. Облыс әкімі кәсіпорын басшылығымен бірқатар маңызды мәселені талқылады.

– Жергілікті халықты қолдауды, ортақ әлеуметтік шаралар ұйымдастыруды күшейтуді ұсынамыз. Оқу орындарын ашуға болады. Онда өздеріңізге қажетті мамандарды даярланса жақсы. Әлемнің ең ірі деген кәсіпорындары қайырымдылық жасау жағына да ерекше көңіл бөледі. Тұрғылықты халықтың қолайлы өмір сүруі үшін жағдайлар жасайды. Ендеше сіздерге де осы бағытта жұмыстарды күшейтуді ұсынамыз. Келісіп жұмыс істейік, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Кәсіпорында уранды тұндыру бойынша аффинаждық цех, уран оксиді тотығын контейнерге түсірудің роботтандырылған кешені және дайын өнім қоймасы бар. «Казатомпром-Sauran» ЖШС табиғи уран өндірісін Түркістан облысында орналасқан «Қанжуған», «Орталық Мойынқұм» және «Мыңқұдық» кен орындарында жүргізеді.

Сонымен қатар облыс әкімі Таукент кентіндегі «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнын аралады. Төртқұдық жаңа зауытының құрылысы мен өндіріс нысандарында болып, жұмысымен танысты. «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны 1996 жылы Созақ ауданының аумағындағы Мойынқұм және Төртқұдық кен орындарын игеру мақсатында іске қосылған. Сол жылдардан бастап өндіріс орны мемлекеттік саясатын жүзеге асырып, еліміздің экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізуде. Уран өндіруде көшбасшы кәсіпорын өңірдегі әлеуметтік жобаларға да демеушілік танытуда.

Қазіргі уақытта кәсіпорын құрамында уран бар кен және пайдалы қазбаларды өндіру, өңдеу, тасымалдау, сақтау сияқты қызмет түрлерімен айналысады. Мұнда 1327 адам жұмыспен қамтылған. Оның 50 пайызға жуығы, яғни 611 адам – Созақ ауданының жергілікті тұрғындары. КАТКО 2009 жылдан бері жергілікті экономикаға 4,8 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған.

Уран өндіруші «КАТКО» компаниясы денсаулықты, өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау, қоршаған ортаны қорғау саласындағы озық тәжірибелерге ерекше көңіл бөле отырып, болашақты ойлауды естен шығарған емес. Компания өндіріс басталған кезден-ақ Созақ ауданы мен Түркістан облысы әкімдіктерімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және жергілікті халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға бағытталған жобаларды қаржыландыруда табысты ынтымақтастық орнатқан.

Компанияның Қазақстандағы тарихы Түркістан облысы Созақ ауданы Мойынқұм кенішіндегі Мойынқұм және Төртқұдық учаскелерін игеру үшін қазақ-француз бірлескен кәсіпорны құрылған 1996 жылдан басталады. КАТКО акционерлері әлемдік уран өндірісіндегі екі ірі ойыншы – француздық «Orano» (үлесі 51%) мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК  (үлесі 49%). Өндіріс 2005 жылы басталды, ал 2009 жылы КАТКО уранды жерасты ұңғымалық шаю әдісімен өндіретін әлемдегі ірі компанияға айналды. Бүгінде әлемдегі жылдық уран өндірісінің 7%-ын өндіретін ірі өндірушілер қатарында. Кейінірек, 2013 жылы жылына 4000 тонна уран өндіру үшін әлемдегі ірі оператор позициясын сақтай отырып, КАТКО-ның өндірістік қуаты кеңейді.

1200-ге тарта адам істейтін (50%-дан астамы Созақ ауданы тұрғындары) компания өңірдегі ірі жұмыс беруші де болып отыр. Бұрғылау, ас-су мен жатын орын, логистика және техникалық қызмет мердігерлері арқылы тағы жүздеген адам жұмыспен қамтылған. КАТКО қазіргі таңда бизнес-процесс пен өндірістік тиімділік жөнінен эталон саналады. Бизнес-моделінде инновациялық технологиялар мен шығыстардың тиімді құрылымын білікті адами ресурспен ұштастырған. Бұл бәсекелестік деңгейін қамтамасыз етеді. Акционерлері «Orano» және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларымен бірлесіп, өз қызметінің барлау, өндіру, өңдеу және ҒЗТКЖ сынды барлық сала жоғары нәтижеге жетуді көздейтін технологиялар мен жұмыс тәсілдерін қолдануға күш салады.

КАТКО уран өндіру үшін Оңтүстік Төртқұдық учаскесіне лицензия алғанын айта кеткен жөн. Бұл – еңбекті, денсаулықты, қоршаған ортаны қорғау және бизнес-процесс құру саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес әрі әлемдегі ірі уран кеніштерінің бірін пайдаланудағы 25 жылдық тәжірибе негізінде әзірленіп, іске қосылатын КАТКО активіндегі төртінші учаске. Жобаны іске қосу үшін компанияға жергілікті халықпен өзара іс-қимыл өте маңызды. Сондықтан кент тұрғындарына Оңтүстік Төртқұдық қалай дамытылатыны туралы ақпарат беріп, қоғамдық тыңдау өткізілген. Бұл жергілікті халық үшін өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жобаларына қосымша инвестиция құйылатынын білдіреді.

Өндіру жұмыстарының әрбір сатысында қоршаған орта мен денсаулықты қорғауға айрықша көңіл бөлінеді. Уран өндіру үшін жерасты ұңғымалық шаю (ЖҰШ) технологиясы қолданылады. ЖҰШ ең қауіпсіз әрі экологиялық технология саналады. Жұмысшылар уран кеніне тікелей жақын келмейді, топырақ жамылғысы бүлінбейді, қалдықтар жиналмайды. Кеніш біткенде учаске бастапқы жағдайына оралуы үшін қайта өңделеді. Қазір компания Orano-ның жаңа тәсілдерін технологиялық процестер қауіпсіздігін басқару ісіне АҚШ еңбекті қорғау басқармасы стандарттарымен (OSHA) қатар енгізіп жатыр. Бұл тәсіл қауіпті заттарды пайдаланумен байланысты процестер тәуекелін басқару талаптарын айқындайды.

Кеніштерде ауаның, жер үсті мен жер астының ластануына өндірістік, экологиялық тұрақты мониторинг жасалады. Радиологиялық бақылау да тұрақты. Уран кенінің табиғи радиациялық белсенділігі төмен болатынына қарамастан, жұмысшылар мен мердігерлерге әсер ету деңгейін төмендету шаралары қабылданған. КАТКО-ның уран кеніштері маңындағы радиациялық фон жылына 1,29 мЗв. Бұл Жердің орташа жылдық фонынан (2,4 мЗв/жылына) едәуір төмен. Радиацияның жұмысшыларға орташа жылдық ықпал ету деңгейі шекті межеден (20 мЗв) 12 есе төмен.

Ғылыми зерттеулер жер қойнауының өздігімен қалпына келу қабілеті жоғары екенін көрсеткеніне қарамастан, кәсіпорын жұмыстың соңғы сатысында қойнауды шайып, ерітінді қалдығын кері шығарады. Ұңғылар жабылып, технологиялық қондырғылар алынады. Аумақта рекультивация жасалып, учаске көгалдандырылады және бақылау жүргізіледі. КАТКО компаниясы жаңа Экологиялық кодекс қағидаларына сай рекультивация жобасын әзірлеп, ҚР үкіметінің келісімін алған алғашқы уран өндіруші компания екенін айта кеткен жөн. Жоспарлы табиғат қорғау шаралары өндіру аяқталған соң учаскені қоршаған ортаға еш қиындықсыз ықпалдастыруға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Төртқұдық учаскесінде 6 мың га жуық жерді алған КАТКО бұдан екі есе үлкен аумақта орман отырғызу жоспарын әзірледі. Жоспар бойынша жерді пайдаланудың өтеуіне 12 мың га жуық аумаққа сексеуіл және басқа ағаштар отырғызылады. Бұл істе компанияның тәжірибесі баршылық: қызметкерлер өздері жұмыс істеген жылдарда учаскенің төңірегінде сексеуілдің 100 мыңға тарта тұқымы мен көшетін еккен. Тамыры мықты осы ағаш топырақтың тозуына, құм көшуіне қарсы өте тиімді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы жариялаған ұлттық ормандарды қалпына келтіру бағдарламасына компанияның қосар үлесі осындай.

Әлбетте, өзі уран өндіріп отырған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы әлеуметтік жобаларды таңдауда негізгі рөл ойнайды. Қызметкерлері мен жергілікті халыққа қолайлы жағдай жасау үшін ұзақ және қысқа мерзімді түрлі жобаларға саналы түрде қаражат салып келеді. Мәселен, компания қызметі басталған кезде Шолаққорған кентінде 200 оқушыға арналған мектеп, Тасты кентінде 50 балаға арналған балабақша салған. Созақ ауданының 12 мектебінде мультимедиалық кабинеттерді, химия, биология және физика зертханаларын жабдықтауды қаржыландырған.

КАТКО ел экономикасының негізгі драйвері адам капиталы екенін жақсы түсінеді. Бұларға жоғары білікті қызметкерлердің болғаны маңызды, ал жергілікті тұрғындар – басымдыққа ие мамандар тобы. Бұл ретте мектеп білімі маңызды мәнге ие. Сосын жобалары да тақыр жерден тумайды. Кез келгенін іске қоспас бұрын, барлық тараппен, серіктестермен талқылайды. Осындай ой-талқының арқасында бірнеше маңызды білім беру жобасын қолдаған. Облыстағы барлық мектепті мемлекеттік тілдегі ғылыми контентпен қамтамасыз ету идеясы осылай туды.

Балаларға арналған, әсіресе мемлекеттік тілдегі ғылыми-танымдық контент әлі де жетіспейтіні құпия емес. Сондықтан әлемге танымал National Geographic ғылыми-танымдық журналының редакциясымен бірлесіп, Түркістан облысының барлық мектеп кітапханаларын (олардың саны 900-ден асады) осы басылымға жазылыммен қаматамасыз етіп отыр. Ай сайын жарық көретін аталған журнал әлемдегі ғылым жетістіктері туралы қазақ тілінде мақалалар жариялап тұрады. Бұл АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Германияны қоса алғанда, әлемнің 70-тен аса елінде танымал бренд болғандықтан, қазақстандық оқушылар да ғылымның соңғы жаңалықтарын дамыған елдердегі құрдастарымен бір мезгілде, өз ана тілінде оқи алатындығы бізді қуанышқа бөлейді. Комапания білім беру ісінде бірдей мүмкіндік алу маңызды деп есептейді. Өйткені сапалы контенттің жетіспеуі не шектеулі болуы балаларымыздың білім деңгейінің кенжелеп қалуына әкеледі.

Комапания сондай-ақ, ғылымға деген ынта-ықыласты ояту үшін Созақ ауданы мұғалімдері мен оқушыларына семинарлар өткізуді бастаған.  Мұғалімдер мұндай іс-шараларда жаңа ресурстар туралы біліп, қосымша материалдарға қол жеткізсе, оқушыларға арналған семинар олардың ғылымға қызығушылығын арттыруға бағытталған. Компания Қазақстан университеттеріне стипендиялар беру арқылы жергілікті студенттердің де оқуы мен білім алуына көмектеседі. Сондай-ақ КАТКО қызметкерлерінің балалары қатарынан 18 студент елдің ірі ЖОО-ларында энергитика саласы бойынша жоғары білім алуда.

КАТКО компания ішінде де, маңайдағы ауылдарда да спортты дамытуды қолдап келеді. Компанияда жұмысшылар арасындағы саламатты өмір салты мен аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдауға арналған KatcoAthleTour бағдарламасы бар. Бұдан бөлек, КАТКО балаларға арналған футбол және ойын алаңы бар спорт алаңқайларының құрылысын қаржыландырады. Қазірге дейін осындай 15 алаң салған, сөйтіп жергілікті халық спортпен айналысу үшін заманауи базаларға ие болды. Спортты ілгерілетумен байланысты басқа шаралар қатарында мүмкіндігі шектеулі балаларға есту аппараттарын алып беруге септігін тигізген Astana Marathon қайырымдылық марафонын да айтуға болады.

КАТКО Созақ ауданында жыл сайын 30-дан аса әлеуметтік қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсетеді. 2010-2021 жылдардағы жергілікті әлеуметтік жобаларға жұмсалған шығыстардың жалпы көлемі шамамен 3 млрд теңге болды. Компания жергілікті халық алдындағы жауапкершілігін жақсы сезінеді және маңайдағы кенттердің инфрақұрылымын жақсарту, соның ішінде электрге, суға және Созақ ауданы балаларының білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыра бермек.

Созақ ауданында атқарылып жатқан істердің қарасы қалың. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, инвестиция тарту, экономикалық өсім – қарқынды. Түркістан облысының маңызды аудандарының бірі саналатын атаулы өңірдің аяқ алысы жаман емес. Кәсіпкерлік саласы мен ауыл шарушылығы саласы да жыл өткен сайын дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Жалпы өңірлік өнімінің 92,5 пайызын, 419 млрд. 677 млн. теңгесін өнеркәсіп саласы құрайды. Оның ішінде, 329 млрд. 367 млн. теңгесі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға (уран кендерін өндіруге), 85 млрд. 32 млн. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне (уран, алтын өндірісіне) тиесілі.

Енді бір қуанарлық әрі көңіл толатын жағдай аудан экономикасына жарты жылдың көлемінде 40 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Аталған инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына, оның ішінде, уран өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға, электр энергиясымен, газбен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауға бағытталған. Аудандағы барлық санатта 37123 бас мүйізді ірі қара, 256353 бас қой-ешкі, 24684 бас жылқы, 13452 бас түйе, 32594 бас құс өсірілуде. 2020 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 102,2 пайызға (36315 бас), қой-ешкі 100 пайызға (256248 бас), жылқы 109,3 пайызға (22583 бас) өссе, түйе 13650 бас, құстар 32 780 басты құрады.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіруге тарту мақсатында барлығы 40 бас асыл тұқымды бұқалар сатып әкелініп, 2743 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Қарақұр ауыл округінен жеке кәсіпкер Жасұлан Омарбек 70 млн.теңге өз қаржысына Ресей Федерациясының, Алтай өңірінен 250 бас «Калмык» асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1700 бас түйе аналығын сатып алу межесі белгіленіп, азаматтардың өз қаражаты есебінен 885 бас түйе аналығы және қойдың 1230 аналық басы несиелендіру жолымен сатып алынды.

Созақ ауданы көлемінде былтыр 405 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 362-ге жетті. Жобаларды қаржыландыру бойынша «Ырыс» МКҰ арқылы 25 жобаға жалпы сомасы 90,9 млн. теңге; «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалы арқылы 57 жобаға 204,3 млн. теңге; «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ТО бойынша филиалы арқылы жалпы сомасы 8 жобаға 64,0 млн. теңге, барлығы 65 жобаға 268,3 млн. теңге несие берілді. Кәсіпкерлік қызметке баулу, микрокредит алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 180 адам оқытылып, 174 адам сертификаттарын қорғады. Оның ішінде 70 адам 653 млн.теңге грант иегері атанды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 жобаға («Дархан-Ас» ӨК) жалпы сомасы 22 млн. теңге несие берілді.

Құрылыс саласы бойынша ауданда былтыр 843,3 млн. теңгенің құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілді, құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 100%-ын құрады. Аудан көлемінде 2021 жылы 8 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, 4 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар Шолаққорған ауылы Ақшам мөлтек ауданын жарықтандыру құрылысы, С.Қожанов атындағы тарихи-аймақтық мұражайының құрылысы, Қарақұр ауылындағы 75 орындық мәдениет үйі, Шу ауылы әкімі аппаратының ғимаратының құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 4 нысанның Жуантөбе, Қаратау ауылы әкімі аппараттарының ғимараты, Аққолтық елді мекеніндегі 75 орындық мәдениет үйі, Шолаққорған ауылы С.Қожанов көшесіндегі екі қабатты әкімшілік ғимаратына қосымша жай (военкамат) құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталды.

Шолаққорған ауылының ішкі жүйесін газбен жабдықтау жұмыстарына 2021 жылы 1 млрд. 45 млн. 232 мың теңге бөлініп, 150-ге жу-ық көшеге газ құбырлары жүргізілген. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 35 елді мекеннің (54259 адам) 28-і (халық саны 60 690 (97%)) орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 7 елді мекенге (Созақ, Шақырық, Теріскей, Шолаққорған, Қозмолдақ, Қарақұр, Қаратау) ауыз су сағатпен берілуде, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген (халық саны 2087) (3%). Сондай-ақ, жер асты су қоры бекітілген Балдысу, Қарабұлақ, Саржаз, Басбұлақ және Шақырық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлену жұмыстары жүргізілуде.

Әлеуметтік саладағы кешенді жоспарды іске асыру аясында 3409 адамды қамту жоспарланса, 3108 адам қамтылып, жоспар 91,2 пайызға орындалды. Бағдарламаның бірінші бағыты «кәсіби білім беру және кәсіптік оқыту» бойынша – қысқа мер-зімдік курстар бойынша ауылдық округ, кент әкімдіктерінен оқуға ниет білді-рушілер бойынша тізім жасақталып, 60 адамды оқыту жоспарланып, жергілікті бюджеттен   13 млн.   550,0   мың   тенге қаржы   қаралып,   2021   жылы  60  адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліп, 59 адам оқуын аяқтап, мамандағы бойынша тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.

Бағдарламаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 78 адам шағын несиемен қамту жоспарланып, 2021 жылы 65 адам 268 млн. 320 мың. теңге несиемен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 180 адам оқыту жоспарланып, 181 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жолданып, оқуды толық аяқтаған 171 адамға сертификаттар табысталды.

Бағдарламаның үшінші бағыты «жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» шеңберінде биылғы жылға 1 288 жалпы жаңа жұмыс орындары ашылу жоспарланса, өткен жылдың қорытындысымен 2 145 жаңа жұмыс орыны ашылып, жоспар 166,5 % орындалды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл ішінде 144 адам жолдау жоспарланып, 571 адам жолданды (жоспар 405%).

 «WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin