Бүгін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан қаласының мәдени күндері басталды. Мерекелік шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты.
Этно-ауыл аумағында Түркістан қаласының өнерпаздары ұмыт болып бара жатқан көне ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сахналап, кимешекті әжелер тобы «Ауылдың алты ауызын» шырқады.
«Яссы» халықтық этно-фольклорлық және би ансамблінің концерті көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, «Түркістан мұрасы» тақырыбымен қылқалам, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, суретшілердің туындылары мен қаланың жетістіктері туралы көрмелер келушілердің назарына ұсынылды.
Әжелер ұлттық қолөнер — сырмақ сыру, түскиіз басу, ұршық иіру, тоқыма тоқу мен құрақ құраудан шеберлік сырларымен бөліссе, этно-мәдени ұлттық орталықтар, оның ішінде (өзбек, түрік) этностары да көрме қойып, шарада белсенділік танытты.
Айтыскер ақындар сөз маржанын теріп, рухани шаһардың сәні мен салтанатын жырға қосты.
Ұмыт болып бара жатқан «Танабау тағу», «Бала бауырынан табақ жүргізу», «Керегеге орамал байлау», «Келінге кимешек-шылауыш кигізу», «Тоқымқағар» салт-рәсімдері сахналанып, мәні түсіндірілді.
Мәдениет күні ертең де жалғасын табады. 22 тамыз күні «Түркістан халық театры» дайындаған көше театрының стилінде «Саф алтын арыстар» тақырыбында көрініс-қойылымы ұсынылады және ұлттық спортты ұлықтау мақсатында бірнеше спорт түрінен сайыстар ұйымдастырылады.
Ал кешкі сағат 19:00-де қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының және эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Шаһардағы «Керуен Сарай» туристік кешенінде өткен шараға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып, сахна төрінде жұртшылыққа жылы лебізін білдірді. Мәдени шараға шаһар тұрғындары мен қонақтары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Гала-концертте елімізге танымал эстрада жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы мен Кеңес Әлімжанов ән шырқап, қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Концерттік бағдарламада «Яссы» халықтық би ансамблі мың бұрала би билеп, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары қоңыр үнмен Түркістан аспанын сазға бөледі. Өнер сүйер қауым әншілермен қосыла ән айтып, мерекелік кештің сәнін кіргізді.
Осы орайда атап өтер жайт, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Түркістан қаласының мәдениет күндеріне орай, Түркістан «Халық театры» «САФ АЛТЫН АРЫСТАР» көрінісін сахналады. Сондай-ақ, мәдени шарада қала тұрғындары мен қонақтары арқан тарту, қазақша күрес, асық ату, ләңгі тебу, қошқар көтеру, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыста бақ сынады.
Жиында сөз алған Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев мәдени шараға қатысушыларға алғысын айтып, спорт сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.