Созақ ауданының әкімі егіс алқаптарын аралады

Қазіргі уақытта теріскейлік шаруалар арпа дақылдарын орып, жиын-терін науқанын бастады. Осы ретте, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жон бойындағы егіс алқабтарын аралап, шаруа қожалық жетекшілерімен кездесті. Онда жаңадан алынған ауыл шаруашылық техникаларын көріп, биылғы жылғы өнімнің көлемімен танысты. Сондай-ақ жерді тиімді пайдалану жайы сөз болды.

«АманжолШ» шаруа қожалығы биылғы жылы 40 гектарға бидай өнімін, 200 гектар алқапқа арпа дақылдарын ексе, «Әйгерім» шаруа қожалығы 30 гектар алқапқа арпа және бидай дақылдарын еккен. Аталған қожалық төрағалары өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, 14 млн 500 мың теңгеден Донг-Фенг 904 маркалы доңғалақты тракторлар алған. Алынған тракторлардың 4 млн 350 мың теңгесін мемлекет субсидиялайды.

«Жалпы биылғы жылы егіннің шығымына көңіліміз толады. Орақты бір апта бұрын бастадық. Өнімділікке келер болсам, арпа дақылынан әр гектардан 20 центнерге дейін астық бастырып жатырмыз. Егістік жермен тұрақты айналысу үшін Үкімет тарапынан берілген жеңілдетілген несие арқылы жаңа техникаға қол жеткіздік», — дейді «АманжолШ» шаруа қожалығының төрағасы Ержан Сүлейменов.

Айта кетейік, биылғы жылы теріскейлік шаруалар ерте көктемнен егістік жұмыстарына белсене кірісіп, 370 гектарға бидай, 1028 гектарға арпа, 1100 гектарға мақсары және 760 гектар аумаққа жүгері дақылдары егілген.

Айта кетейік, өткен жылы теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізген болатын. 8 ай қорытындысының өзінде-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 12 260,5 миллион теңгені құраған еді. Мәселен, былтырғы жылы 14 393 гектар егіс егілді. Оның ішінде: 310 гектар бидай, 1049 гектар арпа, 769 гектар жүгері, 1265 гектар мақсары, 494 гектар картоп, 482 гектар көкөніс, 482 гектар бақша, 1996 гектар жаңа жоңышқа, 7516 гектар өткен жылдардағы жоңышқа орналастырылды. Аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеріп келеді. 5,2 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Шолаққорған ауыл округінен «Дәмен» шаруа қожалығы 40 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнатса, бүгінгі күнге «Атамекен» шаруа қожалығында 141 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнату мақсатында бассейн қазылды.

20 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алынды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 194 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 153 азаматтың құжаты 805,160 миллион теңгеге мақұлданып, 91 азамат 447,860 миллион теңге жеңілдетілген несие алды.Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп келеді. 47 777 бас мүйізді ірі қара, 286 364 бас қой, 38 478 бас ешкі, 32 440 бас жылқы, 16 027 бас түйе, 38 637 бас құс өсірілуде.

Аудан экономикасына былтыр 57 миллиард 830 миллион теңге инвестиция тартылды. Жергілікті бюджет кірістеріне өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін 10 миллиард 8 миллион 844 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 108,2 пайызға немесе 775 миллион 491 мың теңгеге өзіндік кірістер есебінен артығымен орындалды. Оның ішінде трансферттер — 2 миллиард 459 миллион 385 мың теңге, өзіндік кірістер 7 миллиард 549 миллион 459 мың теңгені құрайды. Бюджеттің шығыс бөлігі 9 миллиард 363 миллион 347 мың теңгені құрап, 99,4 пайыз игерілді. Негізгі капиталға 485,8 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 34% орындалды (жоспар 1 366,2 миллион теңге). Тамақ өндірісіне 134,2 миллион теңге инвестиция тартылып, 51% орындалды (жоспар 261,7 миллион). 14 390 га егістік жер игеріліп, 100,6% орындалды, (жоспар — 14 300 гектар). 5,2 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізіліп, 104% орындалды (жоспар — 5 гектар). 20 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 67% орындалды (жоспар — 30). 40 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісі ендіріліп, 24% орындалды (жоспар 164 гектар). 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 100% орындалды. 10 гектар қарқынды бау егіліп, тапсырма 100% орындалды. 8 дана 500 бастан жоғары отбасылық құс фермалары ашылып, 33% орындалды (жоспар 24 ферма). Сонымен қатар, 7 604,2 тонна ет, 11 858,3 тонна сүт, 1 866,3 мың дана  жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ, 2023 жылдың 8 айының қорытындысымен ауданда мүйізді ірі қара 41 777 бас, майда мал 324 842 бас, жылқы 32 440 бас, түйе 16 027 бас, құс 38 637 басты құрады.

Созақ ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бірінші кезеңде Созақ және Құмкент ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 122 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 94 азаматтың құжаты 478,2 миллион теңгеге мақұлданып, 72 азамат 335,65 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының екінші кезеңінде Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылып, кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 72 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 57 азаматтың құжаты 326,96 миллион теңгеге мақұлданып, 19 азамат 112,21 миллион теңге жеңілдетілген несие алды.

Созақ ауданының барлық жер көлемі 4 104 940 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланудағы жерлер — 716 948 гектар, өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 70945 гектар, босалқы жерлер (ауданның арнайы жер қоры) — 2 016 809 гектар, орман қорының жерлері — 1 034 898 гектар, су қорының жерлері — 3245 гектар, елді мекендердің жерлері — 261 296 гектар, ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері — 799 гектар. «Жер аманаты» жобасы аясында жайылым жерді ортақ жайылымға қайтару бойынша 2023 жылы мақсатына сай пайдаланбай жатқан 120,0 мың гектар жер учаскесін Созақ аудандық жер қорына қайтару бойынша Облыстық басқарма тарапынан жоспарланып, 2023 жылдың 7 айында 58261 гектар жер учаскесі аудан қорына қайтарылды.

Естеріңізде болса, «Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады» — деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Жылдың басында іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы туралы естігенде қуанбаған ауыл тұрғыны кемде-кем. 

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова барлық өңірде «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесін құруды тапсырғаны белгілі. Оған агроөнеркәсіптік кешен немесе экономика салаларына жетекшілік ететін облыс әкімдерінің орынбасарлары басшылық жасайды. «Облыстық жобалау кеңсесіне өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасының жұмысын үйлестіруді, даму бағытын белгілеуді, сондай-ақ скрининг нәтижелеріне және өңірдегі ауылдық округтердің бейіміне қарай 2024 жылға арналған несиелеу көлемін айқындауды бекіту керек. Сондай-ақ, мәслихат депутаттарының, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, «AMANAT» партиясы өңірлік кеңестері мүшелерінің және сарапшылардың ауылдық округтерге шығу кестесін әзірлей отырып, ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысын ұйымдастыру қажет», – деді Премьер-Министрдің орынбасары. Осындай жобалық кеңселер еліміздің әрбір ауданында және ауылдық округінде ашылады. Жеңілдікпен берілген несиенің өз мақсатында жұмсалуын қадағалау, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының жүйелі жүзеге асырылуына жалпы мониторинг жүргізу үшін бірыңғай цифрлық платформа құрылады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша ауқымды «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 1 триллион теңге, оның ішінде биыл 100 миллиард теңге бөлінеді. Биылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша, 29 миллиард теңге сомасына 5,3 мың микрокредит беріліп, соның есебінен 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев өндірілетін ет және сүт өнімдері көлемінің дерегін салыстыру үшін ауылдық округтерде сауалнама жүргізу қажет екенін атап өтті. Бұған қоса, қымбатшылықты ескере отырып, аграрлық техниканы сатып алуға да қаражат қарастыру қажет.

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Президент оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігіне тоқталып өтті.«Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар екенін алға тартып, мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керектігін айтты. «Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», — деді Президент. Шынын айту керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық саланың дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Нақты механизмдерді атап көрсетті.

«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз.Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.

Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн.

Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек.Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек.

Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал.Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.

Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.

Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз.Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.

Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс» — деді мемлекет басшысы.

 «WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin