«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан төрінде Созақ ауданының мәдениет күндері өтті. Аталған шара Этноауылдан бастау алып, ұлттық дәстүріміз кеңінен насихатталды.
Ұлттық спортымызды ұлықтау мақсатында қошқар көтеру, асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, гір тасын көтеру, қол күрес түрлерінен білекті палуандар арасында сайыс өтті. Сондай-ақ «Тарихы дара, жаңарған дала – Созағым!», «Сырым да сен, жырым да сен – Түркістан!» атты кітап көрмесі қойылып, Евразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші Байғараева Ақмарал Бейімбетқызының «Қаратауым, құпиялым» тақырыбында жеке сурет көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды.
Ұлттық дәстүрді насихаттап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру мен рухани құндылықтарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған шара сағат 19:30-да «Керуен сарай» кешенінде «Жайнай бер – Созағым, жарқыра!» атты аудан өнерпаздары және эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертке ұласты.
Айта кетейік, аталған шара «Этноауыл» аумағында 7 қыркүйек күні де жалғасты. Сағат 11:00-19:00 аралығында салт-дәстүрлерге байланысты көріністер, ұлттық тағамдар мен қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардан және аудандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп, «Теріскей – таланттар мекені» атты аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы, «Қырық өтірік» тақырыбында көше театры стиліндегі көрініс-қойылым ұйымдастырылды.
Дәл осы «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында жоғарыда айтып өткеніміздей Түркістан төрінде өтіп жатқан Созақ ауданының мәдениет күндері «Керуен сарай» кешенінде жалғасты. Аудан өнерпаздары және эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, түркі әлемінің рухани астанасы әсем әнмен тербелді.
Салтанатты шараның ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ізгі тілегін арнап, ауданның тарихы мен жетістіктерін атап өтті. Ауданнан шыққан ақын-жазушылар мен атақты күйшілер жайында сөз қозғап, киелі Түркістан төрінде ұлттық құндылықтарды насихаттау созақтықтар үшін үлкен мақтаныш екеніне айрықша тоқталды.
Мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналған қонақтардың қарасы артып, шараны қызыға тамашалады. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі әншілері мен «Әзіл әлемі» театрының актері Аманғали Спабеков, танымал эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Бағдат пен Дима және RIO тобы өз өнерлерін паш етіп, мыңбұралған бишілер көпшіліктің қошеметіне бөленді. Шараны «Байдың балалары» жайдарман тобының капитаны Нұрым Досбол және жайдарманшы Жанболат Досбол жүргізіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Айта кетейік, биыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осыған орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өз жалғасын тауып отыр. Этноауылда ашылу салтанаты өтіп, көпшілік назарына концерттік бағдарлама ұсынылды
Аудан-қалалардың өнер ұжымдары алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, кезекпен келіп, өнерлерін көрсетеді. Алғаш болып фестиваль шымылдығын күндері Сайрам ауданының көркемөнерпаздары ашты. Этноауылда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің және аудан, қаланың жетістіктері туралы көрмелер ұйымдастырылған. Екі күнге жоспарланған шара барысында қылқалам, қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстарын көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүр, ән-жыр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер де сахналанады.
Ал аптаның сенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында әрбір аудан, қала мерекелік Гала-концерт дайындап, көрермендерге ұсынады. Гала-концертте халық шығармашылығының жанрлары: ән, би, күй, айтыс, көркемсөз оқу, жыр-терме, цирк, сатира, хор, оркестр, вокалды-аспаптар мен отбасылық ансамбльдер, фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер, театрландырылған қойылымдар болады.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтетін фестивальдің басты мақсаты – мәдениет пен өнерімізді дамыту және жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеп, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.
Айта кетейік, фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған көркемөнерпаз ұжымдары және әншілердің қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады. Маусым-қыркүйек айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтеді.
«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат