Бүгін аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы «Достар» стадионында 16 тамыз — Созақ ауданының жастары күні мерекесіне орай гала-концерт ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті.
Бұл күн 2001 жылдан бері тойланып келеді. Мерекелік кеште аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ауданның жалынды жастарына аудан басшысының құттықтауын жеткізіп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жылы лебізін білдірді.
Мерекелік кеште танымал тележұлдыздар Bytanat, Ali Otenov, Nurdaulet Karlov және Нұрмахан өз өнерлерін ортаға салып, аудан жастары мен жиналған қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік гала-концертті Бағдәулет Жаманқұлов жүргізіп, кешті тамашалауға жиналған жұртшылық шараны шат-шадыман күйде тамашалады.
Айта кету керек, жыл сайын халықаралық жастар күні тамыздың 12 күні атап өтіледі, оның негізгі мақсаты — жастардың қоғамдағы орны үлкен осы бейбітшілікті жалғастыруда және көркейтуде қосатын үлестері де өте басым екедігін тағы да естеріне салу.
Қазіргі Қазақстанның жастары өте ерекше олар мемлекетіміздің саяси және экономикалық өзгеру дәуірінде дүниеге келіп мемлекетімізбен бірге дамып келеді, олрадың өмірге деген көзқарастары да заманауи және ерекше.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылдың басында республика жастарының саны 5 759 781 адамды құраған. Бұл — 14 пен 35 жас аралығындағы қазақстандықтар.
Жыл басынан бері 20 мыңнан астам жастар кәсіби бағдар беру жұмыстарымен қамтылды, 130 мыңнан астамы жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың бағыттары бойынша консультациялық көмек алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін ағымдағы жылғы наурыз айында Отбасы банкімен бірлесіп, аудиториясының 60% — ы жастарды қамтыған «9-20-25/Отау» жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды. 1 мамырдағы жағдай бойынша жас отбасылардан 16 747 өтініш берілді.
Сонымен қатар 18 жастан 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін еліміздің 16 өңірінде жылдық кредит бойынша пайыздық мөлшерлемесі 5%, бастапқы жарнасы 10% және 25 жылға дейінгі мерзімі берілген жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылуда.
«Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Қағидада жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алу үшін жыл сайынғы жинақтау шегін енгізу көзделеді.
Шығармашылық және белсенді жастарды қолдауға қатысты «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының қағидаларына толықтырулар енгізілді. Біріншіден, сыйлықақы мөлшері 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Екіншіден, «Қоғамдық қызмет» жаңа номинациясы қосылды.
Жастар саясатының негізгі бағыттары: жұмыссыздық, тұрғын үй мәселелерін шешу, бизнес-бастамаларды қолдау, сондай-ақ білім мен мәдениет деңгейін көтеру.
«Zhas project» жобасы аясында биыл ауыл жастары арасында 280 грант бөлініп, бизнес-жобаларын іске асыру үшін NEET санаты іске асырылуда.
Жастардың бизнес-бастамаларын қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыру жалғасуда. 2024 жылы 3 млн теңге көлемінде 30 грант бөлу көзделген. Волонтерлік саланы қолдау мақсатында қосымша «Волонтерлік» бағыты қарастырылған.
Түнеугүні Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң басшысы Ернар Бектаев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте «12 тамыз — Халықаралық жастар күніне» орай ұйымдастырылатын апталықтың бағдарламасымен таныстырған болатын.
Апталық аясында Түркістан облысына қарасты барлық аудан-қалаларда «Таза Қазақстан» экоакциясы, «Бар мейірімділік балаларға» атты аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған экскурсия, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, «Спорт біздің серігіміз» атты кіші футболдан жарыстар, жастардың кешкі уақытын қызықты өткізу мақсатында кино көрсетілім, «Жастармен BIRGE» атты мерекелік кеш секілді кең ауқымды іс-шаралар жоспарланған.
Сондай-ақ, мекеме басшысы жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 2024 жылдың I жартыжылдығында атқарылған істер туралы баяндады.
«Биыл Түркістан облысында жұмыссыз жастар мен NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 6 айда 11 058 жас жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, еріктілік және қоршаған ортаны құрметтеуге тәрбиелеу бағытында 2024 жылдың 6 ай қорытындысы бойынша 1 043 іс-шара өткізілді» — деп баяндады спикер.
Еске салар маңызды жайт, Түркістан өңірінде 2024 жылы 621 жасқа 2,5 пайыздық шағын несие беру жоспарланған. Жобаларды қаржыландыруға 3,1 млрд. теңге қарастырылдып. 2023 жылы түркістандық жас кәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын қолдауға 2,9 млрд. теңге бөлініп, өз кәсібін ашуға ниетті 1 мыңға жуық үміткерден өтініш келіп түскен болатын. Облыс әкімінің қаулысымен құрылған конкурстық комиссияда бизнес-идеялар қаралды.
Нәтижесінде өткен жылы 625 үміткердің бизнес-жобасы мақұлданып, қаражат толығымен игерілді. Жеңілдетілген шағын несие алып, кәсібін бастаған жастардың басым бөлігі мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, наубайхана мен кондитерлік өнімдер шығару, жеңіл өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету, көлік және құрылыс салаларын қамтыды.
Айта кетейік, былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 21-35 жас аралығындағы азаматтарға 2,5 пайыздық шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды. Мақсаты – жастардың кәсіп бастауына немесе оны кеңейтуіне, табыс көзін арттыруына қолдау көрсету. Жас кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама аясында мал шаруашылығы жобалары үшін мерзімі 7 жылды, бизнестің басқа түрлеріне 5 жылды құрайтын 5 млн. теңгеге дейін несие ала алады. Микрокредитті алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі беріліп, мерзім ұзақтығы 3/1 аспайды.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облыстық филиалы сенім білдірілген агенттік ретінде бекітіліп, құжаттар қабылдайды. Түркістан облысының Жастар ресурстық орталықтары тарапынан бағдарламаның тиімділігін насихаттау мақсатында ауыл-ауылды аралау, NEET санатындағы жастар мен оқу орындарында ақпараттық-түсіндірме жүргізу жұмыстарын бұл жылы да жалғастыруда. Өйткені, бағдарлама – жұмыссыздықты азайтуға ықпал жасайды.
Иә, 12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Осынау мереке қарсаңында елімізде «Жастармен бірге» ұлттық онкүндік өтіп жатыр. Әр күнге арнайы тақырып бекітіліп, республика бойынша барлығы 5 мыңнан астам іс-шара жоспарланған. 3 тамыздан күні бүгінге дейін «Таза Қазақстан», «Жас келсе – іске», «Денсаулық – зор байлық», «Ғылым таппай мақтанба», «Мейірімділік мекені», «Адал азамат», «Еңбек бәрін де жеңбек», «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атауымен түрлі жиын ұйымдастырылды.
Еліміз кейінгі бес жылда түбегейлі өзгеріп, билік құрылымынан бастап, қоғамдық санаға дейін трансформациядан өтті. Бұл жаңғыру – бүгінгі батыл қадамдардың, байыпты шешімдердің негізі. Реформаның бір тармағы жастар саясатына бағытталды. Әсіресе жас буынның әлеуетін арттырып, толыққанды білім алуына, кәсіби және жеке даму мүмкіндіктерін кеңейтуге көбірек назар аударылды. Мұның бәрі – Әділетті Қазақстанды тұғырына шығарып, нық орнатуға бағытталған қадам. Алайда идеяны жүзеге асыру бір бөлек те, оны орнықтыру да қажырлы еңбекті талап етеді.
Халықаралық жастар күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасы осы жастар саясатының негізгі міндеттерін орындауға бағытталған. Оның ішінде жұмысқа орналастыру, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дамыту, ұлттық сананы нығайту мәселелері бар. Сондай-ақ ұлттық онкүндік шеңберіндегі іс-шаралар «Адал азамат» тұжырымдамасын насихаттайды.
Іс-шаралар 3 тамызда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен басталды. Еліміздің барлық өңірінде 13 500 белсенді жас саябақ аймақтарын, өзендер мен көлдер жағасын, сондай-ақ тарихи-мәдени нысандар аумағын абаттандыру және тазалау жұмыстарын жүргізді. Жұмылған жастар жалпы 600 гектарға жуық аумақты тазалап, 256 тонна қоқыс жинады.
Екінші күні «Жас келсе – іске» акциясы ұйымдастырылып, елдегі жастардың өзін-өзі дамытуға, көшбасшылық идеяларын ілгерілетуге және кәсіби дамуға арналды. Науқан аясында аймақтарда отандастарымыздың кәсіпкерлер, өнер, ғылым және спорт қайраткерлерімен мотивациялық кездесулері өтті.
Сондай-ақ отандық киноның танымалдылығын арттыру үшін «Жаужүрек мың бала», «Қызыл диплом», «Бекзат», «Боксшы», «Өмір ағысында», «ХХІ ғасыр жастары», «Маған назар аудар», «Анаға апарар жол», «Еркебай», «Таптым-ау сені», «Шоқан», «Өмір-ай», «Қазақ хандығы», «Алтын тақ» фильмдерінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Жалпы, іс-шараларға еліміздегі 17 000 жас қатысты.
Ұлттық жастар онкүндігінің үшінші күні денсаулық мәселелеріне арналды. Республиканың түкпір-түкпірінде саламатты және белсенді өмір салтына түрткі болатын акциялар өтті. Яғни жастар үшін емханаларда тегін консультациялар мен скринингтер өткізіліп, таза ауада жаттығу жасау және спорттық челлендждер ұйымдастырылды. Іс-шаралар мен жобаларда 7 мыңнан астам азамат бой көрсетті.
«Ұлт саулығы – мемлекеттің негізгі күші. Осыны ескерсек, саламатты өмір салтын ұстануымыз қажет. Науқан аясында ауруханалардың, хоспистердің және онкологиялық диспансерлердің пациенттеріне күтім жасап, бір мезет медбикелерге қолғабыс етті. Әрі күннің тағы бір маңызды сәті сарапшылар донорлық тақырыбын талқылаған дәрістер өткізілді. Кейін қан тапсыруға ниет білдіргендер қан тапсырды», — дейді созақтық белсенді жастар.
Ал төртінші күн білім, ғылым және интеллектуалды дамуға арналды. Осыған орай өңірлерде жастардың оқуға және өзін-өзі дамытуға деген қызығушылығын арттыру үшін іс-шаралар ұйымдастырылды. Ашып айтсақ, зияткерлік конкурстар, кітап көрмелері әрі белгілі ғылым және білім қайраткерлерімен кездесулер өтті. Бұл күні аймақтардағы 6000-нан астам азамат белсенді болды.
«Мейірімділік мекені» атауымен ұлттық онкүндіктің бесінші күні өтті. 7 тамыз күні жастар жалғызбасты зейнеткерлерге, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, жетімдерге және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетті. Осылайша, қоғамда қайырымдылық, волонтерлік қызмет насихатталды.
Мәселен, жастар ресурстық орталықтары «Мектепке жол» акциясы аясында мұқтаж отбасылардың балаларына оқу құралдарын сатып алып, алдағы оқу жылына дайындалуға үлес қосты.
«100-ге жуық балаға мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтылған сөмкелер үлестірілді. Акция барысында қаланың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылып, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлауға тырыстық. Негізгі мақсат – көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ ерекше балаларды қолдау және жаңа оқу жылы қарсаңында бірреттік көмек көрсету. Жоба аясында халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік дәнін себуге бағытталған шаралар жүргізілді. Жаңа оқу жылының қарсаңындағы игі бастама елімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақ өсуіне ұйытқы болатынына сенімдімін. Балдырғандарға жаңа оқу жылында сәттілік тілеймін», — дейді Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ернар Бектаев.
Бұған қоса ел жастары жалғызбасты қарт адамдардың үйін жинап, оларға азық-түлік сатып алып берді. Жер үйде тұратындар үшін қысқа отын дайындап, шатырларын жөндеді. Қайырымдылық жәрмеңкелері мен спорттық турнирлер де ұйымдастырылды. Бұл күні барлығы 6 мың жас игі іске атсалысты.
Қазір елдегі жастар саны 6 миллионға жуықтады. Бұл – республика тұрғындарының 20 пайыздан астамы. Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда әр азамат иек артуға тиіс құндылықтарды баса айтты. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Мұның бәрін «Адал азамат» ұғымын түгел қамтиды.
«Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жастар онкүндігінің алтыншы күні осы «Адал азамат» тұжырымдамасын насихаттауға басымдық берілді. Әсіресе коммуникациялық дағдыларды дамыту, инновациялық әлеуетті қолдау мәселелеріне арналды. Өңірлерде Ted-X форматында жастармен мотивациялық кездесулер, мемлекеттік қызметтердің жас мамандары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруға арналған семинарлар, лекциялар секілді 100-ден астам іс-шара өткізілді. Іс-шараларға мемлекеттік органдардың, полицияның, білім басқармасының өкілдері, сарапшылар, сондай-ақ жастар ұйымы қатысты. Жалпы, іс-шаралар 9 мыңнан астам жасты қамтыды.
«Еңбек бәрін де жеңбек». Онкүндіктің жетінші күні осындай атаумен өтті. Шаралар жастарды еңбекке баулу, экономикалық белсенділігін арттыруға арналды. Ал одан кейін «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында Абай күніне орай ұлы тұлғаның шығармашылығын насихаттауға бағытталған түрлі байқау, челлендж, бейнеқұттықтау сериясы ұйымдастырылды.
Мереке қарсаңында республика бойынша 1 000 000-нан астам адам қамтылады. Ұлттық онкүндік қорытындысында барлық қала не аудан орталықтарында «Жастармен бірге!» атауымен open air форматында концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Облыс орталықтарында өтетін іс-шараға жастар арасында танымал эстрада жұлдыздарының қатысуы да жоспарланып отыр.
Маңыздысы, іс-шара аясында барлық санаттағы жастар, оның ішінде волонтерлер, еңбекші жастар, жас мемлекеттік қызметкерлер мен жас кәсіпкерлер марапатталады. Әрі «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының жеңімпаздарына аталымдар табысталады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.