Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен жиын өтті. Жиынның күн тәртібінде жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы қаралып, бұл бойынша атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.
Аудан басшысы жауаптыларға аурухана, білім ошақтары, мәдени нысандар мен әлеуметтік орталықтардың жылу жүйесіне жүріп жатқан техникалық тексеру жұмыстарын аяқтап, орын алған осал тұстарын жоюға бағытталған шараларды ширата түсу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ Таукент және Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарында жүріп жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Жылуға қатысты шараларға немқұрайлы қараған басшылардың мәселесі қаралатынын қатаң ескертіп, жұмыс барысы жіті бақылауда екенін жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.