Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 үш жыл ішінде кемі 50 мың оқушы үшін 63 мектеп салу жоспарланған. Өңірде жыл соңына дейін пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Абаттандыру және жолдардың құрылыстары да дер кезінде аяқталуы тиіс. Білім нысандарының құрылысында орын алып отырған проблемаларды талқылап, шешім шығару үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жобаны үйлестіруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша Өңірлік басшысы Сәкен Әшірбаев пен барлық жауапты тұлғалардың басын қосып, Президенттің қойған міндетінің орындалу барысын талқылады. Облыс әкімі жауапсыздық танытқандарға шара қаралатынын ескертті.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру міндеті «Samruk-Kazyna Construction» Ұлттық компаниясына жүктелген. Жиналыста ерекше мектептердің құрылысы барысында орын алып жатқан өзекті мәселелер ортаға салынды. Кей құрылыс компаниялары мектеп құрылысын жоспардан кешіктіруде. Жауапты мердігерлер құрылыс барысындағы кедергілерді түсіндірді. Бірі құрылыс материалдарының бағасы шарықтап, жеткізу мерзімінің созылуын алға тартса, енді бірі жұмыс қолының жеткіліксіздігін айтты. Тағы бірі сараптама қорытындыларының мерзімінің созылуын атады.
– Бұл – тарихта болмаған жоба. Оның орындалуы – бәрімізге сын. Сондықтан мойындарыңызға алған жауапкершілікті сезініп, жұмысты мерзімінде және сапалы аяқтауға бар күштеріңізді салыңыздар. Әртүрлі сылтау, бос сөз айтып, баланың тірлігін жасаудың қажеті жоқ. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!» деген, енді ақталу артық. Әр нәрсенің сұрауы бар. Бітіріңіздер, бітті. Сіздерден басқа сұрау жоқ. Кедергілер болса, дер кезінде көтеру керек. Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс. Олай болмаған жағдайда жауапты тұлғаларға шаралар қолданылатын болады, – деді Дархан Сатыбалды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – Мемлекет басшысының 2022 жылы халыққа Жолдауында айтылған бастамасы. Жобаны 2023-2025 жылдар аралығында іске асыру көзделген. Ауқымды іс еліміздегі мектеп тапшылығы мен үш ауысымда оқыту мәселесін жою мақсатында жүзеге асуда. Бұған демографиялық өсім мен мектептердің ескіруі себеп болып отыр.
Құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын оқу нысандары жиһазбен, заманауи құралдармен жабдықталады. Бастауыш және жоғары сыныптар үшін оқу кабинеттері және спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған. Оған қоса, жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілмек. Мектептердің ішкі жабдығын қамтамасыз етуде отандық өндірісті тарту көзделген.
Білім дегеннен шығады, биылғы облыстық «Тамыз кеңесі» 27 тамыз күні өткізіледі. Бүгін осы шара шеңберінде «Digital Kazakhstan: Жаңа заманындағы білім беру» тақырыбында секция жұмыстары жүргізілді. Маңызды жиында 26 секция өтті. Кеңеске 1000-ға жуық педагог қатысты. Басқосуда әртүрлі бағыт бойынша спикерлер баяндама оқып, өзара тәжірибе алмасты.
Конференция барысында білім берудегі цифрлық инновациялар, жасанды интеллект технологиялары, білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай ұстанымдарын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Баршаға қол жетімді әрі сапалы білімді талқыған жиында мектептерді бірлесе дамыту стратегиялары, цифрлық білім беру ресурстары – білім сапасын арттыру құралы, заманауи білім берудегі Lesson study тәсілі көрсетілді. Біртұтас тәрбие – құндылықтар шыңы бойынша құнды ақпарат айтылды. «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында әдістемелік жұмыстың заманауи жүйесін қалыптастыру тәсілдері» мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың жаңа тенденциялары сөз болды.
Сынып жетекшілері бала құқығындағы цифрлық сауаттылығын дамыту бойынша тәжірибесін ортаға салып, мектеп оқушыларының психологиялық әрекетінің семиотикасы мен мәдениеті, білім беру ұйымдарындағы тамақтануды ұйымдастыру, балалар кітапханасы – оқитын ұлт қалыптастыру жөнінде мәлімдеме жасалды.
Айта кетейік, секциялық отырыстың мақсаты – оқушылардың ойлауын қалыптастыруда компьютерлік сауаттылықты, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, заманауи талаптарға сәйкес жан-жақты даму мен оқытуға жәрдемдесу, табысты тәжірибе алмасу.
Сөз соңында айтарымыз, Түркістан облысында жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныпта оқитын 220 920 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде, осал топтағы отбасыдан шыққан 60 693 бала, 1-4-ші сыныптағы 160 227 бала бар. Жалпы, облыстағы 881 мектепте балаларды ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылған.
Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-і биыл 1-сыныпқа қабылданады. Айта кетсек, 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңгеден үлестіріледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.