Мемлекеттік мереке қарсаңында арыстықтар қолдарына кетпен пен күрек ұстап қала көшелеріне сенбілікке шықты.
Бүгінгі сенбілікте әр сектор өздеріне тиесілі аумаққа тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды шығарып, арамшөптерді отады.
Тазалық шарасында мемлекеттік қызметкерлерден бөлек мекеме, кәсіпорын, ұжымдардан белсенді азаматтар шығып, абаттандыруға атсалысты. Мұндай тазалық жұмыстары барлық ауылдық округтерде де атқарылды. Сала мамандарынан құрылған жұмысшы топ қала тұрғындарына үйлерінің маңайындағы жерлерді таза ұстау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізді.
Тазалық барысында «Khazakh Real Stroy» мекемесі арнайы техника көмегімен қоқыстарды жинап, тасымалдауды қолға алды. Мұндай шаралар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.
Алдағы уақытта қалада осындай сенбіліктер жалғасады.
Сайрам ауданында жалпыаудандық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды
Айналаның тазалығына атсалысу – туған жерге деген сүйіспеншілік болып саналады. Осы орайда, қоршаған ортаны қорғау, оның экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында Сайрам ауданында санитарлық тазалық жұмыстары атқарылды. Ауқымды іс-шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде және Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай ұйымдастырылған.
Тазалық жұмыстарына аудан әкімдігінің, ауылдық округ әкімдіктерінің, дербес бөлімдердің, «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен ерікті жастар, жалпы 750-ге жуық адам атсалысты. Әрқайсысы өздеріне тиесілі аумақтарға тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аталған сенбілік жұмыстары аясында республикалық, облыстық маңызы бар автожол жиектері, ішкі көшелердің бойы, саябақтар мен мәдени-тарихи орындар, сауда орындары мен базарлар, арық-атыздар, өзен маңдары бейберекет тасталған күл-қоқыстардан, шөп-шаламдардан тазартылды. Мекеме мен кесене аулаларындағы гүл көшеттерінің түптері қопсытылып, суғарылды. Сондай-ақ, кейбір кеңселердің қасбеттері, қираған қоршаулары сырланып, қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, тұрғын үй аулаларының алдындағы қураған ағаш бұтақтары қырқылды.
Айта кетейік, көшелерді күтіп-таза ұстау және қоршаған ортаны қорғауғп бағытталған сенбілік жұмыстары барысында 23 техниканың көмегімен 14,6 тонна қоқыс арнайы аумаққа тасымалданды.
Егерде әрбір тұрғын тазалықты алдымен өз ауласынан бастаса, бұл өңіріміздің өзге тұрғындарын тазалыққа үндеуге қосқан үлесі саналады. Сондықтан сайрамдықтар барша аудан тұрғындарын айналамызды таза ұстауға шақырады.
Созақ ауданында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды
Бүгін Созақ ауданына қарасты барлық ауылдар мен елді мекендерде «Таза Қазақстан» Республикалық шарасы аясында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.
Шолаққорған ауылының аумағында бөлінген 5 сектордың, оның ішіндегі 144 көшеге жауапты әр мекеме тазалық пен көгалдандыру жұмыстпрына тұрақты атсалысуда. Саябақтар мен ішкі көшелерді ретке келтірді. «Шымкент-Созақ» бағытына шығатын үлкен жолдар мен айналма жолдың бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Ауыл сыртындағы сай-сала мен су өткізгіш құбырлар да қоса қамтылып, ауылдардың аумағы абаттандырылды. 21 арнайы техника жұмылдырылып, 36 шақырым көше бойлары мен 19 шақырым аяқ жолдары ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 11 шақырымы тазаланып, полигонға 81 тонна қоқыс тасымалданды.
Сенбілікке 2500-ге жуық мекеме қызметкерімен қоса ардагерлер ұйымы және қоғамдық ұйым мүшелері, белсенді жастар мен елді мекен тұрғындары да жұмыла кірісіп, тазалық жұмыстарын үрдіске айналдыруда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.