Жылыту маусымына дайындықты тоқтатпаған Түркістан облысының Кентау қаласындағы жылыту орталығының қайта құру жұмыстары мерзімінен кешікпеу керек. Стратегиялық маңызы бар нысанда атқарылып жатқан әрбір жұмыс облыс әкімі Дархан Сатыбалдының, құзырлы орган және департамент басшыларының тікелей бақылауында тұр. Жауапты тұлғалардың басын қосып штаб кеңесін өткізген облыс басшысы тиісті тапсырмалар берді. Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.
Штаб отырысында 4 су айдайтын құрылғы мен 14 шақырымнан астам тозығы жеткен жылу құбырын ауыстыру барысы бойынша жан-жақты есеп алынды. Жылу беру маусымына дайындық мәселелері үлкен әлеуметтік маңызға ие екенін атап өткен облыс әкімі жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін қажетті шараларды қабылдау қажеттігін ескертті. Құрылысқа, жөндеу жұмысына жауапты әрбір маманның, инженердің атқарған жұмыстары да талқыланды. Жұмысына селқос қараған кәсіпкерлерге жауапкершіліктің күшейтілгенін ескертті.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың, мердігер мекеме басшылығының есептері тыңдалды. Жылу орталығының қазіргі жай-күйі туралы жауапты кәсіпорын өкілдері баяндады. Қазандықтарды реконструкциялау жұмыстары бекітілген кестеге сай, үздіксіз жүруде. Нысан басында екі ауысымда 200-ден астам жұмыс істеп жатыр.
– Өзара үйлесімді, бірлескен іс-қимылды бұдан да күшейту қажет. Сіздерден тек дер кезінде сапалы жұмысты қабылдап алуымыз керек. Басқа маңызды тірлік жоқ. Бар күш-жігерді осы жобаға бағыттаңыздар. Жұмысты ширатып, дер кезінде абыроймен аяқтау керек. Оған дейін тынымсыз жұмыс істеу керек, — деді Дархан Сатыбалды.
90 жылдық тарихы бар «Кентау-сервис» Жылу энергия орталығында 8 қазандық бар. Қазіргі таңда оның алтауы – күрделі жөндеуден, екеуі – ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Биыл жылыту маусымында 4 қазандық толық іске қосылса, ал қалған 4 қазандық резервтік күйде болады.
Сондай-ақ Кентау қаласындағы тозығы жеткен 14 шақырым магистралдық жылу жүйелері мен 4 кері сорғы станцияларын қайта құру жұмыстары жүруде. Сонымен қатар жылу орталығын басқару станциясы заманауи технологиялармен толық автоматтандырылып жатыр. Айта кетсек, қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне 14 мыңға жуық абонент қосылған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.