Түркістан облысы: Келес ауданында «Тазалық — жан саулығы» атты эко-плогинг өтті

Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» шарасы аясында Келес ауданында “Тазалық-жан саулығы” атты эко-плогинг акциясы өтті. Шараға аудандық аудандық ішкі саясат бөлім басшысының орынбасары Жансая Өмірәліқызы, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Айбек Әмреқұлұлы, “Жастар рухы” Жастар қанатының ерікті жастары, жалпы акцияға 80-ге жуық жас жұмылдырылды.

Шараның мақсаты — тазалықты сақтау, әрбір жастың бойында туған жерге деген жанашырлықты ояту.

Экоакция нәтижесінде І орынды аудандық мәдиенет үйінің қызметкерлері қанжығасына байласа, ІІ орын Қаратөбе ауылының белсенді жастарына бұйырды. Ал ІІІ орынды Ошақты ауылының жастар командасы алды.

Сонымен қатар Төлеби ауданында да жалпыаудандық тазалық шарасы ұйымдастырылып, ескерткіш маңы қоқыстан тазартылды. Ауданда мұндай жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Тазалық шарасына аудан тұрғындары, қоғам белсенділері, коммерциялық нысан иелері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері жұмыла кірісті.

Жалпы ел көлемінде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы қолға алынып, қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады.

Ауданда өткен тазалық жұмыстарына Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Айғақ Медиа» холдингінің директоры Дулат Әбіш, БАҚ өкілдері мен өлке өлкетанушы өкілдері Ленгір қаласындағы саябақта халықпен бірге сенбілікке қатысып, белсенділік танытты. «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында қазақтың аса ірі қоғам қайраткері Төле би Әлібекұлының еңселі ескерткішінің маңы тазаланып, қураған шөптер шабылды. Қоқыстар алынып, ағаштар суғарылды.

Ал Сайрам ауданының Ақсукент ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы ұйымдастырылып, «Дендросаябақта» сенбілік жұмыстары атқарылды.

Сенбілік жұмыстарына бірқатар мемлекеттік мекеменің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері атсалысты. Жалпы 1350-ден астам адам экологиялық бағдарламаны қолдап, тазалық жұмыстарын жоғары деңгейде орындады.

«Дендросаябақ» аумағында өткен сенбілікте қураған ағаш бұтақтарын қырқып, арам шөптер шабылды, айнала күл-қоқыстардан тазартып, ағаш көшеттерінің түптерін суғару жұмыстары атқарылды.

Айта кетейік, жалпыаудандық сенбілікке 4 техника жұмылдырылып, 12 тонна қоқыс шығарылды.

Сонымен бірге бүгін “Таза Қазақстан” экологиялық шарасы аясында Отырар ауданы көлемінде де ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілік барысында аудан орталығындағы көше бойлары мен елді мекен айналасы, автожол бойлары, арық-атыздарды қоқыстардан тазарту, шөптерді ору жұмыстары жүргізілді.

Экологияны қорғау, тазалықты сақтау, туған жерді көркейту мен көгалдандыруға баса мән беру бастамасымен ұйымдастырылып жатқан сенбілік жұмыстарына аудан көлемінде 300-ге жуық адам, 4 техника жұмылдырылып, 4 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға жеткізілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin