Түркістан облысы: Жетісай ауданында полиция майталманының құрметіне арнайы сынып ашылды

Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 32 жыл толып тұр. Осы ретте Жетісай қаласындағы «Максим Горький» атындағы №1 мектеп-гимназиясында ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бейбіт тұрғындардың тыныштығын күзетуде ерен еңбек етіп, ішкі істер органдарында қызмет атқару кезінде қаза тапқан полиция полковнигі Әбдіғаппар Бердіқұлұлы Серікбаевтың есіміне берілген «Полиция сыныбы» ашылды.

Сыныптың ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен Түркістан облысы полиция депертаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мақсат Асқаров, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Адайбеков Шохан Жолдасбекұлы мен облыстық ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанәділ Құмарбеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Сапарбеков Адилбек Әбдіраймұлы мен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сакен Досымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбет, Әбдіғаппар Серікбаевтың отбасы мен ағайын-туыстары қатысты.

«Отанды сүю – өз еліне адал берілгендік. Оған қалтқысыз қызмет ету – оның мүдделері мен қауіпсіздігін қорғау. Отанды қорғау ісіне ардагерлеріміздің үлгісімен әрқашан дайын болып, намыс туын жоғары ұстау баршамыздың міндетіміз. Тек қана оңтүстік өңіріне ғана емес күллі республикаға, қала берді алыс-жақын шет елдерге ҚАПАШ есімімен танылған Әбдіғаппар Бердіқұлұлының есімімен аталатын сыныпта білім алатын оқушылардың да нағыз елжанды, іскер, жаңашыл болып қалыптасатынына күмәнім жоқ» — деген аудан басшысы жас полицейлерге куәлік тапсырды.

Осы ретте назар аударар тағы бір жайт, Қазақстан халқының тілдері күні — татулық пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті ту еткен жүзден аса ұлттар мен ұлыстар мекен еткен егемен еліміз үшін маңызды мереке. Осыған дейін 22 қыркүйекте атап өтілген мерекенің 5 қыркүйекке ауысқандығы тарихи маңызға ие. Өйткені, атаулы күн қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ халқының тағдыры мен тілінің болашағы үшін күрескен, Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуде.

Тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру мақсатында Жетісай ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Жетісай» мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» тақырыбында мерекелік іс-шара болып өтті.

Жиынға аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есенкелді Алданиязов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлын Сейдалиев, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ директоры Құрманбек Рысмаханов пен Түркістан облыстық тәжік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Сұлтанов, тіл жанашырлары мен аудан тұрғындары қатысты.

«Тіл – кез келген ұлт пен халықтың, жалпы адамзаттың негізгі қатынас құралы. Тілсіз өмір сүру мүмкін емес. «Ұлтты жоям десең, әуелі тілінен баста» деген ойдың астарында терең мағына жатыр. Расымен халқымыздың, дініміз бен діліміздің негізгі түп қазығы, ол – біздің ана тіліміз. Тіліміз бен ұлтымыздың жойылмауының жолында қаншама жанның құрбан болғанын ескерсек, ана тіліміз бен ата дәстүрімізге салғырт қарауға ешбіріміздің құқығымыз жоқ екенін аңғарамыз. Ана тіліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген тіл жанашырларына алғысымыз ерекше.

Ауданымызда тұратын ұлттар мен ұлыстардың, түрлі этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағына дәнекер болып жүрген ақсақалдарымызға да өз ризашылығымды білдіремін. «Тілге құрмет – елге құрмет». Баршаңызды мемлекеттік тілді құрметтей отырып оны жетік үйренуге шақырамын» — деді Есенкелді Әшірханұлы.

Құттықтау сөз соңында бір топ тіл жанашырларына аудан әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табысталды. Мерекелік жиын барысында аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының орындауында патриоттық әндер шырқалып, мың бұралған бишілер түрлі этнос өкілдерінің биін биледі. Көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бір топ тіл үйренушілер мен студенттер Алаш арыстарының ана тілі туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып, жұршылықты рухани байытса, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Жетісай ауданында жыл соңына дейін тағы 90 үй тапсырылмақ

Ауданнан тілге тиек етер маңызды ақпарат. Жетісай ауданында тұрғындарға жыл басынан бері 167 әлеуметтік тұрғын үйдің кілті табысталған. Енді жыл соңына дейін тағы 90 пәтердің кілтін тапсыру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінде Асықата кентінде 3 қабатты 54 пәтерлі, Қазыбек би ауылдық округі Қазыбек би елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі және Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызыл таң елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі арендалық тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Аудан әкімі Серік Мамытов жұмыс кестесі аясында аудандық мәслихат депутаты Марат Ділдәбековпен бірге Қызыл таң елді мекенінде болып, тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Кәсіпкермен кездесіп, атқарылған жұмыстардың барысын, сапасын көрді.

«Құрылыс НҰРТАС» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған 2 қабатты, 8 пәтерлі 2 тұрғын үйдің жалпы аумағы 960 шаршы метрді құрайды. Мамырда басталған құрылыс жұмыстары қазан айында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жүргізілген жұмыстардың сапасына сенімді болу мақсатында отандық өнімдер пайдаланылған. Аталмыш тұрғын үйлердің ауласында талапқа сай балалардың ойын алаңшалары мен автотұрақ та іске қосылатын болады.

«Жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары барысында сапаға айрықша көңіл бөліңіздер» деді аудан басшысы.

Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы аясында Асықата кентінен 900 орындық, Жетісай қаласынан 1500 орындық, Ынтымақ ауылдық округінен 600 орындық мектептердің және 2 амбулатория мен 4 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізіліп жатса, 1 мектеп күрделі жөндеуден, 5 мектеп пен 3 балабақша ағымдағы жөндеуден өтуде. 6 мектептің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға қосу жоспарланған. Сондай-ақ Қарақай ауылдық округіндегі Сәтпаев, Жаңа ауыл ауылдық округі Мырзашөл елді мекендеріндегі мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin