![]()
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Қылышбекұлы 2026 жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстарды баяндап, жыл соңына дейін іске асырылатын жобаларға тоқталды.
Биыл қалада әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жүргізу және қолданыстағы ғимараттарды жаңғыртуға басымдық берілген. Білім беру саласында жеті нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде №19, №16, №121 және №82 мектептері, №122 және №66 мектептерге арналған қосымша ғимараттар, сондай-ақ Сайрам колледжінің 300 орындық жатақханасы бар. Мамыр айында екі нысан, қыркүйекте тағы үш нысан пайдалануға берілді. Қалған екі нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен бірге сегіз білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізіліп, олардың барлығы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға тапсырылды.
Әлеуметтік қамтамасыз ету саласында үш нысанды іске асыру көзделген. Олардың қатарында №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына арналған 50 орындық қосымша ғимарат пен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығы бар. Бұл екі нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын күрделі жөндеу жұмыстары 2027 жылға өтпелі.
Төтенше жағдайлар саласында да жаңа нысандар бой көтеруде. Жаңаталап және Бозарық-3 шағын аудандарында жедел қызмет көрсету орталықтарын, Тұран шағын ауданында төрт көлікке арналған өрт сөндіру депосын салу жоспарланған. Бозарық-3 шағын ауданындағы жедел қызмет көрсету орталығы мамыр айында пайдалануға берілді. Қалған екі нысанды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Денсаулық сақтау саласында бес нысан бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Ақжайық шағын ауданындағы 200 төсектік перинаталдық орталық, Абай ауданындағы 500 келушіге арналған емхана және №2 қалалық аурухана аумағындағы қосымша корпус бар. Тұран ауданындағы қалалық диагностикалық орталықты кеңейте отырып реконструкциялау жобасын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қалған төрт нысан 2027 жылға өтпелі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
