Түркістан өңіріне ағымдағы жылдың 9 айында 700 мыңнан астам қонақ келген. Бұл жайында Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
— Өңірге келетін туристер санын ұлғайту және туристерге қолайлы жағдай жасау үшін әлі де біршама жұмыстар жүргізілуі керек. Осыған орай биыл 26 тамызда облыс әкімінің төрағалығымен өңірдің туризмін дамыту бойынша мәжіліс өтіп, саланы өркендетуге арналған жол картасы бекітілді. Онда туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, аудан-қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған. Жол картасының нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, ал шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, сондай-ақ туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде, — деді спикер.
Сондай-ақ, басқарма басшысы «GET LOST WIZZ AIR» жобасына тоқталды.
— Жоба 180 саяхаттаушы-блогердің жасырын қалаларды аралаумен өтеді. Жасырын қаланың аты ұшақ қонғанда ғана хабарланады. Бұл жоба басқа елдерде сәтті жүзеге асырылуда. Мысалы, «Wizz AIR» әуекомпаниясы Бішкекке саяхат жобасын жүзеге асырды. Қазіргі таңда «Wizz AIR» компаниясымен алдын ала кесіссөздер жүргізілді. Ұшу шығындарын әуе компаниясы толықтай өзі көтермек, — деді басқарма басшысы.
Жауапты мамандардың сөзінше, туризм саласын дамытуға инвестиция да тартыла бермек.
Сонымен қатар, спикер 2024 жылдың 8 ай қорытындысына сәйкес туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 43,6 миллиард теңгені құрағанын жеткізді. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 49,3 миллиард теңгеге жетпек.
Түркістан өңірін туристік бағытта жандандыру үшін арнайы жол картасы әзірленді. Онда негізгі 6 тарау қарастырылған. Атап айтқанда, туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, «Open Turkistan» мен аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру мәселелері қамтылған.
Өңір басшысы туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырған.
– Нақты іске көшетін кез келді. Туризмді дамыту бағытындағы жұмысты жүйелеңіздер. Жол картасындағы әрбір тапсырма орындалуы тиіс. Түркістанды қолөнершілер орталығына айналдыру жолдарын қарастырылсын. Бұл – нақты тапсырма. Гастротуризм, этнотуризм және өзге де тармақтары бойынша жұмысты назарға алып, нақты ұсыныс беріңіздер, – деген-ді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, аталған жол картасын орындау нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде. Өңірдегі танымал туристік орындар мен нысандар жүйеленіп, дамиды. Осыған байланысты, әлеуеті жоғары 10 туристік нысан таңдалып алынған. Туристік нысандардың ақпаратын жаңарту және әдістемесін дайындаудан бөлек, гид-экскурсовод қызметінің сапасын арттыру қаралып отыр. Туристік қызмет көрсетушілер (такси, электрокар, шырақшы) үшін бірыңғай қызмет көрсету қағидасы әзірленіп, туристік субъектілердің қызмет көрсету сапасы көтеріледі. Әзірленген біркелкі брендке сәйкес түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама, туристік операторлар мен агенттіктермен жұмыс, нысандардың 3Д фотоларын интернет порталдарына орналастыру жоспарлануда. Туристік өнімдер санын арттыру және күшейту, сондай-ақ ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру көзделген. Жол картасында орталық қызметін монетизациялауға басымдылық беріледі. Тарихи нысандарды күтіп ұстау да басты назарда. Туристерге қазақтың ұлттық тағамдары мен ою-өрнектері, қолөнер бұйымдары ұсынылады.
Биыл жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы сомасы 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының туристік әлеуеті жайлы ақпараттар мен жан-жақты материалдар таратылуда. Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында Венгрияның «Wizz Air» авиакомпаниясымен бірлескен жұмыс нәтижесінде іске қосылған «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстердің саны артады. Айта кетейік, Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып саналады. Облыс аумағында 1780 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ облыста 229 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) және 75 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Бұдан бөлек облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. Олар – ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты»
Биыл маусым айының 14-інде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай, Бас прокурор Берік Асылов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Үкімет мүшелері, Астананың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері, ұлттық компаниялар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшілері, туризм секторындағы бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өтті.
– Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни, пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.
– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент айрықша назар аударуды қажет ететін бірнеше басым бағытқа арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты.
– Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр, – деді Президент Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғысынан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын атап өтті. Ал бұл ұзақмерзімді инвестиция салу, қарызға қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін шектейді.
– Мысалы, туризм саласындағы 17 серпінді инвестициялық жобаның ішінде тек екеуі ғана ірі жоба екені мәлім болды. Бірақ оларға да бюджеттен қомақты қаржы құю керек. Соған қарағанда, Үкімет жобаларды өз қаржысымен жүзеге асыруға дайын инвесторлармен жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істей алмай отыр. Ал оларға керегі – тек инфрақұрылым жағынан қолдау. Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.
Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы.
– Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет. Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс аймақтарына көлікпен жету оңай емес. Тіпті, өте қиын. Тас жол жоқ деуге болады. «Астана – Алматы» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл – Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстырып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Казталовка – Жәнібек бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы демалыс орындарымен логистикалық байланыстың нашарлығы ішкі туризмге ғана емес, шетелдік қонақтардың да келуіне әсер ететінін айтты.
– Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдеріне тиесілі. Алыс шетелден келетін туристер әзірге аз. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін. Бұл ретте шетелдік туристердің ұлттық менталитетімен, олардың мүддесімен және сұраныстарымен санасып, өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн. Бүкіл туристке бір бағдарлама ұсынуға болмайды. Ол үшін жоғары білікті мамандар керек және сапалы жұмыс істеу қажет. Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Әуе тасымалы саласын дамыту қажет. Ең алдымен, танымал әуе бағыттарындағы лоукостерлердің санын көбейту керек. Қазір Қазақстанның жолаушылар тасымалы құрылымындағы лоукостерлердің үлесі – небәрі 21 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызды құрайды. Сонымен қатар бизнес әуе тасымалы нарығында ұдайы өзгерістерге тап болып отыр. Тіпті оған бейімделіп үлгермейді. «Атамекен» палатасының мәліметі бойынша биыл Алакөл бағытындағы әуе рейстері субсидиясыз қалды. Бұл туралы туристік операторлар маусым басталар алдында ғана білді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланғанын еске салып, көрші елден туристерді көбірек тарту үшін мәдени әлеуетімізді пайдалану, шекара маңындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беру маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте Үкіметке шекаралас аймақтардың әкімдерімен бірлесіп, елді мекендерді туристер қабылдауға дайындау, Бақты және Көлжат бақылау-өткізу бекеттеріндегі жаңғырту жұмыстарын тезірек аяқтау, сондай-ақ Қазақстанға келген шетелдік туристердің қауіпсіздігін ұдайы бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берілді.
Президент туристік аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісінде де түйткілдер көп екеніне тоқталды.
– Туристік базаларда энергия қуатының өзі жетіспейді. Сол себепті демалушылар көбіне жарықсыз қалады. Соның салдарынан адамдарға қатер төнеді. Сондай-ақ өрт шығу қаупі бар, тұрмыстық техника жарамсыз болып қалады. Кәсіпкерлер құралдардың істен шығуына және азық-түліктің бұзылуына байланысты зор шығынға батады. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, курорт аймақтарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісіне тексеру жүргізуге тиіс. Туристік орындарды инженерлік инфрақұрылыммен, соның ішінде электр энергиясымен, кәріз жүйесімен, тазарту құрылғыларымен, ауызсумен және кіреберіс жолдармен қамтамасыз ету үшін арнайы бюджеттік бағдарлама қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің барлық өңірде бір мезетте 20 туристік аймақты дамыту жоспарын сынға алып, мұндай тәсіл тиімсіз екенін, мемлекеттің шектеулі ресурсын зая кетіретінін мәлімдеді. Президенттің пікірінше, Қазақстан туризмінің жаһандық деңгейдегі төлқұжатына айналуға лайық анағұрлым перспективті нысандарды қысқа мерзім ішінде ретке келтірген жөн.
– Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Щучье-Бурабай курорттық аймағы ең қолайлы бағыттар саналады. Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы. Жалпы туристер легінің төрттен бірі, соның ішінде шетелдік туристердің жартысы осы қалаға тиесілі. Бірақ қаланың туристік инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан нөпірге төтеп бере алмайды. Демалыс және мереке күндері Шымбұлаққа келушілер саны оның өткізу мүмкіндігінен 2,5 есе асып кетеді. Сондықтан тау шаңғысы кластерін, оның ішінде Алматы облысындағы Түрген шатқалында жыл бойы жұмыс істейтін тау курортын салу арқылы одан әрі дамыту өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Үкіметке Маңғыстау облысының әкімдігімен бірге Каспий жағалауындағы туризм инфрақұрылымының сапасын арттыру үшін қонақ үй және мейманхана бизнесінің әлемдік брендтері мен франшизаларын тартумен белсенді айналысуды, жағалаудағы курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Дубай мен Баку қалаларының тәжірибесін ескере отырып, Ақтау қаласының Бас жоспарын қайта қарауды, Ақтауға Алматыдан, Ақтөбеден, Шымкенттен және Атыраудан қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыруды, «Жылы жағажай» аумағындағы жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды, сондай-ақ Кендірлі демалыс аймағын дамыту ісін жеделдетуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы тұмса табиғат, тарихи және мәдени ескерткіштер біздің бірегей байлығымыз екенін атап өтті.
– Бурабай Астанадан алыс емес. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары бұл жерге жиі барады. Туристер саны жылдан жылға артып келе жатыр. Дегенмен онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан жергілікті демалыс орындарындағы экологиялық ахуал әлі де күрделі. Жергілікті билік маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын созбалаңға салып отыр. Мысалы, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл – көзделген қаржының небәрі 28 пайызы. Он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген. Үкімет, Президент Іс басқармасы және облыс әкімдігі осы жобаларды көпке созбай, қысқа мерзімде аяқтауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Үкімет пен жергілікті әкімдікке «Бурабай» курортының аумағында орналасқан «Ақбура», Жөкей көлі, Қатаркөл, Текекөл және басқа да жаңа туристік аймақтарды дамыту, Бурабай аймағына Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан жедел қатынайтын пойыздарды іске қосу, Президент Іс басқармасы әзірлеп жатқан «Burabay Travel» бірыңғай цифрлық платформасында маңайдағы туристік аймақтарды түгел қамту міндеттері жүктелді.
Мемлекет басшысы Қазақстан туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдану қажет деп санайды.
– Еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен таратқанымыз жөн. Туризмді дамыту үшін Қазақстанда өтетін ауқымды халықаралық шараларды толығымен пайдалану керек. Биыл елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл дода төл дәстүріміздің, мәдениетіміз бен спортымыздың үйлесім тапқанын көрсетеді. Бірақ әлемдік медиа-кеңістікте бұл туралы ақпараттар өте аз деуге болады. Мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды. Шетелден туристер тарту үшін елімізді барынша таныту керек. Халықаралық ірі медиа-компаниялармен тығыз жұмыс істеу қажет. Сыртқы істер министрлігіне осы шаруаны пысықтауды тапсырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, экология мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, туризмді дамытамыз деп, табиғатқа зиян келтіруге болмайды.
– Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Әрине, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды. Осыған орай Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркістанның Түркі әлемінің туризм астанасы атануына байланысты 40-тан астам іс—шара жоспарланды
Түркістан қаласы Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы атанды. Осы мәртебеге орай бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланды. Бұл туралы жыл басында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалымен өткен аппарат отырысында кеңінен талқыланды. Өңір басшысы облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысына бұл бағытта нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Емдік-сауықтыру орындарын орналастыру жоспарын реттеу, су көздерін зерттеу жұмыстарын атқаруды тапсырды.
– Туризмді дамыту мәселесін тұрақты қадағалап отырамыз. Саяхатшылар санын көбейту бойынша жұмысты күшейтіңіздер. Түркістан туризм астанасы атанғанын білесіздер. Іс-шаралар мазмұнды әрі сапалы болуы тиіс. Өңірдегі минералды және емдік су көздерін зерттеу жұмысын жеделдету керек. Бұл да туризм саласын дамытуға серпін береді, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыстық мәдениет және туризм басқармасы тарапынан «Түркістан облысының туризм саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған бағдарламасы» әзірленген. Бағдарлама әзірлеу барысында облысымыздың туристік қызмет саласына талдау жұмыстары, сонымен қатар туризм саласының қазіргі жағдайына SWOT-талдаулар жүргізілді. Талдау жұмыстарында туризм саласындағы шетелдік және отандық тәжірибе ескерілді және 2024-2028 жылдарға тиісті нысаналы индикаторлар белгіленіп, іс-шаралар жоспары әзірленді. Бағдарламаның негізгі мақсаты –келуші туристер санын арттыру, облыстың туристік әлеуетін жоғарылату, туризм саласында инвестиция тартуға қолайлы ахуал қалыптастыру. Іс-шаралар жоспары аясында өңірге келуші туристер санын 2028 жылға дейін 1 миллион адамға жеткізуді, ал біркүндік келушілер санын 2028 жылға дейін 2,5 миллион адамға жеткізу жоспарланып отыр. Басқарма басшысы іс-шаралар жүзеге асатын 4 тармаққа ерекше тоқталды. Атап айтқанда, облыстың туристік әлеуетін арттыру, туристік салаға инвестициялар тарту, экологиялық туризмді дамыту, емдік-сауықтыру туризмін дамыту.
15 наурызда туристік маусымның салтанатты ашылуы өткізілді. Сонымен қатар жыл барысында гастрофестиваль, этнофестиваль, ұйымдастырылды. Бұдан бөлек халықаралық ұйымдар мен орталық мемлекеттік органдармен байланыс орнатылып, бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ дәстүрлі түрде ұйымдастырылып өткізілетін халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері конкурсын тау туризмі маусымының ашылуына орайластырып, облыстың таулы аймағында өткізу жоспарлануда. Қатысушы мемлекеттер санын 20-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Түркістан облысының туризм бағытындағы инвестициялық жобалар құны 43,6 миллиард теңгені құрады
Түркістан облысының туризм бағытындағы инвест-жобалар құны 2024 жылдың 7 ай қорытындысы бойынша 43,6 миллиард теңгені құрады.
Тамақтану және ойын-сауық ОКЭД-тері бойынша 2023 жылғы инвест-жобалардың жалпы құны 53,5 миллиард теңгені құраған болса, 2024 жылдың 7 айында 43,6 миллиард теңгеге жетіп отыр. Нәтижесінде, Түркістан облысы туризм саласындағы негізгі капиталға инвестиция салған ТОП-5 өңірдің ішінде Астана және Алматы қалаларынан кейін 3-орында тұр.
Жалпы, 2024-2025 жылдарға жалпы құны 49,3 миллиард теңгеге 47 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Олардың ішінде: қонақ үйлер, демалыс орындары, аквапаркімен қоса 5 жұлдызды қонақ үй және апартаменттер бар. Туристерге жайлы және қолайлы жағдай жасау мақсатында салынып жатқан жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы ерекше назарға алынған.
Туризм саласындағы негізгі капиталға салған инвестиция көлемінің жыл сайын артқандығы байқалады. Инвесторлардың туризм саласына бөліп жатқан қызығушылығы – өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.