Кеше Түркістан шаһарында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Ордабасы ауданының мәдениет күндері басталған болатын. Этноауыл аумағында қара домбыраны жанына серік еткен өнерпаздар, тазы мен қыран ұстаған алып батырлар келушілерге көтеріңкі көңіл—күй сыйлайды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының Көше театрлар қойылымы мен аудандық «Өнер мектебінің» және әжелер ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, ардагерлерді мерекесімен құттықтады. Ордабасы ауданының жетістіктерін таныстырды. Мұнда ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен, «Ордабасы тартулары» атауымен ұлттық тағамдардан көрме жасақталған. Сонымен қатар Қажымұқан мен Өлкетану мұражайларының, «Ордабасы – ұлы мекен» суретшілер мен қолөнер шеберлерінің, ауданнан шыққан ақын-жазушылар және балалар кітапханасының көрмесі де қойылған.
Киіз үйлерде «Ордабасы – ұлы мұра» тақырыбында тойбастар айту, төс қою, байғазы сұрау, баланы ашамайға мінгізу, бата беру, сүйінші, бел көтерер, селт еткізер, азан шақырып ат қойдыру, төркіндеу сынды ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанып, ақындар айтысы ұйымдастырылған. Төрт түлік малдың пайдасы жайында кеңінен айтылып, ұлттық дәм ұсынылды.
Садақ ату, халық күресі, арқан тарту, ауыр тас көтеру, мак рэслинг, арба сүйреу сынды спорттық ойындардан сайыс өтті. Сайыс демекші, іс-шараны тамашалауға келген түркістандық 74 жастағы қария 45 келілік бөренені он рет көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырды. Сонымен қатар арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар дәріптелді. Белсене атсалысып, жеңіп шыққан қатысушылар марапатталды.
«Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театры Алтыбақан маңында «Ақ сүйек» театрландырылған қойылымын паш етті. Алтыбақан жанында ұлттық ойындар да дәріптелді. Келген әрбір қонақ диірмен тарту, келі түю, таба нан жабу, күбі пісу, май алу, құрт жасау Этноауылдың тұрмыс-тіршілігімен таныса алады. Дәстүрлі қазақы ортада киіз басу, ұршық иіру, жүн сабау, жүн бояу, ши тоқу секілді дамыған киіз жасау өнерін тамашалай алды. Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің әуезді әндері мен дала сарынына айналған күйлері рухани-мәдени шараның сәнін келтірді.
Айта кетейік, Түркістандағы екі күнге жоспарланған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Ордабасы ауданының мәдениет күндері бүгін өз мәресіне жетті. Мерекелік шараны «Керуен сарай» туристік кешеніндегі аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен «Ордабасы – құт мекенім» гала-концерті қорытындылады. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов ашып беріп, Түркістан қаласының жұртшылығын құттықтады.
Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен күмбірлеген күй, мың бұралған би де көрініс тапты. Концертте Асқар Жүнісбеков, Жанель Нұржанова, «Ертұран» тобы, Айнұр Назарбекова арнайы қонақ болып, «Шаттық» бишілері, «Дарын» тобы мен «Назқоңыр» триосы және тағы басқа аудан өнерпаздарымен бірге өнер көрсетті.
Ордабасы ауданының Түркістан қаласындағы мәдениет күндері екі күнге жоспарланған болатын. Шараның алғашқы күнінде Этноауылда ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі көпшілікті тәнті етті. Ауыл шаруашылығы өнімдері мен қылқалам және қолөнер шеберлерінің мен ұлттық тағамдар көрмесі өтті. Сонымен қатар қазақ күресі, садақ ату, гір көтеру, асық ату, бөрене көтеру, ауыр тас көтеру т.б. ұлттық спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды.
Қала тұрғындары мен қонақтары үш жүздің басын қосқан, береке мен бірліктің мекені болған Ордабасы ауданының мәдениет күндеріне ризашылықтарын білдірді. Келесі рухани-мәдени көшті Отырар ауданының өнерпаздары жалғайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.