Түркістан облысы: Сауран ауданының әкімі санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізуді ескертті

Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары мен кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов хабарлап өтті. Хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы және аудан әкімінің тұрғындармен кездесу кезіндегі көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Бахтыбек Убайдин, аудан аумағындағы тазалық жұмыстарының орындалуы туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Баймұрзаев баяндама жасады.

Асылбек Қашқынбайұлының мәлімдеуінше, қазіргі таңда «Таза Қазақстан» республикалық акция аясында ауылдық округтердегі елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, көгалдандыру және тазарту жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатынын айтты. Сонымен қатар, әр елді мекеннің санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, аялдамаларды ретке келтіру, жарықтандыру желілерінің тіректерін бақылау, абаттандыру және ойын алаңшаларының элементтерін жөндеу, жасыл желектерді қарау, контейнерлік алаңдарды жөндеу және күтіп ұстау, көгалдандыру жұмыстарының жүргізілетінін атап өтті.

Мәжілісте аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

Сауран ауданында экоакция аясында орталық көшені бойлай орналасқан тұрғын үй қоршаулары бір түске боялды

Экологияны қорғау мен тазалықты сақтауға, туған жерді көркейту мен көгалдандыруға баса мән беру бастамасымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны Сауран ауданында тұрақты жүргізілу үстінде.

Акция асында тазалық шаралары қарқынды жүргізіліп, бас көшелердің бойында орналасқан үйлердің қоршаулары бірдей күлгін түске боялды. Нақтырақ айтсақ, 6 шақырымды құрайтын Т.Сүлейменов пен Шаяхметов көшелерінің тұтас үйлердің қоршаулары ретке келтіріліп сырланды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, қазақи нақыштағы оюлар қоршаулардың сәнін келтірді. Сонымен қатар, аталмыш басты көшелердің ескі аялдамалары алынып, су жаңа аялдамалар тұрғындардың қолданысына берілді. Ондағы басты ерекшелік, ұлттық оюлар аялдама дизайнына ұтымды орналастырылған. Аудандық маңызы бар орталық автожолының бойы қоқыстардан тазаланып, шөп ору, ретсіз өскен ағаштарды бұтау жұмыстары қатар жүргізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Пейілі таза адамның ісі берекелі болады», — деп атап айтқан болатын. Осы қағиданы ұстанған саурандықтар күннің аптап ыстығына қарамай, акция жұмыстарын тұрақты жалғастырып келеді.

«Таза Қазақстан» шеңберінде Сауран ауданында орталық саябақ қоқыстан тазартылды

Шілденің 5-інде Сауран ауданының Ескі Иқан ауылында «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Жеңіс саябағы мен ауылдың орталық көшесінде сенбілік жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастауымен өткен тазалық шарасына 104 қызметкер атсалысып, 8 техника тартылды.

Сенбілік барысында саябақтағы орындықтар ретке келтіріліп, ағаштар әктелді. Сонымен қатар, ретсіз өскен шөптер жұлынып, ағаш бұталары қырқылды. Нәтижесінде 36 тонна қоқыс шығарылды.

Жалпы, сенбілікке өңірдің “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС, “ҚазақГазАймақ” Түркістан облысы филиалы, “Түркістан жылу” МКК қызметкерлері атсалысты.

«Елімізде өтіп жатқан үлкен науқанға біздің ауылдың да атсалыспай қалуы жарамайды. Сондықтан, ауыл жастары мен белсенділерін осы шараға белсене қатысуға шақырамыз. Өз ауылымыздың көркеюіне әрбіріміз жауаптымыз» — деді сенбілікке келген ауыл ақсақалы Марат Ергешов.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 14 тонна қоқыс шығарылды

Ал шілденің 6-сында Сауран ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жаппай сенбілік жұмыстары өткізілді. Ауданда тазалық аптасы тұрақты жүргізіліп келеді. Тазалықты жанына серік еткен саурандықтар тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосуда.

Сенбілік жұмыстары «Түркістан-Кентау» бағытындағы автомобиль жолының бойында жалғасты. Экоакцияға 12 ауылдық округі, дербес бөлімдер, оған қарасты мекемелер, аудандық білім бөлімі, денсаулық саласы, жастар, іріктілер жұмылдырылды. Нәтижесінде 14 тонна қоқыс шығарылды. Қызу тазалық жұмыстарына 450 адам қатысты. Оған 6 техника жұмылдырылды.

Сенбілікте аумақтағы жол бойлары мен айналасын тазартып, ағаштардың түбін әктеу, қураған ағаштарды бұтау, арық-атыздарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту шаралары кеңінен қолға алынды. Көше бойы түгел сырланып, әктеу жұмыстары қатар жүргізілді.

“Жасыл ел” жастар жасағының алғашқы еңбек маусымы басталды

Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны Сауран ауданында тұрақты жүргізіліп келеді. Шілденің 6-сында осы шара аясында ауданда «Жасыл ел» жастар жасағының алғашқы еңбек маусымы басталды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев, аудандық мәслихат депутаты Абдурашид Жүсіпов, ауданның бас имамы Бауыржан Акауов, Оранғай ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бақтияр Бекназаров сөз сөйлеп, «Жасыл ел» жастар жасағының алғашқы маусымының ашылуымен құттықтап, жастарға ауданның гүлденуіне, көркейуіне, тазалығына үлес қосуға шақырды.

Сенбілік барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров “Жасыл ел” еңбек жасағының жастарымен кездесіп, олармен тілдесті. Аудан көлемінде жасақталған жастар жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері. Аудан әкімі “Жастар орталығының” директоры Айгерім Дүйсенбековаға жастардың қауіпсіздігін ұдайы назарға алып, қамтамасыз етуді тапсырды.

Бүгінгі таңда жастар — халықтың үлкен әлеуметтік тобы. Қазақстан қоғамының болашағын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Ауданда алғаш рет жүзеге асырылып жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы Қазақстан азаматтарын қоршаған ортаны бағалауға, олардың дүниетанымын, мәдениетін дамытуға және табиғат пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Мұндағы мақсат – жастардың жазғы демалыста бос жатпай, еңбек етіп, жалақы табу ғана емес, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбие алуы да маңызды қадам болып табылады.

Аталған бағдарлама аясында жалпы 90 жасты қамту көзделген. Ай сайын 45 жастан 2 маусымға бөлініп, жұмыс жүргізіледі. Жұмыс барысында жастар бағдарламаға арналған арнайы киімдер (футболка, бейсболка, қолғап) және құрал-жабдықтармен қамтылады. Одан бөлек, жазғы демалыс уақытында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жасыл ел» жасағының жастарына оқыту шаралары, кездесулер, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin