Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өтті.
Өздеріңіз білетіндей мегаполис болғалы көлік саны жыл сайын артып келеді. Ресми түрде тіркелген көліктер саны 460 мыңнан асты. Одан бөлек, облыс аумағынан күн сайын 100 мыңға жуық көлік қатынайды. Бұл қаланың жол инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіруде.
Мәселені шешу мақсатында, биыл бюджеттен бөлінген қаражат көлемін 13,2 млрд теңгеге ұлғайтып, 60 млрд теңгеге жеткіздік (2023 ж. – 46,8 млрд тг.).
Бірінші кезекте қаланың транзиттік өткізу қабілетін арттыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Оңтүстік айналма жолдарының құрылыстарына басымдық бердік.
Бүгінде 16 шақырым болатын Оңтүстік айналма жолы пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін А-2 айналма жолының 3,7 шақырымын толығымен аяқтап, 15,4 шақырымына асфальт төселіп, көліктердің жүруіне жағдай жасалады.
Жалпы жоспар бойынша құрылысы басталған 384 шақырым жолдың, биыл 286 шақырымы пайдалануға беріледі (2023 ж. – 232,7 шқ).
Жыл соңында, жақсы жолдардың үлесі 71 пайыздан 75 пайызға артатын болады.
Өкінішке орай, ауыр жүк көліктері жолдарға жүктеме түсіріп, жолдың тез бұзылуына әсер етіп отыр.
Сондықтан, бірінші кезекте қалаға кіретін 3 негізгі бағыттағы көшелерге рұқсат етілген салмақтан артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылады. Осындай жүйелер келешекте қалған бағыттарға да орнатылатын болады.
Биыл алғаш рет барлық көше желісіне ревизия жүргізіліп, цифрлық паспортизациядан өткізілді.
Нәтижесінде, көшелер саны 4 199-дан 6 714-ке дейін, ал ұзындығы 3 248 шақырымнан 3 899 шақырымға дейін ұлғайды.
Одан бөлек, көлік ағымын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 238 бағдаршам интеллектуалды көлік жүйесіне қосылуда.
Сонымен қатар, көп жылдан бері өзекті болып келген Шымсити, Тұран шағын аудандарының көше қиылыстарына 38 бағдаршам орнатылады.
«ANYQ.KZ-ақпарат»