Елімізде жүзеге асып жатқан энергетикалық даму бағдарламасының маңызды бір бөлігі – газдандыру. Осы бастаманы іліп әкеткен Шымкентте газдандыру жұмысы қарқынды. Қала тұрғындарымен кездесуде энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов шаһарда табиғи газ 1 миллионнан астам адам үшін қолжетімді, яғни көгілдір отынмен қамту деңгейі 99,9 пайызға жеткенін атап өткен еді. Жоспарға сәйкес, биыл 9 жоба қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде жыл соңына қарай 80 мыңнан астам адам көгілдір отынмен қамтылып, газдандыру деңгейі 100 пайызға жетуі тиіс. Мұның бәрі жай ғана есеп емес, нақты жүзеге асып жатқан шаруа. Бұған қараша айында қаладағы үш шағын ауданның табиғи газға қосылуы дәлел.
Ең алдымен 60 мыңнан астам адам тұратын Қайнарбұлақ тұрғын алабы газға қосылды. Мұнда газ құбырының құрылысы 2022 жылы басталған. Алайда жекелеген учаскелерде жұмыс баяулап, мердігерлердің кесірінен жобаны аяқтау мерзімі ұзарып кетті. Сондықтан Ғабит Сыздықбеков жауапты тұлғаларға газ құбырын пайдалануға беруді жеделдетуді тапсырды. Сөйтіп қараша айының басында Қайнарбұлақ тұрғындары табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Көп ұзамай Қаратау ауданындағы 10 мыңға жуық халқы бар Бозарық тұрғын алабына да газ берілді. Бұл газ құбырының құрылысы 2023 жылы басталған.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен әңгімелесу кезінде газдандыру кез-келген қаланың дамуындағы аса маңызды қадам екенін атап өтті. Газбен қамтамасыз ету мегаполистің экологиясын айтарлықтай жақсартуға ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол газды пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Қаратөбе тұрғын алабына кезек келгенде де шаһар басшысы жергілікті халықпен бірге газды іске қосу шарасына қатысты. Ғабит Сыздықбеков әр елді мекеннің газдандырылуы экологиялық тұрақты орта құру және қолайлы жағдай жасау жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Шаһар басшысы: «Газ көмір мен ағашты отын ретінде тұтынуды азайтып, тұрмысты жеңілдетеді. Газдандыру – басым бағыттың бірі, сондықтан біз Шымкенттің әр ауданында осы маңызды ресурсты қолжетімді ету бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз», — деп атап өтті.
Жұрт осыған дейін қыста көмір мен ағаш жағып, оған қоса газ баллонын сатып алатын. Күнделікті тұрмыста бұл әжептәуір қиындық туғызатын, әрі қауіпті еді. Сондықтан көгілдір отынға қолы жеткен тұрғындардың қуанышында шек жоқ екені айтпаса да түсінікті. «Бұрын сұйытылған газ бен көмірді жағушы едік, ол қымбатқа түсетін. Әрі машақаты көп. Енді көмір іздеп шапқыламаймыз, газ баллонын сатып алмаймыз. Қолымыз босап, тұрмысымыз жеңілдеп қалды», — дейді олар. Қалтаға салмақ түспейтіні өз алдына.
Осылайша Шымшаһарда тұрғын үйлерді газдандырудың екінші кезеңі аясында 700-ге жуық абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін Ынтымақ-2, Тассай және Қаратөбе шағын аудандарын газдандыруды аяқтау жоспарлануда.
Ал ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес, Шымкент әкімдігі барлық аудандарды газдандыруды көздеп отыр. Бұл қала инфрақұрылымын дамытудағы қарышты қадам болуымен қатар, экологиясын жақсартуға сеп болатыны сөзсіз.
«ANYQ.KZ-ақпарат»